Қазақтар мінген қымбат яхта Италияда өртенді (видео)
Voice of America-ның хабарлауынша, Сардиния жағалауында, Жерорта теңізінде 50 метрлік яхта өртенген.
Италияның жағалау күзет қызметі Жерорта теңізінде 50 метрлік яхтаның өртеніп, суға батып бара жатқан видеосын жариялады. Жағалау күзет қызметінің хабарлауынша, олар Lady MM яхтасына мінген 17 адамды құтқарған.
Италияның ANSA жаңалықтар қызметі яхта Сардинияның солтүстік-шығыс жағалауындағы Капо Коминодан 96 шақырым жерде өртенгенін хабарлады. Яхтада болған 17 адамның 9-ы экипаж мүшесі болса, 8-і Қазақстаннан келген туристер. Күзет қызметінің айтуынша, яхтадан дабыл түскен соң екі қайық пен вертолет жіберіп, яхтадағы адамдар құтқарылған. Ешкім жарақат алмаған.
Басқа ағылшынтілді басылымдар да яхтада ұлты қазақ сегіз адамның болғанын жазып жатыр.
Lady MM яхтасына мініп саяхаттауды анау-мынау қазақтың қалтасы көтере бермейді. Яхтаны 2003 жылы ISA компаниясы салған. Яхтаның дизайнын атақты яхта дизайнері Уолтер Франчини жасаған. Яхта 10 қонақ және 10 экипаж мүшесі сыйдыра алады. Яхтада бір VIP-каюта, бір екі адамдық каюта мен екі адамдық екі каюта бар.
[embed]https://youtu.be/BJQGcCh1Vkw[/embed]
Мұндай яхтаны жалға алу құны аптасына 150 мың еуродан басталады. Осыдан-ақ Lady MM яхтасын Италияға қарапайым турист болып баратын қарапайым қазақ мінбегені түсінікті. Яхтаның сән-салтанатты каюталарына қарап, оған теңізде криузбен жүруді әдетке айналдырған ауқатты қазақтар мінгенін аңғарасың. Ал қазір Италия қазақстандықтарды індетке байланысты шекарадан кіргізбейтіндіктен, бұл Италияда өмір сүретін қазақтар болуы әбден мүмкін.
Lady MM яхтасының іші осындай болған.