Көлгіновке орыс тілінде ақпарат тарату маңызды
Үкімет пен әкімдіктер коронавирус індетінде жұмыссыз қалған қазақстандықтарды жұмысқа орналасып жатқанын насихаттау үшін бюджеттің жүздеген миллион теңге шашып жатыр. Мәселен, Алтай Көлгінов басқаратын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы газет бетінде және интернет желісінде коронавируспен күрес кезінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын іске асыру шараларын жариялау бойынша тендер жариялаған. Тендердің құны –58 035 714 теңге. Бірақ қызығы, 58 миллиондық тендерді тек орыстілді газеттерге арналған.
Нұр-Сұлтан қаласының ішкі істер басқамасы үкіметтің жұмыссыздарға жұмыс тауып беріп жатқанын тек орыстілділер ғана білсін дейтін сияқты. Тендердің техникалық құжат ерекшелегінде коронавируспен күрес кезінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы қалай іске асып жатқаны жайлы материалар тек орыс тілінде жариялануы тиіс.
"Бұл қызметті көрсету шеңберінде жеткізуші тапсырыс берушінің келісімі бойынша апта сайын сапалы суреттермен ақпараттық және шолу материалдарын орыс тілде дайындап, жариялайды", – делінген техникалық ерекшелік құжатында.
Сонымен қатар ақпарат құралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің нормативтік-құққтық актілері мен қалалық мәслихат шешімдерін жариялайды.
Бұдан бөлек тендерді ұтып алушы 30 секундтан 10 минутқа дейінгі бейнематериалдарды Facebook, Instagram, Youtube әлеуметтік желілерінде тапсырыс берушінің келісімі және сұрауы бойынша әзірлеп таратады. Бейнематериалдар да тек орыс тілінде болуы тиіс.
Осылайша А.Көлгінов басқаратын астана әкімдігі қазақтілді басылымдарды елемей, 58 миллионды орыстілді газетке бермек. Соған қарағанда, әкімдік үкіметтің халықты жұмыспен қалай қамтып жатқанын қазақтілді қауымның білгені керек емес деп есептейтіндей.