"Төлесова бізді ұрып, қорлады" деген полицейлер сотта әбден шатасты

Malim Админ

  • 07.08.2020

"Билік өкілін қорлап, күш қолданды" деген айып тағылған азаматтық белсенді Әсия Төлесованың сотында бүгін жәбірленуші полицейлерден жауап алу жалғасты.

Өткен сот отырыстарында полицей Нұрбек Темірханов Әсия Төлесова өзінің бас киімін ұшырып, үш мәрте ұрғанын айтса, Ернат Сабалақов белсенді оның бас киімінен ұрып, өзіне тіл тигізгенін мәлімдеді. Ал кеше-бүгін сотта сұралған полицей Мейіржан Тұрғанбек Төлесова өзін автозактың жанында үш рет ұрғанын айтты.

Бүгін Мейіржан Тұрғанбектен жауап алу жалғасты. Мейіржан Тұрғанбек қазақтілді болғандықтан, сотта аудармашының көмегіне жүгінді. Тергеуде берген жауабы бір басқа, сотта берген жауабы мүлде бөлек екені әшкере болғанда, М.Тұрғанбек мұны орыс тіліне шорқақтығымен түсіндіріп, бірде хаттаманы толтырған тергеушінің сөзін дұрыс түсірмегеніне сілтесе, енді бірде аудармашы сөзін дұрыс аудармай отыр деп ақталды.

Төлесованың адвокаты Әлімжан Оралбайдың сұрақтарына жауап берген Мейіржан Тұрғанбек оқиға кезінде әріптестері Темірханов пен Төлегеновке көмектескенін айтты.

"Газель "Ивеконың" алдында тұрдым. Сол жерде Төлесова шу шығарып, Темірханов пен Төлегеновтің қолынан шығып кетті. Газельге қарай жүгірді. Газель жүріп келе жатқандықтан, ол құлап қала ма деп ойладым. Сол себепті оны артынан ұстаған шығармын. Ол мені ұрып жіберді. Есімде қалғаны осы", - деді М.Тұрғанбек.

Төлесованың тағы бір адвокаты Джохар Өтебеков Мейіржан Тұрғанбектен "айыптау актісінде жазылғандай, Төлесова сізді оны автозакқа жетектеп апара жатқанда үш рет ұрды дегенмен келісесіз бе?" деп сұрады.

"Иә, Төлесова мені ұрды, ол видеодан да көрінеді" , - деді Тұрғанбек.

"Мен сізден Төлесова сізді ұрды ма деп сұрап тұрғаным жоқ. Айыптау актісіндегі Төлесованы автозакқа апара жатқанда сізді үш рет ұрды деген эпизодпен келісесіз бе деп сұрадым" деп нақтылады Өтебеков.

"Хаттаманы мен жазғаным жоқ. Ол жағын білмеймін. Төлесова шу көтеріп бара жатты. Кеше жұмыстан кейін түнде үйге барып видеоны көрдім. Оны азаматтық киімдегі адам ұстаған. Қолым тиіп кеткенде мені айналып соққан", - деді Тұрғанбек.

Өтебеков полицейден Төлесованы ұстамақ болған азаматтық киімдегі адамды танисыз ба деп сұрады. Полицей оны танымайтынын айтты. Адвокат ол ер адам ба деп нақтылады. Полицей азаматтық киімдегінің жынысын да есінен шығарып алыпты.

Адвокаттардың өтінішімен сот осы сәт бейнеленген видеоны көрсетті.

"Сонымен, ер адам ба екен?" деді адвокат.

"Иә, видеоны түнде көріп едім, ұмытып қалыппын", - деді полицей.

Осы кезде әңгімеге араласқан судья Шәкіров М.Тұрғанбектен жұмысқа орналаспас бұрын медициналық комиссиядан өткен-өтпегенін сұрады. Полицей комиссиядан өткенін жеткізді. "Онда кеше көргенді бүгін қалай ұмытып қаласыз?" деп таңырқаған судья: "Әрине, өз шаруаңыз, өз құқығыңыз. Бірақ мұндайды ұмытып қалатын болсаңыз, жұмыстан шыққаныңыз дұрыс шығар" деп полицейге ақыл-кеңес берді.

Мейіржан Тұрғанбектің жауабында басқа да қайшылықтар анықталды. Мәселен, сотта Тұрғанбек Әсия Төлесова жүріп бара жатқан газельдің астына түсіп қалмауы үшін оны ұстап, көмектеспек болғанын мәлімдесе, тергеуде "заңсыздықтың алдын алмақ болғанын"  айтқан. Адвокат Ә.Оралбай полицейден оқиға кезінде шын мәнінде не істегенін сұрады. М.Тұрғанбек Ә.Төлесова көлік астына түсіп кетпесін деп оны ұстағанын түсіндірді.

Тұрғанбектен жауап алған соң адвокат Оралбай Әсия Төлесоваға оқиғаны нақтылайтын сұрақтар қойды. Төлесова автозак алдына полицейлердің заңсыз әрекетін тоқтату үшін барғанын түсіндірді. "Полицейлер автозакқа адам тиеді. Мұндай заңсыздықты тоқтату үшін автозактың алдына тұрып, жолын бөгеп, полицейлерден мұның себебін сұрамақ болдым", - деді Төлесова.

Қорғау тарабы айыптау актісіндегі оқиға хронологиясы дұрыс емес берілгенін көрсетіп, Төлесова Темірхановтың бас киімі жерге құлатпас бұрын автозактың алдында тұрғанын, сәйкесінше, Мейіржан Тұрғанбек бұл уақытта Темірханов пен Төлегеновке Төлесованы ұстауға көмектесуі мүмкін емес екенін айтты.

Әсия Төлесова мен оның анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Жанар Жандосованың сұрақтарына жауап берген М.Тұрғанбек Төлесова өзін үш рет ұрғанын қайталаумен болды.

"Ол жеріңіз ауырды ма?" деп сұрады Төлесова. М.Тұрғанбек бұл сұраққа  "қатты ауырды" деп жауап берді.

Тұрғанбектен жауап алынып біткен соң, жәбірленуші полицей Тасқын Талдыбаевқа сұраққа алынды. Айыптау актісінде Төлесова Тасқын Талдыбаевты бас киімінен ұрғаны жазылған. Талдыбаев "тергеуші қателескен шығар" деп, Төлесова өзін ұрмағанын айтты. Талдыбаев Төлесова өзіне тіл тигізгенін мәлімдеді. Адвокаттар Төлесованың нақты қандай сөзі Талдыбаевты қорлағанын нақтылады.

"Сен де жексұрынсың!" деген сөз маған қарата айтылды", - деді Талдыбаев. Бірақ Төлесова полицейлерге қарата ұрысқан сәт бейнеленген видео сотта көрсетілгенде Талдыбаев өзінің бұл уақытта қайда тұрғанын көрсете алмады. Айтуынша, Төлесова артқа қарап, өзіне осы сөздерді айтқан. Бірақ видео Төлесованың артқа бұрылмағанын айғақтайды.

Бесінші болып сұралған полицей Тілек Төлегенов те Төлесованың "сен де жексұрынсың! деген сөзі өзін қорлағанын жеткізді. Тілек Төлегенов бұл сөздерді Төлесова полицейге қарап айтқанын түсіндірді. Алайда сотта осымен бірнеше мәрте көрсетілген видеода Төлесова бұл сөздерді айтқанда Төлегеновке қарап тұрмағаны, керісінше Төлегенов оның артында тұрғаны көрінеді.

Сот отырысы дүйсенбі күні жалғасады. Дүйсенбі күні сот жарыссөзге көшеді.

Оқи отырыңыз: Төлесованың үстінен арыз жазған полицей сотта жауап берді

 

Байланысты жаналықтар

Әсия Төлесова саяси партия құратынын мәлімдеді

18.12.2020

Әсия Төлесова: БҰҰ-ға шағымданамын

30.09.2020

Алты полицей сотқа берген Төлесова бостандыққа шықты

12.08.2020

Әсия Төлесоваға сот үкімі шықты

12.08.2020

"Мерзкие менты" деген белсенді кінәсін мойындамады

11.08.2020

"Мерзкий мент" сөзіне полицейлер қорланыпты

10.08.2020
MalimBlocks
Әсия Төлесова саяси партия құратынын мәлімдеді

Әсия Төлесова: БҰҰ-ға шағымданамын

Алты полицей сотқа берген Төлесова бостандыққа шықты

Әсия Төлесоваға сот үкімі шықты

"Мерзкие менты" деген белсенді кінәсін мойындамады

"Мерзкий мент" сөзіне полицейлер қорланыпты