Сәлімовтің «сақалды» саябағы

Malim Админ

  • 23.10.2020

Кезінде «Студенттер қаласы» атанған Семейдің бұл күнде ажары тайып, әжімі көбейген әженің кейпіне түскенін ешкім жоққа шығара алмайды. Кейінгі толқындағы жастарды айтпағанның өзінде шаңырақ көтеріп, керегесін кеңейткен отбасылардың өзі орталық саябақтың «орнын сипап» өткенді ойға оралтудан арыға бара алмай жүр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қала орталығындағы, қос қақпасын Ибраев пен Дулатов көшелері «құшағына алған» Орталық саябақтың жөндеуге алынатындығы туралы қалалық әкімдік күні бұрын қоңыраулатып хабар бергенімен, жұрттың ойынан шыққаны шамалы болды. Өйткені, бұл күнде, саябақ есігі тарс жабық: іште жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Анығында орталық саябаққа жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін қала басшылығы 2019 жылдың сәуір айынан хабардар еткен. Сол тұрғыда саябақ ішіндегі кәсіпкерлік нысан иелерімен қала әкімі кездесу өткізіп, көпшілік демалыс орнының жарты жылға жетпей жарқырай жөнелетіндігін айта келіп, сол тұрғыда ішкі құрылыс жұмыстарына түсіністікпен қарауға шақырған болатын.  Қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ сол кезде облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп отырғандығын да жасырмаған болатын.

Алғашында әкімдіктің саябақта жүргізілетін «қайта құруын» қалай түсінерін, қай есікті қағарын білмей, шағымы шашетектен болған жеке кәсіпкерлер амалсыз көнген-ді. Бұл туралы барлық БАҚ өкілдері ақпарат беріп, Семейдің басты сәні саналатын саябаққа тұрғындар былтырғы жылдың шілде, тамыз айынан кіре бастайтындығына күмәнсіз сенген. Өйткені, әкімнің саябақ ішін жалға алған кәсіпкерлермен әңгімесі «бүгін-ертеңге шыдасаң, бүтінделмес жыртығың болмайдыға» келіп тірелген болатын.

Алайда, айтылған сөз адыра қалып, берілген уәде желге ұшты. Жергілікті атқарушы билік бұл тұрғыдағы уәдесінің орындалмау себебін сан құбылтты. Біресе, саябаққа қатысты жоба шикілеу болғандықтан, Нұр-Сұлтан қаласындағы құзырлы орган бекітпеді, біресе, кәртең ағаштарды қырқып ішкі жөндеу жұмыстарын қарқынды жүргізетін техника жетіспей жатты. Ақыр аяғы қыс болды, бұл бір бітпес іс болды.

Бұл күнде саябақтың екі жақ қақпасына да қара құлып салынған. Саябақтың ішкі жұмысына алаңдап, сергелдеңге түспестен басқа салса, «біз көндікпен» отырғанның да еш айыбы жоқ. Алайда, биыл «Абай жылы» екендігін ойлағанда, саябақ төрінде оның туыс інісі, елінің бес арысының бірі атанған Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ ескерткіші «құлыптаулы» тұрғанын көргенде жаның жараланып, қаның қайнамасқа шараң қалмайды.

Саябақ төріндегі сол Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішінің жанына келсеңіз, оқыған адамды тоқыратып тастайтын ақынның өлеңі көзге ұрып тұрады:

Бостандық таңы атты,

Мінеки, көріңдер.

Арға ие басшының,

Соңынан еріңдер...

Бұл жолдарды оқығанда шынында да бұл қаланың шенеуніктері о бастан Абай, Шәкәрім шығармашылығымен бала жастан сусындап келе жатқандай әсер қалдырады. Шындығында жағдай басқаша: бір жыл бұрын қақпасы тарс жабылған саябақтың бұдан арғы тағдыры не болатыны беймәлім.

Бұл күнде қаладағы қолда бар саябақтардың тоқырау жылдарында әртүрлі кезеңдерді бастан өткеріп, мүлдем жоғалып кеткені де жасыруға болмайтын шындық. Семейліктер қазір кешкілік, я болмаса, жексенбі, демалыс күндеріндегі сейіл-серуенді қайда өткізерін білмей дал. Жағдайды жаһандық «пандемияға» әкеліп тірегенімізбен, одан да қала билігінің алға озғаны шамалы.

Ал, жақында «Хабар» телеарнасының күнделікті жаңалықтарынан орталық саябақтағы жұмыстардың аяқталмай қалғандығы өз алдына, Шәкәрім ескерткішінің төңірегіне фонтан салынуы мүмкін екендігі туралы ақпарат тарады. Өйткені, саябақтың «сақалды құрылысқа» айналғаны өз алдына, о бастан толық піспеген жоба екендігі мәлім болды.

- Жұмыстарды биыл аяқтауды көздеп отырмыз. Қазір субұрқақтардың тұғыры орнатылып жатыр. Тас төсеуіштер де салынады. Кестеден біраз кешігіп келеміз. Дегенмен, жақын арада саябақ халық игілігіне беріледі деген ойдамыз,-деді қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Асан ДҮЙСЕМБАЕВ аталған арнаға берген сұхбатында.

Сөзіміздің басында айтылғанындай, құрылыстың ұзаққа созылуына алдымен жобадағы түзетулер кедергі болғанға ұқсайды. Бұл түзетуден кейін қосымша тағы 100 миллион теңге қаржы бөлінгеніне не дерсіз?! Алайда, карантин басталып кетуіне байланысты жұмыстың жүруіне тағы да тұсау салынған. Кейбір құрылыс материалдарының уақытында жеткізілуінің кешігуіне де осы карантин себеп болған жайы бар.

Ол, ол ма, жақында саябақ төріндегі Шәкәрім Құдайбердіұлы ескерткішінің жаппай шеңберлене қоршала бастағанын әлеуметтік желіден байқадық. Оның себеі де түсінікті болды: жергілікті шенеуніктердің күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтын «фонтан фантазиясы» кезекті рет осында жалғаспақ. Мұның қаншалықты шындыққа айналатындығын алдағы күндерде көре жатармыз.

Ал, қазір саябақ іші адам көргісіз күйде әлі жатыр. Өткен аптада ғана аталған нысан іргесіндегі Абай музейінің алдында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ақынның 175 жылдық мерейтойына орай келген сапарында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне арнайы қатысқаны белгілі. Сол салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ақын тойы аясында ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмегендігін айтқан болатын. Ал, бюджеттің 1 млрд. 100 млн. теңге қаражатын әртүрлі желеулермен желге ұшырып, елді жерге қаратқан жергілікті шенеуніктері ісіне халық қандай төрелік айтары уақыт еншісінде... Ал, биыл  жаз бойына да семейліктердің саябақта серуен көрмей арманда қалып бара жатқаны туралы айтпай-ақ қойсақ та болады.

С. КӘРІПБАЕВ

ФОТОНЫ АВТОР ҰСЫНДЫ. 

Байланысты жаналықтар

Жер сілкінісінен ғимарат зақымданса, қайда бару керек - Алматы әкімдігі түсіндірді  

14.03.2024

Астанада 33 нысанда құрылыс тоқтатылды

11.03.2024

 Астанада құрылыс аумағындағы контейнер өртенді

29.02.2024

Астанаға көшіп келушілерге шектеу қойыла ма? Әкім жауап берді. 

10.04.2023

«Жыр» болған LRT құрылысы аяқталатын секілді

02.02.2023

«Астана LRT» құрылысына 20 млрд бөлінді

19.10.2022
MalimBlocks
Жер сілкінісінен ғимарат зақымданса, қайда бару керек - Алматы әкімдігі түсіндірді  

Әлеуметтік нысандар бүлінген жағдайда жөндеу жұмысы бюджет қаражаты есебінен жүргізілмек.

Астанада 33 нысанда құрылыс тоқтатылды

Олардың рұқсат құжаты жоқ боп шықты.

 Астанада құрылыс аумағындағы контейнер өртенді

Оқиға Нұра ауданындағы Анет баба көшесінде болды.

Астанаға көшіп келушілерге шектеу қойыла ма? Әкім жауап берді. 

Миграциялық жағдайға байланысты шешім қабылданады

«Жыр» болған LRT құрылысы аяқталатын секілді

Үкімет қосымша 20 миллиард теңге бөлген

«Астана LRT» құрылысына 20 млрд бөлінді