Он күнге созылған додадан он дерек

Malim Админ

  • 20.04.2021

Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрес түрлерінен Азияның лицензиялық турнирі мен Азия чемпионаты өтті. Құрлықтың ең мықты деген балуандары бас қосқан жарыстың үш күнінде Токио олимпиадасының 36 жолдамасы сарапқа салынды. Одан кейін балуандар бір апта бойы Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.

«Malim.kz» сайты он күнге созылған балуандар бәсекесі жайлы он дерек ұсынады.

 1.Қазақстан балуандары Алматыдағы аламанда Токио олимпиадасының үш жолдамасын жеңіп алды. Атап айтсақ, грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов 87 келі салмақта топ жарып, жолдама алса, еркін күресте 125 келі салмақта күрескен Юсуп Батырмұрзаев та Олимпиада жолдамасын қалтасына салды. Сондай-ақ, әйелдер күресінде күміс жүлде алған Татьяна Ахметова да Токиоға баратын балуандардың қатарын толықтырды.

2.Дәл қазір қазақстандық балуандардың қоржынында Токио олимпиадасының 11 жолдамасы бар. 8 жолдаманы 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында жеңіп алдық. Енді жолдама алатын соңғы жарыс Болгарияның София қаласында өтеді. Онда грек-рим күресі мен әйелдер күресі құрамасы 3 салмақта (грек-рим күресі – 67 келі, 97 келі, 130 келі; әйелдер күресі – 57 келі, 62 келі, 68 келі), еркін күрес балуандары бір салмақта (86 келі) белдеседі.

3. Соңғы, яғни, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы күрестің үш түрінен 12 жолдама алған. Оның үшеуін грек-рим күресінен жеңіп алса, төртеуі бойжеткендеріміздің еншісінде. Еркін күрес балуандары бес салмақта күресті.

4. Қазіргі таңда күрес түрлері бойынша құрлықтық іріктеу турнирлерінің барлығы аяқталды. Әлем чемпионаты мен құрлықтық іріктеу жарыстарының нәтижелерін қосқанда АҚШ балуандары көш бастап тұр. Оларда 15 жолдама бар (әйелдер күресі – 6, еркін күрес – 5, грек-рим күресі – 4). Ресей жолдама саны жағынан екінші орында – 13 жолдама (еркін күрес – 5, грек-рим күресі – 5, әйелдер күресі – 3). Үздіктер үштігін Куба балуандары қорытындылайды – 12 жолдама (грек-рим күресі – 6, еркін күрес – 3, әйелдер күресі – 3). Қазақстан, Иран және Қытай балуандарында 11 жолдамадан бар. Айта кетерлігі, ирандықтар еркін күрес, Қытай әйелдер күресі бойынша толық (6 салмақ) жолдамаға ие болды.

5. Еркін күрестен 70 келідегі Талғат Сырбаз Атырау облысының еркін күрес тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанған балуан. Талғат Алматы бозкілемінде Кувейт, Үндістан, Корея және Өзбекстан елдерінің балуандарын ұтты.

6. Әсет Серікбаев баптайтын еркін күрестен Қазақстан құрамасы бес салмақта Азия чемпионатының финалына шықты. Мұндай жағдай Қазақстан еркін күрес тарихында тұңғыш рет орын алып тұр. Бұған дейін олар 2016 жылы төрт салмақта финалға шығып, соның біреуінде ғана бас жүлдеге ие болды (Д.Ниязбеков, 61 келі).

7. Еркін күрес балуандары соңғы рет Азия чемпионатының 3 алтын медалін 2006 жылы алды. Ол кезде де жарыс Алматыда өткен-ді. Леонид Спиридонов (66 келі), Нұржан Қатаев (96 келі) және Марид Муталимов (130 келі) өз салмақтарында үздік шыққан.

8. Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова Азия чемпионатында алғаш рет топ жарды. Ол бұған дейін екі рет күміс (2015, 2016), екі рет қола (2014, 2018) медаль жеңіп алған.

9. Еркін күрестен 74 келі салмақ дәрежесінің бас жүлдесін соңғы үш жылда қазақстандық балуандар иеленіп келеді. 2019 және 2020 жылы Данияр Қайсанов осы салмақта қарсылас шыдатпаған еді. Биыл Нұрқожа Қайпановтың бағы жанды.

10. Азия чемпионатында Иран балуандары еркін және грек-рим күресінен командалық есепте жеңіске жетті. Әйелдер күресінде Моңғолия қыздары қара үзіп шықты. Қазақстан грек-рим күресінде екінші орын алса, еркін және әйелдер күресінде үздік үштікті қорытындылады.

Азия чемпионатында жеңімпаз бен жүлдегер атанған Қазақстан құрамасының балуандары

Грек-рим күріс
Алтын медаль – Айдос Сұлтанғали (60 келі), Сұлтан Әсетұлы (63 келі);
Күміс медаль – Алмат Кебісбаев (67 келі), Әлімхан Сыздықов (97 келі);
Қола медаль – Демеу Жадыраев (77 келі), Ерұлан Ысқақов (97 келі);
Еркін күрес
Алтын медаль – Талғат Сырбаз (70 келі), Нұрқожа Қайпанов (70 келі), Олег Болтин (125 келі);
Күміс медаль – Адлан Асқаров (61 келі), Әлішер Ерғали (97 келі)
Әйелдер күресі
Алтын медаль – Валентиа Исламова (50 келі), Эльмира Сыздықова (72 келі)
Күміс медаль – Жәмилә Бақбергенова (72 келі);
Қола жүлде – Асылзат Сағымбай (53 келі), Айша Уалишан (55 келі), Алтынай Сатылған (57 келі);

 

Байланысты жаналықтар

Қыздарымызда қырық медаль

31.05.2021

Олимпиада жүлдегері боз кілемге қайта оралды

31.03.2021

Қазақстанда өтетін чемпионат Өзбекстанға ауыстырылды

18.02.2020
MalimBlocks
Қыздарымызда қырық медаль

Олимпиада жүлдегері боз кілемге қайта оралды

Қазақстанда өтетін чемпионат Өзбекстанға ауыстырылды