Аманхан Әлімұлы дүниеден өтті

Malim Админ

  • 30.03.2020

68 жасында белгілі ақын, журналист-публицист Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің және М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Аманхан Әлімұлы дүниеден озды.
­
А.Әлімұлы 1952 жылы 20 қаңтарда Түркістан облысына қарасты Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында туған. 1969 жылы сол ауылдағы Аманкелді атындағы орта мектепті бітірген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы бітіреді. Оқуды бітірген соң, 1981-1989 жылдар аралығында республикалық «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттерінде және «Қазақ радиосында» қызмет етті. 1991-1993 жылдар аралығында Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтының жанындағы жоғары курсының күндізгі бөлімінде оқиды. 1994-2012 жылдар аралығында «Заң газетінде» жауапты хатшы және шолушы болып қызмет етті.
­
Ол Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері төсбелгісінің, М.Мақатаев атындағы және «Жандос» атындағы сыйлықтардың иегері. Жуырда ғана Журналистер Академиясының толық мүшесі-академигі дипломы және төсбелгісімен марапатталған болатын.
­
«Өткірдің жүзі», «Айнұры алақанымда», «Жанымның жапырағы», «Бес қоңырау», «Кездесу» публицистикалық және «Атақоныс» атты жыр-жинағы жарық көрген.
Кісілік келбеті, адамгершілік ажарымен қаламдас әріптестеріне қадірлі
бола білген қаламгердің жарқын бейнесі оқырман жадында, әріптестерінің
жүрегінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының хатшылығы

***

Аманхан аға, бақұл болыңыз! Сонау студент шағымыздан әдебиет жайлы ұшан-теңіз әңгімесімен баласындай бауырына басқан, әдебиетке адал, баладай таза, аңқылдаған ақ көңіл, өз түсінігімен өмір сүрген, қара өлеңнің бір алып қорған еді. Суық хабарға сене алмай отырмыз!

Өміржан Әбдіхалық

***

Ағам бар еді, мір тілді,
Жағам бар еді, жыртылды.
Жас парлап тұрған жүрекпен,
Жұбатам қалай жұртымды.

Ә.Әлімжанов қайтқанда Иманастың Сәкені айтқан осы сөз - бүгінгі менің сөзім! "Ұлы ұстаз, сенің ғазиз бейнеңді, кеудеме мәңгілік жерледім" дейтін Тұманбайдың күйі - менің күйім! Қайран, Аманхан ағам-ай! Қазақтың қайраулы қара қылышы едің, тасқа салса майрылмас. Рухани майданның батыры едің, жүрегі ешбір шайлықпас. Терең едің, кім-көрінген бойламас, биік едің басынан бұлт арылмас. Қамқор едің, құшағы кең. Қараушы едің бәріне тең. Сіз үшін ру жоқ еді ғой, ұлт бар еді. Қазақты сіздей жақсы көре алар ма екенбіз?!Әдебиетке сіздей адал болу да қиын іс. Бақұл бол, ұлы ұстаз!

Есболат Айдабосын

***

Көзімнен жас парлады. "Бұл жай ғана әзіл еді " деп біреу жазса екен деп күтіп отырдым. Жоқ! Қазаға қайырлы болсын айтушылар көбейіп жатыр. Демек, қалжың емес. Бір жақсы өлең оқыса (мейлі ол кімдікі болса да), қуанып қоңырау шалатын. Әдебиет жайында жылт еткен мақала оқыса да, қуанып отыратын. Аманхан Әлімұлы - жақсылыққа қуана алатын адам (болды). Енді маған "Әдебиет пен адамзат " хабарын көріп, ұсыныс айтып, сәтті шыққан тұстарына қуанып ешкім ой бөліспейді. Жассың демей, пікірлесе алатын аға едіңіз. Сырын да айтатын. Шерін де жасырмайтын.Өз қателіктеріне де қасқайып қарап, "сен олай жасама, жарай ма" деп айта алатын адам (еді). Мына індеттен кейін адамзат өзгереді дейді. Осыған сенесіз бе деп сұрау үшін неге хабарласпадым екен. Соңғы рет қызметіндегі ауыс-түйіс кезінде сөйлесіп едім. Неге кеттіңіз деп сұрағам. "Жастар өсу керек. Біз зейнет жасына жеттік қой", -деп, аңқылдақ, аңғал мінезімен жауап қатқан еді. Аға, сіз жақсы адам едіңіз. Айту керек болған соң емес, айта алатын болған соң, жаздым.Жақсы жүрек те тоқтайды.

Айнұр Төлеу

«Көзің кетіп барады....»

Бүгін белгілі ақын Аманхан Әлімұлы дүниеден өтті. Қашанда әдебиет сөзін сөйлеп тұратын, жастардың қайсы болсын, кешіне, кітабының тұсаукесеріне барып, ақ адал пікірін, қанат бітерер жылы лебізін айтып кететін әдебиеттегі сирек ағалардың бірі болды. Біреуді жамандап, біреуді айтақтап отырғанын көрген емеспіз. Біздің – жастардың ортасына түсе қалса, әрдайым өлең туралы, әдебиет туралы, одан асса Мәскеуде оқытқан ұстаздары туралы айтатын. Ештеңенің қадіріне дер шағында жете алмайтын басымыз Рубцовты, Есенинді, ұстазы Кузнецовты айтқанда тыпырши бастайтынбыз. Енді Аманхан ағаның аузынан ылғи естіп жүрген сөзіміз ғой дер едік. Осы сипатта айтып қалған бір сөзімізді оқып: «Мені айтып тұр ғой. Бірақ ренжитін ештеңе жоқ, солайы-солай» депті. Оны бірақ өзіме айтқан емеспін. Жалпы біреу туралы айту ол кісінің бойында жоқ болды-ау деймін.

Енді жастарға орның ойсырап тұрмақ, аға. Иманды бол!

«Көзің кетіп барады....»

Бағашар Тұрсынбайұлы

***

Адамның білімдарлығынан артық құрметке лайық қандай қасиеті бар? Білгендер мен білмегендер тең бола ала ма? Ешқашан. Ешқашан, тең бола алмақ емес.

Аманхан аға шын мәнінде білімдар адам еді. Жексенбі күндері кітапханада, арнайы Ресейден жаздырып алған журналдарын парақтап отыратын. Құдайдың нұрын өзгелерден анығырақ сезіне білетін. Гүлді, шөпті, таңқурайды, қара ағашты, желді, бұлтты сүйер еді. Тәңірдің жаратылысына табына тамсануы, Тәңірдің өзіне деген шексіз мінәжаты секілді еді.

Бір ай бұрын ойда жоқта «Ақиқат» журналына жол түсті. Аманхан аға балаша мәз болып, әдебиет жайлы әңгіме өрбітті. Жаңа өлеңдерін оқыды. Неге екенін білмеймін, іштей тебіреніп кетіп: «Сіз өлсеңіз ағаштар, таулар, бұлттар, жапырақтар бәрі-бәрі жылайтын болады. Сөз жоқ, жылайды» дедім. Аға болса елгезектеніп, қайта-қайта күлімдей берді...

Өлім сіздің тәніңізге көзі махаббатқа толып, шашына гүлалқа тағынып, қолына сексеуіл бұтағын ұстап келген болар. Просто, асығып келмегенде еді.


Батырхан Сәрсенхан

Байланысты жаналықтар

Телевидение менен басталады дейтіндер бәрін бүлдірді

17.02.2021
MalimBlocks
Телевидение менен басталады дейтіндер бәрін бүлдірді