Президент: Ғылымның әлеуетін табиғи апаттарға қарсы күресу үшін пайдалану маңызды

Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды.

Malim Админ

  • 12.04.2024

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет басшысы еліміз ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев салған сара жолды жалғастыруы қажет екенін айтты.

Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту қажет

Алдымен, баршаңызды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер арқылы Қазақстан ғалымдарына жылы лебізімді жеткізгім келеді. Шын мәнінде, бүгінгі мерекелік күн – қоғамымыздағы ерекше сәт, себебі бұл күн ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз Ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды. Менің тапсырмаммен көптеген іс-шара өткізіледі. Біз, бір жағынан, ұлы ғалымға шынайы құрмет көрсетеміз. Екінші жағынан, білім-ғылым культін қалыптастыру жолында маңызды қадам жасаймыз. Ең бастысы, еліміз Сәтбаев салған сара жолды жалғастыруы қажет. Біз «ғылым» туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі ойға оралады. Бұл – заңдылық. Мемлекеттік мәртебесін қайта иеленген Ұлттық ғылым академиясы еліміз ғана емес, бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығы мақтан тұтатын Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл кездейсоқтық емес, - деді Тоқаев.

Үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр

Президенттің айтуынша, жаһандық климат өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті.

Ең алдымен, мен еліміздегі қазіргі ахуалға тоқталып өткім келеді. Жағдайды көріп, біліп отырсыздар, аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр. Көптеген елді мекенді қарғын су басты. Жалпы ахуал өте күрделі. Қазір Үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр. Тиісті тапсырмаларды бердім, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Табиғаттың тосын мінезінен басқа да елдер зардап шегуде. Әлемнің әр түкпірінде жер сілкінісі, өрт, су тасқыны болып жатыр. Бір сөзбен, жаһандық климат өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті. 1980-1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3700-ден асқан. Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейді. Жартысына жуығы – суға қатысты апаттар. Әрине, бұл – бүкіл адамзатқа төніп тұрған өте үлкен қатер. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – бұл міндетті іске асырудың бірден-бір жолы, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ

Президент 40 мың ғалым 90-жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзгенін айтты.

Әсіресе, елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек. Ал су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс, - деді Тоқаев.

Ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр

Мемлекет басшысы соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Түптеп келгенде, Қазақстанды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет. Жаңа ғана сөз сөйлеген ғалымдар бірқатар салмақты ой айтты. Бастамаларды мұқият саралаймыз. Ұтымды ұсыныстар міндетті түрде жұмыс барысында ескеріледі. Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті. Соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, - деді Мемлекет басшысы.

Ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді

Қасым-Жомарт Тоқаев докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артқанын айтты.

Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді. Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді. Аймақтарда шетелдің жетекші университеттерінің филиалдары ашылды. Бірақ бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды. Еліміз тұрақты дамуы үшін өзгерістерге тез бейімделіп, тың мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану өте маңызды. Бұл – стратегиялық міндет. Осы орайда мемлекет ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артады. Оларға айрықша миссия жүктеледі. Сол үшін де ғылыми әлеуетімізді нығайта береміз, - деді Президент.

Төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер.

Барлық салаға инновациялық тәсілдер енгізу үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Сондықтан бірқатар өзекті мәселені назарға алуымыз керек. БІРІНШІ. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек, - деді Президент.

Фото: Ақорда

Байланысты жаналықтар

Президент Қазақстан халқын Бірлік күні мерекесімен құттықтады

01.05.2024

Тоқаев Сауд Арабиясының Королін құттықтады

30.04.2024

«Туған жерімізді таза ұстауымыз керек»: Президент сенбілікке қатысты

27.04.2024

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

25.04.2024

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

25.04.2024

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

25.04.2024
MalimBlocks
Президент Қазақстан халқын Бірлік күні мерекесімен құттықтады

Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке.

Тоқаев Сауд Арабиясының Королін құттықтады

Президент Сауд Арабиясының Короліне мол бақыт және ұзақ ғұмыр, ал бауырлас сауд халқына құт-береке тіледі.

«Туған жерімізді таза ұстауымыз керек»: Президент сенбілікке қатысты

Сенбілік барысында жалпы саны жөке ағашының 430 түп көшеті отырғызылды.

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

Оның айтуынша, біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды.