Кестеші қыз (грек ертегісі)

Malim Админ

  • 30.03.2020

Қиян шеттегі қыстақта бір жарлы бозбала өмір сүріпті. Манолис дер екен оның есімін. Әке-шешесі дүниеден көшіп, мұра атаулыдан ескі скрипка ғана қалдырыпты. Қиын-қыстау кездерде Манолистың, Манолис сияқты тәмам кедейдің жалғыз жұбанышы сол скрипка болыпты. Кедей сорлының көрген күні белгілі ғой! Сұрықсыз күнге шырай бітіріп, жабырқау көңілді жадырататын – таза жүректен шымырлап шыққан ән ғана емес пе?!

Сондықтан да Манолис пен оның скрипкасын сол өңірдегі күні күңгірт, тірлігі мимырт, жүрегі жаралы, басы қаралы жандардың баршасы асыға күтіп, қимай шығарып салатын.

Бірде кешқұрым Манолис көрші қыстақтан қайтып келе жатып, ұйыса қалың өскен бұтаның ішінен қинала қыңсылаған бір дыбыс естиді. Бұтаны жан-жаққа ысырып, қарағанда, қақпанға түскен қасқырдың қаншығын көреді. Қақпанның құрыш азулары қаншықтың алдыңғы аяғына айрылмастай, тістесе қатып қалыпты. Қаншықтың бауырынан сүт тамшылап тұр екен.

Жыртқыш та болса, енені, оның панасыз бөлтіріктерін аяған Манолис қаншықты қақпаннан босатып жібереді.

Қаншық сол сәтте-ақ зытып жоғалады, Манолис жайбарақат жаман жаппасына оралады.

Түн ортасында біреу есік қағыпты. Ілгегін ағытуы мұң екен, шалқасынан ашылып, есік пен төрдей зау қасқыр кіріп келеді.

- Менен қорықпа, Манолис! – дейді қасқыр гүрілдеп. - Мен саған дос көңілмен келіп тұрмын. Сен ене-қасқырды қақпанан босатып, бауырын енді көтерген бөлтіріктеріме өмір сыйладың. Адамдар бізді жауыз деп есептегенмен, біз де сыйға сый, жақсылыққа жақсылық жасай аламыз. Мен сені жан білмейтін, жан баспаған жерге ертіп апарамын. Ол жерде, үш есіктің тасасында ақыл жетпес қазына мен көктем күніндей ғажап сұлу қыз бар. Жүр, бағыңды сынап көр!

Манолис қасқырдың сөзіне таңырқағанмен, ештеңе демейді. Ешқашан жанынан тастамайтын скрипкасын алып, зау қасқырға ілеседі.

Көзге түртсе көргісіз, тас қараңғы түн еді. Межелі жер тым алыс және күн көтерілмей жету керек болатын.

- Қалма, Манолис! Жылдам бас аяғыңды, – дей беріпті қасқыр оған қарайлап.

Қасқырдың көзі түнекті тіліп, шоқтай жайнайды.

Осылайша олар ұзақ жүріпті. Таң қылаңытқанда Манолис сәулеті тіл байлаған сарайды көреді. Сарай зәулім дарақтардың үстінен асқақтай қарап тұр. Мөлдір хрусталь салынған терезелері сәуле себезгілеп, таза күмістен құйылған есігі жарқ-жұрқ етеді. Сарайдың сәні осындай еді.

Ертегінің аудионұсқасын тыңдасаңыз болады

Қасқыр апай төсімен күміс есікті ұрып қалғанда, есік сықырсыз ашылып кетеді де, бұлар аумағы ат шаптырым күміс бөлмеге кіріп барады. Бұл бөлменің төбесі де, едені де, қабырғалары да ақ күмістен соғылыпты. Бөлменің алыс түкпірінде күндей жалтырап, алтын есік көрінеді.

Алтын есік бұлар жақындағанда өздігінен ашылып, жол береді. Ал бұл бөлменің төбесі де, едені де, қабырғалары да саф алтыннан құйылыпты. Бөлменің алыс түкпірінде мың түрлі от шашып, құбыла жайнап, алмас есік көрінеді. Көзі қарыққан Манолис амалсыздан қолымен көлегейлеп, сығырая қарайды.

Бұл есік те өздігінен, дыбыссыз ашылғанда, асыл тастан өрілген қабырғалары нұр шалқытқан еңселі жай көрінеді. Төрде, тақ үстінде уылжыған жас ханша отыр.

Ханша көктемнің алғашқы күніндей көрікті еді.

Оның ажары Манолистың ақылын арбап, үнсіз қатып қалады.

Қасқыр тақ түбіне барып, басын иеді де:

- Сәлем саған, ханша! Мен сенің тілегіңді орындап, шын жүректен, сатусыз қайыр жасаған жігітті ертіп келдім, –дейді.

Сүйдейді де ханшаға Манолистың қаншық қасқырға көрсеткен қайырымын айтып береді.

- Ханша! Жүрегі пәк, көңілі кең адам ғана осылай істейді! – депті қасқыр әңгімесінің соңында.

- Сөзіңде қате жоқ! – депті ханша. – Манолис – батыл да мейірімді жігіт. Менің іздегенім де – осындай жан. Мен оған өзімді де, тағымды да, байлығымды да сеніп тапсыра аламын!

Сол мезетте он екі қызметші қыз Моналисқа алтынмен апталып, күміспен күптеліп, асыл таспен әшекейленген қымбат киім әкелді.

Сарайға айқыш-ұйқыш гүлшір ілініп, алуан түсті шамдалдар орнатылады. Қоңыраулар сыңғырлап, күй төгіледі.

Ханша өзінің Манолистың етегінен ұстауға бел байлағанын мәлімдейді.

Ал біздің Манолис ше? Ол сұлу ханшанының көркінен басы айналып, өмірінде бірінші рет скрипкасы жайлы ұмытып кетіпті. Ұмытпай ше! Ханша дәулетті еді, бақытты еді, қайғысыз-мұңсыз жанға скрипка тарту кімнің ойына келіпті.

Қызметшілер Манолисты киіндіріп, ханшаның алдына алып барғанда, ханша күлімсіреп:

- Сен ертең таққа отырасың. Соның үшін бүгіннен қалдырмай, осы сарайда сақтаулы қазынаны көріп шыққаның игі, –депті.

Қолтығынан алып жол бастапты.

Олар бүкіл сарайды, оның барлық жайлары мен бөлмелерін, дәліздері мен бұрылыстарын, құпия қалтарыстары мен сырт көзден таса қуыстарын түгел аралап танысады. Сарайдың салтанады сонша, – Манолис қадам басқан сайын қайран қалады. Ақыры олар биік мұнараның қасына келеді. Ханша айтыпты:

- Бұл мұнарада сен көруге тұрарлық ештеңе жоқ. Кірмей-ақ қоялық, –депті.

Кенет бозбаланың көңілі әлденеге жайсыздана толқып, неге екенін өзі де білмейді, мұнараға шығуға аңсары ауады.

Толқып тұрып:

- Жоқ, мен қайтсем де осы мұнараға көтерілуге тиіспін, – деген сөздің аузынан қалай шыққанын аңдамай қалады.

Ханша оның тілегіне ықылассыз құлақ асып, екеуі бұрама баспалдақпен жоғары өрлейді.

Мұнарада шынымен-ақ назар аударарлық түк жоқ екен. Сән-салтанаттың жұрнағы да сезілмейді. Мұнара басындағы жалғыз бөлме – құжыраның терезесінің алдында кесте тігіп бір қыз отыр. Ұсқынсыздығы сонша, – Манолис шатқаяқтап, құлауға шақ қалады. Тек қыздың аялы, тұңғиық жанары ғана жаудырай қарап, жүрек қозғар нәзік нұр сеуіп тұр еді. Бұл көздер бір көрген адамның жадында мәңгілік сақталар еді.

- Бұл кім? – деп сыбырлай сұрайды Манолис ханшадан.

- Менің бір байқұс туысым, – дейді ханша. – Жаным ашып, паналатқан едім. Түрінен қорынып, жұрт көзіне түсуден қашып, осы мұнарадан аттап шықпайды. Тіпті ертең біздің тойымызға да қатыспайды, әтпесе қонақтарды үркітуі мүмкін ғой. Сыйқын-ай сорлының!

Ханша Манолисқа сыбырлап жатқан кезде қыз басын көтермей шұқшиып, кестесін шеки береді. Көрмегендей, естімегендей сыңайлы. Оның епті, сүйрік саусақтары тіккен кесте аса көркем құсқа айналады. Бірақ қыз кестесін бітіріп, жібін түйісімен, құсқа жан бітіп, дүр етіп көтеріліп, терезеден ұшып кетеді.

Сонда қыз қолдарымен көкірегін басып, қинала дауыстап жіберіпті:

- Бұл да ұшып кетті-ау бұрынғыларының соңынан! Қашан таусылады бұл азап?! – депті.

Мұны естіп, Моналистың ұсқынсыз қызға таңырқай қарағанын байқаған ханша оны қолынан тартып, төмен түсуге асықтырады.

- Бұл бейшара дуаланған! – дейді ханша. – Дуаның күші жүз құстың кескінін кестелегенде барып қайтады, сол себепті де бейбақ күндіз-түні кесте тігеді... Бірақ әр құсты кестелеп бітірісімен, жан бітіп, ұшып кете береді!

Манолистың мұңайып, көңілі бұзылғанын аңдаған ханша:

- Жарайды, қайтесің басыңды қатырып! Одан да тезірек сарайға барып, тойға әзірліктің барысын бақылайық, – деп қосады.

Манолис түні бойы көз шырымын ала алмайды. Бақытсыз қыздың тағдыры ойынан шықпай, беймәлім бір мұң маза таптырмайды. Таң елең-алаңда, ханша мен оның қызметшілері шырт ұйқыда жатқан шақта, сыбдырсыз басып сарайдан шығады да, мұнараға кіреді.

Тар құжыраның есігін ақырын ашқан Манолис босағада сүйенген қалпы, тіс жармай, қызға ұзақ қарайды. Қыз кестесін тігіп отыр еді.

Өзінің беймезгіл келісінен қысылған Манолис:

- Шаршаған жоқсың ба? – деп сұрайды.

- Жоқ! – деп жауап қатады қыз. – Мен қанша қажет болса, сонша құс кестелеуге даярмын. Оған төзімім жетеді. Тек құстарым ұшып кетпесе екен. Мен соңғы рет қабығанда оларға жан бітіп, ұша жөнеледі!

Ертегіні YouTube арнамыздан да тыңдауға болады

[embed]https://www.youtube.com/watch?v=Uvl28eJ5vHk&t=156s[/embed]

...Терезе алдындағы бұтаққа қонақтап, шықылықтаған қызыл бауыр кішкене құс жаңа ғана қыздың кестесін тастай ұшқан еді. Өзен жағасын әнге бөлеген бұлбұл да кестешінің қолынан шыққан болатын. Сүрлеудің үстінде маңғазданып, талтаңдай басқан қарға да, қанатын жаза қалқыған қарлығаш та, – сол маңдағы құстардың бәрі-бәрі ұсқынсыз қыздың кестесінен жаратылып еді. Олар бау-бақшадан орын теуіп, көк ала бұлтты зеңгір аспанда еркін самғайтын, шырылдай, ысқыра әндетіп, төңіректі думанға толтыратын. Олар қуанышты еді, азат еді, тек ұсқынсыз қыз ғана мұнара тұтқыны болып, саусағы күлдіреп, күндіз-түні кесте тігетін, сиқырдан құтыла алмай, қасірет шегетін.

Қыздың шерлі хикаясын Манолис қынжыла тыңдайды. Сормаңдай бейшараға қалай көмектесерін білмей, жүрегі сыздайды. Өйткені дуаның алдында дәрменсіз еді. «Дегенмен бір шипасы табылар", – деп ойлайды. – "Тіпті  сиқырдың дуасын қайтармағанмен қыздың қайғысын жеңілдетіп, көңілін көтеруге болатын шығар?»

Осы сәтте есіне скрипкасы түседі. Иә, өзі үнемі жанынан тастамайтын, тек салтанат, дәулеті тасыған сарайға келген соң елеусіз қалдырған скрипкасы...

Манолис екі өкпесін ұстап, жүгіре кіреді сарайға. Скрипкасын қармай салып, үкідей ұшып мұнараға оралады.

Ешқашан бұлай ойнамаған. Ешқашан ескі скрипкасының шанағынан осыған теңдес күй ақтарылмаған...

Скрипкадан сорғалай құйылған әуенге Манолис жомарт жанын, шалқар сезімін, батыр да нәзік жүрегінің лүпілін сіңіруге тырысады. Бақытсыз қыздың қам көңілін серпілтсем деген ой тәтті күйге айналып толқындайды.

Кенет – о, керемет! – мұнара сыртындағы құс біткен қалт тынып, скрипка сазына елтиді, сәлден соң терезеден ұшып кіріп, ұсқынсыз қыздың кестесіне қонақтай бастайды.

Ал Манолис дамылсыз ойнай береді. Скрипка үніне арбалған құстар бірінен соң бірі қайтып келіп, қыз кестесінен бір кездері өздері ұшып кеткен орынды дәл тауып, қанаттарын қомдай қонып жатады.

Ал Манолистің күйі бір сәтке де толастамайды...

Дуаланған қыздың қожыр-қожыр жүзінде әлдебір жұмбақ шуақ пайда болып, екі беті албырай сәулеленеді. Қайта оралған құстарды көргенде жүрегінде үміт оты тұтанған еді.

Сол уақытта төменнен ханшаның дауысы естіледі. Ол Манолисты шақыра келіпті. Өйткені таң аппақ атқан, той басталар мезгіл жақын болатын.

Ханша Манолисты майда дауыспен шақырады, – бозбала күйін тоқтатпайды.

Енді ханшаның дауысына күдік-күмән араласып, қатқылдау шығады, – бозбала күйін тоқтатпайды.

Абыржыған  ханша жүгіре басып, мұнара түбіне келіп:

– Манолис! Манолис! – деп айғайлайды.

Бұл жолы даусына ызғар бітіп, ашулы естіледі.

Ал Манолис үдете күй төгеді. Ол ханшаның өзін шақырған айғайын естіген еді, бірақ кестесіне асыға төнген өңінде үміт нұры ойнаған бақытсыз қызды тастап кете алмаған.

Құстар болса, үсті-үстіне жапырлай ұшып келіп, қонақтап жатыр.

Қыздың қолы-қолына жұқпай, алуан түсті жіп өткізілген инесі жылт-жылт етіп, бір өрнектен соң бір өрнекті кестелеуде...

Манолистың скрипкасынан тасқындаған күй асқақтай, тамылжи түседі.

Баспалдақты тарсылдата жүгірген аяқ дыбысы естіледі. Бұл – ханша. Міне, есіктің алдына жетті, қас қағымнан соң құжыраға кіріп келмек. Есік сарт ашылып, скрипка сазы талмаусырай кілт үзілді. Ханша оны бозбаланың қолынан долдана жұлып алған. Сол уақытта қуанышқа, бақытқа толы айғай естілді. Бұл айғай Манолистің көкірегін жарып шыққан еді. Оның көз алдында ұсқынсыз кестеші сұлулығына сөз жетпейтін, хор қызындай аруға айналған болатын.

Ару бойжеткен көркімен көз қарықтыра орнынан тұрып, ханшаға сәнді көйлек ұсынады. Көйлек жүз құстың бейнесімен безендірілген еді.

- Ал мына көйлекті! – дейді ол ханшаға. – Сенің дуагер әкеңнің әмірімен осы көйлекті тіккеніме қаншама жыл болды десеңші! Әйткенімен сенің қара жүрек, қара ниет әкең бір нәрседен қателесіпті. Ол ұсқынсыз кестешіні құтқару үшін биліктен де, байлықтан да, тақтан да, тіпті сенің ажарыңнан да бас тартатын мейірбан бозбала туралы ойламаған екен. Сенің әкең менен ұрлаған тақ пен дәулет аз болғандай, көркімді де тартып алып, саған сыйлады ғой!

Кенет Манолис ханшаның бұрынғы сұлулығының ізі де қалмай, аса жеркенішті, тіпті әуелдегі кестешіден де ұсқынсыз кейіпке түскенін көреді. Өйткені жалған ханшаның бар зұлымдығы бетіне теуіп, көгере қисайған екен, көздері жыланның көзіндей суық жылтырап, кектене шатынаған екен.

Бақытты бозбала бұрынғы кестеші – ендігі ханшамен қол ұстасып, той дастарханы жаюлы тұрған сарайға беттейді.

Ұлы думан той өтеді.

Тойдың сәнін кіргізіп, мәнін ашқан күй – таң алагеуімде Манолис тас мұнараның жұпыны құжырасында тұрып тартқан әуен еді.

 Аударған Ғалым ДОСКЕН,

«Алтын сырнай» ертегілер жинағынан. 1992 жыл.

Тағы қараңыз:

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Айдында жүзген ақ желкен