Сұлтанов жоспар құра алмайды екен   

Министрдің ұғынықсыз жауабы депутатты қанағаттандырмады

Олжас Қасым

  • 06.04.2022

           Депутаттардың аймақтарға сапарынан кейін, оларға түскен өтініштер Мәжіліс отырысында сөз болды. Президент Тоқаев депутаттарға өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді  шешуді шегелеп тапсырған. Талап-тілектер жинақталып, бір ай бұрын Үкіметке жолданды. Осы мәселелердің шешілуі жайлы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов  баяндады.  


Тоғжанов жарты сағаттық баяндамасында атқарылған жұмыстардан гөрі жоспарланған істерді көбірек айтты.  Цифрлар мен сірескен сөздердің арасында сенделген депутаттар сұрақ қоятын сәтін асыға күтті.  Елдің өтінішін тыңдап келген мәжілісмендер бірден министрлерге сұрақты қарша боратты.  Әсіресе бұқараны толғандырып отырған қымбатшылық мәселесі бүгінгі жиынның басты тақырыбына айналды.

Айта кетейік, Тоқаев наурызда министрлер кабинетіне азық-түлік бағасын ауыздықтауды тапсырған. Бағаны реттеу мәселесін жөнге келтіру керектігін айтқан.  Десек те, бағаның төмендегені байқалмайды.  Алқалы жиында ерекше көзге түскен министр Бақыт Сұлтанов болды. Тұрлыханұлына депутат Еділ Жаңбыршин азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты нақты сұрақ қойды. 

«Халықтың айтатыны – азық-түліктің қымбаттауы. Наурызда кейбір аймақтарда азық-түлік бағасы 36 пайызға өсті. Қазақстандықтар табысының көп бөлігін тамақ  алуға жұмсайды. Министрлік елдің азық-түлік балансын әзірледі ме? Үкіметте азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты нақты жоспар бар ма? Кәсіпкерлер мен Үкімет есебінен бағаларды ұстап тұру мүмкін болмаған жағдайда сіз бағаны қандай жолдармен реттейсіз?» - деді Жаңбыршин.  

Алайда Сұлтановтың ұғынықсыз жауабы депутатты қанағаттандырмады.  Мәжіліс төрағасы мен депутат бір сілкіп алған соң ғана ол азық-түлік балансы қабылданып, екі-үш жылда импортқа тәуелділікті төмендетеміз деді. Бағаны бақылай алмай отырғандар ретінде әкімдіктерді кінәлады. Оның айтуынша, Шымкент пен Астана және Жамбыл облысында баға негізсіз өскен. 
Отырыстан соң Еділ Жаңбыршин  Malim.kz тілшісіне сұхбат беріп, министрді сынға алды.  

«Халықтың сұрағына жауап бермей отыр. Олар әуелі жергілікті жерлерге баруы, елмен кездесуі керек. Азаматтардың өтінішін жинақтап, мәселені шешу жолдарын іздестіруі қажет. Жалпы, жүйелі, жоспарлы жұмыс жоқ.   Әр өңірдің қанша азық-түлік тұтынып жатқанын білуге болар еді. Әр айда, қанша көлемде  азық керек, оны қалай сақтауымыз керек, барлығын реттеп қоюға болады. Бұлар нарық бәрін реттейді деп қарап отыр. Нарықты да жоспарлау керек», дейді ол. 

Бұған дейін Б.Сұлтанов «Біз баға тұрақтандырудың негізгі құралдарына талдау жүргіздік.  Ауыл шаруашылығы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп шекті бағаларға қатысты тәсілдер қайта қаралды. Бұл бағаның өсу қаупін болдырмайды» деген. 
Керісінше, елімізде әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасы 1,7 пайызға өскен. Мұндай өнімдерге рұқсат етілген бөлшек сауданың үстемесінен асып кету деректері көп.  Үкімет аталған тауарларға 15 пайыз үстеме бағаның сақталуын тапсырғанымен, нәтиже шамалы.   

Сауда министрі экспортты шектеу шаралары дер кезінде қабылданатынын да айтқан. Бір амалы ретінде мал өнімдері мен көкөніс экспорттауға тыйым салып тастаған. 
Е.Жаңбыршин осы қадамды құптамайды. Депутат негізгі мәселе отандық өнімді көбейтіп, импортты азайту екенін баса айтты. 

«Кейбір азық-түлікті экспортқа шығаруға шектеу қойдық. Бұл бір жағынан дұрыс болғанымен, зияны да көп. Мысалы белгілі бір өндіріс орны өнімін нарыққа шығарып отыр, ал артығын қайда жібереді? Шектеуден соң ол өнім көлемін азайтады. Нәтижесінде жұмыс орындары қысқарып, салыққа түсетін база қысқарады. Керісінше, баж салықтарын көбейтсе немесе квота жасау керек», - дейді депутат. 

Осыларды реттегенде ғана өнім өндіруші тауарын елдегі сұранысқа жұмсап, қалғанын экспортқа шығарады. Оның айтуынша, ескі шаблонмен жұмыс істейтін уақыт өтті. Жұмыс істей алмайтын министрліктерді ротация жасау қажет.  Сенім кредитінен айрылған министр Сұлтанов халық талабын орындай ала ма?  Күн сайын ырық бермей бара жатқан қымбатшылық  қарашаны ашындырмаса, жұбатпайтыны анық. 

Байланысты жаналықтар

Елімізде Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды

04.05.2024

Қазақстанда заманауи газ өңдеу өнеркәсібі құрылады

03.05.2024

Су тасқыны: Үкімет тұрғындардың коммуналдық төлемін кейінге шегерді

03.05.2024

Үкімет маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу үшін алдын ала шаралар қабылдады

02.05.2024

Кентау, Риддер және Қызылорда: Үкімет үш қалада жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге бөлді

30.04.2024

Қырғызстанда шенеуніктерге тойға баруға тыйым салынды

25.04.2024
MalimBlocks
Елімізде Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстанда заманауи газ өңдеу өнеркәсібі құрылады

Энергетика министрлігіне газ саласының табыстылығын әрі қарай арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Су тасқыны: Үкімет тұрғындардың коммуналдық төлемін кейінге шегерді

Су тасқынынан зардап шеккен тұтынушылардың тізімін (абоненттік нөмірлер) жергілікті атқарушы органдар, яғни, әкімдер жасайды.

Үкімет маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу үшін алдын ала шаралар қабылдады

Көкөністер Қазақстан нарығына «жасыл дәліз» арқылы және делдалдар мен алыпсатарларсыз тиімдірек бағамен жеткізілетін болады. 

Кентау, Риддер және Қызылорда: Үкімет үш қалада жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге бөлді

Жоғарыда аталған барлық жобаны жүзеге асыру ортақ жиынтығы 1500 МВт-тан астам жаңа қуатты іске қосуға мүмкіндік береді.

Қырғызстанда шенеуніктерге тойға баруға тыйым салынды

Мақсат - азаматтардың әлеуметтік және экономикалық өмір сүру деңгейін арттыру, сондай-ақ, ысырапшылдықтың алдын алу.