АҚШ Қазақстандағы "дезинформациямен күреске" 4,5 млн доллар жұмсаған

Байден кезінде АҚШ Иракта "Сезам көшесі" атты жаңа шоу жасауға және «Қазақстандағы дезинформациямен күреске» миллиондаған доллар бөлген.

Редактор Редактор

  • 06.02.2025

Ақ Үй Джо Байден әкімшілігінің шығындарын жариялады. Атап айтқанда, демократтың командасы "Қазақстандағы жалған ақпаратпен күреске" ақша бөлгенін Ақ Үйдің баспасөз хатшысы Кэролин Левитт мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап www.malim.kz.

Брифинг барысында Кэролин Левитт Джо Байден әкімшілігін «ақымақтығын» айыптап, оның Гватемалада жыныс ауыстыруға екі миллион доллар жұмсағанын айтты.

Одан бөлек, Байден кезінде АҚШ Иракта "Сезам көшесі" атты жаңа шоу жасауға және «Қазақстандағы дезинформациямен күреске» миллиондаған доллар бөлген.

«Иракта жаңа шоу жасауға 20 миллион доллар бөлінді, ал Қазақстандағы «дезинформациямен күреске» 4,5 миллион доллар бөлінді. Тағы алты миллион доллар Байден Мысырдағы туризмді қаржыландыруға жұмсады», – деді Левитт.

Жалған ақапараттың қандай түрімен күрес жүргізілгені туралы Трамптың баспасөз хатшысы нақтыламады.

«Мен әрі қарай жалғастыра аламын және бұл тізімді әрқайсыңызға қуана ұсынамын», – деді Левитт журналистерге.

Ақ үй баспасөз хатшысының мәлімдемесінен өзге де ақпарат көздері бұл туралы жарыса жазып жатыр. Чемодан Госсекретов телеграм-арнасының жазуынша,USAID қызметінің уақытша тоқтатылғаны туралы жаңалықтардан кейін, агенттіктің шығындары туралы көптеген мәліметтер тарала бастаған. Агенттік АҚШ Мемлекеттік департаментіне есеп береді.

Мысалы, Қазақстандағы дезинформациямен күреске 4,5 миллион доллар бөлінгені туралы ақпарат пайда болды, сондай-ақ депутат Мәгеррамов Орталық Азияда адам құқықтарын ілгерілету үшін еуропалық ЛГБТ-ұйымы арқылы 2 миллион доллар бөлінгені туралы айтты.

Дереккөздердің айтуынша, Ақ Үй Қазақстан билігіне елдегі түрлі жобаларды қаржыландыру туралы ақпаратты, оның ішінде АҚШ агенттігі құпиялаған жобаларды беру мүмкіндігін білдірген.

Жақында Қазақстандағы АҚШ мүдделерін ілгерілету үшін Мемлекеттік департаменттен қаржы алған тұлғалар туралы қосымша ақпарат пайда болуы мүмкін.

Америка Президенті Дональд Трамп USAID агенттігін жапқан болатын. Олардың орынсыз шығындары мен жөнсіз әрекеттерін сынаған еді. 

"Америка әлемді демократияландырудан бас тартты" деп сынап жатқандар көп. Олардың пікірінше, әлемде автократиялық билік күшейюі мүмкін.