Қақ айырылған жұлдыз

Malim Админ

  • 02.06.2020

Сіз «АЛЖИР-де»   болдыңыз ба?..

Осы  қарапайым сұрақты  ең алдымен өзіме қойғаным жөн шығар. Өйткені  «АЛЖИР» туралы  әлде кімнен, әлде біржолы  шала-шарпы   естігенім  болмаса, ол туралы пәлендей  ештеңе білмейтін  едім. Мамандығыма байланысты қолыма қалам ұстаған жан бола тұра, «АЛЖИР» жайына ешқашан  арнайы  тоқталмаппын, мүлде қалам тербемеппін...

Қуғын-сүргін  мәселесі қоғамда орын  алмаған,  ашық айтылмаған кезде,  Малиновка ауылында /қазіргі Ақмол ауылы/ – 1989 жылы  саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап «Қақ айырылған жұлдыз»  атты тұңғыш  ескерткіш  ашылған. Себебі сол жылдары Ақмола маңындағы  ауылдың  шетінде  «АЛЖИР»  тұтқындары мен олардың  балаларының жерленген  орындары  анықталған екен. Осы  арада  2007 жылы «АЛЖИР»  мемориалды  мұражай  (директоры – Мейрамбай Оралов мырза) ғимараты бой  көтерген.

Таяуда астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласында болғанымда «АЛЖИР-ге»  арнайы соқтым. Енді, міне,  музейді  аралап, бәрін өз  көзіммен  көргенде – ең  алдымен өзім  үшін қатты ұялып, осы  уақытқа дейін осынша қаперсіз жүргеніме қатты қысылдым.

Жаппай  қуғын-сүргін жылдары  Алаштың  аса  көрнекті тұлғаларымен қатар көптеген қарапайым жандар да жазықсыз жапа шекті. Қызыл террор ешбір кәнісі  жоқ әйелдер мен балалардың, бір сөзбен айтқанда, мыңдаған жазықсыз жандардың өмірін қиды. «АЛЖИР» тұтқындары болған Гүләндам Қожанова, Зүнфүн Нұрмақова, Фатима Османова, Мағрифа Қазбекова, Рахиль Плисецкая , тағы басқаларының  қолындағы балалары аналарымен бірге лагерь өмірінің  бар азабын бастарынан  кешті. «АЛЖИР» тұтқыны болған  Мәриәм Есенгелдинаның екі жастағы жалғыз ұлы да  анасының  бауырынан жұлып  алынып, Саратовтағы  балалар үйіне жіберілген. Мұндай  азапқа шыдай  алмаған  сәби сол жақта жан тапсырған. Тек бір 1940 жылдың өзінде  Карлагта 226 бала қайтыс болыпты. Олардың өлімінің негізгі  себептері, құжаттар бойынша  – дистрофия, туберкулез, аштық...  деп көрсетілген.

Ал әйел  адам  үшін азаптың  ең ауыр түрі – баласының қиналғанын  көру, соның   тартқан  азабының  куәсі болу дер  едім. Міне, «АЛЖИР» тұтқындары  азаптың  тура осы  түрімен де жазаланды. Шырылдаған нәрестелер жас ерекшеліктеріне  қарамастан аналарынан  аулақтатылып жатты... Тағы бір  сорақысы , сөз ұға бастағандарына  «сендердің  аналарың сатқын,  опасыз, халық жауы,  сендер олардан бас тартуларың  керек»  деген жойқын  сұмдықпен  «тәрбиеленіп» отырды. Әйтсе де,  ешкім  туған  анасынан бас тартқандарды  таба  алмаған көрінеді...

Қалың оқушы  Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлованың  «АЛЖИР» түрмесінде 10 жылға жуық  отырғанын біледі.   Ал Н. Нұрмақовтың жұбайы Зүнфун Нұрмақова ( тұңғыш заңгер  Жақып Ақпаевтың  қарындасы) әуелі Мәскеудегі Бутырка түрмесінде, одан  соң Карелия, Ақмола («АЛЖИР»)  лагерьлерінде,  жалпы  алғанда 17 жыл айдауда болды.

Сондай-ақ  Бейімбет Майлиннің  әйелі Гүлжамал Майлинаның  да  «Халық жауының»   әйелі ретінде  тартқан азабы  аз емес. Одан жауап  алғанда,

«Бейімбетпен жиырма жыл бірге болдым. Он жетімде қосылдым. Осы жиырма жылда маңдайымнан шерткен емес. Қатты  сөз айтып  көрген  жоқ.  Бейімбет  суға  түссе – суға, отқа түссе  – отқа түсем. Ол қайда жүрсе, мен  сонда болам »  деп өз шешімін  анық  айтқан. Сол Гүлжамал шешей  тек 1945 жылдың аяқ кезінде ғана лагерьден босап шығады...

Қалай десек те,  ана жүрегі  тастан да  мықты емес пе, әйелдердің  жеңімпаз болатыны – олардың  ер-азаматтарына,  балаларына  деген шексіз  махаббатынан , оларға  деген  сенімінен күш  алатынында, бәріне  қашан да тірек, пана  болғысы  келетін қамқорлығы мен жауапкершілігінде болса керек.  Сондықтан болар,  лагерьдегі тұтқын әйелдер қанша ашыққан,  жаураған,  күйзелген, торыққан  болса да, сол сәттердің бәрін жеңіп шығуға ұмтылған...  Лагерьдегі  тұтқын Валентина  Шевченко сол бір  кездері  мынандай  өлең жазған екен:

«Мы глину  месили, сушили  саман

И  строили клуб за зоной.

Такая  уж доля  выпала нам,

Осужденным за то, что мы «жены».

Дрожали ноги и ныла  спина,

Но мы завершали дело...

Иә, тұтқын  әйелдер  сары топыраққа су мен сабан қосып, оны жалаң  аяқтарымен илеп, қалыпқа  салып  сүйреп, шикі кірпіштер құйған. Сол кірпіштерден  өздері «тұратын»  тапал барақтарды  соққан....

Бұл «азап лагерьлері» елімізде тек көсем өлген соң ғана жабылған. Бірақ  сол  күндердің ауыр ескерткіштері бүгінгі  «АЛЖИР»  музейінде және  Долинка  жеріндегі «КарЛаг» орындарында әлі сақтаулы.

«АЛЖИР»  тұтқындарының бірі – Мария Минкина 1938 жылы  ұсталып,  қайда  әкетіп  бара жатқанын білмеген  күйде, жолда жылап отырып,  артында қалған туыстарына бір жапырақ қағазға хат жазып сәлем жолдайды. Хабардың туыстарына жетер-жетпесі де неғайбіл болатын. Себебі тұтқындар  хат-хабар беретін құқықтан айырылған болатын.

Әйтсе де Тәңірдің қолдауымен Марияның тілегі жерде қалмаған екен... Хат сан күндер бойы ескі вагондағы еденнің тесігінде тығулы қалпында  тұрыпты. Оны бір жолы теміржолшылар кездейсоқ тауып  алып,  адрес бойынша  иелеріне  жеткізіпті. Сөйтіп, әйелдің жетімдер үйіне жіберілген  ұлы мен қызын туыстары  іздеп  тауып  алып, бауырларына басып асырап, баққан екен....

Ажал жетпесе адам тамұқтан да  аман шығады емес пе?! Жеті-сегіз жыл отырып, шүкір, ол жақтан аман оралғандар да  аз болмаған. Көпшілігінің  тірі  қалған балалары бүгінде әр түпкірлерде аман-есен тіршілік етуде. Талайы әупірімдеп оқып білім алып, ерінбей еңбектеніп жүріп, өздері балалы-шағалы болып, бүгінгі қоғамда өздеріне лайықты орындарға, қадір-құрметке ие болды. Кешегі азап шеккендердің бүгінгі үрім-бұтағы кезінде шама-шарқынша  көмек  көрсеткен жергілікті қарапайым тұрғындарға, қазақ  халқына ықылас-пейілдері мен қамқорлығына зор алғыс білдіреді. Көпшілігі  «АЛЖИР» тұрған жерге барып, музейдің  тарих үшін,  әділеттілік үшін  жасап жатқан бүгінгі жұмыстары мен қызметтері үшін шын  көңілдерімен рахмет  айтады.

Музей қызметкерлері  «АЛЖИР» тұтқындарының  бала-шағасын  кешегі кеңес одағы  көлеміндегі жерлерден талмай іздестіріп, тапқандарының  естеліктерін жинастырып, «Ұрпақтар ұмытпайды»  деген атпен көлемді, деректі  кітап шығарған. Естелік  кітапта елуге жуық автор жүрекжарды ойларын айтқызып, шынайы тілектерін жазып қалдырыпты. Музей оны  қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде кітап етіп басып шығарып отыр.

Маған осы  кітаптағы (жоғарыдағы мысалдарға қосымша ) «Алаш»  ардақтысы  Әлихан  Бөкейхановтың  немересі – Евгений  Бөкейхановтың  қазақ еліне, өз ата-бабаларына  арнап жазған өлеңдері ерекше әсер етті. Сондықтан  сол  өлеңдерден үзінді келтіргім  келіп отыр.

Встреча  со  степью

          Она нас  всюду окружала

В неповторимой простоте

За часом  час  машина мчала

Но непрерырывно длилась степь.

 

Под жаром  солнечной лавины,

Желтеет жесткая трава.

Спокойна древняя равнина

Прозрачна неба синева.

 

Степь предков, без конца и  края,

Неярок  твой пейжаз и прост.

Но что-то в памяти  всплывает...

Какой-то с прошлым вечный  мост.

 

Я – правнук тех, что здесь топтали,

Полынь копытами коней,

Родились, жили, умирали,

Став жизнью нынешней моей..

 

Я прожил жизнь свою в России,

А эта  степь, она из снов,

Где я – частица неба сини

И этой желтизны холмов...

Осы жолдарының өзінен-ақ , автордың жан-дүниесінің  қазақ даласымен жақындығын, түсінде  көргендей жадында  сақталғанын ұғыну қиын емес. Ал  «Дед Алихан» деген  өлеңіндегі  мына бір жолдар  да ерекше толғандырады...

...И вот, я степь у Каратала.

Впервые  в жизни увидал,

И это больше мне сказало,

Чем я  узнал и прочитал.

Она лежала без предела,

В скупой, суровой красоте,

И вот тогда  я понял деда –

Нас с ним объеденила степь,

Та степь, откуда   все  мы    родом,

Чьим сыном был мой дед –

Степняк...

Сондай-ақ автордың «Край отцов»  атты  шығармасында:

...Здесь и конец был и начало,

Как звенья скованной  цепи,

Как будто мать  меня качала,

У юрты  солнечной  степи.

И было это так глубоко...

И возвращалось  сквозь века....

Міне, мамандығы  инженер, Ресейде туылып, Мәскеуде білім  алған, орыс  әйелден туған,  Қазақстанның абақтыларында бұрын болмаған, бірақ есейгенде  атасының туған топырағына тұңғыш рет іздеп  келіп, тағзым еткен, өз ұлын осы сапарында ерте келген жігіт ағасы Евгенийдің жүрегін жарып шыққан, шынайы сезімге шүпілдеп  тұрған  мына өлеңдеріне қалайша риза болмассың! Оның  алпыс екі тамырында атасы, мұқым қазақтың  ардақтысы болған Әлиханның қаны тулап жатқаны қандай ғанибет! «Қанына тартпаса қараң қалсын» деген нәрсе лағнет емес, мұнда үлкен тілек пен үміт  басым.

Сөз басында «Сіз «АЛЖИР-де»  болдыңыз ба?» деп  жұртқа сұрақ қойып  едім... Себебі өз басым сол музейге бір кіріп- шыққаннан  соң осыншама  ойға қалдым...

                                    Кәмила  Құдабаева, жазушы,

   Халықаралық  В. Пикуль атындағы әдеби сыйлықтың  лауреаты.