Бейбіт Сапаралы: Жүз пайыз Құнанбай суреті деп айта алмаймыз

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 24.06.2020

«Жас Алаш» газетінің сайтында «Құнанбайдың шынайы фотосы жарты ғасыр менде сақтаулы» деген материал шықты. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылының тұрғыны Манатай Балтақайұлы Құнанбайдың суреті жарты ғасырдан бері қолында тұрғанын айтады. Осы суретке байланысты «Құнанбай қажы» деректі кітабының авторы, жазушы Бейбіт Сапараланың пікірін білген едік.

– Бұл сурет туралы Әлкей Марғұланның нұсқалары бар. Біздің ел жақта тұрған суреті – сол сурет. Негізінде Шәкәрім, Абай аталарымыздың суреттері бізге әрең жетті. НКВД, ГПУ, КГБ 20-30 жылдары қатты репрессия жүргізді. Құнанбай ұрпақтары қудаланды. Олардың көп суреттері сақталмады. Елде Шәукен деген кісі болды. Өзі бір аяғы жоқ, кемтар кісі болатын. Құдық тазалаймын деп, арқан үзіліп кетіп, содан жарақат алған екен. НВКД ғимаратының отын жаққан. Сол кісі көп архивті өртеп отырып, Шәкәрімнің суретін көріп қалып, қойнына тығып, одан үйіне әкеліп, шешесінің қойнына, киімдеріне тығып, кейін жылымық кезінде Ахатқа берген. Тіпті, Әуезовтің өзіне де бермей қойған.

Ахат ақсақал жылымық кезінде ата-бабасы туралы естеліктер жазып, «Жұлдыз» журналын шығарған. Кейін Ахат ақсақалдың қолынан осы суреттер шықты.

Манатай ағамыз да суретті Ахаттан алғанын айтады. Үйге іліп қойдым дейді. Ахатты Омбы жаққа барды дейді. Негізінен архивтің бәрін ақтарған Әлкей Марғұлан.

Неге сүйеніп ол кісіне Құнанбай дейді?

– Көпшілік ішінде тұрған бұл адамды Тәттімбет дегендер де бар. Бірақ ол Тәттімбетке де келмейді. Түсірілген уақыты, заманы да басқа.

Құнанбай мен Нұрғаным деген бір сурет бар. Құнанбай 1885 жылы қайтыс болды. Кедейленбеген адам. Қиыншылық көретіндей жағдай болған жоқ. Сондықтан оны да Құнанбай деп нақты айта алмаймыз.

Бір көзінде кішкене дағы болған. Бірақ анау айтқандай көзінде зақым болмаған. Әуезов романының бірінші томын Құнанбайға арнамақ болады. Бірақ заманға байланысты басқаша жазып шығады. Құнанбай атамыздың толық портретін бере алмайды. Кәмен Оразалин деген жазушы болды. Ұстазымыз еді. Сол Кәмен ағада архивтің көп нәрсесі болды. «Абай жолы» шыққаннан кейін Абай ортасын көрген адамдар жазушыға наразы болған. Әуезовке қарсы емес, Құнанбайды бейнесіне қарсы болды. Өздерінің пікірлерін жазған. Ол пікірлердің көбі жарыққа шықпаған. Бір кітап болатындай жүздеген адамдардың пікірлері Кәмен ағаның архивінде тұр. Қазір заман басқа, ол архивті жарыққа шығарса да болады. Кәмен Оразалин Әуезовтің шәкірті болғандықтан, ұстазына қарсы шыққандай болмайын деп жарыққа шығармаған.

Көпшіліктің ішіндегі кісіні Құнанбай деп айта аламыз ба?

– 100 пайыз Құнанбай деп айта алмаймыз. Архивтен нақты аты жазылып шықпаған. Болмысына, кейпіне қарап, тұлғасына қарап болжап қана айта аламыз.

Ахат ақсақалдың жазбаларында Омбыға барып таптым деген сөз жоқ. Өйткені архивте жұмыс істеген – Марғұлан. Негізінен суретті тапқан сол кісілер ғой.

Қазір науқан жүріп жатыр. Әйтеуір тапқан дүниесін жарыққа шығарады. Әр нәрсені іліп алып жариялап, жарнамалап жүреді.

Манатай ақсақалды білемін. Әкесі Балтақай ақсақалды да бала күнімізде көрдік. Шәукен Балтақаймен араласпайтын. Бір ауылдың адамдары ғой. Бірақ Әуезов Балтақаймен жақсы араласқан. Оның өзіндік сырлары болса керек. Ал жаңағы суретті нақты Құнанбай деп айта алмаймыз.

П.С: Омбы архивінде Ахат Шәкәрімұлынан бұрын Ә. Марғұлан, М. Бейсенбаев, Л. Әуезова, Т. Жұртбай болған. Мыңдаған бет архив құжаттарын тауып, елге әкелген бұл зерттеушілердің көзіне осы сурет неге түспеді екен деген сауал туады.

Байланысты жаналықтар

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

07.06.2023

 Абайдың туған жылы мен күні туралы

11.04.2020
MalimBlocks
Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

Абайдың қолжазбалары, домбырасы, тоғызқұмалағы, Құнанбай қажының кісе белбеуіне қауіп төніп тұр

 Абайдың туған жылы мен күні туралы