Денсаулық кодексі: «Біртанов отставкаға кетсін!»

Алмас НҮСІП

  • 24.02.2020

Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ отставкаға кету керек. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен жиында айтылды деп хабарлайды Malim.kz.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасына қатысты қоғам өкілдері көтерген мәселелерді түсіндіру» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстел қатысушылардың басым бөлігі кодекстегі соңғы өзгерістерді қолдайтынын, өзгеріссіз қабылдауға болатынын айтты. Дегенмен, бірқатарқатысушылар мұнымен келіспейді.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан БАБАҚҰМАРОВ,  мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері, мелициналық ұйым өкілдері, медицина салысы сарапшылары қатысқан жиынды белгілі медик-ғалым Алмаз ШАРМАНОВ жүргізді.

Шарманов кейбір жағымсыз пікірлерге сол арада жауап беріп, ара-тұра қызып бара жатқан дауды басуға тырысып баққанмен, отырыс соңына қарай «дөңгелек үстелге» жайғасқан мамандардан тыс қарапайым тұрғындар да еркін микрофонға таласып, модераторды тыңдамай кетті. Шарман мен Біртанов ұйымдастырушыларды кезек-кезек шақырып алып, микрофонды өшіріп тастауға тапсырма беруге мәжбүр болды. Сөйтіп, «дәл екі сағатқа жоспарланған» жиын 3 сағаттан асып барып, әрең тарады.

Міндетті вакцинация; кәмелеттік жасқа толмаған балалардың денсаулығын сақтау бойынша құқығын қорғау; скринингтік тексеру; транстплантация, т.б. тақырыптар талқыланған жиында бірінші сөзді мәжіліс депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА алды.

- Бұл жоба әрбір адамның денсаулығына қатысты. Сол себепті, әр азамат өзінің денсаулығына қатысты заң жобасына байланысты өзіндік пікірін айтуға құқылы. Осы шаруа аясында парламентте 53 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылып, 24 отырыс өтті. Өте ашық, кәсіби талқылаулар болды. Кодекс бойынша 791 ұсыныс түсті, оның 600-ге жуығын қабылдадық, қалған 200-дейін қарап жатырмыз.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда мидың өлуі азаймай тұр. Тағы бір мәселе – соңғы 2-3 жылда трансплантология бойынша көрсеткіш төмендеп кеткен. Әсіресе, балалар трансплантологиясы мүлде жоқ деуге болады. Донордың аздығы. Осының салдарынан жас өлім көбейіп кеткен. Осыған орай жиында қайтыс болған адамдардың дене мүшелерін пайдалану туралы мәселе де жиі сөз болды.

Балалар өлімін азайтудың тағы бір жолы – вакцина салуды міндеттеу. Қазіргі көрсеткіш 95/5, яғни, 5 пайыз қазақстандық ата-аналар вакцинадан бас тартады. «Демократияның талаптарын ескерсек, бұл қалыпты жағдай», деді жиынға келген мамандар. Дегенмен, саналы түрде бас тартудың салдарынан болған бала өлімі кешірілмейтін жайт.

- Былтыр екпе салдырмаудың салдарынан 8 бала өлімі тіркелді. Қызылшамен ауырып, ол екпе салынбағандықтан асқынып кеткен. Ата-аналары саналы түрде бас тартқан. Қызылша соншалық асқынып кетпесе, ол балалар әлі тірі жүрер еді. Мұндай тенденция жақсы көрсеткіш емес. Сол себепті, біздің қор, менің әріптестерім бұл заң нормасын қолдайды, - деді HelpToday қоғамдық қорының басшысы Эльмира ӘЛИЕВА.

Отырыста сөз болған тағы бір үлкен мәселе – оқушыларға сексуалды білім беру. Бұдан бұрын қоғам тарапынан қарсылыққа ұшыраған бұл сұрақ дөңгелек үстелде де біраз сөзге арқау болды. 16 жастан асқан қыздар сексуалдық сауаттылықтың жоқтығынан қателікке ұрынып жатады. Ауыр аяқ болады, ауру жұқтырады, тіпті, өзіне қол жұмсауға дейін барады. Сол себепті, бұл тақырыптағы білімді формалды түрде енгізу керек деп есептейді мамандар.

Бұл тақырыпта, тіпті, 16 жастағы жасөспірімдер мінбеге шығып, пікірлерін айтты. «Біз олар үшін шешім қабылдаймыз ғой, олардың да пікірін тыңдайық та?» деген бастама әсер етті ме екен, бәрі өздерінің немесе айналасындағылардың сексуалдық сауатсыздықтан зардап шеккендерін айтты. Залда отырғандардың біразы бұлардың арнайы дайындап қойған балалар екенін айтып, «ондай білімді балама өзім берем», деп қарсы шыққандар да болды. Осыған орай, «дайындаса не болыпты, айтып тұрғаны дұрыс емес пе?!» дегендер де болды. Бірақ, бұл дау ұзаққа созылмай, тынышталды.

Қайтыс болған адамның органдарын пайдалану, донордың кім екенін пациенке айту, балалармен психологиялық жұмыстар жүргізу, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау, цифрлы медицина, т.б.  жайлы айтылған жиында заң жобасындағы этикалық ұстанымдар мен қарапайым қағидалар сақталмаса бәрі бекер екенін айтқандар болды. Егер заң дұрыс қаралмаса – ол ертең сыбайлас-жемқорлыққа апарып соғады дейді олар. Міне, осы тұста Қазақстан медицинасының жалпы жағдайының нашарлығы туралы сөз болды. Невролог дәрігер Қайырғали КӨНЕЕВТІҢ сөзін залда отырғандар бірнеше рет құптап, қол соқты. Модератор сөзін бөлгенмен, жиналғандар «айтсын, айтсын» десіп, 3 минуттық регламентті 8 минутқа жеркізді.

- Бір азаматтар денсаулық сақтау министрлігін еститін болды деп мақтады ғой жаңа. Мен министрлік еститін болды ма, жоқ па, айта алмаймын, бірақ, бір нәрсені айта алам, ол естігенін түсінбейді. Сіздер адамды жасанды жолмен өлтіру туралы талқылап отырсыздар. Заңда жазылып тұр ғой, «эвтоназияға тыйым салынады». Болды, оның не талқылайтыны бар? – деп бастаған Көнеев Кодексті талқылай келіп, оның көп тұсының шикі екенін айтты.

Фармацевтикалық нарықтың негізгі бөлігін пайдасы дәлелденбеген маркетингтік дәрілер құрайтынын, вакцинаны міндеттеудің артында да бизнес тұрғанын, тіпті, вакцинаны міндеттеу – азаматтардың құқықтарына қол сұғу екенін, қайтыс болған адамның туыстарынан оның органдарын пайдалануға рұқсат сұрау туралы әңгіменің де шикі екенін айта бастаған Көнеевтің микрофонын өшіріп тастады. Дегенмен, сөйлеуші тоқтай қоймаған соң модератордың өзі «Көнеевтің микрофонын қосыңдар» деп «бұйрық» берді.

- Бұл жерге Біртанов мырзаның министерствоның айналасында жүретіндерді жинағаны түсінікті. Сөйлегендердің 99 пайызы министерствоның сөзін сөйлейді, тек 1 пайыз қарсы адамдарға бөлінген. ... Құрметті әріптестер! Осы күнге дейін бос сөзбен, істі созбақтап келгені үшін Біртанов отставкаға кету керек, - деп тоқтады.

Неврологтың бұл сөзін құптағандар да, қарсы шыққандар да болды. Тіпті, жиын соңында ХХІ ғасырдың өкілімін деп, алдыңғы толқынға өкпе айта шыққан жас жігіт «Біртанов отставкаға кетсін деген не сөз?! Жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер», деді.

Жиын бойы көп сөйлемей, дәптеріне түртіп алумен отырған Елжан Біртанов қорытынды сөзінде әр ұсыныстың қарастырылатынын, ескертпелердің ескерілетінін айтты. Бірақ, отставка жайлы сөзге шамданып қалғанға ұқсайды. «Мен өз позициямды соңына дейін қорғаймын», деді.

- Мен министрліктің естімейтіні жайлы айтқандарыңызға келіспеймін. Барлық істі ашық жүргізіп жатырмыз. Бүгін талқылап отырған Кодекстің алғашқы нұсқасы 2009 жылы қабылданғанда қоғам ол туралы білген де жоқ болатын. Біз қашан да естиміз, кез келген шағымды қараймыз, елдің пікірін тыңдаймыз. Мен өз идеямды іске асыру үшін соңына дейін күресем. Өз позициямды қалай да қорғап қалам. Егер өз позициямды қорғай алмайтын болсам, бұл орынға келмес едім. Бір бірімізден жау іздемейік, - деді бас дәрігер.

Қорытынды сөз Біртановқа берілгенмен, оның сөзінен кейін де мінберге шығып, сөз сұраушылар легі азайған жоқ. Жиындағы тақырыптарға қатысты жеке көзқарастар... Жеке басындағы проблема – дәрігерлердің сауатсыздығынан жақынын жоғалтқандар, министрліктің өтірігінен шаршағандар...

- Өтініш, көзді бақырайтып қойып өтірік соқпаңыздаршы!..

Фото: Malim.kz

Байланысты жаналықтар

Қазақстандағы су тасқыны: елімізде жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін бе

08.04.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

27.09.2022

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022
MalimBlocks
Қазақстандағы су тасқыны: елімізде жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін бе

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің (СЭС) жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

Kaspi.kz Цифрландыру министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды