«Хандар шежіресі» ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіміне енгізілді

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміздің деректі мұраларын сақтау бағытындағы жұмысты жандандыруға қатысты нақты тапсырма берген болатын.
«Хандар шежіресі» қолжазбасы – XVIII ғасырда жазылған, ұзындығы 3 метрден асатын бүктеме қағаз түріндегі құжат. ЮНЕСКО мойындаған бұл бірегей артефакт қазақ елін басқарған хандардың шежіресі бай екенін аңғартады. Сонымен қатар VI-XIX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалардың шығу тегін және олардың өзге халықтармен қалай байланыс орнатқанын түсінуге мүмкіндік береді, - деп жазды Қарин.
Бұған дейін ЮНЕСКО тізіміне Қожа Ахмет Яссауидің және оның шәкірттерінің қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы туралы мұрағат материалдары, сондай-ақ Арал теңізінің мұрағат қоры енгізілген болатын.
Фото: Ақорда