Шелектің жолы тесік, әкімі пысық

«Журналист келді екен деп мәселе шешіледі деп ойламаңдар».

Есенжол Елекенов

  • 03.08.2023
Фотода: Ортадағы Шелек ауылы әкімінің орынбасары Мәди Бектасов

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек аулының тұрғындары жол азабын қанша уақыттан бері тартып келе жатқандарын ұмытып қалған. Тұрғындар ауылішілік жол мен басқа да мәселелерді айтамыз деп ауыл әкімдігінің табалдырығын тоздырған. «Әкімнен ешқандай қайран болмай отыр» деген тұрғындар шыдамдары таусылғанын айтады.

Шелек ауылы Алматы қаласынан шамамен 112 шақырымдай қашықта жатыр. Бұл – Қазақстандағы ең ірі ауылдардың бірі. Мұнда 38 мыңнан аса халық тұрады. Осы ауылға барған Malim.kz ауыл ішіндегі көшелердің көп бөлігінде асфальт төселмегенін көрді. Шаң-топырақ көз аштырмайды. Көшеде кездескен кей тұрғынан «ауыл әкімін танисыздар ма?» деп сұрағанбыз. Кейбірі мүлдем танымайтындарын айтты.

-Ауыл әкімі кім екенін білмеймін, танымаймын. Халық алдына шықпаса, елмен жұмыс істемесе қалай танимыз?,- деді Сәния Әшімова есімді тұрғын. Ол ауылдағы мәселерді жіпке тізді. «Ауылда жұмыс жоқ. Жастар қалаға кетіп жатыр. Біз де кетеміз бе деп жүрміз. Көшелерде асфальт жоқ, баланы кольяскамен алып жүрейін десең тратуар да жоқ. Сосын, көшелерде жарық шамдары аз. Интернет өте баяу, кейде істемей қалады»,- деді Сәния.

Шелек ауылындағы қоғамдық кеңестің мүшесі әрі тұрғын Дәурен Бақберген Malim.kz тілшісін шаң-топырағы тобықтан келетін, жаңбыр жауса ми батпақ болатын Абдукарим көшесіне ертіп барды. Сөзінше, осы көшеге асфальт төсеуге Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев 20 млн теңге қаржы бөлгізген.

Ақпан айында Марат Сұлтанғазиевтың өзі ауылға келгенде осы көшеге асфальт төсеуге 20 млн теңге бөлгізетінін айтты. Ол қаржы бөлінген де. Бірақ асфальт та жоқ, 20 миллион да жоқ. Сәл жаңбыр жауса бұл көшеден адам ғана емес, мал өте алмайды,- дейді Дәурен Бақберген. Оның бұл сөзін осы көшенің тұрғындары жарыса растайды. Әбден зәрезап болдық деп таусылады.

Фотода: Шелек ауылы Қоғамдық кеңестің мүшесі Дәурен Бақберген

Қазір өздеріңіз осы көшемен жүріп көріңіздерші? Шаңға батасыздар. Ал жаңбыр жауса тіптен езіледі. Жедел жәрдем, басқа да көліктерді өзіміз итеріп шығарамыз. Әкімге барсақ, «жасайық деп жатырмыз» деп шығарып салады. Бірақ келіп, көріп жатқан жоқ,- дейді Санат Толыбаев.

Галина есімді тұрғын осы көшеден өтерде аяқтарына целлофан-пакет киіп алатынын айтады.

Сенесіз бе? Аяғымызға пакет киіп өтеміз. Міне қазір менің аяғыма қарыңыз, шаң-шаң. Жүру мүмкін емес. Ал жел тұрса тіптен сұмдық болады. Жаңбыр жауса не болатынын жаңа айтты ғой. Көшенің осындай болғанның кесірінен таксилерде келмейді, басқа көшеден тастап кетеді. Бізге асфальт төсемесе де, қиыршық тас төсеп берсін,- деді Галина.

Тұрғындар реніштерін айтып тауыса алмай жатқанда Шелек ауылы әкімінің орынбасары Мәди Бектасов келді.

– 20 млн теңге бөлінгені рас. Бірақ ол қаржы бұл көшенің жолына емес. 20 миллион теңгеге шұңқырлы жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шелек ауылында жол мәселесі күрделі. Себебі соңғы жылдары ауылдағы жолдарға қаражат бөлінбеді. Қазіргі таңда негізгі үлкен көшелерге күрделі, орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба жасақтап қойдық. Қазір су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін аудан, облыс көшелерді жөндеуге қаржы бөлеміз деп уәде етіп отыр. Осыған дейін бұл кісілер алдымызға келді, біз жағдайды түсіндіріп айттық. Үнемделген қаражат бар, біз соған асфальт төсемесек те, тас төгіп береміз,- деді шенеунік.

Әбден ашынған тұрғындар әкім орынбасарынан көшені тезірек жөндеп берулерін бірінен соң бірі қайта-қайта сұрады. «Бізді адам құрлы көрмейді» деп ренжіді. Ал шенеунік «жасаймыз» дегеннен таңбады.

– Журналист келді екен деп мәселе шешіледі деп ойламаңыздар. Бұл кісілер келіп, түсірілім жасаса да, жасамаса да, атқарылатын жұмыстар. Бұл жұмыстар жоспарда бар. Тағы да қайталап айтам сіздерге,- деді өктем сөйлеген Мәди Бектасов. Ол қасында жүрген бір қызметкерге жиналған тұрғындардың барлығын суретке түсіріп алуды бұйырды. 

Мұнда Ырысты көшесінің тұрғындары да ашулы келді. Олар аталған көшенің кей жеріне өз қаражаттарына қиыршық тас төсеп алғандарын айтты.

Сендер жасамай қойғаннан кейін біз өзіміз ақша шығарып жасадық. Мен әкімдікке барып, сіздерге осыны айтқанда «өздерің біліңдер!» дедіңіз ғой. Әкім де «40 мың адамның қайсысына жүгіремін» деген жоқ па? Егер қолдарыңыздан келмесе, орындарыңызды босатсаңыздаршы?! Біздерді мазақ қылып отырсыздар,- деді ашуға булыққан бір тұрғын.

Тұрғындардың ашуынан қаймықты ма, шенеунік Мәди Бектасов қазан айына дейін көшеге қиыршық тас төгіп береміз деп уәде берді. 

Шенеуніктің сөзінше, Шелек ауылында 128 көше бар. Соның 65 пайызында асфальт жоқ. Malim.kz  тілшісі Мәди Бектасовтан «Кей тұрғын ауыл әкімін танымайтындарын айтты. Бұл жерге неліктен ауыл әкімінің өзі келмеді? Халықтың алдына қаншалықты жиі шығасыздар?» деп сұрады.

Бұл сұраққа Мәди Бектасов: «Ауыл әкімі еңбек демалысында. Жұмысқа ертең шығады. Ал жалпы біз күн сайын тұрақты түрде халықтың алдындамыз. Өтірік айтсақ, міне халықтың өзі тұр. Сенбі-жексенбі деген біз де жоқ. Күн сайын жұмыстамыз» деп жауап берді.

Қураған саябаққа миллиондап шашу

Шелек ауылындағы мәселе мұнымен бітпейді. Қоғамдық кеңестің мүшесі Дәурен Бақберген екі жыл бұрын 400 млн-ға жуық теңгеге салынған саябақтың сапасы тым нашар екенін айтады.

Шағын саябақтың ішінде балалар ойын алаңы мен футбол, баскетбол ойнайтын алаң бар. Бір қызығы, футбол алаңының жасанды төсеніші жоқ, ал баскетбол ойнайтын жердің төсенішінің шұрық-тесігі шығып жатыр.

-Ауылда шешілмей жатқан мәселе өте көп. Әкімге барып айтсақ, «әне шешеміз, міне шешеміз дейді», сонымен болды. Шешімін таппай жатқан проблемалардан халық зардап шегіп отыр. Мысалы, мына саябаққа 400 млн-ға жуық теңге жұмсады. Алайда ешқайсысының сапасы сын көтермейді. Өздеріңіз көріп тұрғандай футбол алаңның жасанды төсеніші жоқ. Құр бетонның үстіне балалар қалай деп тебеді, айтыңызшы?,- деді Дәурен Бақберген.

Дәуреннің айтуынша, саябаққа бірнеше миллиондаған қаржыға жүздеген түп ағаш егілген. Бірақ ол ағаштар қараусыз қалғаннан қурап қалған.

Осы ағаштарға бюджеттен бәленбай миллион қаржы жұмсады. Егілгелі бері жапырақ шықпақ түгілі гүлдеген де жоқ. Оны ешкім қараған да, суарған да жоқ. Қурап бітті. Бұл ағаштардың әрбіреуі 50-80 мың теңгенің айналасында. Осы жерге жүздеген ағаш отырғызылуы керек болған. Бірақ бұл жерде 100 түп ағаш жоқ. Ауыл әкім де, орынбасары да көзбояушылық жасап отыр,- дейді Дәурен Бақберген.

Бұл мәселеге де  пікір білдірген Шелек ауылы әкімінің орынбасары Мәди Бектасов саябақтағы егілген ағаштарға қанша қаржы жұмсалғанын айта алмады.

Абаттандыру кезінде ағаштарды суару жұмыстары қарастырылмаған. Дегенмен суды тасу жұмыстарын жүргізіп отырдық. Өткен жылы демеушілердің көмегімен екі ұңғыма қазғанбыз. Бірақ судың деңгейі төмендеп кетті. Енді осы жылы екі скважна шығардық. Қазір сонымен суарып отырмыз. Қураған ағаштардың орнына басқа ағаш отырғызғанбыз, бірақ олар да  қурап қалды. Қанша қаржы жұмсалғаны есімде жоқ,- деді Шелек ауылы әкімінің орынбасары Мәди Бектасов.

Malim.kz тілшісі шенеуніктен футбол алаңында не себепті жасанды төсеніш жоқ екенін сұраған. Бұл сауалға Мәди Бектасов «төсеніші тозып кетті» деп жауап беріп жатқаны сол еді,  тұрғындардың біреуі «Онда мүлдем төсеніш болған жоқ қой. Неге өтірік айтасыз?» деді. Не айтарын білмей қалған Мәди Бектасов «Жоба бойынша жасалған нәрсе. Жобада жасанды төсеніш көрсетілмеген екен. Бұл жоба дұрыс емес. Бірақ төсейміз» дей бергенінде тағы бір тұрғын «Төсейміз дегендеріңізге екі жыл болды ғой?» деп әкім орынбасарын сөйлетпеді.

Байланысты жаналықтар

Ауылдағы «құпия» нысанды әкімдік қалай білмейді?

08.08.2023

Әкім Сұлтанғазиев әкесі басқарған каналдағы делдалдарды тазартпақ

08.06.2023

Мұғалімге ескерту.34 мың теңгеден артық алма, 7 млн айыппұл!

18.05.2023

 Марат Сұлтанғазиев сияқты әкім жоқ, мақтау да, балмұздақ та артық етпейді

17.05.2023

Әкім Сұлтанғазиев жұмсақ креслода отыр, ал оқушыға орындық та жоқ

09.02.2023

BekAir апаты: жерді сатқан шенеунік ұсталды

20.02.2020
MalimBlocks
Ауылдағы «құпия» нысанды әкімдік қалай білмейді?

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында «белгісіз нысанның» құрылысы басталғанына бір ай болған.

Әкім Сұлтанғазиев әкесі басқарған каналдағы делдалдарды тазартпақ

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әкім болғанына бір жылға орай бірлі-екілі ақпарат өкілдеріне мамыражай сұхбат беріпті.

Мұғалімге ескерту.34 мың теңгеден артық алма, 7 млн айыппұл!

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оқушы, ата-анадан сыйлыққа ақша жинататын мұғалімдерді жауапкершілікке шақырып, ескерту жариялады

 Марат Сұлтанғазиев сияқты әкім жоқ, мақтау да, балмұздақ та артық етпейді

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бүгінгі жұмыс уақыты зая кеткен жоқ. Бүгін ол тағы да бір тағайындауға қол қойды!

Әкім Сұлтанғазиев жұмсақ креслода отыр, ал оқушыға орындық та жоқ

Алматы облысындағы Жетіген ауылының мектебінде бастауыш сынып оқушылары сабақты тікесінен тік тұрып оқуға мәжбүр

BekAir апаты: жерді сатқан шенеунік ұсталды