Қазақстанда 1 223 елді мекенді су басу қаупі бар - министр
Сенатта өткен үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов елді мекендерге төніп тұрған қауіп жайлы хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы депутаттар алдында су тасқынына дайындық барысы туралы баяндады.
"Бүгінде республикада су тасқыны қаупі бар аймақтарда 1223 елді мекен бар. Министрлік үйлестіруші орган ретінде ықтимал су тасқынына инфрақұрылымды дайындау бойынша жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді", – деді министр.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрі орталық және жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін міндетті атап, маңызды ескерту жасады:
"Республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттар аясында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Айта кету керек, бұл шараларды жүзеге асыру су басу қаупін барынша азайтып, елді мекендерді су басу қаупінен қорғауды қамтамасыз етеді. Су тасқыны аяқталғаннан кейін аймақтарда профилактикалық және инженерлік-техникалық жұмыстар басталды, олардың жергілікті деңгейде орындалу барысы министрліктің бөлімшелерімен үйлестіріледі. "Мемлекеттік аппарат инспекторларының қатысуымен де бірнеше рет тексерулер жүргізілді", – деп түйіндеді спикер.