Мұхтар Мағауин. Көлме-көл

Malim Админ

  • 02.04.2020

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге...»

Ес білген шақта көкірек сыздатқан ән-өлең. Сырлы, әрі мұңды сарын. Көзіме шұбыра созылған қазақы көш елестейтін. Әуелде – көргенім, кейінірек – кітаптан оқығаным, ақыр түбі – тарихтан танығаным. Бастапқыда – жұпыны, уақыт оза келе – сән-салтанатты, ең соңында – айдынды, алапат көріністер.

1944, мен төрт жастамын. Біздің ауыл – жиырма-шақты шаңырақ, меншік емес, колхозға тиесілі он, әлде он бес мың қоймен, терістік-батыс – Қарқаралы тарабына қарай, алды-артын жинақтап, үдере көшіп еді. Күндізгі азғана еру, түнгі, бел босатқан қоналқадан соң, тоқтаусыз жылжып, тура он төрт күн сапар шектік. Бетегелі бел, шалғынды кең жазық. Алдан орағытқан, дүркірей, секіре шауып, оңды-солды ойқастаған, қоңырқұрым, мың сан киік. Түнде аш қасқырлардың жауаптаса, үздіксіз ұлыған даусы. Иен түз. Екі жүз шақырымнан астам ұзына жол бойы тірі жан ұшыраспады. 1932 жылғы ғаламат ашаршылықта барлық жұрты қырылып біткен. Әлдеқалай аман қалған, селкеу жұқанасы Шыңғыстау тарабына ығысып, Бақанас өзені, кең өлкедегі, ол да ашыққан, өліп-жіткен, азып-тозған азғана жұртқа қосылып, жадау тіршілігін жалғаған. Енді, арада жеті-сегіз жыл өтер-өтпесте, жаңадан жеткен, оған қоса, бұрнағының сарқыны – бас көтерер азаматын түгелдей орыс-герман соғысына айдап әкетіп, арғы мен бергіден ес жиып үлгермеген ала-құла, селдір топ – кәрі-құртаң, қатын-қалаш – жарлы-жақыбай жұрт. Арық, жарғақ түйелерге құрым киізді кереге-уық, қара қос артылған жадау көш.

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге...»

Сол күндерде естіп, жадыма тұттым ба, әлде кейінірек ұқтым ба – нақты айта алмаймын. Әрине, Көлме-көл емес. Жорға, Жауыр-тағы, Шұбарайғыр. Иә. Ертегілік Көлме-көл емес. Әйткенмен, аңыз-жырдағы кеңіс, ерек өлке, колхоздың тікелей құрығынан тысқары, басқаша өмір жіптігі. Қайғылы, мұңды емес, жайсаң, жарқын да емес, қайткенде құбатөбел, әдепкі көш. Есімде, ешкімнің реніш, кейісі жоқ. Ал мен үшін болашағымды айқындаған, жаңа бір, шексіз көкжиек, өзгеше танымға жол ашқан, сәулетті сапар болып еді. Күнұзақ ат үсті, осы көшке жауапты атам Мағауияның алдында отырам. Жай ғана отырыс емес. Менің ерекше зердеме сенген, бәлкім, Тәңірінің сыбыры, өзгеше болашағымды түйсінген атам ел мен жер туралы қаншама әңгіме айтып еді. Анау – аруақты, әулие би атаңның күмбезі, мынау – жаудан қайтпаған батыр атаңның тас бейіті. Мынау жерде баяғыда, немесе кейінде сондай ғаламат оқиғалар болған. Анау қоныста осындай ерекше адамдар жасаған... Бәрін де көңілге түйіппін. Ал «Көлме-көл», бәлкім, бір-екі жыл кейін жатталды. Қайткенде, әуелгі көш – осы ерекше сапар кезіндегі сурет түрінде санаға қонақтап еді. Бұдан соң, арада төрт жыл өткенде – ұлы Мұхаң кейіптеген сәнді, салтанатты шеру – Құнанбай ауылының, Бөжей ауылының қалы кілем жабылған, атан түйелі салқар көштері...

Арада он жыл өтсін. Он сегіз жасқа келдім. Университет студенті. Өріс кеңейген, ізденіс аумағы шексіз ұлғайған. Енді Шыңғыс хан заманын зерделедік. Әуелгі басқы – Карпини мен Рубрук. Бұрнағы жалпы түсінікке үстеме – нақты, тарихи деректер. Әлемде теңдесі жоқ мың сан әскер. Қаптай өрген төрт түлік қалың мал. Жайсаң далада тіркесе, жайыла жылжыған ғаламат көш: алып арбалар үстіне орнатылған ауқымды киіз үй, яғни көк күймелер. Бұл деген – арғы-бергі әлемде жоқ жылжымалы қала. Апта бойы қатарласа, тіркесе көшеді, айдан ай өткеріп, кең қоныста байырқалап отырады. Сән-салтанаттың, күш-қуаттың өзгеше көрінісі. Уақыт озған сайын еңселене, асқақтай түсіпті. Ақыры, қырықтың қырқасында – көкіректегі бар арман тарихи роман-дилогияға ұласты. Қайта туған Қазақ Ордасы. Ұлы қағанның айдынды ұлысының тікелей мұрагері – мына біздің жұртымыз. Жай ғана көш емес, бар тіршіліктің ұйытқысы.

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге...»

Алыс болса да жетіппіз. Тар заман, қыспақ дәуірдің өзінде. Яғни, қиялда ғана ықтимал «Аласапыран».

Әйткенмен, арман-көлдің өзін де көруге жазыпты.

Тәуелсіздік қарсаңындағы алас-күлес кезең. 1989, әлде 1990 жыл. Ел аралаған, халқыңды қайта танып, жұртыңды жаңаша білмек, соны, тың серпін. Байсал, жан-жақты сапарлар. Өлең-әндегі аңызды, тұманды Көлме-көл шынында да бар екен. Шежірелі Қаратаудың терістік-шығыс беті. Жөн-жосығын естіп, арнайы соғып едім.

Арғы, жайдақтау жағасына келіп тоқтадық. Белес қырқалар етегінде, шығыстан батысқа қарай, ұзынынан созылып жатыр. Шығыс тарабы ендірек, шамасы үш жүз метрдей. Қос қаптал – бірер шақырымға тақау, қатарласа иіліп барып, доғалдана бітіседі екен. Бар тарапта жарқабағы құрық бойынан астам, түйетайлы емес, мүжілсе де тіпе-тік. Бас-аяқ, ұзына бойы, түпкі табанына дейін айқын көрініп тұр. Өйткені, суы құрғаған. Қара жердің өзі төмен түсіп кеткендей ойыс аумақ. Жап-жалаңаш, тайқы-дөмпеш қу топырақ. Тек батыс мүйісте қотан орнындай ғана жасыл түбек көрінеді. Қамысты, қоғалы. Бір замандағы сәулетті көлдің соңғы сарқыны.

Әлбетте, аңыздық Көлме-көл өзінен өзі құрғамаған. Кейінгі, адам атаулыны, яғни қазақты жоспарлы түрде құрту үстіне, бар тарапта «табиғатты бағындыру» жобасымен және пайда мақсатында қазыналы Қаратауды жағалай қопарған, үңгіп қазған жабайы зорлық нәтижесінде сай-саладағы бұлақ, тұма атаулыны түгел тыйып, үлкенді-кішілі өзен жылғаларды тегіс сарқыған зұлмат нәтижесі. Бұқар атам айтқандай, «Айнала ішсе таусылмас – Көл суалмас демеңіз.» Төңірек тамырлары түгел кесілген Көлме-көл де суалыпты. Үңірейген орны ғана тұр. Баяғы, бай болған, бар болған, кең даланың кенересінен асып төгілген дарқан Қазақтың ХХ ғасырдағы тағдырының нақты суреті сияқты.

Жұқанасы ғана қалған көлдің қайтадан толысуы, асып төгілмесе де, әуелгі қалыбына жетуі мүмкін бе?

«Көңілде қайғы, қалың зар...» Дәл жиегіне келіп, жарқабақты жағалап, біраз жүрдім. Ішке түсуге... дауaламадым. Елеусіз бөгесін емес. Қайткенде, көңіл түкпірінде күмән бар еді. Анау қоғалы қорамның асты – мый батпақ па, әлде аз да болса өмір жіптігі – мөлдір, таза су бар ма?.. Ақыры, соңғы қор сарқылған жоқ деп, көңіл жұбаттым. Бәлкім, бәлкім емес, анық – заманнан заман өткенде, ауа райы да өзгереді, түпкі шарадағы азғана, бірақ өміршең, өнімді су – астындағы тұма көздері, сырттағы, қайта тірілген бұлақ ағысы, аспанды айғыздай күркіреген жаңбырлы жаздағы жаңа жылғалар арқылы төтенше қуат алған Көлме-көл қайта тірілсе несі бар!

Ойлап тұрсам, Көлме-көл – арманды алыс өлке ғана емес, қастерлі меже, өзгеше нысан екен. Төңірегі түгел қырат бел, сайлауыт ойпаң. Тақау төңіректен мал өргізбесе, үй тігіп отыратын, жазыла жайылатын мекен емес. Теріскейге өтерде аял жасайтын азғана тыным ғана. Аял да емес. Көзге тойым, көңілге медеу, қуанышты ұшырас. «Көлме-көлді көрдік... Көлме-көлден астық...» Алты ай жазғы мереке, сән-салтанат пен еркін өмірдің бастауы. Түстіктің қапырығынан аулақтап, бауыр жазылып, көкірек кере тыныс табатын байтақ әлемнің әуелгі қақпасы. Дәп қазір, 1989-1990 жылдары біздің алаш жұрты да осындай сырлы қақпаның босағасында тұр екен. Аттап өттік, межелі, арманды аймаққа аман жеттік. Ендігісі – замана қыспағынан тыс, тағдыр тәлкегінен басқаша, тек өзімізге, ел-жұртымыздың ұлттық тұрғысы мен азаматтың қажыр-қайратына қарап тұрған...

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге...»

Соншама мұңды, сағынышты әуез бен сөз... кейінгі заман, ХІХ, тіпті, ХVІІІ ғасыр да емес, Қазақ Ордасы жаңа құрылып, бағзыдағы Шыңғыс хан империясы, кейінгі Алтын Орда ұлысының ұйықты бір пұшпағы – ежелгі ата мекенде Қазақ Ордасы атты жаңа бір мемлекет шаңырақ көтеріп, өрісін енді ғана кеңейте бастаған өзгеше заман – ХV ғасырдың ақырғы үшегіне тиесілі деп білем. Осыған жалғас кезеңде Ата-Қазақ Қаратаудан қайыра төгіліп, Сыр бойын еркін қоныстанып, жазғы жайлауға Сары-Арқаға шығатын. Әлбетте, самалды мұғал таудан жеріген жоқ. Бірақ қарым өлшеусіз ұзарған, ендігі көш межесі – Көлме-көл емес.

Бастапқы сырлы әуез бүгінге дейін сақталмаған сияқты. Мен, бәлкім, сол қаршадай кезім, сәбилік төрт жас пен балалық сегіз жас аралығында қаз-қалпында естіген болуым да. Бірақ жадымда қалмаған. Тек сиқырлы сөзі ғана көңілде тұныпты.

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге;

Көлме-көл алыс болса көрмегенге...»

Сырлы әуезді алғаш толғаған даңғыл көкірек – қартаң кісі тәрізді. Көлме-көлді өткен жазда ғана көрген. Бұрнағыны айтпағанда. Араға жарым жыл ғана түскенмен, соншама алыста қалыпты. Ел аманда естелікке айналғандай. Қазір қыраулы қыс ортасы. Аяулы межеге қайыра жету оңай емес. Жүрек сыздаған сағыныш. Ақырғы арман. Өйткені... ән мен сөз иесі – тұғырдан тайған қария ғана емес, дәрмені кеміген, қуатынан айрылған, сырқау жан сияқты.

«Көлме-көл алыс болса көрмегенге,

Жаз шығар күн күркіреп өлмегенге!..»

Міне, сырлы, мағыналы толғаудың шешім кілті. Аспан айрыла күн күркіреп, құтты алқапта нөсерлі жауын төгілген мезет – жайсаң жазға аман-есен жеткен жұрт қана Көлме-көлді қиялда емес, осы өмірде, қаз-қалпында, өз көзімен көрмек!

Әне! Күн күркіреп, жаз шықты. Жүз елу жылдық отарлық қыспақ, оның ішінде жетпіс жылдық қызыл қырғын – советтік зұлмат заманнан соң Қазақ халқы қайтадан ту көтеріп, өз Ордасын әйгіледі. Яғни, Сіз бен Біз. Мына Мен!

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге...»

Естен кеткен қадым заманнан бастап, тоқтаусыз, үдере көштік. Осынау, ғасырлар көшінің соңғы, біз еске салған жүз елу жылы айрықша ауыр болыпты, ал ақырғы жетпіс жылда, қанша қайталасақ  артық емес, қиямет қақпасында тұрдық.

«Көлме-көл алыс дейді көрмегенге...»

Соншама қиыр шалғай. Жердің түбі. Ақыры... жетіппіз. Негізгі шарты – тіршілік жіптігі үзілмеу екен. Үзілмедік. Құр сүлдеріміз қалса да.

«...Көлме-көл алыс болса көрмегенге,

Жаз шығар күн күркіреп, өлмегенге!..»

Біздің үш мың жылдық даңқты тарихы бар ұлы халқымыз арыдағы жайсаң жазынан соң, кейінгі ызғар күз, қақаған қыстан өтіп, енді мәңгілік, жаңа бір жазға иек артыпты. Қазақ байдың бар баласы. Оның ішінде бүткіл әулет-жұрағатыммен мен де бармын. Тәңірі алқаған Мұхтар Мағауин!

«Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге;

Көлме-көл алыс болса көрмегенге,

Жаз шығар күн күркіреп өлмегенге!»

Осыдан тура екі апта бұрын Сексен жасқа келдім – 29 январь 2020. Менің Сексен жасым – туған халқымның сегіз мың жылдық ғұмырымен астас. Бұл тауарих алдағы жүздеген, мыңдаған жылға жалғаса береді. Қандас жұртыммен, тікелей ұрпағыммен бірге жасаймын.

Десе де... әр пенденің жеке өзіне ғана тиесілі, шектеулі ғұмыры бар. Қаншама ұзақ жасасаң да, алдыңда құрулы керме тұр. Яғни, кесімді тағдырың. Иә. Ол рас. Мына фәни жалғанда шынымен-ақ Көлме-көлге жеттік. Арманның асқаралы биігіне шықтық. Сонымен қатар... менің қадірлі басым, қайран ғұмырым Көлме-көлмен шектелмеуге тиіс.

Ол рас. Жүзге келсең де, кесімді сағатта көз жұмасың. Күмәнсіз жағдай. Бұдан әрі... не күтіп тұр?

Әуелде сүйегім саудырап, соңында үгіле тозып, күл-топыраққа ұласып, бардан жоққа айналуым зайыр, хақ. Әйтсе де... Мақшар таңына дейін, ес білмей, ойланбай, сезінбей, өзге түгілі өзімді ұмытып, туған жұртымды естен шығарып, дәрменсіз, шарасыз қалыпта, мызғып кеткен бір сәттей көрінгенмен, нешеме мың, бәлкім миллион жыл бойы, жадымнан айрылған кәріп жағдайда қалғым келмейді. Мәнісі не, мағнасы не?..

Жоқ!

Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған алпарыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!

Мәңгілік Аруақ!

Хан-Тәңірінің басында, өткендегі Бабаларыммен жүздесіп, толық есеп беріп, бар шерім тарқаған соң, қаншама заман бойы Қазақ Аспанында шырқай ұшып жүрем. Тіршілікте өткенді кәміл таныдым, енді Бақи Аруақ кебінде, туған жұртымның кейінгі тағдырына куәгер болуым қажет. Елімнің есін жиғанын, алдыңғы Аталары, кейінгі Менің өзіме тартқан, қайратты, қуатты, жаңа бір қауым қалыптасып, Бабаларының басынан өткен, маған бұйырмаған, еңселі, кеніш заманға жеткенін көріп, біліп, жаным жай табуы шарт. Содан соң... Күн шеңберінің сырты, алыс бір Жұлдыздағы барақат мекенге кетіп, біржола тыншығармын. Осылай болуы анық, шүбәсіз. Бұған туған халқымның өткендегі даңқты тарихы, менің кейінгі болмысым айнымас, нақты айғақ деп білем.

Дәп солай.

Мәңгі Көк Тәңірінің күші-дүр!

11-12.ІІ.2020,

Күміс Бұлақ, АҚШ.

Материалды көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

03.12.2022

Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

20.07.2021

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Ресей депутаты: Қазақстан үшін күрес жүріп жатыр

14.04.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021

Пандемия әлі 7 жылға созылуы мүмкін

06.02.2021
MalimBlocks
ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

Тарихи дәйектеме

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Ресей депутаты: Қазақстан үшін күрес жүріп жатыр

Айдында жүзген ақ желкен

Пандемия әлі 7 жылға созылуы мүмкін