Досаевпен кездесуде жанжал шығарған әйел «титушка» болып шықты

Әлеуметтік желіде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуінен видео тарады. Онда полиция бір әйелді залдан алып кетіп жатқанын көруге болады. Кейін бұл әйел көзіне жас алып, құқық қорғау органдарының әрекетіне шағымданған видео жариялады, деп хабарлайды Malim.kz КазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
«Бұлай кісі өлтіргендермен не парақорлармен де сөйлеспейтін шығар, мен тек сұрақ қоюға келдім», – дейді әйел бейнежазбада.
Кездесуге қатысқан куәгерлер жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын баяндады.
Ол келген бетте айқайлап бастады. Қасында балалары мен кітаптары болды. Кітаптарды лақтырып, залға кіріп-шығып жүрді. Онымен сөйлесуге тырысты, «Сұрағыңызды ішке кіріп қойыңыз» деді, бірақ ол әдейі арандату мақсатында әрекет етті. Кітап лақтырып, өзіне жақындаған адамдарға тиісе бастағанда, оны залдан шығарып жіберді», – деді оқиғаның куәгері.
КазТАГ редакциясы бұл әйелді таныды. Бұл – бұрынғы «ескі Қазақстан» кезеңінде бірқатар арандатулармен және журналистер мен азаматтық белсенділерге шабуыл жасаумен аты шыққан, даулы «титушка» Акжол Ахметова. Оның Досаевтың Алатау тұрғындарымен кездесуінде тағы да жанжал туғызғанын оқиғамен таныс дереккөз растаған.
КазТАГ 2019 жылдың 22 шілдесінде Алматыда Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюрода (ҚАҚжЗСХБ) аналардың қудалануына қатысты өткен баспасөз конференциясында журналистерге шабуыл жасалғанын еске салады. КазТАГ агенттігі қызметкерлерінің жабдықтары тартып алынып, «Алматы» телеарнасы мен «Азаттық радиосының» камералары сындырылған. Полиция шақырылғанымен, ешқандай шара қолданбаған. Сол күнгі конференцияда сөз сөйлеуі тиіс болған адвокат Ғалым Нұрпейісов бұл шабуылды алдын ала жоспарланған деп санайтынын айтып, сол кездегі ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың шабуылды «екі тараптың жанжалы» деп сипаттаған мәлімдемесіне алаңдаушылық білдірген. Алайда куәгерлер мен видео жазбалардан журналистердің жанжалға қатыспағаны, керісінше, барынша әдепті, бейбіт болғаны анық көрінеді.
КазТАГ атап өткендей, осы оқиғадан бұрын – 2019 жылғы 5 маусымда белсенді Сауле Әбілдаханқызын белгісіз әйелдер тобы ұрып-соққан. Кейін ол 22 шілдеде журналистерге шабуыл жасаған әйелдердің арасында өзіне шабуылдағандарды таныған. Олардың бірі – сол кездегі митингілерде де көзге түскен Акжол Ахметова болған. 2019 жылғы 4 қыркүйекте ол Алматыдағы митингіде «Азаттық» радиосының журналисіне тағы да шабуыл жасаған.
Қызығы, аталған оқиғаларға дейін Акжол Ахметова Алатау ауданының сол кездегі әкімі Шахмерден Рыспаевтың көмекшісі ретінде әрекет етіп, адамдарды әкімді тыңдауға шақырған. Кейін Рыспаев 2020 жылдың қаңтарында қызметінен босатылып, бірнеше айдан соң ұрлық үшін сотталған. Сонымен қатар, Ахметованың күйеуі – Жеткеншек Жұмаканов сол кезеңде Алматы облысы Дін істері басқармасының инспекторы болған.
КазТАГ агенттігі Акжол Ахметова мен басқа да «титушкаларды» журналистерге шабуыл жасағаны және мүлікті бүлдіргені үшін жауапқа тарту мәселесінің әлі күнге дейін ашық күйде қалып отырғанына назар аударады.
Айта кетейік, «Титушка» сөзі алғаш рет 2013 жылы Украинада пайда болған. Бұл – наразылықтарды басу, белсенділер мен журналистерді қорқыту үшін қолданылатын спорттық денелі жас адамдарды білдірген. Қазір бұл ұғым арандатушылықпен айналысатын, нақты бір топтың немесе құрылымның мүддесін көздейтін жалған азаматтық кейіптегі тұлғаларды сипаттайды.
Фото: ZTB news