Ақмола облысында 80 жастағы қария суға батып кете жаздады
Ақмола облысында полиция қызметкері мен балықты қорғау инспекторы өзенге батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды

Ақмола облысында полиция қызметкері мен балықты қорғау инспекторы өзенге батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
16 сәуірде шамамен сағат 17:00-де Ақмола облысында тәртіп сақшылары суға батып бара жатқан адамның өмірін аман алып қалды. Қорғалжын ауданының учаскелік полиция инспекторы А. Габбасов пен Ақмола облысы бойынша балық шаруашылығын бақылау инспекциясы бөлімінің инспекторы Н. Мұхаметжанов бірлескен рейд барысында өзенге батып бара жатқан қарияны құтқарып қалды.
Сабынды ауылы маңындағы "Сабынды гидроторабы" шлюзінде бірлескен рейд жүргізу барысында олар Алғабас ауылы жағынан шамамен 500 метр қашықтан көмек сұраған дауысты естіді. Дауыстың шыққан бағытына дереу бет алып, Нұра өзеніне суға батып бара жатқан ер адамды байқады.
Ер адамның су бетінде тек басы ғана көрініп тұрған, әлсіреп, соңғы күшімен көмекке шақырып жатқан. Қызметкерлер еш кідірместен әрекетке көшіп, қызметтік көліктен алынған арқанның көмегімен оны жағаға шығарып алады.
Кейін құтқарылған азамат — 80 жастағы қария екені белгілі болды. Киімі су болғандықтан, оның тоңып қалу қаупі жоғары еді. Құтқарушылар дереу оны жылы киіммен орап, Сабынды ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Қарияның айтуынша, ол өзенге велосипедпен келіп, балық ауламақ болған. Алайда абайсызда тайып кетіп, суға құлап кеткен. Жасы мен су болған киімінің салдарынан өздігінен судан шыға алмаған. Бір сағаттан астам уақыт бойы мұздай суда өмір үшін арпалысқан.
"Үлгермейміз бе деп қорықтық. Судың ағысы қатты еді. Қарт кісінің әлі де көрер жарығы бар екен, біз дәл сол сәтте қасында болмағанымызда, қайғылы жағдайға ұласар еді", - дейді полиция қызметкері А. Ғаббасов.
Құтқарушылар балықшыларға су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтауға және жалғыз бармауға кеңес береді. Себебі көктемгі тасқын кезінде тіпті тәжірибелі балықшылардың өзі қауіпке тап болуы мүмкін. Құтқарушылар барлық тұрғындарды, әсіресе балық аулау әуесқойларын сақ болуға шақырады. Көктемгі су тасқыны кезінде өзен-көлдер аса қауіпті. Мамандар су айдындарына жалғыз бармауға, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Тіпті тәжірибелі балықшылардың өзі қиын жағдайға тап болуы мүмкін.
Фото: Polisia.kz
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
