Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ ісі: Қаскелеңдегі сотқа қайта қарағанда

Malim Админ

  • 11.02.2020

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері,  мемлекетшіл саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің саяси тапсырыстан  қаза болғандарына, міне, бүгін 14  жыл толды.  14 жыл өтсе де, қоғамның жүрегін шайлықтырған саяси террор мен қастандықтың құпиясы ашылған жоқ.

2007 жылғы Талдықорған қаласында өткен сот процесі де, 2014 жылы айыпталушылардың орнын ауыстырып салған  Қаскелеңдегі сот та көп сұраққа жауап бермеді, жауап беруді мақсат тұтпады да. Бірақ қылмысты ашқысы келмеген билік оның бетін қанша жерден бүркемелеп жауып тастадық десе де,  қандықол қылмыскерге апаратын жіптің ұшын біржолата кесіп тастай алмады. Қаселеңдегі сот процесінде жауапсыз қалған сұрақтар ол жіптің ұшына апармаса да, иірімді тарқатпай ұстап отырғандарды ашып бергендей.

2014 жылғы Қаскелеңде Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарау жөніндегі сотқа бастан-аяқ қатыстым. Сот деген аты бар демесеңіз, бір апта ішінде апыл-ғұпыл өтіп, ұсақ-түйек куәгерлермен шектеліп, кінәні Ержан Өтембаевтан сол тұста Венаны паналап жүрген бұрынғы күйеубала Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің экс-төрағасы Әлнұр Мұсаевқа аударып, тапсырыс берушіні ауыстыра салған процесс қылмыстың бетін ашу мақсатын көздемегені түсінікті.

2018 жылы бақилыққа аттанған Ержан ӨТЕМБАЕВ өзін тапсырыс берушіден айдап салушыға айналдырған Қаскелеңдегі сотта шындықты айтуға құлықты болмады. Жәбірленуші тараптың сұрағын қайта-қайта айналып өтіп құтылды. 2006 жылы сол тұстағы президент Н.Назарбаевтың атына жолдаған мойындау хатын кім жаздырғанын айтпаған күйі қалды. Бертінде мемлекеттік құпияға жатқызылып кеткен Е.Өтембаевтың хатында қателер өріп жүр. Әліпті таяқ білетін, сенат аппаратын басқарған адамның неліктен қатеге толы хатты жазып президентке жібере салғанына қатысты көп сұрақ туды. Өтембаевтың жауабынан ұққанымыз, оны бұл хатты жазуға ешкім мәжбүрлемепті, бірақ қан қысымы көтеріліп кеткендіктен, хатта қателер кеткен көрінеді. "Мойындау хатын жазу кімнің бастамасы?" деген сұраққа Өтембаев "Сол жақтағы тергеушілер президенттің атына хат жаз деп ұсыныс айтты" деп жақауратты. Президенттің атына мойындау хат жаздыру қатардағы тергеушінің ойына кіріп шықпайтын дүние екені түсінікті.

Өтембаевтың жауаптарындағы тағы бір жарқын эпизод – оны киллер Рустам Ибрагимовпен таныстырған президенттің дін істер жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Алексей Кекшаевпен қалай танысқаны. Бұл сұраққа кібіртіктеп жауап бергісі келмеген Өтембаев ақыры өзін Кекшаевпен Болат Өтемұратовтың таныстырғанын жайып салды.

Көп сұраққа жауап беруден жалтарған Ержан Өтембаевқа жәбірленуші тараптың өкілі Төлеген Жүкеев "сіз сотталып кеткен соң колонияға жоғары лауазымды адамдар келді ме?" дей бергені сол еді, сұрақтың төркінін түсіне қойған Е.Өтембаев: "Бұл сот үлкен процестің кішігірім бөлігі ғана ғой, бәлкім, үлкен процесс алдымызда болатын шығар" деп шындықты ашатын кез келмегенін жеткізді.

Қаскелеңдегі сот Е.Өтембаев А.Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс бермесе де, "Р.Ибрагимовке саясаткерді соққыға жық" деп тапсырма беруі қылмысқа түрткі болды" деп, Е.Өтембаевты тапсырыс берушіден қылмысқа айдап салушыға" ауыстырды. Сот үкіміне сенсек, Е.Өтембаевтың Р.Ибрагимовке берген тапсырмасынан хабардар болған Р.Әлиев пен Ә.Мұсаев мұны сол арада пайдаланып, Р.Ибрагимовке саясаткердің көзін жоюға тапсырыс беріпті. Е.Өтембаевтың кінәсін сот оның Р.Ибрагимовке алып берген 60 мың доллармен дәлелдемек болды. Сөйтіп, прокурорлар Өтембаевты адамды ұрып-соғу үшін 60 мың долларды лақтыра салатын әлдебір атымтай жомартқа ұқсатып бақты.

Е.Өтембаев сотта ашыла сөйлемесе де,атын атап, түсін түстеп, көзге шұқып көрсетпесе де, жарыссөз кезінде "Шындықты ашуға кедергі келтіруші күштер бар" деп салды. "Менің әрекетім оқиғаға түрткі болды дегенді мойындадым. Қамауда өтеген жаза мерзімім осы қылмысқа сай берілді" деп есептеймін. Бірақ дәл қазіргі айыппен келіспеймін. Ал енді неге бұлай болып жатыр? Меніңше, шындықты ашуға кедергі келтіріп отырған күштер бар екені анық. Олардың қандай күштер екенін, не үшін кедергі келтіруге тырысып баққанын бәріміз жақсы білеміз" деп күлбілтелеп қойды.

Ал сотқа жеткізіліп, жауап берген киллер Рустам Ибрагимов қалай қылмыс жасағанын, үш адамды қалайша кезек-кезек атқанын еш мүдірместен айтып берді. Ибрагимов Әлнұр Мұсаев "тапсырманы орындайтын уақыт келді" деп хабарласқанда, ішкі істер департаменті жанындағы "Алтын бидай" кафесінде досының туған күнін тойлатып отырған көрінеді. Ішімдіктің буына қызып алғандықтан, Ибрагимов Виталий Мирошниковті ала шыққан. Жолай үйіне кіріп шығып, көлік рулінде отырған Мирошников пен өзі камераға түсіп қалмасы үшін бас киім ала шыққан-мыс. Саясаткер мен көмекшілерін  Еділ Әбікенов бастаған "арыстандықтардан" Саяхат маңында алып, көлігіне отырғызып, Талғар жаққа апарып атқанын жіпке тізгендей суреттеп берген киллер қылмыс жасап біткен соң,  түк болмағандай досының туған күнін тойлап, түн ортасында досы Дудаевты АҚШ-қа шығарып салған.

Ибрагимовке қатысты маңызды эпизодтардың бірі – оның қалай ұсталғаны. Сот материалдарына қарағанда, қылмыс жасаған соң қалада түк болмағандай бірнеше күн бойы тайраңдап жүрген Р.Ибрагимов Алматы қалалық ішкі істер басқармасына бас сұғып жүрген. Шамасы, бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеген Р.Ибрагимов не болып жатқанын білмек үшін келіп кетіп жүргенге ұқсайды. Ибрагимовты танитынын айтқан ішкі істер басқармасының тергеушісі Әубәкіров саясаткер мен оның көмекшілерінің қазасын тергеп жатқан топқа көмегін ұсынып, киллерді ішкі істер басқармасына шақыртыпты. Әубәкіров шақырған соң, басқармаға жетіп келген Ибрагимов сол жерде қолға түсіп, қамауға алынған. Міне, осы кезде ұсталған Ибрагимовке тінту жасалғанда, бірқатар құжат табылып, олардың арасынан Дариға Назарбаеваның Ибрагимовке жазып берген сенімхаты шығыпты. Сот материалдарына сүйенген жәбірленуші тарап Ибрагимовке Дариға Назарбаевамен жеке таныстығы жайлы сұрақ қойған. Алайда Р.Ибрагимов бұл сұрақтан сырғып кетті, ал Назарбаеваның атын естігенде шоршып түскен прокурорлар мен сот "мұның іске қатысы жоқ" деп сұрақты тыйып тастады.

Жәбірленуші тарап Р.Ибрагимов пен Д.Назарбаева таныс дегенді көктен ала салмағаны түсінікті. Сот материалдарына сүйенген жәбірленуші тарап ара-арасында ішкі істер басқармасына бас сұғып жүрген Р.Ибрагимовті көріп қалған тергеуші Әубәкіровтің тергеуге берген жауабын келтіреді. Ибрагимовті ғимаратта көріп қалып әңгімелескен Әубәкіров одан "не істеп жүрсің?" деп сұрағанда Ибрагимов "Дариғамен жұмыс істеп жүрмін" деп қайырған. Бірақ сот Ибрагимовтің Дариғамен таныстығын сұрап қазбаламады. Ол туралы сұрамақ болған жәбірленушілерді тыйып тастап отырды. Жәбірленуші тарап сотқа Д.Назарбаева, сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов, бас прокурор Рашид Түсіпбеков, ішкі істер министрінің орынбасары Қалмұханбет Қасымовты шақыртып жауап алу жайлы өтініш түсірді. Алайда сот өтінішті кері қайтарып, тергеуде жауап берген құрметті куәларды процеске шақырмады. Сөйтіп, Б.Мұхамеджанов пен Р.Түсіпбековтің тергеуге берген жауаптарын оқып берді.

Б.Мұхамеджанов тергеуге берген жауабында көп нәрсені ұмытып қала беріпті. Мәселен, Ибрагимов ұсталған соң, прокуратураға жауап беруге жеткізіліп, тапсырыс берушіні газеттегі сурет арқылы нұсқаған. Мұхамеджановтың айтуынша, ол газетте президенттің және оны қаумалап тұрған адамдардың суреті басылған. Сөйтіп, Түсіпбеков суреттегі адамдарды кезек-кезек нұсқайды. Өтембаевқа келгенде Ибрагимов бірден "иә" деп бас шұлғыған көрінеді. Бірақ Б.Мұхамеджанов ол газеттің аты мен форматын ұмытып қаған. Ол газетті кабинетке кім алып келгені де есінде жоқ болып шықты.

Бірақ Мұхамеджанов тергеуге жауабында "бұл істе Алексей Кекшаевтың рөлі осал емес" деп оның кім екенін тексеруді ҰҚК-ге жүктеп қояды. "Ол Ресей азаматы бола тұра, бас айналдырарлық карьера жасады.Меніңше, оның бұл істегі рөлі осал емес. Мүмкін, ол арнайы жіберілген адам шығар, онымен ҰҚК айналысуы керек" деп сілтейді. Мұнысы Кекшаевтың ҰҚК төрағасы Н.Әбіқаевпен байланысын меңзегендей болып көрінді.

Ал жарыссөзде бұл туралы ашыла сөйлеген Е.Өтембаев "Мұхамеджановтың тергеуге берген әрбір екінші сөзі өтірік" деп салады. Өтембаевтың айтуынша, А.Кекшаев Қазақстан азаматтығын 2000 жылдары алған, ішкі істер министріне мұны анықтау қиын емес. "Мұхамеджановтың Рахат Әлиевпен және Аман Мақашовпен қарым-қатынасы туралы сөзі өтірік" дейді Өтембаев. Мұхамеджанов тергеуде "Әлиевті білетінмін, бірақ жақын байланысымыз болған емес" дейді. Е.Өтембаев Б.Мұхамеджановтың А.Мақашовпен де жақсы тұрғанын сотта айтып қалды. Ал Мақашов кім? Ол - Әлиевтің жақсы танысы.

Мұхамеджановтың айтуынша, Ибрагимовпен прокуратурада болған әңгіменің жазбасы таспаға түскен. Бірақ Мұхамеджанов ол таспаны алмағанын айтады. Ал Рашид Түсіпбеков тергеуге берген жауабында "Ибрагимовпен әңгімелесу аяқталғанда сөздеріміздің жазбасын Мұхамеджанов өзімен алып кетті" дейді.

Тергеуші прокуратура ғимаратында Өтембаевтың суреті басылған газеттің пайда болғаны күмән тудырмады ма?" деген сұрағына Р.Түсіпбеков: "Иә, ол жағдайдың күмән тудырғаны рас. Сондай-ақ Мұхамеджанов екеумізге Өтембаевтың үлкен саясаттан алыс адам екені де белгілі еді... Прокуратура ғимаратында болғандардың әлдебір "ойынды ойнауы" мүмкін дегенге келсек, Мұхамеджанов пен Қасымов бірге әрекет жасады деу қисынсыз, өйткені олардың өздерінің арасында келіспеушілік бар еді. Олардың жеке-жеке "өз ойындарын" ойнауы мүмкін. Өйткені Мұхамеджановтың Р.Әлиевтен қорқатыны және өзара байланысы бары маған мәлім" деп Түсіпбеков бұрынғы ішкі істер министрінің экс-күйеубаламен  ымы-жымы бір болғанын айтқысы келеді.

Бұл істегі ақтаңдақтар мен қайшылықтар әлі де көп. Сот процесінде мұның бір шеті де ашылмай қалды. Жәбірленуші тарап 2006 жылы-ақ Рахат Әлиевті бұл іске күдікті санап, сұраққа алуды талап еткен. Бірақ ол уақытта сот оны жауапқа тартуға батылы бармады. Көп ұзамай, ресми мәлімет бойынша, Рахат Әлиев түрмеде асылып өліп қалды.

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

Байланысты жаналықтар

Қазақстандағы су тасқыны: тағы бір халықаралық іс-шара өтпейтін болды

20.05.2024

Балқаш көліндегі су деңгейі 8 см-ге көтерілді

20.05.2024

Fitch Ratings еліміздің кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде бағалады

18.05.2024

Жұрт Алматы және Астана әуежайындағы бағаларға шағымданып жатыр

17.05.2024

Су тасқынынан зардап шеккен 202 отбасы тұрғын үй мен пәтерлер алды

17.05.2024

Еліміздегі мешіттердің бірінде тағы да бүлік шықты (ВИДЕО)

17.05.2024
MalimBlocks
Қазақстандағы су тасқыны: тағы бір халықаралық іс-шара өтпейтін болды

2018 жылы басталған Digital Bridge халықаралық форумы биыл алтыншы рет өтуге тиіс еді.

Балқаш көліндегі су деңгейі 8 см-ге көтерілді

Кө1 сәуірде 174 см-ге жеткен еді.

Fitch Ratings еліміздің кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде бағалады

Оған валюталық резерв пен мемлекеттік борыштың төмендігі ықпал еткен

Жұрт Алматы және Астана әуежайындағы бағаларға шағымданып жатыр

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы пікір білдірді.

Су тасқынынан зардап шеккен 202 отбасы тұрғын үй мен пәтерлер алды

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 658 жаңа үй салынып жатыр.

Еліміздегі мешіттердің бірінде тағы да бүлік шықты (ВИДЕО)

Діни бүлікшілер артында кім тұр?