Белсенділерді не үшін қамап жатыр?

Malim Админ

  • 18.04.2020

Алматылық белсенді Әлнұр Ілияшевті полиция 17 сәуір күні "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікпен қамауға алды.  18 сәуір күні кешке онлайн режимде  бұлтартпау шарасын белгілеген тергеу соты Ә.Ілияшевті екі айға қамау жайлы шешім шығарған.

Алматы қаласы полиция департаменті Әлнұр Ілияшев "көрінеу жалған ақпарат таратты" (Қылмыстық кодекстің 274-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы) деген күдікпен қамауға алынып, бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Қалалық полиция департаменті таратқан ресми ақпаратта "күдікті жұртты әдейі жаңылыстыратын ақпарат таратты, полицияның ескертуіне құлақ аспады" делінген. "Ол тіпті ар-намыс пен іскерлік беделді қорғау ісі бойынша өткен соттан да тиісті қорытынды жасамады. Сот үкімі бойынша, Ілияшевті бұрын таратқан ақпаратты теріске шығаруға міндетті еді", - делінген хабарламада.

Алматы полиция департаменті Ә.Ілияшевтің қандай "жалған ақпарат" таратқанын ашып айтпады.

"Бәсе" арнасының іске не қатысы бар?

Әлнұр Ілияшевтің інісі Дос Ілияшев бізге берген сұхбатында белсендіге тағылған айыпқа тоқталды. "Менің түсінгенім, бұл жерде Youtube-тегі "Бәсе" арнасында шыққан видео туралы сөз болып отыр. Видео 20 наурыз күні, яғни елде төтенше жағдай жарияланған соң шыққан. Сол видеоның екінші бөлігінде Әлнұр, даная Қалиева, Марат Тұрымбетов, Геннадий Крестьянский мен басқа белсенділер әкімдік алдында тұрып мәлімдеме жасайды. Билік бұл қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін ақпарат деп есептейді. Оған сараптама жасалыпты. Бірақ сарапшылар нақты кесімді нәрсе айтпайды. Әлнұр бұл айыппен келіспейді. Ол Конституцияда жазылған пікір білдіру еркіндігін пайдаландым дейді, өзін кінәсіз санайды.  Ол видеода қоғамдық тәртіпті бұзатын нәрсе жоқ деп есептейді", - дейді Дос Ілияшев.

Онлайн режимде өткен сот кезінде Әлнұр Ілияшев қалалық полиция департаментінде, судья бір жақта, адвокат Нұрлан Рахманов басқа жақта отырып, сот өткізген. "Әлнұрды қаладан шықау туралы қолхатпен үйге жіберуді сұрады. Бірақ кепілдікке қоятын мүлікті тез арада рәсімдеу мүмкін емес, өйткені карантинде ол дүние-мүлікті бағалайтындар жұмыс істемейді. Сөйтіп, сот тергеу жүріп жатқан уақытта екі айға қамау жөнінде шешім шығарды", - дейді белендінің інісі.

"Тінтуге 30 полицей келіпті"

Дос Ілияшев белсендінің ұсталғаны мен үйде жүргізілген тінтуге де тоқталды.

"Мен ата-анаммен бірге емес, басқа үйде тұрамын. Кешкі сағат 20:20-да әйелім екеуміз азық-түлік алып, үйге келдік. Сол уақытта тәтем хабарласып, "мамаңа не болды?" деп сұрады. Оның сұрағын түсінбей қалдым, тәтем "жақсы" деп қоя салды. Ата-анам, апам мен інім отбасымен бірге Жамбыл көшесінде тұрады. Оларға хабарласып, түсе алмадым. Сөйтіп, досым хабарласып, "Әлнұрдың басындағы жағдайды естідік" деді.  Бұл уақытта Жамбыл көшесіндегі үйге тергеу тобы кіріпті. Тіпті ОМОН, арнайы жасақ болған. Әйелім екеуміз іле-шала сол үйге жеттік. Басқа туыстарымыз да келіпті. Бастапқыда "Әлнұрды ұрып жатыр" дегенді естіп, оны аулада бұзақылар ұрып жатқан шығар деп топшыладық. Алдында белсенді Марат Тұрымбетовтің басынан осындай жағдай өткен еді.  Бүкіл ауланы айналып іздедік. Бізбен бірге барған туыстар полицияны шақырыпты. Бір кезде полиция келді. Олармен бірге подъезге кірсек, қара киім киген, медициналық маска таққан төрт адам тұр екен. Полицейлер бір-бірімен сөйлескен соң, бізге "төменге түсіңдер" деді. Төменге түсіп, телефонымның камеркасын қосып, "кімсіңдер? Құжаттарыңды көрсетіңдер" дедім. Бар болғаны 17 секунд түсіріп үлгеріппін. Сосын телефонымды тартып алды", - дейді Д.Ілияшев.

Әлнұр Ілияшев және Дос Ілияшев

Дос Ілияшев тінтуге келген арнайы жасақ өте дөрекі әрекет еткенін айтты. "Ол үйде зейнет жасындағы ата-анам, сексендегі апам, інім өз отбасымен тұрады. Оның емшектен шықпаған нәрестесі мен алты жастағы баласы бар. Бастапқыда тінтуге келгендер "пицца әкелдік" деп алдаған. Есікті ашқаны сол еді, үйге басып кірген арнайы жасақ үйдегі адамдарды тап бір экстремистер мен террористер ұқсатып, қолдарын бұрап, жерге етпетінен жатқызған. Анам қарсылық көрсетіпті, соның арасынша тәтеме хабарласып үлгерген. Туыстар болған оқиғаны содан естіп келген. Арнайы жасақ кәсіби түрде әрекет етпеді, күш қолданып асыра сілтеді. Оларды басқарған офицер артынан кіріп, "адамдарды тұрғызыңдар" деген. Тінту түнгі 23:30-да аяқталды", - дейді Д.Ілияшев.

Белсендінің інісі Әлнұр Ілияшевің қайда екенін  түнгі он жарымда tengrinews сайтына шыққан ақпараттан соң ғана білдік дейді. "Ол қалада әкемнің көлігімен жүрген. Сол көлік қалалық департамент алдында тұрды. Соған қарағанда, Әлнұрды полицейлер қаланың ішінде ұстаған сияқты", - дейді ол.

"Жамбыл көшесіндегі үйді 30 адам тінтіді. Әлнұрдың бұрынғы әйелінің үйіне 15 шақты адам барып тінтіген. Олардың кәмелет жасына толмаған қызы шошып, есінен танып қалған. Жедел жәрдем шақыртқан. Ата-анамыз да жедел жәрдем шақыртқан. Қорқытып-үркітпей-ақ, жағдайды түсіндіріп, санкциясын көрсетуге болады ғой", - дейді Дос Ілияшев.

Төрт сағатқа созылған тінту кезінде бүкіл отбасы мен балаларды үйдегі бір бөлмеден шығармай тастаған. Тінтуден кейін Ілияшевтің компьютері мен отбасы мүшелерінің телефондарын әкеткен.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис әлеуметтік желідегі парақшасында тінту туралы жазған ақпарат құралдарында жарияланған дерекке қарағанда, бұл тергеуге қатысы бар құжаттар мен заттарды тергеуге алу емес, қорқытып-үркіту мақсатын көздеген тінту дейді. "Қылмыстық процессуалды кодекстің 252-бабында тінту мақсаты жазылған. Алайда бұл үйдегі кәмелетке толмаған балалар, қарт туыстар мен көршілерді қорқытып үркіту әрекетіне көбірек ұқсайды. Ілияшев "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікті. Бұл террористік актіге дайындық немесе қару-жарақ сақтау емес. Бұл желіде ақпарат тарату, оның өзін дәлелдеу керек. Полиция компьютер, телефон, қағаздарды әкетуге келді. Қылмыстық процессуалды кодекс бойынша, тінту басталмас бұрын тергеу жүргізетін тұлғалар іске қатысы ар заттарды өз еркімен тапсыруды сұрауы керек. Әрине, еденде етпетінен жатқан адамға "заттарды өзің бер" деу қиын", - дейді Е.Жовтис.

 Әлнұр Ілияшев кім?

Әлнұр Ілияшев танымал спортшы Денис Теннің қазасынан кейін белсенділігімен  көзге түсті. Ол  ішкі істер министрлігінің реформасын талап етіп,  митинг өткізу үшін 2018 жылдың тамызында Алматы әкімдігіне 32 рет өтініш жазып, 32 рет рұқсат ала алмады. Кейін Ә.Ілияшев "Алматы әкімдігі азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын аяқасты етті" деп әкімдікті сотқа берген. Алайда Бостандық ауданының соты белсендінің шағымын қанағаттандырмады.

2018 жылдың аяғында белсенді Алматы әкімдігін қайта сотқа берді. Бұл жолы Ә.Ілияшев Алматы билігі атмосфераға бөлінетінзиянды қалдықтарды азайту міндетін орындамай отыр деп шағым түсірген. Бірақ шағымды қараған Бостандық аудандық соты оны қанағаттандырудан бас тартты.

Белсенді жергілікті биліктен бейбіт жиын өткізу құқығын ары қарай да талап ете берді. Сөйтіп,  әкімдік 2019 жылдың 30 маусымы күні Ә.Ілияшевке Сарыарқа кинотеартының артында митинг өткізуге рұқсат берді. Осылайша Ә.Ілияшев бір жылдың ішінде әкімдікке митинг өткізу үшін 36 мәрте өтініш түсіріп, 36-өтінішінен кейін ғана рұқсат алды.

Былтыр күзде Ә.Ілияшев және "Наше право" партиясын құрмақ болған белсенділер – Санавар Закирова мен Марат Тұрымбетовтің үстінен "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесі сотқа шағым түсірген. Билік партиясының мүшелері "жалған ақпарат таратып, іскерлік беделге нұқсан келтірген" үш белсендіден 20 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті. Бұған беленділердің әлеуметтік желіде "Нұр Отан" партиясы "Наше право" партиясын құруға кедергі келтірді" деген жазбасы түрткі болған. Жетісу аудандық соты 2019 жылдың 18 қарашасында билік партиясы мүшелерінің шағымын қанағаттандырып, белсенділердің әлеуметтік желідегі жазбаны теріске шығаруды міндеттеді. Бұдан бөлек әр белсендіне 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салды.

"Полиция қылмыскерлермен күресу орнына қарапайым азаматтарды қылмыскер көреді"

Әлнұр Ілияшев үнемі қоғамдағы маңызды мәселелер бізге жөнінде сұхбат беріп, пікірін ашық айтып жүрді. Төменде оның бізге берген сұхбаттарынан үзінділер келтіріп отырмыз.

Ішкі істер реформасы неге іске аспағаны жайлы айтқаны: «Реформа нәтижесі туралы айту қиын. Өйткені біз шалажансар өзгеріс емес, сапалы, түбегейлі өзгерістерді талап еттік. Билікте шешім қабылдайтын адамдар әлі ескі әдістермен жұмыс істеп жатыр. Митингілерде адамдарды ұстау, сөз бостандығын шектеу полиция реформасы іске аспағанын көрсетті. Қамаулар, ұстаулар жалғасып жатыр. Полиция қылмыскерлермен күресу орнына қарапайым азаматтарды қылмыскер көреді».

Митингіге рұқсат етпегені үшін Алматы әкімдігін сотқа бергенде айтқаны:

– Біздің мақсат – енді жүйе бұрынғыдай бізден құтыла салмайтынын көрсету, жүйеге осылай қысым көрсету. Жүйе бұрынғыдай жауапсыз, сұраусыз қалмауы керек. Тәуелсіздік жылдарынан бері миллиардтаған доллар қаржы түрлі жобаға салынды. Ол жобалар қайда? Сайда саны, құмда ізі жоқ, ақша құрдымға кетті.

Әлдене ұнамаса, ең алдымен өзгерісті өзіңнен бастау керек. Бала болашағы үшін алаңдайсың ба, әрекет ет. Мектепте жұмыс істеп жүргенде жалақым небәрі 40 мың теңге, екі жүз долларға тең болатын. "Не үшін осы жұмыс істеп жүрсің?" деп сұрайтын. Біріншіден, оны дұрыс деп есептедім. Екіншіден, балаларды ересек өмірге дайындау арқылы жақсылыққа жақсылық қайтар деп есептедім. Ертеңгі күні өзім тәрбиелеген ұрпақтың ішінен қызым жұмыс істеп жүрген компания басшысы шығатын шығар.

"Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заң жобасы талқылауға шығарылғанда айтқаны:

– Билік әлі де болса дұрыс механизм жасап шығарудың орнына наразылықты шектеп, бақылауда ұстағысы келеді.  Егер үкімет халықаралық міндеттемелерге қайшы шығып, заңды осы күйінде қабылдайтын болса, онда біз халықаралық құжаттарда көрсетілген құқықты пайдаланып, митингілерге шыға бермекпіз. Тіпті осы заң жобасының 2-бабы 5-бөлімінде "егер Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерде осы заңда көрсетілгеннен басқа ережелер бекітілсе, онда халықаралық ережелер қолданылады" делінген. Олай болса, бейбіт жиынды өзіміз қалаған жерде өткізе береміз. Бейбіт жиын өткізуге рұқсат сұрамаймыз, хабарлаумен шектелеміз.

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Байланысты жаналықтар

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды

27.03.2024

Полиция кәсіпкер Бақыт Ибрагимнің қайтыс болғанын растады

16.03.2024

Төтенше жағдайлар вице-министрі тағайындалды

12.03.2024

Ақмола облысында болмаған төтенше жағдай үшін заңсыз шарт жасасқан

29.02.2024

Қауіп-қатердің алдын алуға қаншалықты қауқарлымыз?

30.04.2022

Апатты күнде құтқарушылар қалай жұмыс істеді?

30.03.2022
MalimBlocks
Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды

БҚО-да 27 наурызда жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Полиция кәсіпкер Бақыт Ибрагимнің қайтыс болғанын растады

«Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Төтенше жағдайлар вице-министрі тағайындалды

Ақмола облысында болмаған төтенше жағдай үшін заңсыз шарт жасасқан

Келісімшарт мәні – тж салдарын жою.

Қауіп-қатердің алдын алуға қаншалықты қауқарлымыз?

Апатты күнде құтқарушылар қалай жұмыс істеді?

Алматыда 29 наурыз күні ауа райы күрт құбылып, қатты жел тұрып, қарқынды жаңбыр жауып, құтқарушылардың жұмысы көбейді.