Шаш жұлысқан хиджабтағы оқушылардың ісі тоқтатылды
Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ ауылында болған оқушы қыздардың ісі енді тергелмейтін болды. Әу баста тал түсте бір-бірінің шашын жұлған хиджабтағы қыздардың әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғаймыз, тіпті қыздарына тәрбие бере алмаған ата-аналарын да жауапкершілікке тартамыз деп жар салған полиция департаменті енді істен қылмыстық құрам таппадық деп отыр. Сөздерінше бір бірін тепкілеген, бұзық оқушы қыздардың жасы қылмыстық жауапкершілікке тартуға жетпейді екен. Сондықтан бір ай тергеген істі қысқартыпты.
«Іс тоқтатылды. Қозғалған бап бойынша қылмыстық жауапкершілік ҚР ҚК нормаларына сәйкес 16 жастан басталады. Материал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127 бабы, 3-ші бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізуге бөлінді және шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілд», - деді Ақтөбе облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің жеткешісі Ерболат САРҚҰЛОВ.
Естеріңізге салсақ, елдің жағасын ұстатқан хиджабтағы қыздардың төбелесі осыдан тура бір ай бұрын Кеңқияқ ауылында болған еді. Төбелеске Кеңқияқ, Шұбарши және Сарыкөл ауылдарындағы үш мектептің 8, 9 және 10-шы сынып қыздары қатысқан болатын. Сол кезде оқушы қыздардың төбелесі ватсаптағы чаттан басталғанын және бір-бірінің сөзін көтере алмаған оқушылар мәселені кездесіп шешпек болғаны айтылған еді.⠀
Бұл оқиғадан кейін Кеңқияқ, Сарыкөл және Шұбаршы ауылының мектеп директорлары қызметтерінен бір түсіп, қайта оралған еді. Облыстық білім басқармасындағылар директорлардың жұмыстан кетуі негізсіз деп, қыздардың төбелесінен кейін жағдайды зерттегендерін айтқан болатын. Аудандық білім бөлімі, прокуратура мен Ішкі істер бөлімінің мобильдік тобы дұрыс шешім шығармаған деп мәлімдеген. Оқушы қыздардың шаш жұлып, төбелесуіне мектеп директорлардың жазығы жоқ деген білім басқармасындағылар үш мектептің де басшысын орындарына қайта тағайындап, қателескен Темір аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялаған.