"Аймағамбетов "Үздік педагог" атағын заңсыз үлестірді"

Malim Админ

  • 27.10.2020

Айман САҒИДУЛЛА - Алматы облысы, Қарасай ауданында мұғалім. Бұған дейін де бірнеше мәселе көтеріп, білім саласындағы кемшіліктерді сынап жүрген ұстаз. БАҚ, әлеуметтік желілерде белсенді түрде пікір білдіріп тұрады. МӘЛІМ тілшісі Айманға арнайы хабарласып, бірқатар мәселелерге қатысты сұрақ қойды.  

Сұхбатта көтерілетін негізгі мәселелер:

  • "Үздік педагог" атағын беруде Білім және ғылым министрлігі қалай заң бұзды?
  • Мектептегі сыбайлас жемқорлық
  • Мұғалімдер қандай газеттерге мәжбүрлі түрде жазылады?
  • Кәсіподақ ұйымы мен "Нұр Отан" партиясына мұғалімдерді қалай кіргізеді?

- Үздік педагог атағы жылына 64 мұғалімге беріледі. Осы байқауда мұғалімдер арасындағы тартыс пен бәсеке қаншалықты күшті?

[caption id="attachment_8653" align="alignleft" width="311"] А.Сағидулла[/caption]

- Бұл «Үздік педагог» байқауы әділ өтіп жатқан жоқ деп есептеймін өз басым. Себебі, өзіңіз айтып отырғандай, педагогтар арасында тартыс болуға тиіс. Ал, бізде ондай бәсеке жоқ, себебі, мұғалімдердің көпшілігі ондай байқаудың бар екенін де білмейді, естімейді. Тіпті, көптеген аудандарда білім бөлімдері қалаған адамдар ғана барып қатысады. Негізінен, бұл байқаудың бірінші кезеңі аудан ішінде өтіп, содан іріктелген мұғалімдер облыстық кезеңге өтуі керек. Өкінішке орай, көптеген аудандарда мұндай байқау өткізілмейді. Мысал үшін, мен жұмыс істейтін Алматы облысы, Қарасай ауданында бұл байқау өткізілген жоқ.

- Сіздің әріптестеріңіз естіген жоқ па сонда?

- Менің әріптестерім де, мен де естігеміз жоқ. Өткенде осыған арнайы зерттеу жүргіздік, сонда, әбден көзіміз жетті, ешкім естімеген. Және бұл туралы ешқандай мектепке хабарлама бармағаны белгілі болды. Тіпті, аудандық білім бөлімінің бастығына сұрақ қойдым: «Үздік педагог» байқауын қашан өткіздіңіз?» деп. Ол ешқандай жауап бере алмай отыр. Өткізбеген. Бұл туралы мен Фейсбук әлеуметтік желісіне жазғанымда, Қарасай ауданының атынан облыстық «Үздік педагог» байқауына қатысқан мұғалім маған жауап берді. Мен сұрадым ғой, ол қалай іріктелді, қалай қатысып жүр? Оның жауабы былай болды: «Мен сізге іріктеуден қалай өткенімді айта алмаймын. Мені мектеп директоры шақырып алып, «сіз білікті мұғалімсіз, сондықтан осыған қатысуыңыз керек», деп, жіберді», деді.

- Жалпы, бұл биыл ғана осылай болды ма, әлде, бұрыннан осылай өте ме?

- Бұрыннан дегенде, бұл конкурс басталғалы 9-ақ жыл болды. Былтыр дәл биылғыдай зерттеу жүргізген жоқпыз, бірақ, былтыр да ешкім естіген жоқ. Ол кезде де ескерттік, ешкімнің құлағына кіріп-шыққан жоқ. Былтыр ғана емес, одан бұрын да біз бұл байқау туралы естіген жоқпыз ғой.

- Демек, бұл ешқандай да байқау емес, қандай да бір таңдау арқылы өтетін болып тұр ғой?

- Таңдалып алынғанда, біз өздері таңдап алады деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Біздің айтатынымыз, аудандағы, ауылдардағы мұғалімдерге бұл жайлы ақпарат жетпейді. Мұның заңы, ережесі бар, Adilet.kz сайтында жазылып тұр. Байқау жарияланғаны жайлы БАҚ арқылы ақпарат берілуге тиіс. Осындай байқау өткелі жатыр, қатысыңыздар деп, мұғалімдерге мәлімет берілуі керек. Одан бұрын да, былтыр да, биыл да ондай ақпарат берілген жоқ. Бұл жағынан Білім және ғылым министрлігі заң бұзып отыр. Сосын, бұл мектептерге жіберілуге тиіс. Әр мектеп, әр мұғалім байқаудың қашан және қалай өтетінін, қатысу үшін не істеу керек деген мәселені білуі керек еді. Өйткені, байқауға кез келген мұғалім қатысуға құқылы. Аудандық білім бөліміндегілер өзі қалаған адамды жіберіп отыр.

- Жалпы, алдын ала болмаса да, қорытындысы шыққан соң естіді ғой, сіздің әріптестеріңіз бұл атақты талқылай ма? Қандайда бір өкпе-реніш айта ма?

- Біз былтыр да, биыл да арнайы сауал жолдап, әлеуметтік желіде талқылау ұйымдастырдық. Сонда көптеген мұғалімдер бізбен байланысқа шығып, өте көп реніш білдірді. «Мен естімей қалдым», «Мен де қатысар едім ғой» деп жатқан әріптестерім өте көп. Тек біздің ауданда ғана емес, республика көлемінде осындай мұғалімдер жетерлік.

- Министрлік қандай да бір реакция танытты ма? Жауап берді ме?

- Өкінішке орай, ешқандай жауап жоқ. Көрмегендей, естімегендей. Неге бұлай болды, кімнің кінәсінен солай болды деген мәселеге қатысты бір ауыз сөз айтылуы керек еді. Заңсыз үлестірді...

- Жалпы, айналаңыздағы мұғалімдер осы атаққа қаншалықты ұмтылады? «Үздік педагог» мұғалімдерге қандай мотивация береді?

- Негізгісі қаржылық жағы. Енді қараңыз, мен мұғалімдерге мотивация беріп жатыр деп айта алмаймын. Мотивация берсе соны алған мұғалімдерге ғана беріп жатқан шығар. Өйткені, бұл байқау жабық түрде өтіп жатыр. Негізі, ашық түрде өтуге тиіс еді ғой, қай жағынан да жабық. Тек қана БАҚ бетіне «мынанша мұғалім «Үздік педагог» атанды» деген ғана ақпарат берілді. Ал, жалпы мұғалім атаулы «жеңімпаздар бұл атаққа қалай қол жеткізді, осынша ақшаны қалай алды?» деген сұраққа жауап алған жоқ. Әлеуметтік желілерде көріп отырмыз ғой, жазып жатыр, мұғалімдердің көпшілігінде үміт жоқ. Болашақта мен де осыны ала алады екем ғой деген сенім жоқ.

- Сіздің өзіңізде осыған қатыссам деген ой жоқ па?

- Менде ондай ой жоқ. Өйткені, қазір осы мәселені көтеріп отырмын, ертең барып қатысып отырсам, осыны алу үшін шулатқан екен ғой деген ой туады.

- Байқауда қандай көрсеткіштерге баса мән беріледі? Сіз мұғалім ретінде осы атаққа өзіңізді лайықпын деп есептейсіз бе?

- Қараңыз, ең негізгі сұрақ осы болу керек. Неге дейсіз бе? Біз министрліктен сұрап отырмыз, осы байқауда жеңген 64 мұғалімнің сабағын, кәдімгі видеоға түсірілген сабағын жариялаңыздаршы. Біз көрейік, өзімізді сол үздік педагогтермен салыстырып қарайық. Білмегенімізді үйренейік. Өкінішке орай, бұл байқаудың шартында мұғалімдерден видео сабақ сұралмайды екен. Сұралатыны олардың оқушыларының олимпидалардағы жетістігі мен басқалай жүлделері ғана. Ал, видео сабақ жоқ, көрейік десек, министрлік тауып бере алмай отыр. Үздік педагог болатын мұғалімнің YouTube-та сабақтары жариялану керек қой. Ол елдің алдында өзінің шын мәнінде үздік екенін дәлелдеуі керек. Сөйтіп, ол өзгелерге үлгі болуға тиіс.

Сіз үздік мұғалім бола аласыз ба деп сұрап отырсыз. Мүмкін мен мүлде үздік мұғалім бола алмайтын шығармын. Өйткені, мен үздік мұғалімнің сабақты қалай жүргізетінін көрген жоқпын. Үздік педагогтың қандай болатыны миыма да кірмейді. «Үздік педагог» Қазақстандағы мұғалімдерге берілетін ең үлкен атақ. Ал, сол атақты алып жатқан мұғалімдердің сабақ өту тәсілін ешқашан көрмеген адам өзін қалай салыстырады? Басқа мұғалімдер кімге қарап бой түзейді, кімнен үлгі алады, қай деңгейге ұмтылады? «Үздік педагог» байқауының ең негізгі міндеті осы тұрғыдан болуы керек қой.

- «Үздік педагог» байқауы, жалпы алғанда, Қазақстанның білім беру ісіне қандай пайда береді?

- Мысалы, былтыр ғана Қазақстан білім беру көрсеткіштері бойынша PISA есебінде құлдырап кеткені айтылды. Аймағамбетовтің өзі айтып отыр. Осы кезге дейін 9 жыл қатарынан өткізіліп келе жатыр, соншама үздік педагогы бола тұра біз неге халықаралық рейтингте құлдырап кеттік? Соншама уақыттан бері бір де бір үздік мұғалімнің сабағын жарияламай отыр. Неліктен? Мен «Үздік педагог» атағын алған ақтөбелік бір мұғалімге «сіздің сабағыңызды көрейінші», десем, оның ешқандай видео сабағы жоқ екен. Ала берсін, қызғанып отырған жоқпын. Осының бәрін дұрыстап ұйымдастырса нәтиже болар еді ғой.

Тағы бір мысал, өзім жақсы білетін Мейіржан Темірбек деген әріптесім Тарбағатайда ертеректе осы байқауға қатысып, аудандық деңгейден ары өте алмаған. Қалай қатысқанын, байқау жайлы қайдан естігенін білмеймін, бәлкім өзі белсенді болған соң қатысқан шығар, бәлкім, ол ауданда біздің аудандағыдай емес, өткізілетін шығар. Мейіржан информатик. Оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де сабақ береді. YouTube-та сабағы толып тұр. Міне, «Үздік педагог» атағын алған ұстаздарда да осындай видео сабақтар болса, біз қарап, үздіктердің қандай болатынын білер едік қой. Ал, аудандық білім бөлімі ұсына салып, ол үздік атана берсе, онда мұның білім беруге тигізетін қандай пайдасы бар?!

- PISA рейтингі деп қалдыңыз, былтыр Қазақстан құлдырап кеткенде, Аймағамбетов біздегі тәртіптің қатаңдатылғанын айтып, ақталып шықты. Басқа да себептері бар шығар. Менің сұрайын дегенім, бұл көрсеткіш берілетін жүлде бар, ұйымдастыруға кететін шығыны бар, біраз қаржы жұмсалатын бұл байқау өзін ақтай алмай жатыр дегенді білдіре ме?

- Әңгіме осында. Сол үздік педагогтер жауапкершілікте болуы керек. Неге олар осы атақты, ақшаны алады да кетеді? Былтыр Қарасай ауданында бір мұғалім «Үздік педагог» атаныпты. Ал неге мен «міне, мынау үздік педагог, сен сол атақты алу үшін осындай болуың керек», дегенді естімеймін, көрмеймін? Неге ең болмаса басқа мұғалімдерге барып үйретпейді, сабақтарын көрсетіп, әдістемелік тұрғыда өсуіне көмектеспейді? Неге мен «сен үздік педагог болу үшін мынадай болуың керек» дегенді ешқайдан көрмеймін? Сондықтан, «Үздік педагог» атағын алған мұғалімдерге жауапкершілік жүктеліп, міндеттемелер берілу керек. Бұл мемлекеттің қаржысына жасалып жатқан шаруа.

- Аймағамбетов білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресте қаншалықты жетістікке жетті?

- Жалпы, білім саласы жемқорлыққа батқан сала ғой, өзіңіз де білесіз. Соның ең айқын көрінісі – газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыру. Газет-журнал шығаратындардың барлығы ренжімесін. Бұл, әрине, басқа емес, сарай газеттері. Аудандық, облыстық, республикалық газет. «Егеменнен» бастап. Оны зорлықпен жаздыратыны ешкімге жасырын емес. Бұл білім жүйесіндегі заңсыздықтың басты көрсеткіштерінің бірі. Аймағамбетов әлі күнге осы мәселені әлі шеше алмай жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа өзің қарсы бол, өзің күрес дегенмен, одан ештеңе шешілмейді. Оны шешу үшін бос сөз жүрмейді, үлкен деңгейде жұмыс істеліп, үлкен қадамдар жасалуы керек.

- Сіз қандай газет оқисыз?

- Қазір «Дат» газетін оқимын. «Мұқағали» журналын оқимын. Маған келіп ешкім «мына газетке жазыл» деп айта алмайды, бұрын айтқан, қазір айтпайды. Неге екенін өзіңіз біліп отырсыз.

- Әріптестеріңіз қандай газет оқиды?

- Әріптестерім қандай газет оқитынын білмеймін. Негізі, менің мектебімде мен ештеңе естімеймін, ештеңе көрмеймін. Маған ешкім ештеңе көрсетпейді. Оның да себебін жақсы біліп отырсыз.

- Мектептегі сізге ұнамайтын тағы қандай мәселелер бар? Әріптестеріңіздің көпшілігі айта алмайтын, айтуға қорқатын...

- Сөзіміз ұзарып кетеді демесеңіз, мектепте мәселе көп қой. Мен кәсіподақ мәселесін айтқым келіп жүрген. Бұл арнайы тоқталатын, үлкен проблема. Кәсіподақ мұғалімдердің құқығын қорғайтын, сөзін сөйлейтін ұйым саналады. Бірақ, бұл ұйым ешқандай да мұғалімнің құқығын қорғамайды. Біз осы көктемде Аймағамбетов мырзаға сауал жолдадық, бірақ, ол да жауапсыз қалды. Мұғалімдер кәсіподаққа мүше болғаны үшін жарна төлейді. Мектепке кірген мұғалім автоматты түрде кәсіподаққа кіріп кетеді. Бұл мектеп директорының басқаруымен жүргізіледі. Аймағамбетов менің қатысым жоқ дейді, бірақ, мектеп директоры Аймағамбетов басқаратын білім саласының қызметкері. Енді, кәсіподаққа әр мұғалім өз еркімен кіруі керек, кіргісі келмесе, бас тарта алады. Бірақ, тіпті, арыз да жаздырмай, кәсіподаққа мүшелікке өткізіп алады да, жарна төлетеді. Біз осы заңсыз түрде жарна төлеуді тоқтатуды сұрағанбыз. Бірақ, Аймағамбетов жауап бермей қойды. Кәсіподақ – қоғамдық ұйым, оның мемлекеттік ұйымда ешқандай шаруасы болмауы керек. Ол келіп, біздің құқығымызды қалай қорғайтынын, немен айналысатынын айтып, содан кейін ғана бізге ұнап жатса, біз ол ұйымға кіруіміз керек. Жарнамызды бухгалтер арқылы ұстап отырады. Бұл мұғалімдердің аяқ-қолын байлап-матап қойды. Бірақ, кәсіподаққа да, «Нұр Отанға» да қосып алып, жарна төлетіп қояды.

- «Нұр Отан» партиясына да өзінен сұрамай қоса бере ме сонда?

- Сенен сұрамайды, қоса береді. Мен оны дәлелдей аламын. Мені де қосқан. Мен партияда да, кәсіподақ құрамында да болдым. Қазір шығып кеттім, үш-төрт жыл болды. «Менің арызымды тауып беріңдер, жарна ұстап келдіңдер ғой», дедім. Олар тауып бере алмады. Солай дәлелдедім. Содан бері тісі батпайды маған.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!

Байланысты жаналықтар

Депутаттар мектепті жайлы әрі қауіпсіз жасамақ

30.05.2023

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

05.01.2023

Енді 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

10.11.2022

51 мың талапкер ҰБТ-дан құлады

07.07.2022

Аймағамбетовтің арманы: Шымкент министрді өтірікші жасайын деп тұр

10.06.2022

Аралас мектеп дауы. Аймағамбетов әлі үнсіз      

05.05.2022
MalimBlocks
Депутаттар мектепті жайлы әрі қауіпсіз жасамақ

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

Кешегі тағайындаулардың ішінде елдің назарын ерекше аударған – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің орнынан кетуі болды. Үш жарым жыл бойы министр болған Аймағамбетовті қимайтындар аз емес екен.  

Енді 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап 5-8 және 10 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Оқу-ағарту министрлігі осындай хабар таратты.

51 мың талапкер ҰБТ-дан құлады

ҰБТ қорытындысы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы қорытынды жариялады

Аймағамбетовтің арманы: Шымкент министрді өтірікші жасайын деп тұр

Аймағамбетов биыл балаларды балабақшамен қамту 99 пайызға жетті деген. Шымкенттегі жағдай осы көрсеткішке күмән тудырады.

Аралас мектеп дауы. Аймағамбетов әлі үнсіз      

Орыс тілді мектептегі оқушылардың көбі қазақ отбасынан шыққан балалар.