Үкіметте шаруасы жоқ Бекболат қалай депутат болып жүр?

Malim Админ

  • 16.10.2020

Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат ТІЛЕУХАННЫҢ үкіметте шаруасы жоқ. Бұл жайлы Азаттық радиосының депутаттарға жүргізген сауалнамасында депутаттың өзі айтыпты.

«Екінші толқынға үкімет дайын ба?» деген сұраққа депутат жүре жауап беріпті:

«Мен дайынмын әйтеуір. Үкімет үшін емес, өзім үшін жауап берейін, дайынмын мен. Өлсек өлерміз, тірі қалсақ тірі қалармыз, Құдайдың жазғаны болады».

Тілеухан бұл сөзімен үш нәрсені ескермей отыр.

Біріншіден, Тілеухан соншалық жақсы көретін партиясы мен оның төрағасы және сол партияның тағы бір мүшесі – президент бастап, басқасы қостап осыған дейін ашылып-шашылып, улыған-шулыған болып жүріп, пандемиямен күресу үшін атқарған шаруасының бәрін «өлсеңдер өліңдер, тірі қалсаңдар тірі қалыңдар» деп жасаған жоқ шығар?

Екіншіден, өзінің, яғни, депутаттың міндетін ұмытып кеткен сияқты әлде мүлде білмейді. Депутаттың міндеті не? Үкіметтің дайын, дайын еместігінде шынымен шаруасы жоқ па? Ара-тұра болса да министрлерді сынап, елдегі «келеңсіз жайттарды» ортаға тастап, бар екенін көрсетіп, жиындарда министрлерге сұрақ қойып, яки арнайы сауал жолдап жататын жұрт – осы депутаттар емес пе еді? Оның дайындығын пысықтап, кем-кетігі болса түзеп, сынайтын жері болса сынап, ел ішіндегі елдің көзі мен құлағы болуға ант бермеуші ме еді? Әлде, үкімет ұсынған заңды «бірінші оқылымда мақұлдап тастап», қарап отыратын қызмет қана ма бұл? Оны енді Мәжіліс үйінде жүрген Тілеухан мырза нақтырақ біледі. Біздің ниет «халық қалаулысы» деген атына кір келмесін деген сөз ғана.

Үшіншіден, соншама жыл саясаттың айналасында жүрсе де, Тілеухан мырза Конституцияны жетік білмейтіндей көрінді. Өйткені, біздің құбылмалы болса да, қасиетті саналатын Конституциямыз бойынша Қазақстан Республикасында мемлекеттік биліктің Парламент – Үкімет – Сот деп аталатын үш тармағы болатынын, олардың өзара байланыста болуы керек екені айтылған. Конституцияны оқуға ерінсе, Уикипедияның өзінде «Заң шығарушы билікті — Парламент, атқарушы билікті — Үкімет, сот билігін — соттар жүзеге асырады. Әрқайсысы Конституция және заң арқылы белгіленген міндеттерін атқаруға тиісті. Мемлекеттік биліктің үш тармағы күнделікті қызметінде өзара тығыз және келісімді байланыста болуы керек», деп тайға таңба басқандай жазылып тұр.

Бұл ғана емес, осы үш тармақтың байланыста болуын тікелей президенттің қадағалайтыны да жазылған: «Президент мемлекет билігінің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етеді». Демек, Тілеухан мырза қазіргі президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ міндетіне де көлеңке түсіріп тұр. Көріп қалған елдің көңілінде: «Депутат үкіметте шаруам жоқ деп жүр, президент дұрыс ұйымдастыра алмай жүр екен ғой», деген күдік-күмән пайда болуы да мүмкін ғой.

Сауалнамаға қайта оралайық. Әншілігімен ғана емес шешендігімен де аты шыққан Тілеухан жүре жауап берсе де қысқа аралықта біраз әңгімеге арқау болатын сөз айтып үлгеріпті.

Депутат коронавирустың екінші толқынына анау айтқандай дайындық керек емес екенін айтады. Оның ойынша, пандемиядан сақтану үшін ең керегі – тыныштық. Қандай тыныштықты айтып тұр десек, оның айтпағы – ұйқы екен. Яғни, ұйқыны қандырсаң, ауырмайсың.

«Дайындық болғанда не, маскаңды тақсаң, тиыш жүрсең, ұйқыңды қандырсаң болды емес пе?» - дейді Тілеухан.

Бұл кісінің бір ауырып тұрғанын ескерсек, ұйқы туралы кеңесіне құлақ асуға да болады. Бірақ, ылғи да арыдан тартып сөйлеп, тарихты білетінін көрсетуге тырысып жүретін Бекболат Тілеуханның есіне VII-VIII ғасырда жасаған Білге қағанның: «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым», деген атақты сөзін салсақ дейміз. Әлде, бәрін бір Құдайға итеріп қойып, ұйқысын қандырып жүрген депутат тәңіршілдік заманындағы әдебиет пен тұлғаларды мойындамай ма екен...

Осы тұста Тілеухан мырзаға жұрттың бәрінің өзі сияқты ұйқы қандыратын депутат креслосында отырмағанын да ескерте кетсек дейміз.

Алда келе жатқан сайлауды ескермей, бұлай, үкіметтен іргесін бөліп, еркінсіп жүргеніне қарағанда Бекболат Тілеухан не Nur Otan-ның қалай да жеңіске жететініне, ондағы бір мандаттың өзіне берілетініне тым сенімді. Не депутаттықтан кетуге дайындалып жүр. Ел ішінде депутаттардың ұйықтап отыратынына қатысты жиі сөз болады ғой, Тілеухан осыған ерегісіп, «сендерге ұйықтағанды көрсетейін!» - деп, кетсе кеткелі жатқан болар. Бір жағы пандемия кезінде «тиыш жүргенге» де жақсы...

Байланысты жаналықтар

Бектенов Еуропалық Одақ елдері өкілдерімен су ресурстарын басқару мәселесін талқылады

18.04.2024

Су тасқыны: Үкімет басшысы біржолғы өтемақы төлеуді апта соңына дейін аяқтауды тапсырды

17.04.2024

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады

17.04.2024

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

16.04.2024

Су тасқынының келесі толқынына дайындық: Бектенов Оралға барды

15.04.2024

Су тасқыны: Үкімет Арқалықта баспанасынан айырылғандар үшін 405 млн теңге бөлді

12.04.2024
MalimBlocks
Бектенов Еуропалық Одақ елдері өкілдерімен су ресурстарын басқару мәселесін талқылады

Ол елімізде болған күрделі су тасқыны жағдайы аясында тұрақты су инфрақұрылымын дамыту үшін ЕО елдерімен әріптестікті кеңейтудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. 

Су тасқыны: Үкімет басшысы біржолғы өтемақы төлеуді апта соңына дейін аяқтауды тапсырды

Баспанасынан айырылған тұрғындар үшін зардап шегушінің өз таңдауы бойынша жаңа үйлер салынады немесе нарықтан дайын баспана сатып алынады.

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады

Құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан заң жобасын әзірлеп, пысықтауға белсенді қатысқан қоғам мүшелеріне алғыс білдірді.

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығын қысқарады.

Су тасқынының келесі толқынына дайындық: Бектенов Оралға барды

Жайық өзенінің жағалауын нығайту және бөгет құрылыстарын салу жұмыстарының барысын тексерді.

Су тасқыны: Үкімет Арқалықта баспанасынан айырылғандар үшін 405 млн теңге бөлді

ТЖ режимі жарияланған басқа облыстарда да зардап шеккен нысандарды техникалық тексеру, бағалау және тізбесін жасау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.