Әсия Төлесова: БҰҰ-ға шағымданамын

Malim Админ

  • 30.09.2020

Алматы қаласы сотының апелляциялық алқасы "билік өкілін қорлап, күш қолданды" деп айыпталған азаматтық белсенді Әсия Төлесоваға шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Апелляциялық соттың шешімімен келіспейтін Ә.Төлесова мен оның адвокаттары енді жоғарғы сотқа шағым түсірмек.

Ә.Төлесованың апелляциялық шағымын судьялар Бектемірова, Федотова мен Яковлева қарады. Адвокаттар Медеу аудандық соты алдыңғы инстанцияда істі қараған кезде оқиға хронологиясы бұзылғанын алға тартып, видеоның монтаждалғанын айтты. Адвокат Джохар Өтебеков оқиға хронологиясын қалпына келтіріп, жәбірленуші полицейлерден жауап алуды сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Бас-аяғы бір сағатқа созылған апелляциялық сот Медеу аудандық сотының судьясы Шәкіров шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Біз апелляциялық соттан кейін Әсия Төлесоваға хабарласып, апелляциялық алқа шығарған шешім жайлы пікірі мен алдағы жоспарын сұрап-білген едік.

– Әсия, апелляциялық сот алқасының шешімі жайлы не дейсіз?

– Біз апелляциялық сот алдыңғы сот шешімін өзгеріссіз қалдырады деп болжадық. Өкінішке қарай, апелляциялық сот адвокаттарым – Джохар Өтебеков, Әлімжан Оралбай, Назерке Ризабекова мен қоғамдық қорғаушым – Жанар Жандосова және өзім келтірген дәлелдерді назарға алмады. Бізге істі нақтылайтын бірде-бір сұрақ қойылмады, осының өзі, меніңше, соттың іске немқұрайлы қарауын немесе істің солай шешілуіне мүдделі болғанын көрсетеді. Ал бұл сот жүйесінің жұмысына қатысты көп сұрақ тудырады.

Алдыңғы инстанциядағы Медеу аудандық сотының судьясы Шәкіровтің үкімі де біздің және қоғамның көп сұрағын тудырды. Өйткені сотқа дейінгі тергеу жіберген фактологиялық, хронологиялық, техникалық қателер есепке алынбады. Ал тергеу әр жерден басын құрап құрастырған, хронологиясы бұрмаланған видео –  істегі негізгі дәлел болды. Жәбірленушілердің тергеу мен соттағы жауаптары бір-біріне қайшы болды.  Құқық қорғау органдарының белсенділер, журналистер мен саяси қайраткерлерге қарсы заңсыз әрекеті және сот процесінің бізде қалай өтетінін тізіп, адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға хат жолдадым.

– Ендігі әрекетіңіз қандай болмақ?

– Біз апелляциялық сот шығарған шешімнің үстінен кассациялық шағым түсіреміз. Сондай-ақ БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданамыз.

Ал Әсия Төлесованың адвокаты Джохар Өтебеков бізге берген сұхбатында "апелляциялық сот алдыңғы сот шешімін өзгертпейтінін білсек те, ең болмаса оқиға хронологиясын қалпына келтіретін шығар деп үміттендік" дейді.

– Сот қандай шешім шығаратынын алдын ала білгендей әсер қалдырды. Біз келтірген дәлелдер олар үшін жай ғана формальді нәрсе болғандай. Сот біз түсірген барлық өтінішті кері қайтарды.

Біз сот үкімі өзгеріссіз қалатынын білдік, бірақ ең болмаса үкімдегі хронологияны сипаттайтын түсіндірмені түзететін шығар деп үміттендік. Өйткені іс жүзінде Төлесованы полицейлер әуелі жерге құлатады, ол кейін оларға тойтарыс береді, қызбалыққа салынып кейін полицейдің бас киімін қағып түсіреді. Алдыңғы сотта осы оқиға хронологиясы бұзылған болатын. Оны апелляциялық алқа қалпына келтірмеді.

Әсия Төлесова енді он күн ішінде өзі тұратын аудандағы пробация қызметіне есепке тұруы керек. Есепке тұрған соң ол рұқсатсыз Алматыдан кете алмайды, – дейді адвокат Өтебеков.

Тамыз айында Медеу аудандық соты Әсия Төлесованы "билік өкіліне күш қолданды және қорлады" деген айыптар бойынша кінәлі деп тауып, бас бостандығын бір жарым жылға шектеп, 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарған.

Әсия Төлесованың үстінен қылмыстық іс қозғауға оның 6 маусым күні рұқсат етілмеген митинг кезіндегі әрекеті түрткі болған. Ішкі істер министрлігіне тиесілі Polisia.kz сайты Ә.Төлесова заңсыз митинг кезінде полиция қызметкеріне қарсы күш қолданғанын жазған.

Полицей Мейіржан Тұрғанбек сотта жауап бергенде Төлесова өзін автозак алдында үш рет ұрғанын айтса, полицей Нұрбек Темірханов белсенді өзін дүкен алдында ұрып, бас киімін қағып түсірді деген. Нұрбек Темірханов, Тасқын Талдыбаев, Ернат Сабалақов, Ұлан Абиболла мен Тілек Төлегенов сот кезінде Әсия Төлесованың "гад, и ты гад! Никто из вас не достоин носить форму! Мерзкие, мерзкие менты!" деген сөздеріне қорланғанын айтқан.

Әсия Төлесова сотта бұл әрекетін полиция адамдарды жас-кәріге қарамай заңсыз ұстай бастағанда оларға араша түсіп, полиция өзіне күш қолданғанымен түсіндірген.

Фото: Мәншүк Асаутай, Azattyq.org.

Байланысты жаналықтар

Әсия Төлесова саяси партия құратынын мәлімдеді

18.12.2020

Журналиске шабуыл жасалды

25.09.2020

Алты полицей сотқа берген Төлесова бостандыққа шықты

12.08.2020

Әсия Төлесоваға сот үкімі шықты

12.08.2020

"Мерзкие менты" деген белсенді кінәсін мойындамады

11.08.2020

"Мерзкий мент" сөзіне полицейлер қорланыпты

10.08.2020
MalimBlocks
Әсия Төлесова саяси партия құратынын мәлімдеді

Журналиске шабуыл жасалды

Алты полицей сотқа берген Төлесова бостандыққа шықты

Әсия Төлесоваға сот үкімі шықты

"Мерзкие менты" деген белсенді кінәсін мойындамады

"Мерзкий мент" сөзіне полицейлер қорланыпты