Жұмабай Шаштайұлы: «Ескіруді ескермейтін ұлтқа айналып барамыз»

Malim Админ

  • 08.10.2020

Аспанқора мен Атан, шал мен жылқы бейнесі кенет есіңе түсе қалса, олардың тіршілігінен гөрі қайсарлықтары көңіліңді баурайтын. Өмір ылғи шуақты күндерден тұрмайтынын білсек те, қабағы қатулы күндерге дайын бола бермейміз ғой. Біле тұра дайындық жасамау, бейғамдықтан емес, көңіл түпкіріндегі жақсылықтан үміт үзбейтін адами болмысымыздан шығар. Біреудің басына төнген қатер тап бізге келмейтіндей жүретін пенделік оғаш қылығымыз керісінше өзімшілдігіміздің арандай аузын аңдататын.

«Аяз бидегі» Нұржанов бейнесі осы бір осалдықтың мысалындай. Әкесіз өскен ұлдың аязбилік ұстанымнан айырылып қап, азамат болу жолындағы күресте күйрей жеңілгені ұлттың жеңілгеніндей көрінетін. Әкесіз ұл өмірден жеңіледі екен. Бірақ әке алдын көргендердің туы желбіреп жүргені де шамалы сияқты. Оған кім кінәлі?

Жазушы Жұмабай Шаштайұлының прозасына бойлар тұста осы бір ой көңіліңді торлайды. Жүрек тебірентер сәттерге лайықты сөз таба алмайсың. 70 жасқа толғалы отырған жазушыдан өзі туралы, өмір жайлы сұрап едік. Көне гректер мен римдіктерше айтқанда «ұстаз айтқан» сөз осы.

Сұхбатымыздың аудионұсқасын тыңдай отырыңыз

- Жұмаға, уақыт бөліп сұхбатқа келіскеніңізге рахмет.

Бұрын өзіңіз кеткен ауыл мен бүгін келген ауылыңыздың айырмашылығы бар ма? Адамдарында, көңілдерінде, қарым-қатынаста.

– Айырмашылық көп екен. Бұрын ауылды екі-үш ай көрмесең, сағынатынсың, көңіліңде орны толмайтын бірдеңе болып жататын. Алаңдайсың. Ауылға келсем, бұрынғы көз көрген кісілердің көбі кетіп қалған екен. Бір үлкен лауазым иесінің ағасы қайтыс болды. Бүкіл Қазақстаннан адамдар келді. Бұл ауыл шенеуніктердің ауылы ғой. Әкемізбен қой баққан бір кісі отыр екен. Сол кісіге жарқылдап барып амандасып ем: «Менің көзім көрмейді. Бірақ даусыңнан танып тұрмын, Жұмабайсың ғой»,  деді. Сондай нәрсені қатты аңсайды екенсің. Адамның даусыңнан танитыны, содан кейін үлкен кісілердің құшақтап немесе маңдайыңнан иіскейтіні қазір жоқ. Мен өзім де қартайып қалдым. Ол емес, тіпті, жас балалардың амандасуы да біртүрлі. Орысшалау амандасады, я амандаспай кетеді.

Мен Ташкентте болғанда, кетіп бара жатқан әйелдер иіліп сәлем беретін. Үлкендер де кеудесін ұстап, ілтипатын білдіретін. Менің бір таңғалғаным, осы жерде біздің бір өзбек күйеу бала бар екен.

– Осы ауылдың күйеу баласы ғой?

– Иә, осы ауылдың, тура мына тиіп тұрған жерде үйі. Сол ары-бері өтеді, амандаспайды. Содан кейін бір күні: «Шырағым, сен неге амандаспайсың?» дедім. «Мына жердегі көршіммен амандасамын» дейді. «Ол менің інім ғой» десем, «Мен өзім білемін ғой» деді. Сол жерде менің бір інім кетіп бара жатыр екен, «Сен қалай сөйлейсің?» деп кеудесінен жәукемдеп, қысып ұстап еді. Анау қорыққан да жоқ. Жалпы біздің ұлттың мінезін біліп алған адамдар сияқты көрінді. Ашуланып кетіп: «Өзбекстанда болдым мен. Ол жақта әйелдер үлкен кісіге сәлем салатын, ер адамдардың төсін ұстап амандасатынын көрдім. Сен қайдан шыққан адамсың» дедім. Осы кезде ұлттық тұрғыдағы дүниелерді аңсайсың. Осы мәселеден кішкене айырылып қалған екен.

Содан кейін ауылда үлкендік деген нәрсе кетіп қалған. Қазір үлкен – бізбіз. Бірақ үлкендік қасиеттен жұрдай боп қалғанбыз. Ұрпақтың қамын ойлау емес мәселе, олай тым айғайлап айтпай-ақ қояйын. Кейінгі жастардан ұялатын жағдайға жету керек қой. Сондайдан да айырылып қалған екенбіз.

– Шенеуніктер ауылы дедіңіз ғой. Осы шенеуніктердің көп шығуы да ауыл адамдарының мінездеріне әсер еткен жоқ па екен?

– Біздің ауылдан шенеунік көп шыққанмен, ауылға жақсылықтары өте шамалы болған. Былай қарасаң, тек Жамбыл ақсақалдың әруағымен тұрған ауыл. Біреу мешіт тұрғызғанын айтатын шығар. Жәкеңнің арқасында 150 жылдығында мектеп салынған. 125 жылығында Ленинградтың жобасымен салынған үйлер бар. Газдың келу жағынан Серік Үмбетовтің ықпалы болды. Өз ауылына газ тартырып жатқанда, Жәкеңнің әруағынан аттап кетпейін деп ілтипат жасаған.

Мен мынаны байқаймын, Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда ықпалдастық ұрпақты ойлау тұрғысынан келгенде былай екен. Өсіп келе жатқан бала кейін кім болады дегенді ешкім ойламайды екен. Қызмет жағынан емес, адам болу жағынан. Осыны анық білемін, Сейдахмет ағаларымыз көп айтатын.

– Адам тану ма?

– Иә, адам тану. Содан кейін осы бала қандай мамандық таңдайды, халыққа пайдасы тиетін, өзіне пайдасы тиетін мамандықты онша ойламайтын сияқты. Жалпы қазақ халқының трагедиясы осы ма деймін. Бір кезде юрист, экономист мамандығын алып, жұмыссыз жүрген адамдар көп.

Мамандық дұрыс таңдамай, адасып кеткен адамдарды көрдім. Содан жақсы педагог шығатын еді. Бірақ адасып жүр. Біздің үлкен ұрпақтардың балаларға селекция жүргізу жоқ. «Сен мынандай боласың, сен анандай боласың» деген үлкен таңдаулар жоқ.

– Абайдың «Тым құрыса кеттің ғой мал баға алмай» дейтініндей жағдайлар бола ма?

Болады, оны алысқа бармай-ақ өз тағдырымнан алуға болады. Менің әкем Совет одағы кезінде отыз жылқы ұстаған. Аудандық атқару комитетінен басшылар отгонға барса, шөптің басында жылқылар тұрады екен. «Бұл кімнің малы?» десе, «Шаштайдың малы» дейді екен жұрт. Алпыс шақырым жерге барса да, Шаштайдың малы. Отыз жылқысын көре алмайтын адамдар, сонда ылғи «Шаштайды малы» деп жауып жібереді екен. Сонда мен аудандық газетке жаңадан орналасқам, газет редакторы: «Сенің әкең бүкіл ауданды шулатып жатыр» деді. Әкеме келіп: «Сіз неге малыңызға ие болмаймыз? Ауданда бәрі шулап жатыр» деп ем, «Мейлі айта берсін, менің малым бүкіл ауданды алып кеткен жоқ қой. Көп болса отыз жылқы, жүз қойым бар» деді.

Әкем өзінің жылқысының артынан жүріп бақпайтын. «Бүгін мына жылқы былай барды, былай  барды» деп біліп отыратын. Жүз, жүз елу шақырымға дейін алыс, соны біліп отыратын.

– Қалай біліп отырған?

Өзінің ата-бабасының кәсібі ғой. Жылқы малының жайылым әдісін жақсы білген. Бірақ елге айтуға да ұят, қайтыс болғанда біз жылқы таппай қалдық қой. Өзі аяқ астынан ауырды да, көп жылқыдан айырылып қалды.  Әлі боп тұрған кезде, бір жылқысының шашауын шығарған жоқ.

Шопырлар жолда жүреді. Солардан сұрайды. Ол кездегі адамдар аңғарлы ғой. Көргендерін айтады. «Бәсе, мен солай ойлап едім» деп отыратын. Мал бағуға академик сияқты болғанымен, соны өзінің тіршілігіне, балаларының игілігіне жаратуға түк жоқ болатын. Міне, әңгіменің ашығы. Бірақ жыл сайын соғым сойып беріп отыратын. Бірақ үй жоқ, қаңғырып жүрдік. Кейде ақша да болмайтын қалатын, сонда сұрауға ұялатынбыз. Үкіметте жұмыс істеп жүрсің, аласың деген сияқты көзқарас болатын. Жанаяр адам емес еді. 80 жасына дейін 100-150 шақырымға атпен барып-келетін. Күн суық, аяз болатын. Бірақ «жаурадым, тоңдым» дегенін естіген жоқпыз.

– «Жала мен нала» повесіңізде әке мен баланың қарым-қатынасы бар ғой. Бірақ баланың әкеге батылы жетіп сұрай алмайтын мінезі болады. Бұл жалпы қазақ баласына тән көп мінездің бірі  секілді.  Ал өзіңіз әкеңізбен қалай сөйлесетін едіңіз?

Бізді былай тәрбиеледі ғой. Біз әкемізден ақша сұрай алмайтынбыз. Шешеміз арқылы сұрайтынбыз, әкеге батылымыз бармайтын. Шешеміздің өзі бипаздап барып айтқанда үндемей отырып, кетерде ғана: «Қанша ақша керек?» дейтін. Абайдың «өнерсіздік» дейтіні, осы әкемізден бе деп ойлаймын. Шындықты айта алмау, өз ойыңды дер кезінде жеткізу алмау әкенің айбынына қорыққандықтан ба деймін. Шешеміздің өзі айта алмайтын.

– Қатал болды ма?

Қатал емес сияқты, бірақ өте қатал болатын. Өзі алты ағайынды болған, бесеуі қайтыс болып кеткен. Ашаршылықта. Шатақ адам болды. Намыс үшін, намыс үшін дейміз ғой енді, көбіне мал үшін төбелесетін. Сонда таяқ жеп жатса да қайтпайтын.

Әлімжан деген мұғаліміз айтты. Мен бір сабақ кезінде ішім ба аурып қалып, далаға сұрандым. «Не ішің аурып тұр ма?» деді. Өте сыйлайтын мұғалім болатын. Неге сұрайсыз дегендей, «Аурып тұр» дедім. Шығып келгеннен кейін: «Сен әкеңе тартыпсың» деді.

Мұғалімдер пысық, көзге түскіш балаларды жақсы көретін.  Осы жанға үңілу жағы қиын болды. Мен нашар оқыдым. Түсінбей қалғанымды қайтадан сұрауға ұялам. Абайдың өлшемі өнерсіздік сол. Ал менің досым Рафат Әбдіғұлов ештеңені айтпай, бәрін қағып алатын. Осы Рафаттың деңгейіне жету маған үлкен ұмтылыс болды. Адамның ұмытала бергені жақсы екен, ал ұмтылмай қалған кезде тоқтайды екенсің. Тұрсынжан (Шапай – Б.Т.) айтатын, «өмір бойы күтіп, потенциал болып кете беруге болады» деп. Сонда мен ойладым, көп адамдар өздерінің тоқтайтынын білмейді. Бірақ тоқтап қалады екен. Мен жаман басыма қарамай оқи бердім. Бірақ кейде миым қабылдамайды. Бір деңгейге жетпесем де, аздап ілгері жылжыдым деп ойладым.

Мен кез келген потенциалы бар адамның үлкен мүмкіндігі бар деп есептедім. Сендерден көп бұрын, бірге істеген бір жігітті бір адамға жұмсадым. Сонда ол ашуланып келді. «Анауыңыз шенеунік екен ғой. Алдына кіріп едім, соншалықты бастық сияқты қабылды», – деді. О жағынан мен аздап прогрессивті екенмін. Мен адамнан ылғи жақсылық күтіп отырам. «Осы үлкен жаңалық әкеледі-ау» деген сияқты. Сондай мінезімнен кейде таяқ та деген шығармын. Соңғы уақыттарда кей балаларды еркіндікке жіберіп қойып, өзім жақын көріп жүрген адамдардан қатты сөз естідім. Мақалалар шығып қалды ғой, сол кезде «Әтейі істедің» деген сияқты жанды ауыртатын сөздер естідім.

Бір жағдай болса, әкесі баласына, баласы әкесіне айта алмайды. Бір-біріне толық ашыла алмайтын жағдайлар бар екен бізде.

Бұған кәдімгідей ұлттық тәрбие керек екен. Мен осыған көзім жетті. «Балам, сен неге ашуландың?» деген нәрсе талқыға түспейді екен. Ал осы талқыға түсер болса, мен әлдеқайда жоғары дәрежеге жетер едім.

– Әкеңіз күйші, ініңіз күйші. Тағы бір ініңіз де – музыкант.  Сіз де музыканы жақсы түсінесіз. Бірақ аспапта ойнағаныңызды көрмедік. Домбыра тартасыз ба?

Тарта алмаймын, мен өзімше тартамын. Ешкім жоқ кезде.

– Әкеңіз Нұрғиса Тілендиевтің ұстазы. Қарым-қатынасы қалай болды?

Әкеміз қайтыс болғанда, өте қиын уақыт еді. Жыртыс таба алмай қиналдық. Бір уақытта Нұрекең кеп қалды. Елдің бәрі шулап кетті. Машинаға мінді де, канторға барды. Әкімге: «Менің әкем қайтыс болып жатыр. Мынандай-мынандай нәрселері жетпей жатыр. Неге келмейсіңдер? Тауып беріңдер, ақшасы бар» деп айғалады. Менің ойымда ештеңе жоқ. Міндеті шығар деп ойладым. Әкемді жақсы көреді деп еститінмін. Әкем кейде қалаға іздеп баратын. Қызық адам ғой, қазақ қой, мал баққан. Бір малы жоқ болса да, Нұрғисаға баратын. Бір күні көрші шаруашылық жылқысының бәрін қамап қойыпты. Есенқұл естіп, көп айтып жүретін. Нұрғиса директорға барып, «Шаштайтың жылқысын қазір шығар» деп айтыпты. Әкем жанында бейғам тұр дейді. Ұжымшардың қызылшасына, жоңышқасына тиіп отырса да, әкемдер соны ойламайды да.

Нұрғиса мен әкемнің тартысында аспан мен жердей айырмашылық бар. Мен әкемді әуесқой күйші деп ойладым. Бір күні екеуіміз кездесіп қалдық. «Сен әкеңнің саусағын көрдің бе?» деп сұрады. Менің саусағым әкемедікіне тартқан. «Саусағында күй тартуға ерекше ыңғайлы ет бар еді. Ол саусақтан шығатын үнді ешкім шығара алмайды» деді. Сонда ойлап қарасам, бізді таңертең күймен оятатын. Қайратты кезінде шабыттанып домбыра тартқанда, домбыра адам сияқты болып кететін. Бірақ оны ешкімге көрсте алмады. Кейде Жамбылдың, Құлманбеттің сарынымен тартатын. Нұриғаса соны тарттыратын. Тыңдайтын. Өзіне қондырып алатын. Жәнібек Кәрменов әкемді көріп, бір күн жанынан шықпай отырып алды. «Шапырашты да күйші бар екен ғой» деп сөйледі. Оған тақырып берген сияқты көрінді. «Күлдір-күлдір кіснетіптің» тақырыбына тұздық болған сияқты. Шалдың тартысымен ұлтқа жақындау жолы бардай. Зердесі жағынан Жәнібек сирек кездесетін тұлға ғой.

– Нұрғисаның өмірінің соңында жанында болдыңыз. Неге сіздің болғаныңызды қалды?

Білмеймін. «Ертең кел» дейді. Мен жұмысқа барғым келеді, кейде ұыдырғым келеді, пендемін ғой. Барасың, отырасың. «Бір жерің аурып отыр ма?» дейді. «Жоқ» деймін. Тағы бірдеңелерді сұрайды. Өзіне көп адам келеді. Ол кезде «Заман-Қазақстанда» бір жағдайлар болып соттасып жүргенмін. «Мынау Шаштайдың баласы, біреумен соттасып жатыр» дейді. Менің соған жыным келеді. Бір кезде әкемнен боқтады. «Ей, әкең жер қозғалса қозғалмайтын адам еді. Саған не болды?», –  дейді. Мен үндемеймін. Бір уақытта саусағын уқалатады. Өзі аурып, жаны қыл ұшында тұрса да, саусағының қуаттылығына таңғалдым. «Ертең кел, тауға шығамыз», –  деді. Тауға шықтық. Мен басқа адамдарды шақырмайсыз ба деп айтқым келді. Бірақ ойлаймын, олар қашқан ғой деймін. Ермұрат Үсенов дейтін жігіттің адамгершілігін байқадым. Бұл жерде судың астындағы бойлай алмайтын нәрселер бар. Оны қазір айта алмаймын. Ермұрат: «Нұрғиса қайтыс болғанда сүйегіне түскім келді. Ешкімге қарамай, кетпей отырып алдым. Ақыры түстім», –  дейді. Ол өзінің парызын орындау мен қатар киесін алу деген нәрсе екен. Өйткені «Отырар сазында» домбырашы боп жүргенде, қолын сындырып алып домбырадан қалды. Соны естігенде Нұрғиса бүкіл елдің алдында ұрып, жалпасынан түсіріпті. Сол Ермұрат композиторлықты қуып жүріп, ақыры композитор болды. Мен күнде Нұрғисаның жанында болмаймын ғой, талай адам барған шығар.

– Сіздің шығармаларыңызда адамдардың қарым-қатынасы өте қиын. «Шал мен жылқыда», «Аяз би» романында да. Адамның бірін-бірі түсіну қиын сияқты ғой өмірде.

– Қазақ әйелдері күйеуіне шабынбайды. Балалары үшін айтатын қолқасын айта алмайды. Қазір ғой еркек институтының өте төмендеп кеткені. Біз әкеміздің шешемізді сабағанын талай көрдік. Ара түсетінбіз. Кейде әке-шеше де балаға әділетсіз болады. Мен ара түскеніме әкем ренжіп қалатын. Әке-шеше баланы ұзақ уақыт бала көріп жүреді. Бір күні бала өсіп кетеді. Өзі бола салғандай дербес болады. Бір уақыттарда әке мен шеше одақ болады. Екеуі балаларға қарсы шығатын жолдар ойлап табады. Мен бұны көркем шығармада бере алмаған шығармын. Осы кезде қазақ әйелі шалына да, балаларына да жаман көрінгісі келмейтін ұстанымды ұстайды. Осы кезде шындықтар айтылмайды. Ұяның ішінде тұрып, шындықы айта алмайсың. Шал мен кемпір екеуі ғана қалады. Кенже бала әке-шешенің жауапкершілігінен қашып кетеді. Әркім өзін ақтай алады. Шал да талдай алмайды. Неге менің орнымды біреу баспайды деп ойлайды. Осының бәрі өмірде қауіпті. Әлі күнге дейін ағайындардың арасында осыны менің алдыма кекшілдікпен тосады. Мен де дұрыс перзент болмаған шығармын. Құрбандыққа баруға тырыстым. Бірақ бәрібір бара  алмайды екенсің.

Нұржанов, партияның адамы, ол Аяз би ұстанымынан айырылып қалған. Әкесі халық жауы боп ұсталып кеткен. Жаман, соқыр бригадир келіп: «Жауыздың баласы ма?» дейді. «Құрдас-ау, оны қайтесің, артынан бір ілескен жалғызы ғой» дегенде, «Өлсе өле берсін, көп болса менен табасың» деген сияқты сөз айтады. «Сенен тапқанша, иттен тапқаным жақсы», –  дейді әйел. Соғыс кезінде біздің аналарымыз айтатын сөз екен осы. Соғыс кезінде жаман бригадир болды. Осындай нәрселерді естдім. Өмірде әділетке жету қиын. Адам өзімшілдігі ешқашан осыған жол бермейтін сияқты. Осы біз мақтап жүрген шалдардың өзінде әділет болған жоқ.

Толстой сияқты бір әулие адам шыққан шығар бізден де. Бірақ біз оны көрген жоқпыз ғой. Абайды көрген жоқпыз мысалы. Абай сияқты адамды да байқамадық. Біздің әкелеріміздің пендешілігі көп болды. Өйткені қиянат жасады. Оның бәрін жаза берсем, өлтіріп жіберуі мүмкін.

– Рымғали Нұрғали сізге « әкеңді жаз» депті ғой.

«Сен бас емес, әкеңді жаза берсең, табасың» деген. Мен ылғи Рымғалидың мына сөзіне таңғаламын. «Сен көп жазба. Он-ақ шығарма жаз. Сол жетеді», –  деді. Жалпы графомандық деген нәрсе бар ғой деймін.

– Сіз Абайды көп оқисыз ғой.

Оны Тұрсынжан сияқты бәрібір түсінбеймін.

– Өмірге жақындығын қатты байқайсыз ғой.

Абайды оқып отырсаң, өзіңнің кемшіліктерің шығады ғой. Сейдахметтер қорқатыным сонша, оған өзімнің авторларымды ұсына алмайтынмын. Менен әлдеқайда ізденісі, оқуы аз жігіт, емін-еркін барып, айтқанын өткізіп шығатын.

Шындықты айтудың Абайдан артық үлгісі жоқ. «Бет бергенде шырайың сонай жақсы». Раскольников кемпірді өлтіргенде айтады ғой. «Адамдар шындықты айта алмайды, мен шындықты айтудың жолын іздедім» деп. Бұл өте қауіпті нәрсе ғой. Шындыққа адам өлтіру арқылы бару деген жаман.

Террор ғой. Кекті қалай қайтарады қазір. Террормен қайталайды.

– Абайда достық туралы көп айтты ғой. Өмірде дос таптыңыз ба?

Өмірде бір-екі адам аздық етеді екен. Жаныңдағы адамың, сырттағы адамың мұңдасарға жарайды екен. Бірақ өліп қалады екен. «Адам өмірінде ең қиын нәрсе, көңілің жақын адамдардан айырылу» деп айтып еді Бексұлтан ағамыз. Бала кезден сырыңды білетін адамның кетіп қалуы қиын екен. Жаныңды түсінбейтін адаммен араласу қиын. Өмірде екі адамым бар. Оларды сағынасың. Ауыл алыстап кетті ме, олар есейіп кетті ме? Біреуі әдебиетші, жақсы сыншы, біреуі бастық болған адам.

– Сіз алыстап кеттіңіз ғой.

Ол да бар. Жаяумұсалық та бар. Бір дін адамының айтқаны бар еді. Бір нәрсені ылғи дәм ету өте осалдық екен. Солай айтты ғой. Осыдан арылудың жолын іздеу. Осы жасымда мен де бірнәрседен дәм етуден арылғаныма қуанамын. Әйтпесе маған да біреу бірнәрсе беретіндей көрінетін.

– Мақтау дәм еткен кез болды ма?

Болады екен. Адам тойымыз. Мақтауға, біреудің пікірін естуге. Тұрсынжан Шапай сияқты жігіттердің сынын, талдауын естігің келеді. Тұрсынжан Шапайдың мәдениеті ешкімде жоқ. Біреулер мынау артық,. Мынаның не керегі бар деп, тергейді. Тұрсынжан сенің үш кейіпкеріңді де түсінеді. Талдайды. Аяғына дейін жетпей тұрғанын сондай мәдениетті айтады. Соны аңсайсың.

Есенин туралы бір мақала оқып қалдым. «Есенин туғанына 125 жыл  болды. Бірақ өлгеніне әлі сенбейсің. Өйткені ол туралы айтып әлі шулап жатыр. Қалай өлгенін, қалай өзін ұстағанын, шаруа мінездерін соның бәрін әлі айтады», дейді. Өлеңдеріндегі құбылыстарын айтады. Көп адамдардың өліп қалғанын айтады.

Мынадан қорқатынмын. Ұмытылып қаламын ба деп.

– Қазір қорықпайсыз ба?

Қорықпаймын. Бұрын өлмегендей нәрсе жазғандай жүретін сезімнен де, сенімнен де айырылдым. Өйткені ескіреді екенсің. Қазір өзімнің ескіргенімді байқаймын.

– Оны қалай байқайсыз?

– Анау күні Шукшинді оқып, ескірмегенім байқадым. Сенің жазғаныңда соны болмаған соң, бітті ғой.

– Сіз табиғатты жақсы. Қай уақытта қандай түске боялатынын, қай жерден жақсы көрінетінін білесіз. Осы жақындық қайдан келген.

– Табиғатта көлгірліктен жақсы көрмейсің, амалсыздықтан жақсы көресің. Әкемді қойды мына жерге жаймаңдар, тамыры өліп қалған дейтін. Шөптің тамырына дейін білетін. Үлкен әкеміз есепші екен.  Әкем бір әңгіме айтты. Қопа түсіп кетсе, мал бір ай кешігіп шығады екен. Қопаны көріп клейік деп, бір топ шал шығыпты. Күн суық, бірақ наурызыдң басы екен. Әкем аттан түсіп бір жусынды ар ы қарады, бері қарады» дейді. Ана кісілер мынау неғып тұр деді. Ол кісінің де қадірі. Бүгін түнен қласаңдар, қопа түседі депті. Ол қойшы деп. Сол түнде түнімен малды айдап шығыпты. Тағаш деген жерге келіп, алты аяқ тігіп, жаттық дейді. Ертесі тұрса, дүние тас-талқан боп кетіпті, өзен ағып жатыр. Соны бір-ақ рет айтты. Менің жадымда қалды.

Табиғатты түсінуде осы генеология мәселесі бар ма деп ойлаймын.

– «Қазақ әдебиеті» газетіндегі бір қосымшаның аты «Қазақ қайткенде қалады қазақ болып» еді.  Осы жоғалған қасиеттерге қарағанда, қазақ бұрынғы қазақ бола алмайтын сияқты ма, қалай? Сіздіңше, қазақ қайткенде қазақ болып қалады?

– Ұлтты ұстап тұрған әдебиет. Ғабит Мүсіреповтің сөзі бар: «Әдебиет ұлы болмай – ұлт ұлы болмайды» деген. Қазір біздің әдебиетте әуесқойлық көп. Осындай уақытта ұлт өзінің көп қасиетінен айырылады екен. Әншілік, шешендік сөздер, асабалық өнер қазір табиғатын әкеліп жатыр. Осының кесіренен көлгірлік пайда болды. Ата-ананың, ұлдың, қыздың алдында жауапкершілікті ұмыттырып жіберді.

Амангелді Кеңшілікұлы: «Бовари ханым» сияқты шығармалар неге жазылмайды?»,  дейді. Егер әділеттің жолын таппасақ, осылай кете берміз. Ештеңе жазылмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

https://www.youtube.com/watch?v=bZdgNntSZ98&t=2s

Байланысты жаналықтар

Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

20.03.2024

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

12.03.2024

Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

28.09.2023

Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт қайтыс болды

20.09.2023

Партия құрып, Сібірге айдалған жазушы өмірден өтті

03.02.2023

Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

20.04.2022
MalimBlocks
Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

Қаныштанушы 88 жаста болатын.  

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

Ол 4 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

Айманына деген сағыныш, «перзент сүю» сылтауымен оны ренжіткені, оның соңы қайғылы қаза...

Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт қайтыс болды

Қаламгер 74 жасында өмірден озды

Партия құрып, Сібірге айдалған жазушы өмірден өтті

Елін сүйген ерлер партиясын құрған

Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

Әңгімелерімнің басым бөлігі өзімнің басымнан кешкендерім, сезінгендерім