Стив Джобстың екі әкесі

Malim Админ

  • 04.04.2020

Уолтер Айзексонның «Стив Джобс» атты кітабын оқып отырып Әбіш Кекілбайдың мына сөзіне әбден көзім жетті: «Әкенің тәрбиесін ешбір мектеп бере алмайды». Бұл сөз әлемнің қай түкпірінде болса да өзекті екен.
Стив Джобсты асырап алған адамның аты – Пол Джобс. Бірақ Стивтің өзі Пол мен Клараны (асырап алған адамдар) ғана ата-анам деп білген, сол себепті алдымен осы әкесі туралы айтқымыз келеді. Оның үстіне Стивтің атын қойған да осы Пол және Джобс деген фамилиясын да берген осы Пол Джобс.
Пол Джобс қарапайым отбасында өскен. Әкесі араққа бой алдырып, Полды ұратын кездері де болған. Соған қарамастан Пол мейірімді әрі тәртіпті болып өседі. Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, жағалаудағы әскер сапында борышын өтейді. Соғыс біткен кезде достарымен «екі аптаның ішінде үйленетін қалыңдық табамын» деп бәстеседі. Әйгілі актер Джеймс Динға ұқсайтын Пол Джобс ақыры Клара (ұлты армян) деген сұлумен танысып, бәсті ұтып алады.
Клара күйеуі соғыста өлген жесір келіншек еді. Оның үстіне жатырының сыртына бала бітіп, содан ана болу бақытынан айырылады. Бірақ Пол әйелін тастап кету туралы ойламайды да. Он жыл өткеннен кейін екеуі бала асырап алуға келісіп, кезекке тұрады.
Стивті бір адвокаттың отбасы асырап алуы тиіс еді. Бірақ олар жеме жемге келгенде қыз асырап алғысы келетіндерін айтып, Стивтен бас тартады. Сөйтіп, келесі кезекте тұрған Пол Джобсқа қоңырау шалынып: «Сіздерге ұл керек пе?» деген сұрақ қойылғанда Пол: «Әрине» деп жауап береді.

Пол ұлы Стивпен. 1956 жыл

Пол мен Клара Стивті бала кезінен ханзададай күтіп, бетін қақпай өсіреді. Жоғары оқу орнына оқыту үшін үнемі ақша жинаумен болады, қымбат мектепке оқыту үшін басқа аудандарға көшіп, қосымша жұмыс істеп, қарызға да кіреді.
Ата-анасының қандай қиындықтар арқылы ақша тапқанын білетін Стив Рид коледжін бірінші жылы-ақ тастап кетеді. Неге олай істедің деп сұрағандарға: «Ата-анамның тапқан ақшасын босқа шашқым келмейді» деп жауап береді. Ал кейін өзі ең жас миллионерлер қатарына кірген кезде Пол мен Клараға 750 000 доллорды сыйға тартады. Бұл ақшаға олар қарыздарын жауып, жыл сайын саяхатқа шығып отырған. Сол уақыт туралы Стивтің өзі: «Өмірде бірінші рет менің ата-анам ипотекадан құтылды» деп еске алады екен.
Пол бір жұмысты істесе, ең жоғары дәрежеде, өте сапалы етіп істеуді ғана қалайтын. Стив екеуі үйдің қоршауын сырлағанда шарбақтардың арт жағын да сырлау керектігін түсіндіреді екен. «Мейлі, ешкім көрмей-ақ қойсын, бірақ нағыз шебер әр істі соңына дейін жеткізіп істейді». Бірнеше жыл өткен соң Стив те компьютер жасағанда ішіндегі көрінбейтін бөлшектерді әдемілеп безендіруді бұйыратын болған: «Ешкім көрмесе де ішінде не бар екенін өзің жақсы білесің ғой?».
Бірде Стив өзінің зауытына әке-шешесін шақырып, аралатады. Едендегі шаңға дейін өзі қадағалайтын Стив әкесіне жұмысын мақтанышпен таныстырады. Тазалық пен ұқыптылыққа Пол да риза болады.
Бірақ Стив компаниясын бір-ақ күнде ашып, бір-ақ күнде миллионер болып кетпегені белгілі. Ол алғашында өзінің досы Стив Уозняк екеуі алғашқы компьютерлерін әкесі Полдың гаражында жасаған еді. Сол кезде баласына қолдау көрсетуден жалықпайтын Пол өзінің жұмыс гаражын (Пол ескі машиналарды жөндеп, сатумен айналысатын) босатып, тіпті теледидарын да беріп қойған еді. Тек футбол мачтарын көретін кезде Стивтен теледидарын қайта сұрап алып отырған.
Клара дүниеден өткенше Стив өзінің туған әке-шешесін іздемеген еді. Клара мен Полды ерекше жақсы көретін, туған анасы мен әкесі туралы ешкімге айтқызбайтын да. Егер оларды іздейтін болса, Клараның көңіліне келе ме деп іштей қауіптенетін. Бірақ Клара дүниеден өткеннен кейін Стив Полға өз шешесін іздеу туралы ойын айтады. Пол ол ойының дұрыс екенін айтып, қолдау білдіреді. Стивті жақсы білетін адамдардың айтуына қарағанда, ол ешқашан адамның көңіліне қарау дегенді білмейді екен, тек Пол мен Клараны ғана ренжітіп алмауды ойлайтын болған.
Сөйтіп Стив детектив жалдап, өз шешесін, онымен бірге туған қарындасын да табады. Стивті асырап алуға бергеннен кейін әке-шешесі қайта қосылып, дүниеге тағы бір қыз келген екен. Бірақ қарындасы Мона бес жасқа келгенде әкесі тастап кеткені белгілі болады.
Енді Стив дүниеге келетін елуінші жылдарға қайтып оралсақ. Негізі Стив Джобстың есімі Стив ибн-Абдулфатта Джандали болуы тиіс еді. Өйткені…

Абдулфатта Джандали

Абдулфатта Джандали Сириялық мұнай магнатының (қазіргі тілмен айтқанда) баласы еді. Өзі Американың Бейрут университетінде оқыған, Вискнонсин университетінде мұғалім болған. Сонда жүрген кезде Джоан Шибле есімді неміс қызымен танысып, көңіл қосады. Джоан да әйгілі байдың қызы-тұғын. Әкесі Артур Шибле қызының Сириялық жігітке тұрмысқа шыққысы келетінін естігенде қарсы болады. Бірақ Батыстық еркін тәрбие алған Абдулфаттадан Джоан бала көтеріп қалған еді. Тығырыққа тірелген Джоан баланы асырауға береді, бірақ болашақта жоғары білім алуы керек деген шарт қояды. Баласын беруге адвокаттың отбасын таңдағаны да сондықтан. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, ол адвокат ұлдан бас тартып, Стив Пол Джобстың отбасына түскен еді.
Джоан Шибле Стивпен кездескенде қатты қуанады. Жылап, кешірім сұрайды. Қолынан басқа ештеңе келмегенін айтады. Стив болса өзінің туған анасына ренжімейтінін айтады. Бірақ Джоан одан кейін жылдар өтсе де, Стив олармен жақсы араласып, әрдайым қонаққа шақырып отырса да, ара-тұра көңілі босағанда жылап, кешірім сұрауын тоқтатпайды. Сондайда Стив: «Бәрі жақсы болды, балалық шағым бақытты өтті, мен ризамын» деп жұбатады екен.
Қарындасы Мона Симпсон жазушы болып шығады (Джоанның кейінгі күйеуінің фамилиясын алған, әйгілі "Симпсондар" мултьфильмін жасаған осы Монаның күйеуі, кейіпкерлерге Монаның фамилиясын берген). Стив екеуі бірге өскендей, бірін-бірі жоғалтпағандай-ақ жақын болып кетеді.
Джоан мен Монаны тапқаннан кейін Стив туған әкесін іздеуден бас тартады. «Мені тастап кеткені үшін оған ренжімеймін, өз отбасымда өскенім үшін бақыттымын, мен тек оны Монаны тастап кеткені үшін кешірмеймін» – деді ол.
Бірақ Мона өз әкесін кешіреді және оны тауып алады. Абдулфатта мейрамхана бизнесімен айналысады екен. Мона онымен кездесуге бара жатқанда Стив өзі туралы айтпауын өтінеді. Мона болса Абдулфаттадан «тағы бір ұлың болған екен, ол қайда?» деп білмейтін адам секілді сұрайды. Сонда Абдулфатта ол баласының бұл дүниеде жоқ екенін айтып, Монаны таңғалдырады. Бірақ бірнеше минуттан кейін Мона одан да өткен жаңалыққа тап болады. «Менің қазіргі жұмысым ешетеңе емес, сен менің бұрынғы мейрамханаларымды көрген жоқсың ғой, – деп мақтанады Абдулфатта, – бұрынғы мейрамханаларыма ең белгілі деген адамдар келетін, тіпті Стив Джобс та келіп тұратын». Мона шалқасынан түсе жаздайды. Бірақ ағасына берген уәдесінде тұрып, ол жерде ештеңе айтпайды, тек келген соң болған жағдайды Стивке айтып береді. Стив Абдулфаттаны есіне түсіріп, шынында да сондай мейрамханаға барғанын, ол жерде ұнатқанын, қожайынымен танысып, тіпті қол алысқанын есіне түсіреді. Әрине, кейін уақыт өткен сайын Стивтің танымалдығы арта береді де, Абдулфатта Стив Джобстың өз ұлы екенін біледі. Содан бастап бірнеше рет кездесуге талпынып көреді, бірақ Стив бәрібір келіспейді.
Стив соңғы жеті-сегіз жылын аурумен алысып өткізген еді. Уақыт өткен сайын дерті меңдеп, ақыр аяғында төсек тартып жатып қалады. Сонда өзі туралы кітап жазып жатқан Уолтер Айзексонды кітапқа фотосурет таңдау үшін үйіне шақырады. Елуінші жылдардан бастап жиналған суреттердің ішінде Полдың екі суреті жазушының көзіне түседі. Оның біреуі бір жасар Стивті көтеріп тұрған, әйгілі актерге ұқсайтын Полдың суреті еді, екіншісі Стивтің тойындағы қартаң тартқан Пол мен Стивтің бір-біріне күлімсірей қарап тұрған суреті болатын.
– Ол ұлы адам еді, – дейді Стив Айзексонға.
– Ол сені мақтан тұтар еді.
– Ол мені мақтан тұтқан еді.
P.S. Осылай. Әлемге әйгілі Стив Джобс адамгершіліктің үлгісі бола алатын бір жақсы адамның қолында өсті, ал өз әкесі болса төрт рет отбасын құрып, балаларына ие болуды ойламай-ақ өмір сүрді. Кейін жиырма үш жасында Стив те өзінен туған қызды мойындамай, бас тартты, бірақ көп ұзамай қатесін түсініп, жағдайды дұрыстауға тырыса бастады. Туған әкесі жасаған қателікті өзі де жасады, сол үшін де оған ренжімеген шығар. Ал бірақ асыраған әкесі Полға тек сүйсінумен ғана өмірден өтті.

Арман Әлменбет

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ. Қарауыл (Әңгіме)

31.03.2021

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

16.03.2021

«Рухани жаңғырудың» жобасы емеспіз

29.01.2021

Екінші жол: Қазақ тілін шала-жансар күйде ұстау керек

30.12.2020

Бірінші жол: қазақ тілін өлтіру керек

25.12.2020
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ. Қарауыл (Әңгіме)

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

«Рухани жаңғырудың» жобасы емеспіз

Екінші жол: Қазақ тілін шала-жансар күйде ұстау керек

Бірінші жол: қазақ тілін өлтіру керек