Ясауи кесенесі маңында құрылыс тоқтамай тұр. Министр не дейді?

ЮНЕСКО конвенциялары мен ұсынымдары бойынша міндеттемелер толық орындалмай отыр

Malim Админ

  • 23.04.2025

Елімізде ЮНЕСКО конвенциялары мен ұсынымдары бойынша міндеттемелер толық орындалмай отыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мәселесін көтерді.


Бүгінде елімізде тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асады. Атап айтқанда республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде 265 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан аса тарихи және мәдени ескерткіш тіркелді. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде еліміздің 10 тарих және мәдени ескерткіші бар, − деді деді Мәдениет министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, министрлік Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізімін қайта қарап, бұған дейінгі 45 элементті 79 элементке дейін арттырды. Қазір Қазақстанның атынан Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне 14 элемент енгізілген.

Бұл ретте ЮНЕСКО стандарттарына сай мәдени және құжаттық мұраны сақтау мен дамытуға кедергі келтіретін бірқатар мәселе анықталған.

− Біріншіден, қазір ЮНЕСКО конвенциялары мен ұсынымдары бойынша міндеттемелер толық орындалмай отыр. Алматы облысындағы Талғар мен Қарамерген, Жетісу облысындағы Қойлық, Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Құлан, Қостөбе және Өрнек секілді қалашықтардың, Ақыртас сарайы кешенінің инфрақұрылымдарын дамыту – өте өзекті, − дейді А. Балаева.

Оның айтуынша, ЮНЕСКО тізіміне енген бірқатар ескерткіш көп жағдайда «қараусыз қалған», не болмаса «маңызсыз» нысандар ретінде қабылданып отыр.

Халықаралық маңызы бар ескерткіштер облыстардың аумағында орналасқандықтан, оларды дамыту әкімдіктер үшін мүдделі мақсат болуы керек.

− Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді Бүкіләлемдік мұра нысанының буферлік аймағында жергілікті биліктің келісілмеген құрылыс салуы тоқтар емес. Мәселен, қазір ескерткіштің буферлік аймағында тағы бір құрылыс іргетасы қаланғаны белгілі болды. Сондай-ақ, Құлан, Қойлық қалашықтарының буферлік аймағында құрылыс объектілері көбейіп, айналасындағы қоқыстың тазармауы да өзекті мәселеге айналған. Республикалық маңызы бар Тектұрмас, Жошы хан кесенелерінің жай-күйі де жіті назар аударуды қажет етеді, − деді Аида Балаева.

Фото: azretsultan.kz