«Күйеуге тиіп, бала таппасаң – жезөкшедей көреді»
Қазақстандағы феминистер кімдер? Олар қайдан шықты? Мақсат, мүдделері не? Әйелдер маршына қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған Фариза ОСПАН-ға осы сұрақтарды қойып, аз-маз сөзге тарттық.
Бір айта кетерлігі, 11 наурыз күні Алматы қаласының әкімшілік соты 8-наурызда әйелдер маршына қатысқан белсенділер Фариза ОСПАН мен Арина ОСИНОВСКАЯҒА айыппұл салды. Ф.Оспан ұсақ бұзақылығы үшін 13 мың теңгеге, ал А.Осиновская маршқа қатысып жүріп ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 66 мың теңгеге айыппұлға жығылды.
– Фариза, 8 наурыз күні әйелдер құқығын қорғап, маршқа шыққанда «әкімшілік іс қозғалады-ау» деген ой болды ма, әлде бұл жайт сіз үшін күтпеген дүние ме?
– Полициядан шақырту келгені күтпеген дүние болды деуге келмейді. Бірақ біз 8 наурыз күні-ақ, марш кезінде ұсталатын шығармыз дедік. Сол себепті маршқа қатысқандар алдын ала қамданып, өздерімен бірге киім-кешек, тамақ, кітап ала келді. Алайда ол күні ешкімді ұстамады. Сол күні Қырғызстанда әйелдер маршын таратып, қыздарды ұстаған еді. Ал бізді қоя берді, ұстамайды деп ойладық. Бірақ екі күннен кейін шақырту келді.
– Білуімізше, кеше, 11 наурыз күні Арина Осиновская екеуіңіз күні бойы әкімшілік соттың әлегімен жүрдіңіздер. Сіздерді «жазалау» неліктен сонша ұзаққа созылды?
– Әуелі таңғы тоғызда адвокат Гүлхан Оқаповамен бірге ішкі істер департаментіне бардық. Ондағылар бірден «ішке кіріңдер» деді. Бірақ адвокат біздің келісімшартты реттеп, сөйлесуге құқығымыз бар екенін айтты. Сөйтіп, бізге құқықтарымызды, сұраққа қалай жауап беру керектігін, түсініктеме қалай жазылатынын, хаттама қалай толтырылатынын түсіндірді. 11.30-да ішкі істер департаментіне қайта айналып келдік. Ондағылар бізге әкімшілік кодекстің қандай баптары бойынша айып тағылғаны жазылған хаттама берді. Аринаға екі бап бойынша, маған бір баппен айып тағыпты. Қызығы, хаттамада «маршқа шығып, Қазақстандағы әйелдердің жағдайына қатысты наразылық білдіру арқылы әкімшілік бапты бұзды» деген сыңайда бір сөйлем жазылыпты. Құдды бір елде әйелдердің құқығы бұзылып жатқанын айту заңды бұзумен парапар тәрізді. Бұған бір күліп алдық та, адвокатпен бірге түсініктеме жазып, айыптаумен келіспейтінімізді айттық.
Сот басталғанша полицейлер қыр соңымыздан қалмай жүрді. Хаттама толтырғанда бөлмеде бақандай бес полицей отырды. Қызығы, ары-бері зыр қағып жүрген полицейлердің бірде-бірі хаттаманың түпнұсқасын бізге беру керек пе, жоқ па, онда қол қойып, мөр басу керек пе, жоқ па дегендей қарапайым дүниені білмейтін болып шықты. Адвокатымыз кодексті ашып, оларға хаттаманың түпнұсқасын бізге беру керектігін көрсетті.
Түскі асқа барғанда екі полицей бізге ілесе шықты. Қасымыздан бір елі қалмай жүрді. Бізді қашып кетеді десе керек.
Әкімшілік сотқа түстен кейін бардық. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қағаздар дайын болмағанына қарамастан, ішке кіргізді. Мұнысы журналистермен сөйлеспесін деген сақтығы шығар.
– Сізді заңсыз митингіні ұйымдастырды не оған қатысты деген баптар бойынша емес, маршта гүл шоғырын өртегеніңіз үшін ұсақ бұзақылық бабымен жауапқа тартыпты. Бұл неғылған гүл шоғыры?
– Бұл азалы гүлдесте болатын. Неге азалы десеңіз, оны өртеу арқылы біз елде тұрмыстық зорлықтан қаза болған әйелдердің ешқайсысын ұмытпаймыз дегенді жеткізгіміз келді. Ресми статистика бойынша, елде жылына 400 әйел тұрмыстық зомбылық, зорлықтан қаза болады. Бірақ шын мәнінде, олардың саны одан да көп болуы мүмкін. Неге гүл шоғыры десеңіз, 8 наурыз күні ер адамдар әйедерге гүл сыйлап, «әдемі, мейірімді қалпыңнан айныма, сен нәзік жансың» дейді. Гүл шоғырын өртеу арқылы бізге гүл емес, құқықтарымыз керек дегенді айтқымыз келді. Яғни гүл шоғыры әйелдер келіспейтін қоғамдағы бүкіл патриархалды дәстүр мен нормаларды білдіреді. Оны өртеу арқылы наразылықты көрсеткіміз келді, бұл ешқандай бұзақылық емес, белгілі бір мәні бар манифест еді.
– Әкімшілік сот қалай өтті?
– Сот сағат төртте басталуы керек еді, бірақ кешкі тоғызда бір-ақ басталды. Бәлкім, жақтастар мен журналистер тарап кетсін деп, кеш бастаған шығар. Бірақ олар тарамаған соң, сотты жабық өткізді.
Менің де, Аринаның да соты жабық өтті. Адвокат Г.Оқапова оны ашық өткізіп, белсенділер мен журналистерді қатыстыру туралы өтініш түсіріп еді, судья «олар шулайды, тәртіп бұзады» деп оны қабылдамай тастады.
Судья сот шешімін алдын ала білгендей жайбарақат отырды. Маған гүл шоғырын не үшін өртегенімді айтқызбады. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы айта бастап едім, «іске қатысты нәрсе айтыңыз» деп бөліп жіберді.
Сот шешімімен келіспеймін, алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіремін.
– Кешегі сот сіздің феминизмге қатысты ұстанымыңызға әсер етті ме?
– Иә, әсер етті. Қазір ішім ашу-ызаға толы, ішкі нарызылығым одан бетер күшейді. Бұл маған алдағы күресіме күш береді. Бізде қыздарға үнемі «ашуланба, мінезіңді көрсетпе» деп үйретеді. Осыған құлақ ассам, баяғыда бәрімен келісіп, моп-момақан боп отырар едім. Ал енді осы соттан кейін әйел құқықтары үшін бұрынғыдан бетер күрескім келді. Әрбір әйелдің жанайқайын жеткізгім келеді. Бұл сот біздің бағытымыздың дұрыстығын көрсетті.
– Фемнизмді қолдаушы жақтастарыңыз көп пе?
– Меніңше, иә. 1 наурыз күнгі митинг алдында жаппай ұстауларға қарамастан, 8 наурыз күнгі маршқа 200-дей адам шықты. Кеше әкімшілік сотқа 50 шақты адам келді.
– Феминистерді «бұлардікі бос даурықпа тірлік» деп сынаушылар көп.
– Сын қашанда да айтылады. Инстаграмда «не үшін маршқа шықтыңдар, сендер ақымақсыңдар, онсыз да құқықтарың көп, өздерің күйеуге тимегенсіңдер, тұрмыстық зорлық туралы не білесіңдер? Одан да күйеуге тиіңдер» дегендей жазбалар жарияланыпты.
– Әйелдер құқығы үшін күресу қиын ба?
– Өте қиын. Көп адам әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа көз жұма қарайды. Әйелдерге ерлермен тең еңбекақы төлеу, әйелдерге тыйым салынған кәсіп түрлерін алып тастау, саясатқа әйелдерді көбірек қатыстыру, харассмент туралы заң қабылдау жайлы айта бастасаң, жұрттың саған көзқарасы өзгеріп, жеккөрініш, хейт пайда болады. Осы тақырыпта жазба жарияласаң, боттар қаптап, жеке басқа тиісіп, тіл тигізеді. Тіпті «жезөкшесің», «жүргішсің», «кімнен ақша алып жүрсің?» деп бас салады. Әзірге мұндай хейтке қарсы иммунитетім жоқ. Дегенмен, азды-көпті бізді қолдайтындар бар. Ал хейтерлерге етің үйренер. Оларды қойшы, әйтеуір бір амалы болар. Ал әйелдерді тұрмыстық зорлықтан, харассменттен қорғайтын заңнаманы қалай өзгертесің? Заңнаманы өзгертуге келгенде билікпен диалогқа бару қиын. Мәселен, тұрмыстық зорлық жасағандар ескертумен құтылып кетеді, ол үшін жауапкершілікті күшейту керек. Ал харассменттен қорғайтын заң бізде мүлде жоқ. Біз депутаттарға осы мәселені жеткізгіміз келді, бірақ диалог орнату қиын болып шықты.
– Жалпы, феминизмге, әйелдер құқығы үшін күрес жолына қалай келдіңіз?
– Феминист болып туылмайды, орта, көзқарас феминист етіп қалыптастыратыны түсінікті. Мен таза патриархалды қазақ отбасында дүниеге келдім, әкем қатал. Шымкентте өстім. Бұл өңірде қызбалаға қысым күшті. Қонақта басыңды көтеріп отырсаң да, отбасыңды жерге қаратқан боп есептелесің. Мектепті бітірген соң, университетті тәмамдау аса маңызды дүние емес. Маңыздысы, күйеуге тиіп, бала тауып, үйде отыру. Сондай ортада өскендіктен, сол шақта қатып қалған мұндай дәстүрге қарсы шыққаным жоқ. Өйткені айналамдағы адамдардың брі түгел солай өмір сүретін. 6-сынып оқып жүргенде бізге бір қыз көшіп келіп, бірге оқи бастадық. Ол қыздың арман-мақсаты бар болатын, шетелде оқып, мансап қусам дейтін. Сөйтіп, онымен сөйлесіп, араласып өзгердім. Есейіп бой жеткен соң да туыстарым не болмаса айналам өмір сүретін сценарий ізімен кеткенім жоқ. Күйеуге тиіп, бала таппадым. Бірақ туыстарым қайта-қайта осыны бетке басып, қысым жасайды. Меніңше, бұл әділетсіз, күйеуге тию я тимеу менің жеке құқығым.
Кезінде феминизм идеясын қабылдамаған кезім де болған. Ол уақытта бір блогердің жазбаларын оқитынмын. Ол «әйел адам деген гүл, проблема туралы көп ойламауы керек, көп ойланса, бетіне әжім түседі» деген сыңайда жазба жариялайтын. Ол уақытта тұрмыстық зорлық дұрыс емес дүние деп, оған қарсы болдым. Бірақ әйел адам сұлу қалпында қалуы керек деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе «әйел адам мұндай болуы керек, сондай болуы керек» деп әйелдерге белгілі бір нәрсені таңу керісінше зорлыққа жол ашатынын түсіндім. Бұған, әрине, көп оқу, көзімді ашу арқылы жеттім. Көзқарасымның өзгеруіне орта да әсер етті.
– Феминистік көзқарас, ұстанымыңызды отбасыңыз, туыстарыңыз қолдай ма?
– Жоқ, мені негізінен достарым қолдайды. Шынын айтқанда, туған-туыстарыма мұны түсіндіруге көп уақыт жұмсаймын, өйткені олар көп және әрқайсысы менің өміріме араласып, ақыл айтуға құқылымын деп санайды.
– Қазақстандағы феминистер кімдер, қандай топтар?
– Феминистер арасында қазақтілділер де, орыстілділер де, екі тілде еркін сөйлейтіндер де жеткілікті. Феминистер негізінен әйелдер, бірақ 8 наурыз күні маршқа шыққандар арасында ер адамдар да көп болды. Былтыр адвокат Джохар Өтебеков «әйелдер мәселесін шешу үшін ол проблемаларды ер адамдар көтеруі керек, өйткені зорлық-зомбылықты ер адамдар жасайды» деген пікір айтқан. Арада бір жыл өтер-өтпес уақыт өтті, бізді ер адамдар қолдай бастағаны қуантады.
- Әңгімеңізге рахмет!