Лондоннан жеткізілген алматылықтар Нұр-Сұлтанда тұрып қалды

Malim Админ

  • 23.03.2020

"Эйр Астананың" ұшағымен Лондоннан Нұр-Сұлтанға жеткізілген 43 адам карантинге жабылған Алматыға жете алмай, бас қалада тұрып қалған.  Олардың басым көпшілігі – Ұлыбританиядан елге қайтқан студенттер.

Бас қалада тұрып қалған алматылықтардың айтуынша, Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі оларға Лондоннан бас қалаға жетіп, тексерістен өткен соң, Алматыға ұшып кетесіңдер деп уәде еткен. Алайда коронавирусқа тест тапсырып, нәтижесін бір күннен кейін қолына алған жолаушылар Алматыға жеткізеді деген ұшақ карантинге жабылған қалаға мүлде ұшпай қалғанын айтады.

Нұр-Сұлтанда тұрып қалған жолаушылардың бірі, "Болашақ" бағдарламасымен Ұлыбританияда оқып жүрген журналист Есенгүл КӘПҚЫЗЫ былай дейді: "Болашақ" бағдарламасы "Эйр Астананың" Нұр-Сұлтанға ұшатын рейсіне билет тауып берді. Бірден Алматыға ұшаққа билет алып беруді сұрап едім, 22 наурыз күні бәрі тоқтайды, тауып бере алмаймыз деді. Рейстегі 43 адам Алматыдан. Бірақ олардың арасында тікелей Алматыға дейін билет алған жолаушылар бар. 22 наурыз күні Лондоннан Нұр-Сұлтанға жеттік, бәрімізді бірден "Турист" қонақ үйіне әкеліп, коронавируске тест алды. Тест нәтижесі бүгін түске дейін дайын болды. Алдымен "бәріңізді автобуспен әкетеді, Алматыға ұшақ дайын тұр" деді. Кейін ұшаққа ұшуға тыйым салынды деді. Енді қонақ үйді сағат алтыға дейін босатыңдар, өздеріңіз жетіңіздер деді.  Коронавирусқа қатысты ашылған Нұр-Сұлтандағы штабпен де сөйлестік. Өз жолдарыңызбен барыңыздар деді".

"Ұлыбританиядан қайтқысы келетіндердің бәрін арнайы 21 наурыз күні ұшатын рейске жинап, елге қайтарды. Коронавируске тест алып, бәріміз аурудан құлан-таза болған соң, жолаушылардың бәрін таратып жіберді. Қазір қонақ үй лоббиінде отырмыз. Елшілік тексерістен кейін Алматыға ұшып кете аласыңдар деген. Алматыға жеткізуі тиіс "Эйр Астананың" ұшағына билет алдық. Бірақ "Эйр Астананың" айтуынша, ұшақтың Алматыға ұшуына үкімет рұқсат етпей отыр. Енді автобуспен Қарағандыға жеткіземіз, сол жерден пойызға отырып кетесіңдер деді. Онда жетіп алып, тағы Алматыға кіре алмай тұрғымыз келмейді. Тоқаев шетелден оралатын азаматтар өздері тұратын қалаларына жете алады деп уәде етіп еді. Бірақ бәрі бос сөз болып шықты", - деді аты-жөнін айтқысы келмеген жолаушылардың бірі.

Бұл мәселе бойынша "Эйр Астана" әуе компаниясының баспасөз қызметіне хабарласқанымызбен, тұтқаны ешкім көтермеді.

Бірақ "Эйр Астана" әуе компаниясы бүгін таратқан баспасөз хабарламасында төтенше жағдай мен Нұр-Сұлтан және Алматыдағы карантинге байланысты рейстердің 95 пайызы қысқарып қалғанын келтірген. "22 наурыздан бастап ішкі рейстердің барлығы тоқтатылды, ал 29 наурыздан бастап барлық халықаралық репатриациялық рейстер тоқтатылады. 22 наурыз бен 14 сәуір аралығындағы төтенше жағдай кезінде әуе компаниясы ішкі транзит жолаушыларын қалаларына дейін жеткізе алмайды", - делінген баспасөз хабарламасында.

Нұр-Сұлтанда тұрып қалған жолаушыларға Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің өзі хабарласып, Алматыға жете алмай қалған өзге жолаушылармен бірге арнайы ұшақпен жеткізілетінін айтқан. Сөйтіп,  бас қалада тұрып қалған жолаушылар кеше түнгі 23:30-дағы "Эйр Астана" ұшағымен Алматыға ұшып келген.

Материалды көшіріп басуға болмайды!

 

Байланысты жаналықтар

Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен кетеді

23.05.2025

Олжас Бектенов Алматы тау кластері аумағын тікұшақпен аралап көрді

23.05.2025

Алматыда балаларға арналған бірқатар шара өтті

22.05.2025

Дженнифер Лопес Алматыға келеді

21.05.2025

Алматыда университет жатақханасы бизнеске жалға берілген

21.05.2025

Алматы маңында тағы да жер сілкінді

16.05.2025
MalimBlocks
Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен кетеді

Олжас Бектенов Алматы тау кластері аумағын тікұшақпен аралап көрді

Алматыда балаларға арналған бірқатар шара өтті

Дженнифер Лопес Алматыға келеді

Алматыда университет жатақханасы бизнеске жалға берілген

Алматы маңында тағы да жер сілкінді