Екінші толқын: Карантин - биліктің саяси құралы

Malim Админ

  • 29.09.2020

Былтыр Қытайда басталған коронавирус індетінен қайтыс болған адамдардың саны әлем бойынша 1 миллионға жетті. Еуропада вирустың тарауы қайта өршіп отыр. Франция, Испания, Ұлыбритания елдерінде вирус жұқтырғандардың саны рекордтық көрсеткішке жетіп, елде шектеу шаралары қайта енгізілді. Украина президенті Владимир Зеленский елде коронавирустың екінші толқыны басталғанын мәлімдеді. Ресей астанасы Мәскеуде індет жұқтырғандар санының артуына байланысты карантин режимі күшейтілді.

Осы тұста Қазақстанда да ел арасында коронавирус індетінің екінші толқыны жөнінде алып-қашпа әңгімелер көбейді. Бірі «елде қазан айынан бастап карантин енгізіледі» десе, енді бірі «2021 жылдың көктеміне дейін карантин режимі сақталады» деген болжам айтуды. Жақында денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов отандық медицина коронавирустың екінші толқынына тас-түйін дайын екенін айтты.

Дәрігер Қайырғали Көнеевтің сөзінше, Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны болмауыда мүмкін. Себебі бірінші толқында халықтың 60-70 пайызы ауырып шыққан. Екінші толқын болған күннің өзінде ол бірінші толқындай болмайды. Одан әлсіз өтеді.

«Менің ойымша, Қазақстанда екінші толқын болмауы да мүмкін. Себебі бірінші толқында халықтың 60-70 пайызы коронавирус инфекциясымен ауырып шықты. Екінші толқын болған күннің өзінде ол бірінші толқындай болмайды. Одан әлсіз өтеді. Еуропа елдері мен Ресей екінші толқынды күтіп отыр. Оларда ол шын мәнінде қатты болады. Өйткені бұл елдерде халықтың 10-15 пайызы ғана ауырып шықты. Оларда ұжымдық иммунитет жоқ. Ал бізде ол бар. Осыған байланысты біздің медицинаның дайындығы бірінші толқын кезіндегімен салыстырғанда жақсырақ болады. Қанша дегенмен дәрігерлер, денсаулық сақтау министрлігі, тиісті органдар тәжірибе алды», - дейді Көнеев.

Қайырғали Көнеевтің пікірінше, екінші толқын болған жағдайда аурудың тарау қарқыны бірден жоғары болмайды. Ол баяу жүреді. Бірақ ұзақ мерзімге, 2021 жылдың күзіне дейін созылады.

«Наурыз-қыркүйек айлары аралығында коронавирус инфекциясымен 7-8 миллион адам ауырды. Аурудың тарауы жоғары болмайды. Ол баяу жүреді. Бірақ екінші толқын 3-4 ай болмайды. Ол 2021 жылдың күзіне дейін созылады... Екінші толқынға карантин жариялаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ бізде карантин эпидемиологиялық шара емес, саяси құрал болып кетті. Сол себепті биліктің басына қандай ой келетінін болжау қиын», - дейді Көнеев.

Қыркүйектің басында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қаңтар-тамыз айларында жалпы ішкі өнім 3 пайызға азайғанын мәлімдеді. Дүниежүзілік Банк «Дағдарысты еңсеру» атты баяндамасында Қазақстанда пандемия салдарынан тағы 800 мың адам кедейлікке ұшырауы мүмкін екендігі айтқан. Бұл коронавирус індетінің бірінші толқынынан кейінгі қалыптасқан жағдай. Ал оның екінші толқынына Қазақстан қаншалықты дайын?

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан коронавирустың екінші толқынына және қатаң карантиндік шектеулерге дайын емес.

«Екі айдан аса уақыт болған төтенше жағдай кезінде 4,5 миллион адамға 42 500  теңге көлемінде көмек берілді. 4,5 миллион адам біздің еңбекке жарамды халықтың жартысы. Бұл экономиканың дамуына үлес қосатын 4,5 миллион азамат сол уақытта үйде отырды деген сөз. Сол екі ай уақыттың өзі біздің экономикамызды екі есеге құлдыратты. Осының барлығын айта келе, Қазақстанның экономикасы коронавирустың екінші толқынына дайын емес деуге болады. Үкіметтің дайындығы бар шығар. Кішкене болса да қор бар. Бірақ бұл жалпы экономикаға үлкен соққы болайын деп тұр. Бұған осыған дейін болған карантин мен логдаун салдарынан туындаған жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейінің өсуі әсер етіп отыр. Карантин шаралары ары қарай тағы болатын болса, онда жұмыссыздар саны тағы еселенеді, халықтың әлеуметтік жағдайы одан ары нашарлайды. Сондықтан, екінші толқын келген күннің өзінде қатты шектеулер жасамауға тырысу керек. Соның тиімді тетіктерін табудың жолдарын қарастыру қажет», - дейді Халық.

Саясаткер Жанболат Мамайдың пікірінше, коронавирустың екінші толқыны Қазақстанға экономикалық тұрғыдан ауыр тиеді. Соған байланысты билік карантин шараларын одан ары күшейтпейді. Бірақ қаңтар айында өтетін парламент сайлауына дейін оны созатын болады.

«Коронавирустың келесі толқыны Қазақстан үшін экономикалық жағынан өте ауыр болады. Шілде айының өзінде 1 миллионға жуық адам жұмыссыз қалды. Егер тағы да карантин жарияланатын болса, онда жұмысқа қабылетті халықтың тең жартысы, яғни 4,5 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан елді ауыр кезеңдер күтіп тұр. Бірақ, менің болжамым бойынша, билік енді қатаң карантинге бармайды. Бұл оларға экономикалық жағынан өте тиімсіз. Қазіргі карантиндік шараларды олар қаңтар айында өтетін парламент сайлауына дейін созуға тырысады», - дейді Мамай.

Жанболат Мамайдың сөзінше, алда өтетін парламент сайлауы билік үшін үлкен сынақ болмақ және коронавирус пандемиясының салдарын халық 3-4 айдан кейін емес, 1-2 жылдан кейін сезінуі мүмкін.

«Коронавирус пен карантиннің салдарынан болған әсерді біз алдағы 3-4 айда емес, одан кейінгі 1-2 жылда көруіміз мүмкін. Сол уақытқа дейін экономика оңалмайтын сияқты... Карантин, экономикалық жағдайдың қиындауы, билікке деген сенімсіздіктің өршуіне байлансыты алда болатын парламент сайлауы өте қиын жағдайда өтейін деп тұр. Бұл сайлау билікке де, елдегі наразылық көңіл-күйге де үлкен сынақ болайын деп тұр», - дейді Мамай.

Байланысты жаналықтар

Тоқаев KIA корпорациясының президентін қабылдады

23.04.2024

Бектенов барлық үйлерді мерзімінде тапсыру үшін қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды

23.04.2024

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Қазақстанға келеді

23.04.2024

Тоқаев Өзбекстан Президенті мен халқына су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін алғыс айтты

23.04.2024

Тасқыннан зардап шеккендерге қосымша 553 мың теңге беріледі – Бектенов

23.04.2024

Ақбөкендерді атуға енді рұқсат етілмейді

22.04.2024
MalimBlocks
Тоқаев KIA корпорациясының президентін қабылдады

Хо-сунг Сонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қостанайдағы автомобиль шығаратын толық циклді зауыт құрылысының барысы туралы мәлімет берді.

Бектенов барлық үйлерді мерзімінде тапсыру үшін қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды

Бүгінде елімізде 39 барынша проблемалық нысан бар.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Қазақстанға келеді

Ресми сапар 24-25 сәуірге жоспарланған.

Тоқаев Өзбекстан Президенті мен халқына су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін алғыс айтты

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тасқыннан зардап шеккендерге қосымша 553 мың теңге беріледі – Бектенов

Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындық, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады.

Ақбөкендерді атуға енді рұқсат етілмейді

Болжам бойынша, былтырғы төлді ескере отырып, ақбөкендердің саны шамамен 2,5-2,6 млн бас болды.