Ақан серінің мазары Тоқаев барса ғана жөнделе ме?

Жол ойқы-шойқы, ойдым-ойдым, әбден ескірген

Олжас Қасым

  • 24.07.2023

Президент Тоқаев барса ғана жолды жөндеп, өңірді жасандырып, сән-салтанатқа бөлеп қоятын әдеттен аймақтар әлі арылған жоқ. Тапсырманы орындап қана отыра беретін сондай облыстар -  Солтүстік Қазақстан мен Ақмола. Өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қандай деңгейде өткенін ел біледі. Биыл осы жердің тумасы  көрнекті ақын, әйгілі әнші-композитор Ақан Сері Қорамсаұлының 180 жылдығы.  Өкінішке қарай, тарихи тұлғаның мәңгілік тыныс тапқан мекені, күмбезді кесенесі күн астында тозып барады. Malim.kz редакциясына хабарласқан Мирас  Әбіл есімді театртанушы серінің зиратына арнайы барып, кешеннің мүлдем көрер көзге көріксіз болып, назардан тас қалғанын жеткізді.  

«Жақында шығармашылық топпен Көкшетау қаласына бардық. Жол түсіп тұрған соң сол жерден Ақан серінің мазарына баруды жоспарладық. Тұлғаға қатысты бір көлемді еңбек жазып жатыр едік. Сөйтіп жолға шықтық. Серінің зираты Көкшетау қаласынан шамамен 130 шақырымдай қашықтықта жатыр екен. Жол ойқы-шойқы, ойдым-ойдым, әбден ескірген. Тұрғындардың көбі Ақан серінің моласы қай жағында екенін білмейді екен. Таппай, таппай ақыры жолдан бір ақсақалды кездестіріп, ол кісі түсіндірген соң ғана тауып бардық. Кеңес одағының кезінде салынған жолдар жаңартылмағанын байқадық. Біраз мехнат кешіп, әйтеуір Ақанның кесенесіне жеттік. «Ақан сері» деген жазуды көргенде сенер-сенбесімізді білмей аңтарылып біраз тұрып қалыппыз. Баспалдақтары әбден мүжілген. Бір жылдан бері ешкім ат ізін салмаған секілді. Моланы тұтасқан шөп басып кеткен. Зиратқа кірер қақпаның кілті де жоқ. Орамалмен байлап қойыпты сыртынан. Тазалық жұмыстары деген атымен жүргізілмеген»,-дейді ол.    

Мирас есесіне Көкшетау қаласының қақ ортасында «Ақан сері -180» деген жазулармен бедерленген баннерлер ілініп тұрғанын айтады. «Жергілікті әкімдік біртуар серіні  сөз жүзінде ғана ұлықтап жатқандай. Облыс билігі бейхабар сияқты. Моланың ішінде маталар шашылып жатыр. Кесененің кірпіштері де мүжіле бастапты. Сонымен, көңіліміз алай-дүлей болып келдік»,-деп күйінішін білдіреді.    

Ақан серінің мазары Көкшетау және Солтүстік Қазақстан аймағындағы киелі нысан саналады. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары кесененің «Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің» тізіміне, тіпті «жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің» санатына да енбегенін ашына жазған болатын. 

Естеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығымен  «Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің» тізімі бекітілгені мәлім. Алайда, не себептен екендігі беймәлім, Ақан серінің мазары ол тізімге қосылмай қалған. Одан кейін министрлікті басқарған Ақтоты Райымқұлова тізімді жаңартып, тарихи нысандардың санын көбейткен-ді. Бірақ, одан да серінің кесенесі орын таппағанын білеміз. 

Осыдан үш жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Ақан сері мазарын жөндеуді қолға алғалы жатқанын журналистерге айтқан болатын. Оған бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту көзделгенін жеткізген. Дегенмен, ол тек уәде күйінде қалғанын байқап отырмыз.  Өкініштісі, Ақан серіге республикалық мағызы тар тарихи ескерткіштерден орын таппаған билік Верный шаһарының құрметті азаматы Т.Головизиннің тұрған үйі, айдаладағы ұшқыштар В.Пацаевтың, С.Луганскийдің мүсіндеріне, Астанадағы бір кездегі «Тың игерушілер сарайына» мемлекеттік деңгейдегі тарих және мәдениет ескерткіштері деген статус берілген.  Тіпті, Қазақстаннан тым шалғайда жатқан Бейбарыстың кесенесі мен мешітін, Сирия жерінде әл-Фарабидің мазарын жөндеген биліктің назары іргеде тұрған Ақан серінің зиратына түспей отырғаны таңғалдырады.       

Онсыз да тар жол, тайғақ кешкен тағдырлы тұлғаның өмірден құса болып, ұрпақсыз өткені белгілі. Іздеушісі жоқ Ақанның басына Тоқаев бармаса баяғы жартас сол жартас күйі құлазып тұра беретіні анық.        

Байланысты жаналықтар

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды

15.05.2024

Су тасқынымен күрес: 12 мамырдағы ақпарат

12.05.2024

Солтүстік Қазақстан облысы қайың тұқымын жарты миллиард теңгеге сатып алмақ

30.04.2024

СҚО-да бір үйдің екі баласы өздеріне қол жұмсады

29.04.2024

Петропавлда су қоймасы туралы фейк ақпарат таратқан тұрғын 74 мың теңге айыппұл арқалады

22.04.2024

Солтүстік Қазақстан облысында тасқын судың беті қайта бастады

22.04.2024
MalimBlocks
СҚО-да аудан әкімінің орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды

Тергеу жалғасып жатыр.

Су тасқынымен күрес: 12 мамырдағы ақпарат

Жайықтың жайылған суы Каспийге жіберілмек

Солтүстік Қазақстан облысы қайың тұқымын жарты миллиард теңгеге сатып алмақ

Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 24 сәуірде басталған, 12 мамырда аяқталады.

СҚО-да бір үйдің екі баласы өздеріне қол жұмсады

Оқиға Айыртау ауданында болған.

Петропавлда су қоймасы туралы фейк ақпарат таратқан тұрғын 74 мың теңге айыппұл арқалады

Қала тұрғыны өз кінәсін мойындады.

Солтүстік Қазақстан облысында тасқын судың беті қайта бастады

Екінші толқын Петропавлға қарай келе жатыр.