Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды

Malim Админ

  • 12.08.2020

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы шығармалары әлемнің10 тіліне аударылды. Олар: ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдері.Аударма жинақтарға ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі кірді.

Абай шығармалары өзге тілдерге бұған дейін де аударылғаны рас. Дегенмен де, бұл бастама мемлекеттің осындай ірі ауқымда іске асырған алғашқы аударма жұмысы. Жоба аясында аударма сапасын қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Аударма жұмысы мен жинақ басылымын ұйымдастыруға әр тілде сөйлейтін аса тәжірибелі мамандар, тиісті елдің мәдениеті мен әдебиетін таныстыратын, көркем аудармаға маманданған ең беделді баспа ұйымдары таңдалып, тартылды.

Мәселен, Абайды ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асуда. Абай шығармаларының жолма-жол аудармасын дайындау және өлеңдеріне лингвистикалық, этнографиялық, тарихи түсіндірме жазуға аудармашы әрі өнертанушы Әсия Бағдәулетқызы, тарихшы, әдебиеттанушы Зифа Әуезова, аудармашы, журналист Роза Құдабаева, абайтанушы-ғалым Гүлзия Қамбарбаева, аудармашылар Миргүл Қали мен Гаухар Халық қатысты. Ақын өлеңдерінің көркем аудармасын жасау танымал британ ақыны, профессор Шон О'Брайенға, ал қара сөздерін аудару шотландық ақын әрі жазушы, профессор Джон Бернсайдқа тапсырылды.

Абай шығармаларын испан тілінде сөйлетуге Сервантес институты қолдау көрсетіп, жинақты дайындауға әдеби аудармаға маманданған «Visor» баспасы жауапты болды. Абай туындыларын аударумен Испанияның беделді аудармашысы Мария Санчес Пиуг, Гранада университетінің профессоры Энрике Торкемада, аудармашылар Михаил Чиликов пен Александра Шевелевалар атсалысты.

Жинақты француз тіліне аудару, басып шығару және таратуды Галимар (Editions Gallimard) атты Францияның ең ірі баспа үйі орындайды. Итальян тіліндегі аударма жинақты Италияның ірі баспаларының бірі Gruppo Mondadoriдайындап таныстырады.

Абайды араб әлеміне Араб мемлекеттері лигасының Білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ALECSO)баспа үйі дайындап, ұсынады. Ақын туындыларының жолма-жол аудармасын әзірлеуге Каир университетінің оқытушысы Рабиға Төлебай, шығыстанушы Құрманғазы Садыбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің деканы Палторе Иктияр атсалысты. Абай өлеңдерінің әдеби редакциясын Мысыр әдебиетшілер одағының көрнекті өкілі, ақын Саурат Селлам, лингвистика және философия профессоры Халед Елсайед жүзеге асырды.

Абай туындыларын қытай тілінде қытай қазақтарының арасынан шыққан танымалжазушы, әдебиетші, қоғам қайраткері, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері Ақпар Мәжит сөйлетті.

Жинақты неміс тіліне аудару және басып таратуға Alles Druckbar баспасы қатысуда. Қазақ тілінен неміс тіліне тікелей аударма жасаған аудармашы Әлмағамбет Төреханов пен Таңсұлу Рахымбаевалар. Жинақтың әдеби редакциясын танымал неміс жазушысы, драматург Анна Цукерман үйлестірді.

Бұл жоба аясында Абайжапон тіліне алғаш рет аударылып отыр. Ол үшін қазақ жәнежапонмамандарынан тұратын арнайы топ құрылды. Ақын шығармаларының көркем аудармасына Токио университетінің шет тілдер профессоры Сакай Хироки, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігін құрастырушы, аудармашы Шигенобу Масуджималап қатысты. Жинақ ТокиодағыХанаденша (株式会社花伝社) баспасынан шығады.

Абай мұрасын түрік тіліне аудару жұмысы Түрік әдебиеті қорының баспасына(Türk Edebiyati Vakfi) тапсырылды. Баспа үйі аударма жобасына Екрем Аян, Зафер Кибар секілді тәжірибелі аудармашылар мен Имдат Авшар, Бахтияр Аслан, Абдулвахаб Кара сынды беделді ғалымдарын тартты.

Абайдың орыс тіліне аударылған алғашқы өлеңдері XX ғасырдың басында-ақ жарияланған еді. Кейін орыс тіліндегі Абай жинақтары бірнеше мәрте аударылып басылды. Ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында оның өлеңдері мен қара сөздерін қайта аударуға талпыныс жасалып, аудармашы-ақындардан тұратын арнайы топ та құрылды. Алайда, қазақстандық және ресейлік мамандар кеңесе отырып, жаңа жинаққа Абай өлеңдерінің осы уақытқа дейінаударылған ең сәтті нұсқаларын кіргізу туралы ортақ ұйғарымға келді. Орыс тіліндегі жинақтың құрастырушысы – Бақытжан Қанапиянов. Десек те, ақынның бірқатар өлеңдері мен поэмалары, 45 қара сөзі орыс тіліне жаңадан аударылып қосылды. 3 поэмамен бірқатар өлеңді мәскеулік ақын әрі аудармашы Михаил Синельников аударды. Ал Қара сөздердің орыс тіліндегі жаңа көркем аудармасын жасауға ресейлік жазушы әрі аудармашы Анатолий Ким қатысты. Ол бұған дейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаев шығармаларын орыс тілінде сөйлеткен, қазақ әдебиетімен және мәдениетімен жақсы таныс маман. Жолма-жол аудармаға ақын, драматург Мадина Омарова, абайтанушы Гүлзия Қамбарбаева, редактор Әлия Нагорнюк қатысты. Абайдың орыс тіліндегі жаңажинағынәзірлеу жұмысын үйлестіруге М.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси­те­тінің баспа үйі жауапты.

Жинақтың барлық тілдегі форматы мен мұқабасы бірдей болмақ. Мұқаба суретінің авторы – танымал суретші Дәурен Қастеев (Әбілхан Қастеевтің немересі).

Әр тілдегі жинақтың таралымы – 3 мың данадан. Таралым осы тілдерде сөйлейтін жүзден аса елдің ірі кітапханалары мен әдеби және ғылыми орталықтарына жеткізіледі.

Бұл жоба аясында алғаш рет Абай шығармалары ағылшын, араб, түрік, қытай, неміс және жапон тілдеріне қазақ тілінен тікелей аударылды. Тек испан, итальян, француз тілдеріне әлі деорыс тілі арқылы жол салуға тура келді. Абайдың шет тілдегі аудармаларының дені кеңес дәуірінде жасалған, яғни ол аудармалар еркін жасалды деуге болмайды. Бертіндегі аударма жобалары аясында жекелеген өлеңдер немесе Қара сөздер бөлек аударылды. Сондықтан бұл аударма аясында Абай аудармасындағы барлық мәселелер жан-жақты қамтылды.

Абайдың 175 жылдығына орай ақын шығармаларын 10 тілге аударуға үлес қосқан бірқатар аудармашы мамандар ел президентінің жарлығымен 2-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Атап айтсақ, Кембридж университеті баспасы тарапынан Абайды аудару жұмысына жетекшілік еткен, аталмыш баспа басшыларының бірі Джейн Манн ханым, Абай өлеңдері мен сөздерін қытай тіліне жеке дара аударған Ақпар Мәжит мырза, Испания корольдік әулетінің аудармашысы, Абайды испан тілінде сөйлеткен Мария Санчес ханым, сондай-ақ Абайды түрік тіліне аударуға айрықша үлес қосқан Зафер Кибар мырза және Абай жинағының араб тіліндегі нұсқасын дайындауға өлшеусіз үлес қосқан Халед Елсайед мырза Қазақстанның шетел азаматтарына беретін ең жоғары сыйлығы – екінші дәрежелі Достық ордендерімен марапатталды.

Байланысты жаналықтар

Қытайға киік мүйізін алып өтпек болған қазақстандық ұсталды

14.03.2024

Қазалы кәмпиті экспортқа шығарылады

12.03.2024

Алматыда тағы да жер сілкінісі тіркелді

06.03.2024

Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады

27.02.2024

Қазақтар атқан киікті қытайлар келіп өңдемек

17.11.2023

Алматыда Қазақстан-Қытай Халықаралық симпозиумы өтіп жатыр

26.09.2023
MalimBlocks
Қытайға киік мүйізін алып өтпек болған қазақстандық ұсталды

Тексеріс кезінде 205 дана ақбөкен мүйізі табылған.

Қазалы кәмпиті экспортқа шығарылады

Алматыда тағы да жер сілкінісі тіркелді

Эпицентрі - Қытай аумағында.

Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады

Орталық қызметінің негізгі бағыты музей және кітапхана ісі, музыка және кино өнері, тіл үйрету т.б. болады деп жоспарлануда

Қазақтар атқан киікті қытайлар келіп өңдемек

Қытай инвесторлары киік етін өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Сол үшін олар Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен 100 мың гектар жер алу үшін келіссөз жүргізу үсінде. Мұны БҚО әкімінің өзі Нариман Төреғалиев орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Алматыда Қазақстан-Қытай Халықаралық симпозиумы өтіп жатыр

Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай және Ресей елінің сейсмолог ғалымдары қатысуда