«Шекараны біз жаппаймыз, Путин жабады»

Жапқан күннің өзінде  толық жабылмайды

Олжас Қасым

  • 27.09.2022

Еліміздегі жұмыссыздық, қымбатшылық туралы жақ ашпайтын Премьер-министр Смайыловтың мейірімі ресейліктерге оянды. Оның кешегі мәлімдемесі жүйкесі жүндей түтіліп отырған қоғам наразылығын тіпті күшейтті.  


Даудың басы шенеуніктің    көші-қон мәселелері жөніндегі кеңесте айтқан «Келіп жатқан ресейліктерге жәрдем көрсету керек, ЕАЕО заңнамасына сәйкес, оларды уақтылы тіркеп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру қажет. Жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру маңызды» деген үндеуінен шыққан.   Көп сыналған  Смайылов бүгін кешегі ағаттығын жуып-шайып,  «өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет» деп ақтала қалды.    

Саясаттанушы Дос Көшім  халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелері қордаланған шақта Смайыловтың бұл пікірі   буынсыз жерге балта ұрғандай болды дейді. Оның айтуынша, Қазақстан билігі    «кең құшағын» ашпас бұрын  Ресейден келушілердің мәртебесін анықтап алуы керек еді. 

«Менің ойымша әлі күнге дейін біздің билік Ресейден келіп жатқандардың статусын білмейді. Қиыншылықтан, соғыстан   қырылып, содан қашып келе жатқан адамдар деп  гуманистік бағытта қабылдайды.   Ресейден ағылғандардың көпшілігі -әскерден қашқандар. Өзгелері  - санкцияның салдарынан қажып, жақсы өмір сүру үшін келгендер. Оларға арнайы бір лагерьлер  ұйымдастырып, босқындардың статусын беріп жатқан Қазақстан жоқ. Сондықтан, оларды қарсы алып, көмек көрсету керек деген көзқарасы, әрине қазақтардың, қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызып жатқаны анық».

Қоғам белсендісі  Ермұрат Бәпи Смайыловтың бұл мәлімдемесі халық жағдайын ескермеуден шыққан деген пікірде.

«Үкіметке деген ел сенімі онсыз да сетінеп тұр. Мобилизация әсерінен ағылып келіп жатқан ресейліктерді қабылдап жатырмыз. Және Смайылов бірден келгіншілерді еңбекпен қамту жайын айтты.   Бұл пікірі қымбатшылық пен жұмыссыздықтан титықтаған бұқараның жүйкесін жұқартқаны анық. Смайылов саясаткердің сөзін айта алмады.  Халықтың көңіл-күй ауанын  ескермей, отқа май құйғандай болды.  Иә, Еуразиялық экономикалық одақ шартына байланысты  келісімдер бар. Бірақ, еңбекпен қамту бойынша бірінші қазақстандықтардың  жағдайымен санасуы керек еді».

Ал Дос Көшімнің айтуынша,  кең қолтық  Смайылов төніп келе жатқан қауіпті ескермей отыр.  Қоғам белсенділері бекерден бекер шулап жатқан жоқ. 

«Қазақтілді қоғам түсініп отыр, Қазақстанда енді  орыс әлемі күш алады, орыстілділер тіпті  көбейеді.  Ал орыс әлемінің қазіргі жасап жатқан әрекетін   білеміз.  Мақсаты тағы мәлім. Бұлар келіп алып, ертең Петропавл мен Павлодарды дауысқа салса, қос қолдарын көтеріп, ауыстыруды қолдайды деп айта алмаймыз.  Қысқасы, бізге келіп жатқандар кезінде Қазақстанға  күшпен  келген орыс тілді қоғамды көбейтуге үлкен әсер етеді.  Қоғам осыған алдын ала алаңдаушылып білдіріп жатыр» дейді. 

Саясаттанушы Әлихан Смайыловтың пікірі  қоғам пікіріне  қарама-қарсы болып шыққанын айтады.  

«Біз оларға көмектесуміз керек, жұмыс тауып беруіміз керек» дейді.   Барлық жерде айтылып жатқан жұмыс, пәтер мәселесі онсыз да Қазақстанда күйіп тұр. Әскерден қашып келген адамдарға жағдай жасайық деген ойын  ешкім түсіне қоймады. Түсінсе де, ашу  тудыратын жағдай. Смайылов сияқтылар  - билікте Кеңес үкіметі кезіндегі ойлау деңгейінде,   сол психологияда қалған адамдар  отырғанын көрсетті.    Бұл жаңа Қазақстан да емес, әділетті Қазақстан да емес, бұл – бұрынғы Қазақстан», дейді ол.     

Оқи отырыңыз: «Тек орыс тілін талап етіңдер!» – Әскерден қашқан ресейліктер Қазақстан шекарасында кезекте тұр

Неше күннен бері халық билікке қойып отырыған талабы -  шекараны жабу.  Алайда, есігі кім-кімге де айқара ашық Қазақстанның ондай  әрекеті байқалмайды. Дос Көшім біздің шекараны кім ашып, кім жабатыны да белгілі дейді. 

«Шекарамыз 1-2 күнде жабылуы мүмкін.    Бірақ оны біз  жаппаймыз. Шекараны Путин айтқаннан кейін жабады. Кремль қашып кетіп жатқандарды тоқтату үшін   Қазақстанға өтініш жасайды делік.  Әйел, бала-шағаны өткізетін шығар.  Әскер жасындағы, әскерге баратын адамдарды  өткізбеңдер деген бұйрық беріледі. Кез келген мемлекет қашқындарын тоқтату мақсатында шекараға бөгет қоятыны белгілі. Бірақ, бұл біздің қоятын бөгетіміз емес, біз қояйын деген бөгетті бүгін қоюымыз керек еді, кеше қою керек еді.  Ресей  нұсқау бергеннен кейін барып, шекараны жабамыз».

Қоғам белсендісі шекараны  жапқан күннің өзінде  толық жабылмайды деп отыр.

«Белгілі бір жас шамасындағы адамдарды тоқтату үшін жабылады. Мысалы,  басқа мемлекеттер, әсіресе Балтық жағалауы  елдерінде бұл мәселені жоғары  парламент қарап, шекарадан орыстарды өткізбеу туралы жаңа заң дайындағалы  жатыр. Себебі, ол жаққа  да қашып барғандар көп екен. Соның алдын алмақшы» дейді Д.Көшім.

Жалғыз Смайылов қана емес, күні кеше Сенат спикері Әшімбаев «Қазақстанға келгісі келетін Ресей азаматтарын шектей алмаймыз. Шектемеуіміз де  керек» деп қоғам белсенділерінің қан қысымын көтерген. Бүгін Президент Тоқаев «Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ.   Үкімет өз жұмысын атқаруы керек» деп  Смайыловтарға дем беріп қойды.  Бұдан басқа,  қолымыздан не келеді дейтіндей...            

Фото: primeminister.kz    

 

Байланысты жаналықтар

«Туған жерімізді таза ұстауымыз керек»: Президент сенбілікке қатысты

27.04.2024

Биыл мамырда қазақстандықтар қанша күн демалады

26.04.2024

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

25.04.2024

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

25.04.2024

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

25.04.2024

Найзағай, жаңбыр, бұршақ: Синоптиктер ескерту жасады

24.04.2024
MalimBlocks
«Туған жерімізді таза ұстауымыз керек»: Президент сенбілікке қатысты

Сенбілік барысында жалпы саны жөке ағашының 430 түп көшеті отырғызылды.

Биыл мамырда қазақстандықтар қанша күн демалады

Бұл айда елімізде үш мереке тойланады.

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

Оның айтуынша, біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды.

Найзағай, жаңбыр, бұршақ: Синоптиктер ескерту жасады

Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді.