Қошанов пен Исекешев тергеу ісіне қатысты жобамен танысыпты

Malim Админ

  • 05.10.2020

Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов пен президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің 2 қазанда Бас прокуратураға барғандарын құзырлы орын баспасөзі хабарлады. Ерлан Қошанов пен Әсет Исекешев бас прокуратурада  мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауындағы  тапсырмалардың  орындалуын, іске қосылған пилоттық жобамен танысқан. Бұл таныстырылымға құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері де қатысқанын баспасөз қызметі атап өтіпті.

Полиция тергеушісі мен прокурор пилоттық жобаның тәжірибеде қалай іске асатынын түсіндіріпті.

«Пилот адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының негізгі шешімдерін келісу бойынша прокурордың өзіне жүктелген міндеттерін орындаудың электрондық форматын көздейді» делінген баспасөз парағында.

Деректерге қарасақ, осыған дейін екі өңірде - Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында пилоттық жоба сынақтан өткізіліпті.  1 қазаннан бастап жоба республиканың барлық аймағында іске қосылыпты.

Жобаның мәні тергеушінің іс-әрекетті саралау, қайта саралау, сондай-ақ тергеуді тоқтату туралы шешімін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде электрондық түрде қалыптастыру екен.

Прокурор онлайн режимінде олардың заңдылығын белгіленген мерзімде тексеруге, бұзушылықтар анықталған жағдайда ден қою шараларын қабылдауға міндетті екен.

Жобаны жасаушыларлдың ойынша, мұндай модель іс жүргізу құжаттарын дайындау уақытын және тергеу мерзімдерін қысқартады.Бұдан басқа, қылмыстық процеске қатысушыларға қабылданған процестік шешімдерді қашықтан қадағалауға, келіспеген жағдайларда оларға уақтылы шағым жасауға мүмкіндік беріледі.

Бас Прокурор бұл жаңалықтар алдын ала прокурорлық қадағалауды қамтамасыз етуге және адал азаматтардың қылмыстық қудалау шеңберіне тартылуын болдырмауға бағытталғанын атап өтіпті.

Кездесу соңында Ерлан Қошанов атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, ағымдағы жылдың соңына дейін Жобаны сынақтан өткізуді аяқтауды, нормативтік-құқықтық базаны дайындауды және 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларын іске асыруға кірісуді тапсырыпты.