Шаханов пен Сүлейменов «Азат» қозғалысына қарсы жұмыс істеді ме?

Malim Админ

  • 11.09.2020

Жақында МӘЛІМ сайтына Азат» қозғалысының жарғысы: Тәуелсіздік алмай тұрғандағы Қазақ Республикасы" атты мақала жарық көрді. Авторы құқықтанушы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Есбол ӨМІРЖАНОВ. Есбол "Азат" қозғалысының тарихы жайлы диссертациялық жұмыс жазған, санаулы зерттеушілердің бірі. 

КСРО құрамында құрылып, Қазақтың егемендігі жайлы мәселені алғаш көтерген әйгілі "Алаш" қозғалысы неге сонша қысқа өмір сүрді? Олардың жұмысына кедергі келтірген кім? Не үшін тарады? Жалпы, бұл қозғалыс қазір өзінің тарихи бағасын алды ма?

Malim.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтар бойынша мақала авторынан сұхбат алды.

- Сіз «Азат» қозғалысы жайлы «тіл, жер, діл, ұлттық мүдде бойынша ашық талаптар қоя білген және өз тарапынан ұсынылған идеяларды құжаттармен нақтылап, мәселелерді шешу жолдарын көрсете білген салиқалы саяси ұйым болды», дейсіз. Нақты бір-екі мысал келтіріңізші, олар нақты қандай мәселені шешті немесе шешуге ықпал етті?

[caption id="attachment_7210" align="alignleft" width="372"] Құқықтанушы Е.Өміржанов[/caption]

- Жалпы, «Азат» қозғалысы жайлы сөз еткенде қозғалыс құрылған кездегі саяси-экономикалық жағдайларға, одан бұрынғы уақыттарда орын алған ахуалға мән берген жөн. Қозғалыс ұзақ уақыт бойы кеңестік тоталитарлық режим аясында өмір сүрген халықтың арманын, мүддесін қорғау бағытында құрылды. Ұзақ уақыт бойы айтуға тыйым салынған мәселелерді көтерді, ең бастысы ұлт мүддесін ашық қорғауға ұмтылды. Бұл сол кездегі қазақстандық қоғам үшін жаңа, тосын және аса айрықша құбылыс болды. Қозғалыс тарапынан бұрындары тек ас үйде айтылатын мәселелер ашық түрде мінберден айтылды, оппозициялық ұстанымдар жария түрде қоғамға таратылды. Жалпы, еліміздің азаматтарының саяси-құқықтық ұстанымдарының қалыптасуына, елде идеялар плюрализмінің орнығуына, ұлттық сананың оянуына «Азат» қозғалысының тигізген әсері зор болды. Қозғалыс оппозиялық бағытта жұмыс істеп, елімізде демократияны орнықтыру бағытында қызмет атқарды.

Жекелеп айтсақ, «Азаттың» негізгі мақсаты – Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болып, бүкіл дүниежүзілік барлық мемлекеттермен өзара тиімді шартпен байланыс жасауын қалады.  «Азат» қозғалысы 1990 жылы елдегі ресми билік Кеңес Одағының орнына жаңа федерация құру идеясын халыққа жарнамалап, Жаңа Одаққа бірігу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанда еліміздің тәуелсіздігі жайлы идеяны көтерді.

Қозғалыстың бағдарламалық құжаттарында көрсетілгендей, жеке меншікке негізделген жаңаша экономикалық даму бағдарламасын жасау, жеке адамның құқығын қадірлеу негізінде мемлекетте азаматтық қоғам құру, жергілікті ұлт өкілдерінің және өзге де ұлттардың жоғалтқан ұлттық құндылықтарын қалпына келтіру, дін бостандығы, аз ұлт өкілдерінің саясатқа араласуына мүмкіндік жасау, республиканың біртұтастығын сақтау, жеке әскер жасақтау сияқты көптеген кешіктіруді көтермейтін мәселелерді жүзеге асыру да қозғалыстың негізгі атқаруы тиіс міндеттері болған еді.

Азат белсенділері республика аумағында орын алған әрбір саяси, әлеуметтік оқиғалардың бел ортасында жүрді. Сонымен қатар батыл түрде өз талаптарын орындату мақсатында әртүрлі саяси шаралар ұйымдастырды, соның алғашқысы 12 тамыз 1990 жылы Қазақстанның егемендігі туралы декларацияны қабылдауды талап етіп ұйымдастырылған митинг болған еді.

Егер соңғы отыз жылда мемлекет тарапынан жүзеге асырылған жобаларды қарастырсақ, «Азат» қозғалысы көтерген бастамалардың көпшілігі жүзеге асқанын көре аламыз. Мысалы, «Азат» қозғалысы ұсынған тәуелсіздік туралы декларация жобасында жастар туралы заң қабылдану қажеттігі, сонымен қатар жас мамандарды шет елдерге жіберіп оқыту арқылы мемлекеттің барлық салаларын білікті мамандармен қамтамасыз ету бағдарламасын жасау нақты мақсат ретінде атап көрсетілген. Сонымен қатар аталған құжат жобасында алғаш рет мемлекеттегі ұлтаралық татулық пен достастықты қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі құрамында республика өмірінің барлық салаларында ұлттық топтардың белсенді түрде қатысуын қамтамасыз ететін ұлттар кеңесін құру да көзделеді.

- Осындай атышулы қозғалыс құрылып жатқанда Мәскеу қалайша үнсіз қалады? Ашық түрде немесе астыртын қысымдар көрсетілді ме? Қазақстандағы саяси элитада бұларға деген көзқарас қалай болды?

Жалпы алғанда сол кездегі билік «Азат» қозғалысына қарсы ақпараттық майдан ашты, Азат қозғалысы туралы ресми баспасөз беттерінде қоғамдық қозғалысқа қатысты негативті көзқарас қалыптастыруға бағытталған материалдар үздіксіз жарияланды.

Азаттың халықтық ұйымға айналуы қаупін көрген жергілікті партия органдары оған қарама-қайшы бағыттағы «Единство» ұйымын құруға мәжбүр болды. Бұл жөнінде М. Есенәлиев «Ақиқатты айтпау - азаматтыққа сын: Азат қозғалысы дүниеге келісімен оның бағдарламасы үшін өкімет органдары мүмкіндігі келгенше бізді Қазақстанды Одақтан бөліп алуды көздейтін ұлтшыл етіп көрсетуге тырысып бақты. Азатты орыс халқына жау етіп көрсету арқылы «Единство» ұйымының тууына түрткі болды» деп, өкімет органдарына ашық наразылық білдіреді.

Қоғам үшін өте таныс бір әдіс сол кезден бастап жүзеге асырыла бастаған. 1991 жылдың 5-6 қазанында Алматыдағы Қазақстан Жазушылар Одағының мәжіліс залында республикалық «Азат» азаматтық қозғалысының 1-съезі мен жуырда құрылған осы аттас партияның төтенше конференциясы өтіп жатқанда, дәл осы күндері республикалық ғылым академиясының үйінде М.Шаханов пен О.Сүлейменовтің басшылығымен тағы бір саяси құрылым – Қазақстанның Халықтық Конгресі партиясы өзінің құрылтайына жиналған еді. Өз кезегінде Қазақстанның Халықтық Конгресі партиясының құрылуын азаттықтар өздеріне, қазақ халқының басының бірігуіне қарсы жасалған шара деп түсінді.

- 1990 жылдың мамыр айында құрылған қозғалыстың құрамында болған 33 адамды айтасыз. Олар кейін немен айналысты?

- Мен «Азат» қозғалысы жайлы зерттеуді 2005 жылы бастадым. Алғашында ұстазым Сәкен Өзбекұлы маған «Есбол, мен саған ешқашан өзектілігі жойылмайтын, керемет тақырып беремін! Сен «Азат» қозғалысы жайлы зерттеу жүргізесің», - деген кезде, мен біраз уақыт түсінбей тұрып қалдым. Мен «Азат» қозғалысы жайлы өте аз білетінмін. Сонымен қатар, құрылғанына жиырма жыл да толмаған қозғалыс жайлы ғылыми зерттеу жүргізудің қиындығы жайлы кафедрадағы ұстаздар да пікірлерін білдіріп жатты. Сондықтан да болар, мен аспирантураға қабылданып, зерттеу тақырыбымды бекіткен соң алғашқы жарты жылда ұстазыммен жолығудан қашып жүрдім. Қалай да зерттеу тақырыбын өзгерту жолдарын іздестіріп, өзге ғалымдардан кеңес алдым. Бір күні мені кабинетіне шақырып алып, әбден ұрысты. Мен: «Ағай, бұл өзі құрылғанына жиырма жыл да толмаған, оппозициялық ұйым екен. Мен тіпті, жазып шықсам да оны қорғау қиын болады ғой. Сондықтан, басқа тақырып алайықшы», - деп өз ұсынысымды айттым. Оған ұстазым келте жауап қайырды: «Есбол, бұл кездер де өтер, бір уақыттарда «Азат» ұсынған идеялар басты орынға шығады. Сен жазып шықсаң, қорғау жағына өзім жауап беремін!», - деп, шығарып салды.

Алғашында кітапханаларда отырдым, біртіндеп мұрағаттарға барып жұмыс істей бастадым. Алайда, көптеген сұрақтарға жауап табу қиын болды. Ұстазымның айтуымен көзі тірі «Азат» қайраткерлерімен жұмыс істейтін болып шештім. Сөйтіп, мен «Азат» қозғалысының ардагерлерімен танысуды бастадым.

Ең алғашқы кездестіргенім марқұм Батырхан Дәрімбет болды. Ол кісі менің жұмысымды қолдайтынын айтып, өзінің «Азат қозғалысы» және «Демократия мен автократия» кітаптарын сыйға берді. Келесі жолы асықпай әңгімелесетін болып, кездесетін уақытты белгілеп тарастық. Келесі жолы белгілеген уақытта ол кісінің Абай даңғылы мен Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан кеңсесіне келдім. Телефонына қанша қоңырау шалсам да алмады, үш сағатқа жуық тосып, үйге қайттым. Үйге келсем «кешкі жаңалықтар» болып жатыр екен, жаңалықтардан Батырхан Дәрімбеттің жол апатынан қайтыс болғанын хабарлады.

Бұл жағдай маған өте ауыр тиді...

Қол қусырып қарап отыратын емес, өзге «Азат» қайраткерлерін іздестіруді жалғастырдым. Келесі жолыққаным Хасен Қожа-Ахмет ағамыз болды. Хасен ағамыз танысқан соң өзінде бар құжаттарды, фотоларды беруге уәде етті. Келесі жолы пәтеріне шақырып, асықпай отырып сұхбат берді, өзінде сақталған газеттерді, фотоларды берді. Одан кейін Дос Көшім, Орал Сәулебай, Жасарал Қуанышалин, Айсұлу Қадырбаева, Мақаш Тәтімов, Жағда Бабалықұлы, Камал Ормантаев, Арон Атабек сынды кісілермен кездесіп, сұхбат алдым.

Мен үшін ең қиыны Марат Шорманов ағамызды табу болды, қанша іздестірсем де ол кісіні таба алмадым. Сәкен Өзбекұлының жұбайы Қымбат Айтмағамбетова маған Сәбетқазы Ақатайдың жұбайы Римма апайдың телефон номерін тауып берді. Римма апай мені жақсы қарсы алып, Сәбетқазы ағаның жеке мұрағатында жұмыс істеуіме рұқсат етті. Соның арқасында мен көптеген құжаттарды, газет материалдарын, фоторларды таптым. Одан кейін Римма апай мені Жағда Бабалықұлына жіберді. Сөйтіп, мен  өмірдегі екінші ұстазым Жағда Бабалықұлын кездестірдім. Жағда атамыз қозғалыс жайлы көптеген естеліктерімен бөлісті және біршама құжаттарды берді. Кейіннен екеуміз өте жақсы араласып кеттік, мен ол кісінің шәкіртіне айналдым.

- Қозғалыстың үндеуінде ұлтаралық араздық мәселесі айтылады. Одан кейін де біз бұл тақырыпты жиі қозғап келеміз. Бірақ, қанша жасырып-жапқанмен, ұлтаралық қақтығыстар болып тұрады. «Азат» қозғалысы бұл мәселені шешуде қандай да бір нақты шаруалармен айналысып үлгерді ме?

- «Азат» қозғалысы Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт диаспораларымен келісімге келіп, қазақ ұлтының айналасына шоғырланған орта құра отырып, ұлттық мемлекеттілікке қол жеткізуді мақсат етті. Тіпті, «Азат» қозғалысы басшылығы еліміздегі орыс ұлтының өкілдеріне үндеу жариялап, оларды бірлесе, бейбіт өмір сүруге шақырды.

Дегенмен, еліміздегі ұлтаралық қатынастар 1991 жылдың қыркүйегіндегі Орал оқиғасынан кейін тіпті ушығып кетті. 91 жылдың 13-15 қыркүйегі аралығында 20 000 мыңға жуық адам қатысқан, үш күнге созылған наразылық акциясының ұйымдастырушысы болып, басы-қасында болған негізгі күш «Азат» қозғалысының жергілікті өкілдері және жер-жерден жиналған белсенділері еді. Оралдағы «Қыркүйек оқиғасы» кезінде еліміздің батысынан автономия жариялап, жерімізді бөліп алмақ болған сепаратистердің арандатуына жауап ретінде, әрекеттері стихиялы ашық қарсылыққа ұласқалы тұрған халықты қанды қақтығыстарға жібермей, бар жауапкершілікті өздеріне алып, халықты ұйымдасқан түрде бейбіт наразылық акцияға алып шыққан «Азат» қозғалысы болды. Жер жерден жиналған «Азат» белсенділері жұртты өздері бастап жүрді және жағымды нәтижеге қол жеткізді.  Әрине, аталмыш оқиғадан кейін «Азатқа» қатысты өзге ұлт өкілдерінің көзқарасы оң болды деу қиын.

- Жалпы, қозғалыстың жарғысында елдің, жердің иесі ретінде қазақтың орны қандай болды?

- Қозғалыс ұсынған Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасында жер, қазба байлықтар, су, орман, табиғи ресурстар және өзінің әуе кеңістігі Республиканың даусыз меншігі болып табылады, ол елдің басқа да күллі ұлттық байлықтарына тұтастай иелік етеді деп жазылған. Сонымен қатар, қозғалыс елдің аумағының біртұтастығы сақталуын және унитарлық мемлекет құруды талап етті.

Ол кезең үшін ең басты мәселе еліміздің аумақтық тұтастығы болғандықтан «Азат» қозғалысы ұсынған Конституция жобасында да бұл мәселе айқындалған. Аталған жобаның 3-бабына сәйкес, Республиканың шебі біртұтас, бөлінбейді, оған қол сұғылмайды деп көрсетілген.

- Олар өздері құрмақ болған дербес мемлекетті Қазақ Республикасы деп атайды. 1992 жылғы Назарбаевтың ант қабылдауында да Қазақстан емес, Қазақ Ресупубликасы деп атайды. Осы екеуінің арасында қандай да бір байланыс бар ма? Жалпы, «стан» қашан және қайдан қосылды?

- «Азат» қозғалысы өз тарапынан конституция жобасын да ұсынған болатын. 1990 жылы шілдеде ҚазМУ-де қызмет ететін Сәкен Өзбекұлы жобаны әзірлеп, «Азат» газетінде жариялаған еді. Жоба авторы қазақ жерін көптеген ұлт өкілдері мекендейтінін ескере отырып, конституция жобасының 1-бабын «Қазақ Республикасы – тәуелсіз демократиялық, ұлттық мемлекет», ал, 3-бабын «Қазақ Республикасының мемлекеттік егемендігі қазақ ұлтының және республиканы мекен ететін барлық ұлт өкілдерінің қолында», деген мәтінде береді.

Ал, Қазақстан Республикасы деген атау 1993 жылғы қабылданған Конституцияда алғаш қолданылды. Содан бері бұл атау толықтай орнықтырылды.  Дегенмен, Қазақ Республикасы атауы болашақта ресми бекітілетіндігіне үміттенемін.

- Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев ол кезде Одақ құрамындағы Қазақстанның бірінші хатшысы. Қозғалыс құрылып, өз сөзін айтып жатқанда ол қайда болды және бұл қозғалысқа көзқарасы қалай болды? Араларында идеялық тұрғыда нақты бір қақтығыстар болды ма?

- Нақты Назарбаевпен «Азат» қозғалысының арасындағы қатынас қалай болғандығын көрсету үшін бір ғана мысалды келтіре кетейін. 29 қыркүйек 1990 жылы Алматыда қырықтан астам бейресми ұйымдар мен қозғалыс өкілдері Қазақ ССР-інің Президенті Назарбаевпен кездесу өткізеді. Бұдан сәл бұрын республика өмірінің осынау жауапты кезеңінде қоғамдық-саяси өмірдегі тыныштықты сақтау үшін 1991 жылдың 1 қазанына дейін митингі өткізуге мораторий жариялағандығы туралы ресми газеттер жариялаған болатын. Президентпен кездесуге М.Есенәлиев, С.Шапағатов, Н.Қойшыбеков, Г.Биболдиновалар барған және қозғалыс туралы М.Есенәлиев баяндама жасаған. Аталған жиында Президент ұсынған көше шерулеріне, митингілерге мораторий жариялау мәселесі талқыланып, көптеген бейресми ұйымдар өкілдерінің бұған қарсы екенін, сондықтан Азат қозғалысының бұл мораторийға қосылмайтындығы туралы шешім қабылданғаны жайлы кейіннен «Азат» газетінде ақпарат берілді.

Ресми жарияланған мораторийді Конституцияға қарсы деп тапқан «Азат» қозғалысы 1990 жылдың 14 қазанында үш сағатқа созылған «Бөлінбейтін біртұтас, дербес Қазақстан үшін» деген ұранмен қала басшылығының рұқсатынсыз митинг өткізді.

- Қозғалыс өкілдері Тәуелсіздік алған соң Қазақстанның жаңа конституциясын қабылдауда қандай да бір роль атқарды ма? Өздері қалағандай парламентке депутат ұсына алды ма? Жалпы, бұл қозғалыстың жаңа президент Назарбаевқа ықпалы қандай болды?

- Әрине, «Азат» қозғалысы жалпыхалықтық сипатқа ие болған ірі саяси ұйым болды және өзінің оппозициялық көзқарастары мен ұсыныстарын ашық жариялап отырды. Дегенмен, нақты сайлауға қатысқан жоқ. Бұл бағытта Сәбетқазы Ақатай үлкен жұмыс жүргізді. Ол «Азат» партиясын құрып, алдағы сайлау науқанына дербес партия ретінде қатысуды мақсат етті. Дегенмен, партия да, қозғалыс та 1994 жылдың7 наурызында өткен Парламент сайлауына қатысқан жоқ.

- Тәуелсіздік алмай тұрып егемендік үшін басын бәйгеге тігіп, көшеге шыққан азаматтар ел тәуелсіздік алған соң неге тарап кетті? Қалай тарады?

- «Азат» қозғалысының ыдырауына көптеген объективтік және субъективтік себептер әсер етті. Ең басты себептердің бірі ретінде қозғалысқа қарсы жүргізілген ақпараттық соғысты айтуға болады, қозғалыстың теріс бейнесін қалыптастыруда көптеген ірі ресми басылымдардың орны ерекше болды. Дегенмен, қозғалыс жақтаушыларының саны да айтарлықтай болды. Әсіресе, Қызылорда облысында «Азаттың» жергілікті белсенділерінің жергілікті билікке ықпал етіп, көптеген мәселелердің шешілуіне мұрындық болғаны жайлы көптеген ақпараттарды сол кездегі баспасөз беттерінен табуға болады.

Келесі себеп ретінде «Азат» басшыларының арасында туындаған түсініспеушіліктер мен идеялық қайшылықтар болды. Азаттықтардың бір бөлігі айқын оппозициялық ұстанымда болса, екінші бөлігі билікпен ымыраласа отырып өз мақсаттарына жетуді ұсынды. Мысалы, С.Ақатайдың билікке қатысты «Жаман биеге жабу жауып, құлынын ал» деген ұстанымы, оның билікпен ымыраласа қызмет етуді жақтағанын көрсетеді. Ал, Ж.Қуанышалин болса айқын оппозициялық ұстанымда болып, биліктің қозғалыстың ұсыныстарымен санасуын жақтады. Сонымен қатар, қозғалыс басшыларының арасында туындаған алауыздық та көп мәселенің одан әрі шиеленісуіне алып келді. Үшіншіден, сол кездегі қозғалыстың қаржылық жағынан қысымға ұшырауы, әртүрлі айыппұлдар төлеуге мәжбүр болуы, ірі қаржылық қолдаудың болмауы да қозғалыс жұмысының бәсеңсуіне өз ықпалын тигізді.

Дегенмен, қозғалыстың саясаттағы орнын одан әрі нығайту бойынша да талпыныстар болды. Нақты жағдайды бағамдап, саяси ұйымдардың күш біріктіру арқылы саясатта салмақты орынға ие болу идеясын Есенәлиев ұсынды, оған сәйкес Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы, республикалық партиясы және ұлттық-демократиялық «Желтоқсан» партиясы 1992 жылдың 11 қазан күні бірігу съезін өткізді. Оның алдында «Азат» пен ҚРП-ның жеке-жеке съездері болып, оларға қатысқан делегаттар бұл үш қоғамдық-саяси бірлестіктің қосылуын бірауыздан құптады. «Азат» қозғалысы съезіне белгіленген 84 делегаттың 59-ы, ҚРП съезіне белгіленген 76 делегаттың 53-і қатысты. Бірігу съезінде Азат, ҚРП және «Желтоқсанның» республикалық партия негізінде қосылғандығы жөнінде шешім қабылданды және республикалық партияға «Азат» аты беріліп, бекітілді. Қазақстанның республикалық «Азат» партиясының төрағасы – К.Ормантаев, төрағаның бірінші орынбасары – Х.Қожа-Ахмет, төрағаның бас кеңесшісі – Ж.Қуанышалин, «Азат» газетінің бас редакторы – Б.Дәрімбет сайланды. Өкінішке орай бұл партия ресми тіркеуден өте алмады.

Жалпы, қозғалыстың белсенді жұмыс атқарған шағын 1990 жылдың шілдесі мен 1992 жылдың қазан айының аралығы деуге болады.

Уақыт өте келе, Республикалық партия мен «Азат» азаматтық қозғалысының жолы мүлдем алшақтады. 1993 жылдың 3 қазанынан бастап қозғалыс төрағасы қызметін Х. Қожа-Ахмет атқарды (25 желтоқсан 1991 жылы ресми мемлекеттік тіркеуден өткен, мөрі бар қозғалыстың негізгі бөлігі), ортада қозғалыстың осы негізгі тобының басшылары арасында қаншама талас-тартыс, келіспеушіліктер орын алса да өз қызметін жалғастыра берген қозғалыс жұмысына тек 2005 жылы шілде айында мораторий жарияланды. Қазір осы қозғалыс негізінде «Ұлт тағдыры» қозғалысы жұмыс істеп жатқанын білесіздер.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

СҰХБАТТЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Тоқаевты қолдайтын Азамат Әміртайдың партиясы тіркелді

30.11.2022

«Ұстанымыма байланысты Қазақстаннан атақ алмаймын». Шаханов сертінен тайды     

16.06.2022

Еш уақытта Алма-Ата болмайды, Олжеке!

21.09.2021

Әкім Әбдіқалықова Олжас Сүлейменовті мақтады

29.08.2020
MalimBlocks
Тоқаевты қолдайтын Азамат Әміртайдың партиясы тіркелді

Қазақстанға  + 1 саяси партия. Атауы - «Байтақ». Ұраны  -- экология. Жалауы жасыл. Бұл өзі Қазақстанда оншақты жылдан бері дүниеге зорға келген партия. Көсемі Азамат Әміртай.

«Ұстанымыма байланысты Қазақстаннан атақ алмаймын». Шаханов сертінен тайды     

«Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу дәметпеуі керек»

Еш уақытта Алма-Ата болмайды, Олжеке!

АЛАШТЫҢ АРЫ – АЛМАТЫ!

Әкім Әбдіқалықова Олжас Сүлейменовті мақтады