ӨМІРЛІ ӨНЕГЕ

Malim Админ

  • 28.08.2020

– Өз-ағаң!..

Мен ол кісіні осылай атағанды жөн көретінмін. «Өз ағам» деу тым өзімшілдік сияқты сезілетін.

Иә, ол кім де болса: «Өз-ағаң!» – деп өнеге тұтқыза айтуға әбден лайық азамат еді.

Рас, сырт қарағанда – Құз басындағы құлжадай айдынды көрінетін. Қаралай айбынтып тұратын. Қас-қабағында, өңінде кісі қаймықтырар сүс болатын. Бәлкім, ол мұғалім болғандығынан, үлкен қызметке мектептен келгендігінен шығар. Сырт көзге сыр шаша қоймайтын сырбаз еді. Мейірімін де тым тереңге бүгіп ұстайтын. Содан да ма екен, мұғалімдердің жолын кеспей өскен біздер алғашқы көзде алдына барғанымызда бөркімізді қолымызға алғымыз келіп, иба етіп тұратынбыз. Шиыршық атып жататын тып-тығыз жатаған бұйра шаштардың арасындағы шашылып жатқан майса шуақты, шүйліге қарайтын тікенек кірпік өткір көздің бір қиығындағы жұмсақ нұрды, мүсіншінің қолынан шыққандай анық бедерімен айқын көзге ұрып тұратын түріңкі еріннің бір миығындағы жұмбақ күлкіні біраздан соң барып аңғаратынсың. Тіл қатыстың-ақ – арқаң кеңіп сала беретін.

Несін айтасыз, жапан түзге жеке біткен көк сеңгірдей дара тұлға еді. Өтіп бара жатқан ғасырда қазаққа талай-талай мүйізі қарағайдай ұл сыйлаған жомарт құдайдың бір бердім деп берген перен перзенті еді.

Расында да, талай рет топалаңға ұшыратып, талай рет қу толағай бастандырып баққан озбыр ғасыр әуелі әр он жыл сайын түп-тамырымызды түгел қопарып, түк қалдырмай түгел отап кету үшін кетпенін әбден сайлап, шалғысын әбден қайрап келмеп пе еді? Он алтыншы... Жиырмасыншы... Отызыншы... Қырқыншы жылдар... Тіпті, бел ортасынан ауған соң да тажал тарих біз дегенде талай рет тісін шақырлатпап па еді... Елуінші, алпысыншы, тіпті кешегі сексенінші жылдар баяғы қасапшы мінезін ұмытпағанын сөздіріп, теңселіп тұрған миуамызбен тербеліп тұрған масағымызды қырыққысы келіп талай рет ұстара жылтылдатпап па еді?..

Қанша дегенмен, құдай қарасып бақты ғой... қанша рет өртеңге ұшырағанымызбен, артынан бәрі бір алшындап қаулап өніп-өстік қой... Әлгі топалаңдар «жоқ», «жоқ» деуге аузымызды үйретіп тастаған. Әйтпесе, құдай көпсінбесін, тап ауызды қу шеппен сүртердей халде емеспіз ғой.

Жиырмасыншы ғасырда әлемдік сахнаға қазақ өнері аз шықты ма? Оның қай саласының да дүниеге мәшһүр тұлғасы жоқ па?!

Қазақ ғылымының талай саласында әлемдік бәсекеге төтеп бере алар талай саңлақ жетілмеді ме?!

Қазақ спорты бұл ғасырға дейін әлемдік сайыста түйдек-түйдегімен додаға түсіп, түйдек-түйдегімен жұлде алып көріп пе еді?!

Қазақ кітабының бәр-бәрі ауыл айналып, үй күшік боп қалып па?!

Қазақ саясаты қазіргідей екі талай кезеңде күн сайын жауырынымен топырақ қауып жатыр ма?

Әлде, бұның бәрі өрге басқаныңнан гөрі өмірем қап-қаныңа пейіл екенін талай рет ашық көрсеткен озбырлық жүйенің жомарттығы ма?

Жоқ, жиырмасыншы ғасырда қытымыр дүниенің пейілі кеңіп, бәрі оңайлап кетті ме?

Бәлкім, бұл жиырмасыншы ғасырда қара тасты жарып шыққандай қайсар қазақ рухының қай көздегіден де тереңірек суарылып, кемелірек шыңдалып, кеңірек танылғандығының арқасы шығар. Біздің топырағымыздағы сонау Қорқыт, Фараби, Яссауи заманынан рухани ұстаздық дәстүрінің үзілмей келе жатқандығының арқасы шығар.

Расында да, тіпті ең бір түнек кезеңдердің өзінде де ұстаздық шырағданы өшпепті ғой...

Тығырыққа тірелген халыққа рухани шыңдалудан басқа жол жоқ екенін ұқтыруға тырысқан Ыбырай, Шоқан, Абайлар болмаса ғасыр басындағы өз бетімен омбылап сүрлеу салуға тырысқан Алаш сардарлары шығар ма еді?!

Олардың өнегесі өздерімен бірге өлсе, көз көрмеске әкеткен кәр топырақтары жасырылмай жатып, қазақ баласын Ғани Мұратбаев сынды мектепке, Темірбек Жүргенов сынды сахнаға, Қаныш Сәтбаев сынды ғылымға жетелеп шығарып, тәй басқызып жүрген тәлімгерлер туар ма еді?!

Мен Өзбекәлі Жәнібековтің тарихтағы орнын сол санаттан іздеймін. Маған біздің дәл күні бүгінгі ғалымдағы, мәдениеттегі, спорттағы, саясаттағы, басқару ісіндегі қай қайраткеріміздің де тұсауын сол қиғандай боп көрінеді де тұрады.

Алпысыншы жылдардағы рухани жандану жастардан басталды дейтін болсақ, сол көздегі жастар ұйымын Өзбекәлі Жәнібеков басқарды. Жаңа есімдердің көрінуі жастар сыйлығын алудан басталатын. Музыкадағы Еркеғали, Ғазиза, Шәмшілер, әдебиеттегі Әнуар, Олжас, Қадыр, Жұмекен, Тұманбай, Мұхтар, Оралхан, Сайындар, спорттағы Әбдісалан, Әбілсейіт, Темірлер қоғамдық сахнаға тап осылай аттаған-ды. Ол дәстүр кейін жемісті жалғасып, күні бүгінге дейін елең еткізерлік елеулі дарындардың бәріне ортақ тағдырға айналды. Хрущевтың «жылмық кезеңі» бітерде, әдебиет пен өнердің қайтадан үсікке іліге бастаған жас өскіндерін жастар ұйымы қанатына алды. Тап сол жылдары жастар газетінің әдебиет пен өнер бөлімін басқарғандықтан мен оның қыр-сырын жақсы білемін. Өзбекәлі Жәнібеков, Михаил Есенәлиев, Кәркен Ахметов, Сәнжар Жандосов, Камал Смайылов, Әбдісаттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртаза сынды жастар жетекшілері панасына алмағанда талайымызды көктей солдыруға құлықты пиғылдар ол жылдары да ап-айқын көрінген-ді. Тағдыр бізді жетпісінші жылдардың аяқ тұсында қайта жолықтырды. Ол Торғайдан Орталық Комитетке келді. Есенәлиев басқаратын мәдениет бөлімінде істейтін Сайын Мұратбеков екеумізді көрген сайын сонау албырт жылдардың әлде бір тұстарын естерімізге салып: «Әй, абайлаңдар, баяғыдай алдарыңнан өтіп бара жатқан біреулерді құйрықтан теуіп жүрмеңдер», – деп қалжыңдайтын.

Қазақстан экономикасының жаңа салаларында да ұлттық жасақ қалыптастыру сол жылдардағы жастар ұйымынан басталды. Әсіресе, индустриялық еңбекпен ауыздануымызға да сол жылдарғы жастар жетекшілерінің бастамашылдығының атқарған қызметі айырықша.

Ұлттық мемлекеттілігіміздің қайтадан қалпына келтіріліп, тәуелсіз даму жолына түсуіне де өз-ағаңның сіңірген еңбегі ерекше.

Күні бүгін мемлекеттік билігіміздің ең шырқау биігінен бастап барлық деңгейінде де сол жылдардағы жастық ізденістер мектебінің түлектері отыр.

Оны былай қойғанда, қайта құру жылдарындағы дүмпулі, ең талма кезеңде Өзағаңдай көреген саясатшы әлеуметтік құштарлықтар арнасын ақ таңдақтарды толтыру, тарихи зердені қалпына келтіру, мәдени мұраларды қорғау, тіл мәртебесін көтеру, отаншылдық тәрбиені жолға қою, жас ұрпақты заманға лайық кәсіптерге баулу сынды өрелі істерге уақытылы бұра білді. Бұның қай-қайсысы да бүгін таңда егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді нығайтудың ең басты бағыттарына айналып отыр.

Бұл мақсаттарын жүзеге асыруда да қолғабысшыларды баяғы өзі құлын көзінен көре қалғандарынан іздеді. «Ұйқыдан оянған ару» деген кітабым шыққанда келіп, бір сағаттан астам отырып, тарих пен мәдени мұралар жайында емін-еркін әңгімелесіп едік. Кейін ол өз басыма «тауан» болды: Өз-ағаң мәдениет министрі орынбасарынан басқа қызмете ауысып бара жатқанда: «Орыныңа кім лайықты?» деп сұрағанда мені атапты. Жаңа Өзен оқиғасы тұсында Мақтай Рамазанұлы Сағдиев екеуі Ақтауға ұшып бара жатып, қызметкерлеріне маған хабар беруді тапсырыпты. Артынан Әбдіжәміл Нүрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Әнуар Әлімжанов төртеуміз ұшып бардық. Сондай дүрбелең күндері бізді көріп қатты қуанды. Сол бір мазасыз жазда ең бір шетін оқиғалар тұсында қайта-қайта пікір алысуға, Арқалық, Орал, Орда, Атырау, Астрахань, Ақтауға бірге сапар шегуімізге тура келді. Іш жарысып, сырласудың сәті сол тұста келді. Жақсы ұйымдастырушы, кемел басшылығымен қоса, терең ғалым, мейірбан аға, елі мен жері жолында ештеңеден аянбайтын елжанды азамат екендігіне қапысыз көзім жетті. Колбин кетіп, ел басшылығына келген Нұрсұлтан Әбішұлы іздеп таптырып, шақыртып алып: «Ертеңгі пленумда жаңа бөлім ашамыз. Меңгерушілігіне сен ұсыныласың. Ұлт саясатымен бізде қазақ азаматы Шұғылдануы керек. Жағдай айтудың қажеті жоқ», – деп тұқырта айтты. Сол кеште театрда көргенімде Өзағаң: «Басшы сені таба алып па еді? Қайда жүресіңдер, түге!» – деп, түксие түсіп, күліп жіберді. Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Сауытбек Әбдірахманов, Ербол Шәймерденовтер: «шал шақырып жатыр», – деп, шапқыласып бұрын-соңды ол қабырғада талқыланып көрмеген талай әңгімені тірілте бастағанбыз. Сол бір шабытты мәжілістерде Өзағаңдай Құз жартастардың ығының қандай жаймашуақ болатынын әбден көріп едік. Мырзатай Президент Кеңесіне, мен Жоғарғы Кеңеске ауысатын болып, аппаратпен қоштасып келе жатқанда лифт аузында Қуаныш Сұлтанов екеуі шығарып салып тұрып: «Қап, әлі біраз бірге бола тұрғанда болатын еді», – деген сөзі есімнен шықпайды. Одан кейін де бәрібір бірге жүрдік. Бірақ, бұл үлкен жүректің түбінде бұғып жататын бір нәзік сөзімнің ауыздан абайсыз шығып кеткен ұшқыны екенін түсінгенде көңіл абдырап қоя береді.

Ол өзі көре қалған, ести қалған азамат ағалары жайында әрдайым тебірене әңгімелеп отыратын.

Бәлкім, сондай құймақұлақ әрі жұқа жүрек шәкірт бола білгендігінен де соншама өнегесі мол кісілікті ұстаз бола алған шығар.

Өзі де, міне енді сол өзі тамсанатын ұлағатты ұстазға айналды.

Қазақ даласының оның қолы тимеген киелі тасы жоқ.

Талайлардың маңдайында оның аялы алақанының табы жатыр.

Елі мен жері туралы жүрекжарды сырлары мен ойларының көпшілігі көкірегінде кетті. Бір парасы ғана қағазға түсіп, кітап боп қаланып қалды.

Ортамызда жүрмесе де, мерейі үстем, өнегесі өмірлі бола бергей.

Әбіш Кекілбайұлы,

Ақпан, 1999 жыл.

Байланысты жаналықтар

«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

10.02.2023

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Шындықты айту да өнер!

01.05.2021

Әбіш Кекілбайұлы. Фариза

25.12.2020

Әбіш Кекілбайұлы. Хан Тәңірінің етегінде немесе «Тянь-Шань эскиздері»

15.12.2020

Сарсаңмен өткен сол бір кез... (Жалғасы)

06.04.2020
MalimBlocks
«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

Қазақтың тілі үшін күрестің сонау Патша үкіметі кезінен басталғанын білесіз бе? Оның басында тағы да Алаш арыстары тұр.

Мұқағали минуттары

Шындықты айту да өнер!

Әбіш Кекілбайұлы. Фариза

Әбіш Кекілбайұлы. Хан Тәңірінің етегінде немесе «Тянь-Шань эскиздері»

Сарсаңмен өткен сол бір кез... (Жалғасы)