Алматыда бейбіт жиын туралы заң талқыланды

Malim Админ

  • 17.02.2020

Алматы қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың және Алматы қаласы қоғамдық кеңесі өкілдері мен азаматтық белсенділердің қатысуымен бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасы талқыланды. Қоғам белсенділері мен қалалық қоғам кеңесі өкілдерімен кездесуге арнайы келгенін айтқан министр жинылағандарға жаңа заңның артықшылықтары мен жаңалықтарын айтып, ұсыныстар мен қарсы пікірлерді тыңдады.

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы жаңа заң жобасына қатысты жиналғандар әр түрлі пікірлер айтып, өзгерістер енгізуді ұсынды. Ал министр бұл заңның өте маңызды екенін, сол себепті ашық талқылауға келгенін айтты.

- Мен сіздерді тыңдау үшін, сіздердің пікірлеріңізді талқылау үшін, сұрақтарыңызға барынша жауап беру үшін келдім. Екі ауыз сөзбен айтқанда, алғашында біз 1995 жылдан бері қолданылып келген заңнамаға өзгеріс енгіземіз деп ойлағанбыз. Талқылау кезінде, талдау ажсау кезінде өзгеріс енгізгеннен гқрі жаңа заң қабылдаған әлдеқайда жеңілдеу екенін түсіндік. Өйткені, түртіп отырып өзгеріс жасауға болмайды. Жаңадан тұжырымдамалық заң қабылдау керек, - деген министр Абаев заң жобасының басым тұстарын сөз етті.

Оның сөзінше, жаңа заң жобасы бейбіт митингке қатысушылар мен оны ұйымдастырушыларға, журналистерге жаңа жауапкершіліктер жүктейді. Митинг өткізуге рұқсат беруші мемлекеттік органдардың құзіретін анықтап, митинг өтетін арнайы орындарды белгіленеді. Одан басқа да шеру өткізудің түрлі регламенттері қарастырылған. Наразылық білдіргендердің ұсынысы мен арыз-шағымын қабылдау, оны қарастыру тұрғысында да бірқатар оңтайлы өзгерістер бар екен.

- Негізі, біздің айтып отырған қосымшалар жайлы сзідер жақсы білетін болуларыңыз керек. Бұл заңның өте маңызды екеніне осында отырған барлық әріптестер келісетін шығар деп ойлаймын. Бейбіт жиындар туралы бөлімге жаңа ережелер енгізіледі, - деді министр.

Министрдің сөзінен кейін жиынға қатысушылар жаңа заңға сын-ескертпелер айтты. Бас-аяғы 40 шақты адам қатысқан жиында сөз алғандардың дені жаңа заңды сынады деуге болады. Айта кетерлігі, кейбір құқық қорғаушылар мен заңгерлерді Алматы қоғамдық кеңесінің өкілдері өздері шақырса, енді бірі «министр келеді» дегенді естіп, заң жобасы митинг өткізу құқығын шектейтінін Абаевқа айту үшін өздері барған. Мәселен, Қазақстандағы адам құқығы мен заңды сақтау жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис аталмыш заң жобасын халықаралық нормаларға сай емес деп есептейді. Оның ең негізгі қарсы болғаны – бейбіт жиын өткізу орнын белгілеу. Бұл мәселе бұған дейін де айтылып, Алматы қаласындағы бейбіт жиын өтетін орын ретінде екі нүкте (Сарыарқа кинотеатрының алды немесе Ганди атындағы саябақ) белгіленіп те қойған.

- Пикетке шыққан адам Сарыарқа кинотеатрының алдына немесе Ганди атындағы саябаққа бармайды. Ол наразылығын еститін жерге, қоғам назары түсетін жерге барады, - дейді Евгений Жовтис.

Жовтис бұл заң жобасын халықаралық сараптамаға жіберуді де ұсынды. Ол заң жобасын БҰҰ-ның бейбіт жиын өткізу жөніндегі арнайы баяндамашысына, Ұлыбритания, АҚШ және Франция елшіліктеріне жолдаймын дейді. Жобаны халықаралық сараптамаға жіберуді Қазақстан үкіметінен де сұрамақ. Сонымен қатар, құқық қорғаушы 2007 жылы өзі жасап шыққан бейбіт жиын өткізу жөніндегі заң жобасын парламентке балама заң ретінде ұсынатынын айтты.

- Бұл заң жобасы бейбіт жиын, пикет пен шеруді рұқсат етілген жерлерде ғана өткізуді міндеттейді. Алматыда бұл – Сарыарқа кинотеатрының артындағы алаңқай мен Махатма Ганди паркі. Адам наразылығын өз келіспейтін органның алдында білдіруге құқылы. Екіншіден, 250 адамнан аз жиналатын митингіні билікке хабарлау жеткілікті, егер биліктен заңда көрсетілген мерзім ішінде жауап келмесе, онда жиынды өткізе беруге болады дейді. Сөйте тұра билікке жолдайтын хабарламада медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі шараларды тізіп, қанша журналист келетінін нақты көрсетуің керек. Ал митингіге келушілер 250 адамнан асатын болса, жергілікті биліктен рұқсат сұрау керек. Қызығы, қолданыстағы заң бойынша, рұқсатты 10 күн бұрын сұрау керексің, ал талқылауға шығарылған жаңа заң жобасы оны 15 жұмыс күні деп созып жіберіпті. Оның үстіне биліктің жауабын тағы 10 жұмыс күні бойы сарыла күтесің. Бұл жобада аяқ астынан жинала қалып, бейбіт жиын өткізу мүмкіндігі жоқ, – деді құқық қорғаушы заң жобасы талқысынан кейін белсенділер өткізген баспасөз жиынында.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесі мүшесі Марат Шибұтов митингіге рұқсат беруді оған қатысатын адам санына қатысты қарастыру дұрыс емес десе, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова министр айтқан 1995 жылғы заңға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мараторий жариялау керек деп есептейді. Ал, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина заң жобасы бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардың митинг өткізу құқығын шектейтінін айтады.

- Митинг өткізгенім үшін кезінде әкімшілік жауапқа тартылдым. Жаңа заң жобасы бойынша, енді бейбіт жиынды өз бетімше ұйымдастыра алмаймын. Тек әкімдік қызметкерінің қамқорлығымен ғана ұйымдастыра алады екенмін. Оның өзінде әкімдік қызметкері бейбіт жиыннан ілік таппауы керек, – дейді ол.

«ХАҚ» қозғалысын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі , тағы бір белсенді Тоғжан Қожалиева министрден митингіге келушілерді кім санайды деген сұрақ қойды. «250 адам жиналса, бейбіт жиынға рұқсат керек емес, хабарлау жеткілікті деп тұр. Ал егер 250 емес, 253-254 адам келсе ше? Біз ғой, өзіміз санап алармыз. Ал сіздер қалай санайсыздар?» – деген сұраққа ақпарат және қоғамдық даму министрі «жақсы сұрақ, бұл жайында расымен ойлану керек екен», деді.

Министр Дәурен Абаев жиын соңында талқылауда айтылған ескертпелер мен ұсыныстардың бәрі ескерілетінін айта келіп, бұл заңның ақырғы шешім емес екенін, оған әлі де өзгерістер енгізуге болатынын ескертті.

Айта кету керек, осыдан бір апта бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі" туралы заң жобасының тұжырымын таныстырған. Тұжырымдама "Ашық үкімет" сайтында жарияланып, қоғамда да біраз талқыланған. 21 баптан тұратын заң жобасында Қазақстанда бейбіт шерулер мен митингтер өткізудің тәртібі, пикетке шығудың жаңа талатаптары, наразылықты ұйымдастырушылар мен қатысушыларына берілетін құқықтар мен қойылатын міндеттер, митингі өткізуді қосымша регламенттеу туралы ережелер мен талаптар белгіленетіні айтылған.

Фото: azattyq.org

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

22.03.2024

Наурыз мейрамына қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылады?

21.03.2024

Наурызнама: Бүгін - Ынтымақ күні

21.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Жоғалған 3 жасар қыз әлі табылмады 

20.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

Наурыз мейрамына қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылады?

Наурызнама: Бүгін - Ынтымақ күні

Астана мен Алматыда қандай іс-шара өтеді?

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Жоғалған 3 жасар қыз әлі табылмады