"Қазақстан полициясы жендет сияқты"

Malim Админ

  • 23.06.2020

Түркия – туризм мықты дамыған ел, халық саны да аз емес. Сол себепті, пандемиямен күреске көп күш жұмсауға мәжбүр елдердің бірі. 80 миллион халқы бар елде қазіргі көрсеткіш бойынша ауру жұқтырғандар саны 100 мыңнан еркін асып кетті.

Эрджиес университеті Дін Социологиясы студенті, Экономикалық даму және әлеуметтік зерттеулер институтының (İKSAD) координаторы Жанұзақ ӘЛІМГЕРЕЙМЕН сұхбатымызда коронавирус және Түркия, коронавирус және Қазақстан тақырыптарында сөйлестік.

Жанұзақ 2012 жылдан бері Түркияда тұрады. Отбасы, екі баласы бар. «Қазақстанда мұндағыдай жағдай жоқ екенін білем, бірақ, қалай болғанда да қайту керек», деп есептейді. Қазақстан азаматтарының шетелге көп шыққанын, өзге жұрттардың қай деңгейде тұрғанын көрсе дейді...

Түркия полициясы туған ағаң сияқты

- Жанұзақ, Түркияда, Кайсеріде карантин қалай өтіп жатыр?

- Кайсері Түркияның дәл ортасында орналасқан қала, халық саны 1 миллионнан асады. Коронавирус бұл жаққа Еуропадан келді, алғашқы адам 11-наурызда тіркелді де, 13 наурыздан бастап карантин басталды. 16 наурызда мектептер мен университеттер толықтай жұмысын тоқтатты. Және дәл осы күннен бастап түрлі қызмет көрсететін мекемелер – мейрамханадан бастап шаштаразға дейін түгел жабылды. Бірақ, жүріс-тұрысқа шектеу қойылған жоқ, кез келген адам көшеде жүре алады, барам деген жағына бара алады. Қазір де сондай. Тек осы соңғы екі апта көлемінде, сенбі, жексенбі күндері үйден шығуға болмайтын тәртіп енгізді. Өйткені, коронавирус қатты өршіп кетті. Аттап шықсаң – айыппұл салынады. Негізінен зауыт, фабрикалар ғана жұмыс істеп тұр, соның жұмыскерлерінен басқалар болмаса, көшеге шығуға ешқандай қажеттілік те жоқ. Тек азық-түлік сататын дүкендер мен дәріханалар ғана істейді, басқа қайда барасың?..

- Біздегідей полиция мен азаматтардың арасында түсінбеушілік туып жатқан жоқ па?

- Негізі, мұнда полиция мен халықтың арасында қақтығыс болмайды. Неге? Өйткені, ең алдымен түрік халқының менталитетінде полиция мен әскерді қатты құрметтейді. Оларға елге қызмет етіп жүрген адамдар ретінде қарайды. Мәселен, полиция қызметте жүріп қайтыс болса, оған міндетті түрде «Шеһит» деген ат береді, шейіт қой қазақша. Бірақ, бұл жай ғана атақ емес, статус есебінде. Діни статус емес, мемлекеттік статус. Бізде ҰОС ардагері деген статус бар ғой, бұл да сол сияқты. Тіпті, одан да жоғары тұр. Отбасы өмір бақи мемлекеттің қамқорлығында болады: арнайы ақша төленіп отырады, бала-шағасы грантқа оқуға қабылданады (бұл жақта оқуға түсу оңай емес) деген секілді.

Біздің елде полицияға деген ондай құрмет жоқ қой. Мемлекет тарапынан да, халық тарапынан да. Өйткені, біздің түпкі санамызда полиция – халықты қорғаушы емес, халықтың қорғануға арналған, халықтан ақша соруға арналған, жемқорлықтың бір көзі ретінде қалыптасып қалған. Ұзақ жылдар бойғы полицияның іс-әрекеті оларға осындай иммидж қалыптастырып берді. Жендет сияқты көреді.

Оның үстіне, соңғы уақыттарда болған наразылықтардағы полицияның іс-әрекеттері бұл жеккөрінішті тіпті асқындырып жіберді. Жас-кәрі демей, қолын қайырып, көлікке тиеп жатқан суреттер мен видеолар қаптап кетті ғой. Бұл наразылықты бірер мәрте басуға көмектескенмен,  халықтың көңілінде жиналып жатыр. Сол себепті халық оларды жек көріп тұрады, сақтанып тұрады. Ал, мына жақта полиция болу – қасиетті мамандық деуге болады.

Ол ғана емес, бізде ел бұрыннан-ақ полицияға деген жеккөрініші мен сенімсіздігін ашық білдіріп, айтып жүрді. Мысалы, телефоның жоғалып қалса, тауып бере ме, тауып бермей ме? Телефоныңызды жоғалтып алсаңыз, сіз де ойланасыз, полицияға арыздануға тұра ма, тұрмай ма? Қазақстанда бақылау камерасына түсіп қалған ұрылар де табылмай кетеді. Өйткені, іздемейді. Ұсақ-түйек ретінде қарайды. Ал, бұл ұсақ-түйек емес, біздің елде адам құқығының жоқтығын білдіреді. Сен заңсыз екенін білесің, бірақ, әділетке қол жеткізе алмайтыныңды білесің, сөйтесің де қолды бір сілтейсің.

- Түркияда қалай, тауып бере ме?

- Әрине, қайтсе де табады. Камераларды тексереді, басқасын қылады, тауып береді. Өйткені, олар соған міндетті. Тағы бір мысал айтайын, бұл жаққа ең алғаш келгенде көшеде адасып кететін шетелдіктер аз болмайды. Сол кезде көшеде жүрген патрульді тоқтатып алып, адасып кеткенін айтады, аналар үйіне, жатақханасына апарып тастайды. Осыны пайдаланып, көптеген шетелдіктер «адасып кеттім» деп, полиция көлігін тегін такси ретінде пайдаланып жатады. Біздегідей агрессия жоқ полицияда, іші-бауырыңа кіріп, туған ағаң сияқты жағдайыңды сұрайды, ілтипат білдіріп тұрады. Тәртіп бұзсаң, айыппұл жазып береді, ешқандай қарсылықсыз, қабылдайды. Өйткені, заңға сенеді, заңның өзін қорғайтынын біледі. Ал былайша, түріктер қоғамдық тәртіпті қатаң сақтайтын ел деп айта алмас едім, бірақ, соған қарамастан, полициямен жағаласып, әкіреңдеген жағдайларды көрмейсің. Әсіресе, осы кезде карантин тәртібін бұзушылар өте көп тіркеліп жатыр, бірақ, оған бола ешкім полициямен жаға жыртысып жатқан жоқ. Әйтпесе, алғашында карантин тәртібін бұзушыларға 500 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынып жатты, шу шықса шығар еді ғой?.. Қазір 20 жасқа дейінгілер мен 60 жастан асқандар үйінде отырады, орта жастағылар еркін жүре береді.

Бұған қарап түріктер бас шұлғып кез келген ережеге бағына береді деуге болмайды. Үкімет үйіңнен шықпа десе, алдымен неге деп өзінің хақын сұрайды. Көкейіне қонатын себебін түсіндіргенше мойынсұнбайды. Қысқасы, бас шұлғып отыра бермейді, әлдебір шешімі ұнамаса үкіметпен соттасады.

Қазақстандағыдай коронавирус шыққан үйді «саусақпен көрсету» болған жоқ

- Түркия үкіметі вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандарға және жазылып шыққандарға қатысты ақпаратты ашық ұстап отыр ма?

- Алғашқы екі апта бойы тек қана санын айтты. Тек қана саны! Ал қай қалада, қай облыста, кім ауырып жатқанын айтқан жоқ. Тек қана «республика бойынша осынша адамнан анықталды». Болды. Неге деген кезде, былай түсіндірді: егер қай қаладан, қай ауданнан шыққанын айтсақ, ауру шыққан жердің тұрғындары ауру шықпаған жаққа қарай кете бастауы мүмкін. Италияда солай болған екен. Ал, кейін айтқан себебі, бұл кезде бүкіл қалада тіркелді. Бірақ, ешкімнің аты аталған жоқ, тұратын үйі көрсетілген жоқ. Қазақстандағы сияқты коронавирус шыққан үйді «саусақпен көрсетіп», қоршап, адамдарын қамап ұстау болған жоқ.

Ал, жазылып шыққан азаматтар БАҚ-қа сұхбат берем десе, әлеуметтік желіге жазам десе өз еркі. Ауруханадағы жағдайды, қалай емделгенін, бәрін айтып, пост жазып жатады. Өйткені, біздегідей медицинаға қатысты әлдебір кемшілік шығып кетеді деп ешкім қорықпайды. Ауруханада жатқан жерінен видео түсіріп, таратып жатқандар да аз емес.

Жалпы, ақпарат дегенде, Түркия үкіметі халықтан ештеңе жасырмайды. Қазір коронавирусқа қатысты өзгерістерді күн сайын кешке денсаулық министрі эфирге шығып, хабарлап отырады. Тек дайындалған есеп бермейді, журналистердің сұрақтарына жауап береді. Ал халық оның сөзіне сенеді. Біздің елдегідей күмәнмен қарамайды. Әйтпесе, алғашында коронавирус – өтірік екен, саяси ойын екен деген сияқты дақпырттар бұл жақта да болды. Алғашында жұрт жүрдім-бардым қарап жүрді, кейін министр жағдайды тәптіштеп түсіндірген соң, бірден тәртіп сақтай бастады.

Түркия шетелде ауруға шалдыққан азаматтарын да емдеп жатыр

- Түркияның медицина жүйесі жайлы айтыңызшы. Дәрігерлерге қосымша жалақы тағайындалды ма? Пандемия кезінде қандай өзгерістер жасады?

- Мынадай нәрсе бар: Түркияда мектеп бітірген балалардың ең көбі медицина мамандығын таңдайды. Ең мықты оқушылар осы салаға барады. Неге? Себебі, жалақысы ең жоғарғы сала – осы. Дәрігерлердің жағдайы толықтай жасалған. Білім саласы да дамыған дедік қой, мұғалімдердің мәртебесі деген проблема жоқ бұл жақта. Бірақ, дәрігерлердің жалақысы мұғалімдерден үш есе жоғары. Енді, коронавирус кезінде олардың жалақысын екі есе көтерді. Онсыз да көп жалақы алатын...

"Қалалық аурухана" бағдарламасы бойынша салынған Кайсері қаласындағы заманауи аурухана

2017 жылы Түркияда елдегі үлкен қалаларда заманауи технолгиямен, ең соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған аурухана салу жобасын қолға алды. Қазақстанда болды ғой «Жүз мектеп, жүз аурухана» деген, бұл да сондай, «Қалалық аурухана» деп аталатын жоба. Бұлардың бәрі 2019 жылы ашылды. Соңғысы кеше ғана Стамбұлда ашылды. 2600 адамдық аурухана. Бұлардың ерекшелігі 2600 науқас жататын 2600 орын бар ғой, соның барлығы жансақтау бөлімі ретінде жұмыс істей алады. Міне, осындай ауруханалар бүкіл Түркия үшін коронавирус кезінде үлкен көмек болды. Ауруханаларға коронавирус тудырған ең үлкен проблема – дем алу аппараттарының жетіспеушілігі болды ғой. Қазақстан ғана емес, бүкіл дүние жүзінде. Еуропаның дамыған елдерінің өзі асқынған ауруларды ғана осы аппаратқа жалғады. Ал, Түркияда ондай проблема мүлде болған жоқ. Кім келсе де, қанша келсе де, құрылғы жеткілікті.

Сосын, медициналық қызмет көрсету Америкадағыдай, Еуропа елдеріндегідей қымбат емес. Бұл жақта да сол сақтандыру жүйесі, бірақ, өте арзан, тіпті тегін. Ал, коронавирус кезінде кім келсе де тегін әрі сапалы. Қазір, іштегі науқастарын қойып, шетелдегі науқастарын әкеліп жатыр. Шетелде жүрген кейбір Қазақстандықтар елге қайтудан бас тартыпты ғой, медицинаға сенбеймін деп. Бұларда керісінше, ауырып жатқан адамдарды Түркияның өзі арнайы ұшақ, тікұшақ жіберіп, елге әкеліп емдеп жатыр. Мәселен, Англия мен Германияда ауру жұқтырсаң, үйіңе барып, жат та емдел дейді. Қатты асқынғандарын ғана алады. Түркияда ауруың анықталды ма, қандай сатысында болсаң да, сені ауруханаға жатқызып, емдейді, өйткені, оған мүмкіндік бар. Англияда мынадай жағдай болған: Түркия азаматы ағылшындардың ауруханасында жатып, ауруы асқынады да, жансақтау бөліміне түседі. Мұндай жағдайда Англияның дәрігерлері адамның жағдайына қарап емдеуді жалғастырады, немесе, былайша айтқанда, адам болмайды деп, аппараттан ажыратады. Өйткені, ар жақта жазылудан үміт бар өзге науқастар күтіп тұр. Түркия сондай азаматтарының бірнешеуін елге алып келді. Жедел жәрдем тікұшағын жіберіп. Соңғы үш аптада 50 мың азаматын әкелді. Әлемнің қай түкпірінде болса да.

Шетелде коронавирус жұқтырған Түркия азаматын елге әкелу сәті.

Түрмедегілерді уақытша босатты

- Шет елден келгендердің елге келуіне қатысты Қазақстанда әлеуметтік медиада, қоғамда бірқатар көзқарастар болды. Тіпті, ауруды осы шетелге қаңғып кеткендер алып келді деген де сөздер айтылды. 50 мың азаматқа осындай көзқарас байқалған жоқ па?

- Былай ғой, жалпы, мұндай көзқарастың бәрі – адамдардың өз құқығын білмеуінен деп ойлаймын. Сен әлемнің қай түкпірінде жүрсең де мемлекетіңнің қорғауындасың. Қандай қиын жағдайға ұшырасаң да саған көмектесу – мемлекеттің ең басты міндеті. Қазақстанда ел айта алмайды мұндайды, өйткені, онша сезінбейді. Президентке дауыс бердің ғой, демек, ол саған жұмыс істеу керек. Шетелде жүрген азаматтардың елге жеткізілуі – президенттің ел алдындағы міндетін орындауы тұрғысынан ғана қаралады. Ал, олар ауру әкелді, масыл болды деген көзқарас жоқ.

Ол ғана емес, Түркияда түрмедегі кейбір қылмыскерлерді (аса ауыр қылмыс жасамағандар) уақытша босатты. 90 мыңдай қылмыскер қазір үйінде жатыр. Өйткені, түрмеге вирус бір кірсе, оны тоқтату мүмкін емес екен. Коронавирус біткен соң, қайта кіреді. Солардың өзіне ел түсіністікпен қарады. Түрмедегілердің де хақы бар.

- Коронавирусқа қарсы тестілеу жүргізіліп жатыр ма?

- Жүріп жатыр. Бірақ, ешкімді міндеттемейді, денсаулығына қатысты күмәнің болса немесе жай ғана сенімділік үшін барып, тестілеуден өтсең болады. Тегін. Қазір күніне 40 мың адам тестілеуден өтіп жатыр. 80 миллион халқы бар ел үшін бұл тестілеудің жеткілікті, жеткіліксіз екенін білмеймін, бірақ, жетпей қалды деп шағынған адам көрмедім.

Түркияны Қазақстанмен салыстыруға келмес, бірақ, әлем бойынша коронавирусқа қарсы ең бір нәтижелі күресіп жатқан ел дер едім. Қараңыз, қазіргі жағдай бойынша, 107 мың адам тіркелген, оның қайтыс болғаны 2700. Ал Англияда жұқтырғандар 140 мың, оның 20 мыңы қайтыс болған (бұл көрсеткіштер сұхбат жарияланған күнмен сәйкес келмеуі мүмкін. – Ред.). Пайыздық өлшемге салғанда қанша есе айырмашылық! Медициналық көмектің арқасы деп айтылады.

Қор құру – ақша санау емес

- Қазақстан жағдайында соңғы кездері жұрт ішінде наразылық туындап, тіпті, коронавирус қолдан жасалып жатыр деген де күмән білдірушілер бар. Басқа аурудан қайтыс болғандарды коронавирус деп шығаруға тырысыпты деген бейресми мәліметтер айтылып жүр (бұған қатысты үкімет әлі түсінік берген жоқ). Түркияда осындай күмән бар ма?

- Пандемия өзге елдерде таралып жатқанда сондай бір болжамдар айтылғаны рас. Бірақ, Түркияда алғашқы ауру жұқтырған адам анықталғаннан бастап, үкімет пен азаматтар бірігіп кетті деуге болады. Ел үкіметке сенеді, оның таратқан ақпараттарына біздегідей күмәнмен қарамайды. Тағы бір тоқтала кететін нәрсе, қазіргі денсаулық министрі ешқандай партияда жоқ шенеунік. Бұған дейін өзінің жекеменшік емханалары, ауруханалары болған, сосын, енді мемлекеттің медицина жүйесіне жұмыс істегім келеді деп, 2017 жылы өзін кандидат ретінде ұсынып, көпшілік қолдауымен келген. Жұмысының нәтижесі көз алдында тұр, әзірге ешкім наразылық көрсете қойған жоқ.

Сосын, Түркия діндар мемлекет қой, кейбір асыра діншілдер үкімет айтқан мәліметтерге сенбеуі мүмкін. Мысалы, Израильде коронавирус ең көп таралып жатқан аудан – дінді берік ұстанатындар тұратын аймақ екен. «Бәрі бір Құдайдың қолында» деп, ешқандай шектеуге бағынбайды ғой баяғы... Ал, Түркияда ондай проблема жоқ, біздіңше мүфтият, түрікше дианэт, осындай тек дінді ұстанатындар үшін жағдайды түсіндіріп, арнайы мәлімдеме жасады. Сол себепті, азаматтар мен үкімет арасында дінге қатысты түсінбеушілік болған жоқ.

Оқи отырыңыз: Америкадағы қазақ: медицина мешеу, бар амалы – қамап қою

Азаматтардың коронавирусқа қатысты ұстанымына қатысты айтсам, бұл жақта да Назарбаев құрған қор сияқты қор құрылды. Оған қалаған адам ақша салады. Қазақстандағы қор – миллиардерлердің қанша ақша бергенін санауға ұласып кетті ғой. Тіпті, мұны жеп қояды деген де сөздер айтылды (бізде ондай ауыр сөздерге құлақ үйреніп кеткен). Ал, түріктер бұл қорды құрудағы мақсатын басқаша түсіндірді: азаматтардан ақша жинап алу емес немесе пандемияға қарсы күресуге үкіметтің шамасы жетпегеннен емес, халықтың ауызбіршілігі үшін. Мысалы, сен 1000 теңге бер, 2000 теңге бер, өз еркің, бірақ, сен қиын кезде еліңмен бірге екеніңді өзіңе дәлелдедің. Осындай идеологиялық нәрсе деуге болады.

- Ал біз өзімізді қойып, көрші өзбектердің миллиардерлері бөлген ақшаны санап кеттік қой...

- Түркия - діндар ел ғой, сол себепті, зекет беру, садақа беру – бұрыннан қатты дамыған. Мен оқитын университет бар ғой, соның ғимаратын осы қаланың байлары салған. Одан басқа да қорлар көп бұл елде. Сондықтан, анау көп берді, мынау аз берді деген мәселе көтерілген жоқ. Қазақстанда бизнесі бар түріктер біздің елге де көмек жөнелтіп жатыр екен. Тек Қазақстан емес, қай елде бизнесі бар, сол елдерге түрлі көмектер беріп жатыр.

- Сырт көз ретінде карантин енгізілген Қазақстаннан қандай оғаш дүние байқадыңыз?

- Ең қарапайым дүниелердің паника тудырғаны ішті күйдіреді. Ең қарапайым нәрсе – медициналық масканың жетіспеушілігі. Жете бастағанда, оның бағасының қымбат болып кеткені. 30 теңге тұратын маска 4-5 есе қымбаттап, қазір сол бағада сатылып жатыр деп естимін. Бұл енді, былайша айтқанда «позор». Қиын-қыстау кезде әлдебір бизнесмендердің табыс табуға ұмтылысы. Түркия бұл маска бизнес көзіне айналып кетпеу үшін басқа жолын тапты. Яғни, тегін. Тегін болғанда, кез келген дәріханаға кіресің де, ЖСН нөмірі арқылы аптасына 5 маска аласың. Одан артық емес. Базада алған, алмағаның тіркеліп тұр, одан артық ала алмайсың. Ақшаға сатылмайды.

Оқи отырыңыз: Швециядағы қазақ: Халықтың 80 пайызы коронавирус жұқтыруы мүмкін

Сосын, Түркияда мынадай нәрсе бар, арнайы мобильді қосымша шығарды, сен соған қарап, өзіңнің коронавирусқа қатысты қандай аймақта келе жатқаныңды біліп отырасың. Жаңа айттым ғой, емін-еркін жүре беруге болады деп, соған орай саған кез келген нүкте туралы ақпарат беріп отырады. Мысалы, «сіз коронавирус көп жұқтырған ауданға кіріп келе жатырсыз» деп ескертеді. Ал, Қазақстанның ең болмаса оқушылардың сабағын онлайн оқытуға шамасы келген жоқ. Түркияда онлай сабақ оқуға бұған дейін-ақ мүмкіндік болған. Платформа қалыптасқан, кейбір университеттер бұған дейін де онлайн сабақ оқып жүрген.

Түркия урбанизацияланған мемлекет, көбі қалада тұрады, сондықтан, шалғайдағы ауылдарда интернет жоқ деген мәселе жоқ. Ауылдар бар, бірақ, тұрғындары өте аз, көбіне жазда барып демалып қайтатын, саяжай іспетті. Бірақ, интернет, бәрі жеткізілген, онлайн оқуға қатысты проблема болған жоқ. Қазақстан осы күнге дейін түрлі бағыттарды қамтитын қаншама бағдарлама жасады. Коронавирус соның біреуі де соңына жетпегенін көрсетіп берді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Су тасқыны: Тоқаев қолдау көрсеткен Ердоғанға алғыс айтты

10.04.2024

Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын

08.04.2024

Түркияда магнитудасы 4,9 болатын жер сілкінісі тіркелді

05.03.2024

Жазушы Мұхтар Мағауин ерекше ұсыныс білдірді

20.11.2023

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Ердоғанның билікте қалуы Орта Азияға қалай әсер етеді?

29.05.2023
MalimBlocks
Су тасқыны: Тоқаев қолдау көрсеткен Ердоғанға алғыс айтты

Қазақстан президенті Түркия Республикасымен бауырластық қатынасты, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы тұрақты ынтымақтастық пен өзара тілеулестікті жоғары бағалайтынын мәлімдеді.

Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын

Қазақстан халқы мен үкіметіне көңіл айтты.

Түркияда магнитудасы 4,9 болатын жер сілкінісі тіркелді

Зардап шеккендер жоқ.

Жазушы Мұхтар Мағауин ерекше ұсыныс білдірді

Қаламгер бидайды түркиялықтар «бұғдайы» деп айтатынын тілге тиек етеді

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Ердоғанның билікте қалуы Орта Азияға қалай әсер етеді?

Қазірдің өзінде ұлттық валюталары рекордтық деңгейде құлдырап кеткен