Цойдың есебі мен дәйегі өтірік боп шықпай ма?

Malim Админ

  • 10.07.2020

*** Цойдың желеуі VS қарапайым математика ***

Биліктің COVID-19 өлімін 7 күнде бір жариялауға көшкенін білесіздер.

Денсаулық министрі Алексей Цой 2 маусымнан бері бірнеше брифингке қатысып, соның өзім көрген төртеуінде не себепті апталық тәртіпке көшкенін түсіндірді.

5 шілде брифингінде ол коронавирустан бір тәулікте 18 адамның өлгенін айтқан. Апталық тәртіптің себебін осы 18 адамның мысалында түсіндірмек болды. Оның айтуынша, бұл 18 адам бір күнде анықталғанымен, үш түрлі күнде қайтыс болған болуы мүмкін.

Ал 9 шілдедегі брифингте осы ойды жалғастырып, «Сол себепті халық шатасып жатыр. Науқас бүгін өлді деп ойлайды, бірақ шын мәнінде бүгін ол науқас емес, басқа адамдар қайтыс болып жатыр» деді.

Біріншіден, адамды шатастыратыны кісінің қай күні өлгені емес, шатастыратыны және күдік келтіретіні кісі өлімінің айтылмауы, кісі өлімінің коронавирус статистикасына қосылмауы.

Дәл министр айтқандай шатасуды байқамадым, елестету де қиын. Мысалы министр «кеше коронавирустан 10 адам қайтыс болды» десе, адамдар олардың қай өңірден екенін, қай аурумен ауырғанын, жасын сұрап жатыр, бірақ олар қай күні, қай сағатта өлді деп сұрағанды көрмеппін, ондайлар болса да, министрдің желеуін ақтайтындай ауқымда емес секілді.

Екіншіден, 18 адам коронавирус статистикасына бүгін қосылғанымен әртүрлі күні өлуі мүмкін деген аргументтің өзінде ақау бар.

Министр кісі өлімінің себебін анықтайтын комиссия адам қайтыс болғаннан кейін талдау жасайтынын, ал ол бірнеше күнге кешігіп жататынын айтқан еді. Яғни дүйсенбі қайтыс болғанның өлімі коронавирустан екені сәрсенбі анықталуы мүмкін. Ол өлімді сәрсенбінің статистикасына қосса, халық шатасады-мыс.

Ок, осы тұжырымды қабылдайық. Бірақ...

Министрлік әр дүйсенбі аптадағы COVID-19 өлімін жариялайды. Осы дүйсенбіде алдыңғы дүйсенбі мен жексенбі аралығындағы деректі жариялайды ғой, дұрыс па?

Осы жерде аздап есепке көшеміз, шатасып қалмаңыз.

Мәселен дүйсенбі 13 шілде күні 6-12 шілде аралығындағы аптаның нәтижесін жариялайды делік. Кісі 3 не 4 маусым күндері қайтыс болып, бірақ өлім себебі коронавирустан екені 6 шілде анықталса, ол 6-12 шілде аралығындағы есепке кіре ме? Кірсе, Цой айтқан шатасу бәрібір сақталады. Себебі ол адам шын мәнінде есепті аптада емес, оған дейін қайтыс болды.

Ал егер кірмесе, ол адамның өлімі қай аптаның статистикасына кіреді? 6-12 шілдеге дейінгі апта – 29 маусым мен 5 шілде аралығына және кіре алмайды, себебі ол кезде өлімнің коронавирустан екені анықталмады.

Немесе...

Мысалы бір кісі есепті аптаның соңғы күні - 12 шілдеде күні қайтыс болсын делік. Бірақ комиссия өлім себебін ол күні анықтап үлгермеді. Ол өлім дүйсенбі 13 шілдеде хабарланатын 6-12 шілде есебіне кіре алмайды, себебі комиссия шешімі жоқ. Демек ол өлім 20 шілде хабарланатын 13-19 шілде есебіне кіреді. Бұдан Цой ағайдың есебі мен дәйегі өтірік деген қорытынды шықпай ма?

Дархан Өмірбек, журналист

Автордың фейсбук парақшасынан рұқсатымен алынды.

Байланысты жаналықтар

COVID-19: Вакцинаның өлім тудыратыны рас па

03.04.2024

Елімізде халық саны қаншаға өсті

03.04.2024

Елімізде соңғы жылдары ажырасқандар саны артқан

02.04.2024

Қазақстанда қанша әйел бар?

07.03.2024

Қазақстанда жарты миллионға жуық педагог әйел қызмет етеді

07.03.2024

Елімізде 4,5 млн-ға жуық әйел жұмыс істейді

06.03.2024
MalimBlocks
COVID-19: Вакцинаның өлім тудыратыны рас па

Қазнетте Covid-19 вакцинасының өлімге әкелетін вирусты қолдану арқылы жасалғаны туралы видео тарап жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Елімізде халық саны қаншаға өсті

Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша елімізде 20 075 271 адам тұрады, деп хабарлайды Malim.kz.

Елімізде соңғы жылдары ажырасқандар саны артқан

Статистика 2021-2023 жылдары некені бұзу туралы соттар қараған істер санының артқанын көрсетеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстанда қанша әйел бар?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 10 260 057 әйел тұрады.

Қазақстанда жарты миллионға жуық педагог әйел қызмет етеді

Оның 28 340-ы колледжде жұмыс істейді.

Елімізде 4,5 млн-ға жуық әйел жұмыс істейді