Мақсат  тұрақты жұмыс орнын көбейту

Malim Админ

  • 24.09.2020

О бастағы жоспар жұмыссыздықты жою болған. Коронавирус пандемиясы келген соң, жұмыссыздықты жоюы тиіс мемлекеттік бағдарламалар ішкі нарыққа тиетін ауыр зардапттардың алдын алуға, жаппай қысқарту мен жұмыссыздыққа жол бермеді. Ендігі мақсат бастапқы жоспарға оралу.

Бүгін, 24 қыркүйекте Парламент мәжілісінде өткен Үкімет сағатын осылайша бір ауыз сөзбен түйіндеуге болады. Билік пен халық үшін шетін мәселеде депутаттар министрді қалай тергеп, тексергенін тарқатып айтып көрейік.

Маска таққан депутаттар әлеуметтік арақашықтық сақтап, бір біріне қол беріп амандаспай, ортаға орын салып отырғанда алдарында тақырыбы ұзын-сонар ­­ –  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру туралы»  анықтама ақпарат жатты. Отырысты бастап берген палата төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева депутаттарға талқыланатын тақырыптың маңыздылығын былай түсіндірді:

­– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, қазіргі жағдайда халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын сақтау абсолютті басымдық болуға тиіс. Ал халықты жұмыспен қамту «Еңбек» бағдарламасының негізгі мақсаты да міндеті. Осы бағдарлама Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап іске асырылуда.

Гүлмира Исимбаеваның бұл сөзінен кейін депутаттар алдарындағы анықтаманы қайтадан қолдарына алып, қырағылықпен көз жүгірте бастады. Вице-спикер депутаттатар бұған дейін жұмыспен қамту бағдарламаларының орындалуына біраз сын-ескертпелер айтқанын, бөлінген қаражаттың есебін сұрағандарын ескертіп өткенде залда отырғандардың еңсесі көтеріліп, министрге қадала қарасты.

Жалпы 2011 жылдан бері бюджеттен жұмыссызға  жұмыс тауып беруге  шамамен 1 трлн. теңге бөлінген. Бірақ елдегі жұмыссыздық айтарлықтай азаймаған және депутаттар осы қаражаттың тиімді жұмсалуына бірнеше рет Үкіметке жазған-ды. Бүгінгі отырысытың төркіні де осы.

Есеп айырысар жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің екі қолын қалтаға салып келе салмағаны анық.  Баяндамасының әр әрпіне салмақ сала оқыды. Әлбетте, министрдің кіріспе сөзінде  коронавирус пандемиясы мен жаңа экономикалық жағдайда халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілді. Одан кейін  нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын айрықша атап өтіп, ендігі сөзі осы бағдарламадан алыстамаймынын бірден байқатты. Оның айтуынша,  2017 жылдан бері бағдарламаға 2 миллионнан астам адам, оның ішінде биыл 430 мың адам қатысқан. Бағдарламаның алғашқы бағыты бойынша 394 мың адамды үш компонент: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, қысқамерзімді курстарда және де «Бизнес Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылған.  Екінші бағыт шеңберінде 111 мың адамға кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсетілген. Үшінші бағытта субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және халықтың еңбек ұтқырлығын арттыру арқылы 598 мың адам жұмыспен қамтылыпты.

«Микрокредиттер және гранттар беру арқылы өзін жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар қатарынан кәсіпкерлерді қалыптастыру 153 мың тұрақты жұмыс орнын құруға септігін тигізді,оның ішінде микрокредит пен грант алушылар қосымша 42 мың жұмыс орнын құрды. 46 мың қатысушы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде кредит алды. Оларға жеңілдікті жағдай жасалды - жылдық 6 пайызбен 7 жылға дейін. Микрокредит алушылардың саны үш жылда 2,5 есеге, қосымша жұмыс орындарының саны 5 есеге өсті. Алғаш рет микрокредит алушылардың 63 пайызы өз бизнестерін ашты. Грант мөлшері 200 АЕК-ті құрайды, қазір ол 555 мың теңгеге тең. 65 мың адам грант алды, оның 56 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлей бастады әрі сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне енді. «Бағдарламаға қатысушылардың есебінен шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамтудың өсу үлесі 11 пайыз.  Экономикаға қосымша оң әсер шығарылатын өнімнің жылына шамамен 73,7 млрд теңгеге өсуімен бағаланады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Одан кейінгі әңгіме субсидияға ауысты. Халықтың нысаналы топтарын жұмыссыздықтан әлеуметтік тұрғыдан қорғауда мемлекет субсидиялайтын 600 мыңға жуық уақытша жұмыс орны құрылыпты.  Оның 115 мыңы  білім беру ұйымдарының  түлектері. Жастар практикасы аясында уақытша жұмыспен қамтылған.  54 пайызы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, ал 40 пайызы жоғары оқу орындарының түлектері екен. Олар осы уақытша жұмыстарында 69,5 мың теңге жалақы алған. Ал практикадан өткен түлектердің жартысы тұрақты жұмысқа орналасқан. Яғни, мемлекеттік субсидия жастардың жұмыс тәжірибесін жинауға, жұмысқа тұруға дейінгі аралықта қолдап, демеу берген.

–Ал 84 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, олар – негізінен көпбалалы аналар, мүмкіндіктері шектеулі, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар, жетім балалар, зейнеталды жастағы адамдар. 12 айда 65,6 мың теңге орташа жалақының 35,6 пайызы субсидияланады. Содан кейін 68 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. Үш жылдан астам уақыт ішінде қоғамдық жұмыстарға 387 мың адам жіберілді. Бұл белгілі бір себептермен өз бетінше бос жұмыс орындарына тұра алмаған азаматтар. Қоғамдық жұмыстардағы орташа жалақы 57,4 мың теңге. Қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың 61 пайызының тек орта білімі бар, 75 пайызы жұмыссыз, шалғай ауылдарда тұрады. Бұл адамдар тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін жұмыссыздар есебінен шығарылмайды. «Жұмыс орындарын субсидиялау еңбек нарығындағы жағдайға жедел және икемді әрекет ету құралы ретінде танылды. Осы тетікті қолдана отырып жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлікке тарту арқылы жалпы 739 мың жұмыс орны құрылды, оның 153 мыңы - тұрақты және 586 мыңы - уақытша. 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде тұрақты жұмыс орындарының саны 7 есеге өсті, - деп бір қайырды Біржан Нұрымбетов.

Пандемия кезінде мемлекет басшысының тапсырмасымен табысы мен жұмысын жоғалтқан қаншама азаматқа қаншама қаржы берілгенін де тізіп өтті. Сосын, Жұмыспен қамтудың жол картасын айтып өтуді де ұмытпады.

- Жұмыспен қамтудың жол картасы 179 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Олардың орташа жалақысы – 130 мың теңге. Бағдарламаға қатысушылардың отбасы мүшелерін ескере отырып, 700 мыңға жуық адам кіріспен қамтамасыз етілді. Шағын және орта бизнестің 19 мың субъектісі 370 миллиард теңгеге тапсырыс алды, бұл 114 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Жол картасы жобаларын іске асыру болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады, - деген министр қорытынды сөзінде   коронавирус пандемиясы келген соң, жұмыссыздықты жоюы тиіс мемлекеттік бағдарламалар ішкі нарыққа тиетін ауыр зардапттардың алдын алуға, жаппай қысқарту мен жұмыссыздыққа жол бермеуге жұмылдырылғанына тоқталды. «Өте қиын қыстау уақыттың сынына төтеп бердік. Ендігі мақсат бастапқы жоспарға оралу» деп сөзін аяқтады.

Министр баяндамасын мұқият тыңдаған мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт Мамраев Үкіметтің жұмысына көңілі толатынын айтқанымен, «Еңбек» бағдарламасы аясында құрылған тұрақты жұмыс орындарының үлесі 16 пайыз қана екенін айтып өтті.  «Қалғаны - уақытша жұмыс орындары. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш тіпті төмен. Бұл ауылдағы нарық көлемінің шектеулілігіне, өнім мен өткізудің арасындағы шешілмеген мәселелерге және еңбек дағдылары деңгейінің төмендігіне байланысты. Осы мәселеге айрықша назар аудару қажет»,- деді депутат. Б. Мамраевтың пікірінше, 80 мыңдай жұмыс орнының әлі бос тұрғандығының себептерін анықтап, бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсу керек.

-Тұрғындарды жұмыспен қамту проблемасын шешу тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ғана міндеті емес. Қазіргі жағдайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің рөлі арта түседі. Ол мемлекет қаржысы есебінен іске асырылатын барлық бағдарламада тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша стратегиялық индикаторларды айқындауға тиісті. Сонда ғана әрбір салалық бағдарламаның тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан үлесін нақты бағалауға болады, - деді Б. Мамраев. Депутаттың бұл пікірімен толықтай келісетінін айтқан министр 2020 жылы «Еңбектен» басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын ашу қарқынын ұстап тұру мүмкін болғанын айтты. «8 айда 238 мың жұмыс орны құрылды. Бұл іске Нұрлы жол (117 мың), Нұрлы жер (28 мың), Цифрлық Қазақстан (25 мың)бағдарламаларыең көп үлес қосты» деді министр.

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды