Түркістан облысы әкімінің орынбасары қайтыс болды

Malim Админ

  • 16.07.2020

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов қайтыс болды. Бұл ақпаратты "Нұр Отан" партиясының Түркістан облысындағы филиалының төраға орынбасары Бейсен Тәжібаев әлеуметтік желіде хабарлады.

"Қосман Қайыртайұлы Түркістан облысын қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірді. Жаңа шаһарды тұрғызуға елордадан арнайы келді. Бас қаланы салудағы тәжірибесі мен ерекше еңбекқорлығы ескерілгені анық. Келген бойда білек сыбана кірісіп, өте аз уақытта жаңа Түркістанды жандандыруға барын салды. Елбасы қасиетті шаһарға сапарлап келгенде мұны атап айтып, баршаға алғысын білдірген еді.
Арыс апаты кезінде бірінші күннен жетіп, жарты жылдан астам уақыт сонда болды. Әрбір арыстықты таныды десек, артық айтқандық емес. Бірде қоғамдық қабылдау өткіздік. Бес-алты адам үйлердің құрылысына көмек сұрап Түркістанға шағымдана келіпті. Қосман аға барлығын мұқият тыңдады. Арада бір күн өткен соң телефон соғып, тұрғындардың мәселесін түгел шешіп тастағанын айтып тұр. Бұл азаматтың бірсөзділігін, нақты шешімталдығын, жауапкершіліктен ешбір жалтармайтындығының айқын дәлелі.
Мақтааралда да Қосман Қайыртайұлы күндіз-түні тынбастан жүгірді. Су басудың үшінші күнінде ауыл халқы шулап әкімдікке келді. Қосекең естіген бойда сыртқа атып шығып, барлығымен бетпе-бет әңгімелескен еді. Тіптен облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына қоңырау шалып, телефон дауысын шығарып сөйлесіп, қабылданатын шешімді елге түгел естіртті. Мұндай ашық, анық жауаптан соң жиналған ел риза болып тарқаған еді. Қосман ағаның туралық, шыншылдық, кеңдік, жанашырлық, жауаптылық сынды асыл қасиеттері бәрімізге үлгі болатын.
Түркістан өлкесінде Қосман Қайыртайұлы Айтмұқамбетовтың қолтаңбасы, өшпес ізі қалды. Отбасына, туған-туысына, қызметтестері мен жолдастарына қайғыра отырып көңіл айтамын.
Бақұл болыңыз, Аға!",- дейді Б. Тәжібаев. 

Қосман Қайыртайұлы 1963 жылы 29 тамызда Ақмола облысында дүниеге келген. Еңбек жолы тракторист, көлік жүргізушіліктен басталған. Марқұмның неден қайтыс болғаны әзірге айтылған жоқ.