Дінтанушы: Орамалды саясиландырмау қажет

Орамал мәселесінде әлі де құқықтық ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек

Олжас Қасым

  • 24.08.2023

Мектеп оқушыларының орамал тағу мәселесі он жылдан бері үздіксіз көтеріліп келеді. Бұл жағдай қоғам пікірін екіге бөліп отыр. Экс-Білім және ғылым министрі Аймағамбетовтің кезінде «мектепте орамал таққызбаса, мектепке бармаймыз» деп бас тартқан оқушылар да аз болған жоқ. Биыл да орамал дауы халық арасында әжептәуір дүрлігіс тудырды. Өткен аптада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Мектеп формасына қатысты талап бойынша, оқушылардың барлығы мектепке тек мектеп формасымен келуі керек» деп ұстанымын білдірген еді. Жалпы, мұндай пікірлердің үздіксіз жиі көтерілуінің астарында не жатыр? Орамал, тағу, тақпаудан не өзгереді? Malim.kz тілшісі белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты  Жалғас Сандыбаевпен сұхбаттасқан еді.  


- Зайырлы мемлекет ұстанымын басшылыққа алып, баласын  мектепте орамал таққызып оқытқысы келетін ата-аналар аз емес. Алайда, министр   «тек мектеп формасымен келуі керек» дегенімен, ертең бұл тақырып қайта көтерілері анық секілді. Сонда не істеуіміз керек? 

Орамал мәселесі қоғамда ертеден көтеріліп, бір басылып, көтеріліп қайта басылып келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Ата Заңымызға сәйкес Конституцияның 1-бабының 1-тарауында «...өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жариялаған. Ал енді 14-бабында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» - деп көрсетілген.

«Білім туралы» Заңның 47-бабында «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің: мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім алуға; өзінің пікірі мен сенімін еркін білдіруге; өзінің адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне» құқығы бар. 

Бұл мәселенің Конституция және заңнама шеңберінде шешілгені дұрыс әрине. Менің пікірімше осы мәселеге қатысты күні бүгінге дейін арнайы ғылыми-зерттеу жобалары тәмамдалып, зерттеу институттары тиісті зерттеулерін жасап, сарапшы мамандардың қорытындылары да әзір. Қоғам үшін маңызды мәселелерде бір жақты шешім қабылдаудан сақ болуымыз қажет. Бүгінде өкінішке қарай «орамалды» бір жақты ғана зерделеп жатқан азаматтар аз емес. Бұған белгілі деңгейде ғаламтордағы Исламның оппоненттері - «белсенділер» ат салысуда.

Сөз басында «Хиджап» деп емес, қазақшалап орамал деп атауға келісіп алайық. Діни сауатты мамандар мен имамдарымыз «хиджап» емес орамал деп  айтады. Әдетте ғаламтор желісінде орамалды «хиджап» деп исламофобтық пікір қалыптастыруға ынталы азаматтар атайды. Себебі, «орамал» сөзіне қарағанда «хиджап» сөзі біздің ұлттық менталитетке келіңкіремейді, құлаққа қатты тиетін сияқты. «Хиджап» деген кезде көзге қара түсті орамал, «ниқап» (бетперде) елестейді. Сол үшін Исламның оппоненттері «хиджап» деп жиі қолданады. Хиджап демекші бүгінде желідегі «хиджаптанушылар», «ауғантанушылар» мен «ирантанушылардың» және «арабтанушылардың» дереу көбейіп кетуі осыған байланысты болса керек.

- «Орамал» мәселесі көтерілсе, дамыған Түркия, Малазия сияқты мемлекеттер емес, Ауғанстан мен Иран мемлекеттері айтылатыны да қызық жағдай. Ол мемлекеттердің қазақ  халқына қандай қатысы бар?

- Қазақтың өз тілі мен ділі, тарихы мен мәдениеті және ғасырлар бойына мұсылманшылықпен сабақтасып қалыптасқан салты мен дәстүрі бар. Имандылық қазаққа жат емес, қазақ ақындары мен жыраулары өлеңдері арқылы адам мен Құдай қарым-қатынасының идеялық, әлеуметтік және дүниетанымдық мазмұнына маңызды үлкен үлес қосқанын жоққа шығара алмаймыз. Ол кезде радио, БАҚ, ғаламтор желісі болмағандықтан ақындар хабаршы, азаншы сияқты қызмет атқарды. Олар еңбектерінде ақида, тәпсір, Құран қиссалары мен сира түсіндірмелерін беріп, халықты дінді дұрыс түсінуге үндеп отырды. Мысалы:

«Ей, айтшы, Алланы айт.

Аты жақсы құдайды айт.

Төрт шадияр, Мұстафа,

Мұсқап ашқан ғаламды айт.

Тәңірім сөзі бұрһанды айт.

Кәлим Алла – Құранды айт.

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт», – деп Құранды Алланың кәләмі екенін айтып жырлаған өлеңінде Бұқар жырау ислам тарихын, ондағы халифалық пен пайғамбарлықты, ақида мен тәпсір және Құран мен жаратылыстану ғылымдарын қамтып отыр. Бұл Бұқар жыраудың екі шумағы ғана. Өлең тұнып тұрған діни терминология. Діни сауатты адам өлең мазмұнының қаншалықты терең екенін түсінеді. Мұнда санаулы сөзбен терең мазмұнды жеткізген Бұқар жыраудың сөздік шешендігін ғана емес, діни білімінің де тереңдігін көуге болады: өлеңдегі «Мұсқап» – Құранның бір атауы болса, «Бұрһан» – Құран шәріптің келесі аты, «Кәлим Алла» Алланың сөзі де – Құран дегенді білдіреді. Өлеңнің алғашқы шумақтарында бір Құранның атауын бірнеше сөзбен айтуы – жыраудың халыққа Құранды құрметпен жеткізуін білдіреді. Мұнда медреседе сауат ашып, Құран аяттарын жатқа білген Алаш арыстарын, Абай мен Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті айтып та отырғанымыз жоқ.

Күні кеше маған «Whats App» желісінен бір бейнежазба келді. Автор: «Егер орамалға рұқсат берсе, онда біз ортағасырға ораламыз. Білім мен ғылым дамымай қалады. Еуропа исламнан бас тартқан», - деген ойды айтып исламофобтық пікір таратуда. Бұлай нақтыланбаған ақпаратты тарату, қоғамдағы тұрақтылыққа сыза түсіретін бейнежазба жасаудың өзі заңға қайшы екенін айта кеткім келеді. Ол үшін арнайы бап бар.

Біріншіден, мұсылманшылықты тек қараңғылықпен теңеп, имандылықты қоғамның қас жауы етіп көрсеткісі келетін адамдарға ақиық ақын Мұқағали: «Дін – ғылымның анасы, Дін – ғылымның әкесі. Ғылым – діннің баласы, Дін – ғылымның көкесі», – деп шегелеп айтып кеткен. Сондықтан да дінді құбыжық етіп көрсету арқылы адамдарға басқа альтернатива ұсыну мәселесі сонау атеизм кезінде-ақ өзектілігін жоғалтқан. Бұған қоса көзі ашық әрбір азамат дін мен ғылымның өзара сабақтастығын жақсы біледі. Ол үшін әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, ән-Нисабури, Ибн Рушд, Ибн Халдун, әл-Жабири, Ұлықбек сынды мыңдаған астрономия, физика, химия, алгебра, геометрия, мантық, биология, медицина, жағрафия т.б. көптеген салаларда шоқтығы биік энциклопедист мұсылман ғалымдарын сайып жату артық.

Екіншіден, Еуропа исламнан бас тартып отырған жоқ, керсінше Еуропа жастары исламды көптеп қабылдап жатыр. Исламның оппоненттері барынша исламофобтық пікір қалыптастыру жолында күресіп келеді:Құран өртеп, Исламды қайта-қайта терроризммен теңестіріп, пайғамбардың (с.ғ.с.) суретін мазақ етіп салу сияқты әрекеттері мәлім. Алайда бұл жағдайлар Исламның әлемде, әсіресе сол Еуропада кеңінен таралуына айтарлықтай бөгет жасап жатқан жоқ. Керісінше Ислам кеңінен етек алуда. Мысалы, ғаламтордағыашық дереккөздерде Еуропа ғалымдарының «Жақын арада біз білетін Еуропа мұсылман мемлекетіне айналады», - деп хабарлап жатқанын көреміз. Неміс мамандары 2050-жылдарда Германияда Ислам саны мен ықпалы жағынан негізгі дінге айналатынын айтып жүр. Ал 2027 жылға қарай әрбір бесінші француз мұсылман болатын көрінеді. Мамандардың айтуынша бұл үрдіс жалғаса берсе, Франция небәрі 35 жылда мұсылман отанына айналады. Ал Ұлыбританияда 1000-нан астам мешіт тіркелсе, олардың басым бөлігі бұрын шіркеу қызметін атқарған.

- Мектепте орамалдан басқа да  мәселелер аз емес қой. Мұның арғы жағында саясат жатқан жоқ па?

- Мектепте шешімін таба алмай келе жатқан кезек күттірмейтін көптеген мәселелер бар. Мысалы, олардың кейбірін айтатын болсақ: жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша Қазақстан әлем деңгейінде алғы қатарда тұрғаны белгілі.

Келесі мәселе, оқушылардың мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалуы. Ресми статистикаға сүйенсек,  2019 жылы 6000 оқушы жүкті болса, 3500 қыз түсік жасатқан. 2020 жылы 6724 қыз жүкті болған, оның  5639-ы босанып, бөпесін бауырына басқан. 1086 жасөспірім   аборт жасатқан.

Сонымен қатар шешімін таба алмай келе жатқан мәселелердің бірі, жасөспірімдердің арасында есірткі пайдалануы: статистикаға сүйенсек елімізде 14 пен 21 жас арасындағы есірткі пайдаланушылар қатары күрт артқан көрінеді. Соңғы 3 жылда есірткіге тәуелді жас­тар­дың саны екі жарым есеге артқан екен. Демек, олар­дың орташа жасы мектеп жасындағылардың есебінен тез жасарып бара жа­тыр.

Қоғамда, оның ішінде мектепте шешімі табылмаған осынша өзекті мәселелер тұрған уақытта «орамал» алғы қатарға қойылып, қоғам қараңғылыққа кетіп, білім мен ғылым тоқырауға ұшырайтындай етіп көрсету кімге керек? Қазақстанда намаз оқитындардың пайыздық көрсеткішінің төмен екені тағы бар. Дінді (орамалды) саясиландырмау қажет. Елімізде Ата Заңымыз, құзіретті мекеме ҚМДБ, мемлекеттегі дін саясатына жауапты мемлекеттік мекемелер, дін мамандары мен ғалымдар бар.

Естеріңізде болса қоғамда «Мектеп оқушыларын наркотексеруден өткізіп, есірткі пайдаланушыларды ЖОО-ларға қабылдамау керек» – деген пікірлер айтылды. Сонда мамандар: «Оларды білім алу құқығынан айыра алмаймыз» деп жауап берген болатын.  Сол сияқты орамал таққан қыз баланың да оқуға құқығы бар. Оны білімнен айыру қаншалықты орынды?

- Ертеректе Қалибек Қуанышбаев   Мәдениет министрі  Әмір Қанафинге «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы ашық хат жазып, қазақтың бірыңғай ұлттық киімдерін тігу бастамасын көтерген еді. Өкінішке қарай, ұлттық киімдерді Наурызда ғана киетіндіктен, нақты бір киім үлгісі қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Мектеп формасын да ұлттық сипатқа көшіру керек сияқты...

- Астана қаласындағы орта мектептердің бірін тәмамдаған шашы мен тырнағы ерекше күтім көрген жас тұлектің образын біразы көрген болар. Сонда жүрналистің қойған сұрағына жас түлек: «Оқу орнында осындай имиджбен жүру маған еш қиындық тудырған жоқ», - деп жауап береді. Ал журналист «круто» деген сияқты жасөспірімді одан әрі жігерлендіргендей болды. Жас түлектің образын Q-Pop-қа жатпайтын бөлек стиль деп атағаны есімізде. Мектеп қабырғасындағы орамалға келсек, дін мамандары мектеп формасының ережелеріне сәйкес бірқатар ұсыныстар айтқан болатын. Олардың үлгілері де көрсетілді. Солардың бірі, мектеп формасын сақтай отырып, дәстүрмен сабақтастырып, орамалды ықшамдап, қазақи ою-өрнекпен көркемдеу сияқты т.б.

Діндар азаматтарымыз да әсіре діншілдікке берілмегендері жөн. Мысалы, қыз баланы балиғат жасына жетпей тұрып орамал тағуына ықпал ету сияқты т.б. Жастар тәрбиесі – барлығымызға да ортақ дүние. Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін бөлінбей бірігіп жұмыс жасайық. Ал дін оппоненттеріне айтарым, орамал мәселесі көтерілгенімен қоғам діншіл болып кетпейтінін естен шығармаса игі. Карл Маркстың: «Атеизм дінді толықтай терістеймін деп үнемі дінге сілтеме жасап отырады. Дін болмаса атеизмнің мәні қалмайды, сол үшін атеизмнің өзі де дін», - деп айтқан әйгілі сөзі бар. Ғаламтор желісінде тек исламофобия емес, мектептегі буллинг, нашақорлық, ойынқұмарлық сияқты проблемаларды да назардан тыс қалдырмаса. Кезінде Ақпарат және азаматтық қоғамды дамыту министрлігі ҚМДБ-мен бірігіп, «Діни экстремизм және терроризмге қарсы күрес» мақсатында электронды сайттарда дінді түсіндіру, дін туралы ақпараттық мәліметтер беру жоспарына кіріскен уақытта көптеген азаматтар «Адамдар діндар болып кетеді», «Бұл - дінді насихаттау болып саналады»деген пікір айтып қарсы шықандары да болды. Алайда дер кезінде қолға алынған профилактикалық іс-шара өзінің оңды нәтижелерін берді. Жастарымыз Исламды жат пиғылды теріс ағымдардан ажырататын болды. Сол сияқты орамал мәселесінде де әлі де құқықтық ақпараттық түсіндіру жұмыстардың жүргізілуі керек шығар. 

Байланысты жаналықтар

«Намазхандар қиянат жасамайды деп ойладым»: Танымал әнші бақытсыз әйел болғанын айтты

24.04.2024

Қазақ екінші орында ма? Молданың ұлтты жоюға бағытталған арам пиғылы

27.11.2023

Дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде не айтылды?

11.10.2023

Мeмлeкeттiң зaңы бip бөлeк, дiндapлapдың зaңы бip бaсқa

15.09.2023

Өркениетаралық диалог ынтымақтастықты нығайтады

03.03.2023

Тәліптер қыз балаларға тағы бір тыйым енгізді

21.12.2022
MalimBlocks
«Намазхандар қиянат жасамайды деп ойладым»: Танымал әнші бақытсыз әйел болғанын айтты

Әнші тұрмысқа шариғат бойынша шыққан.

Қазақ екінші орында ма? Молданың ұлтты жоюға бағытталған арам пиғылы

Біздің мұсылмандығымызда арабизмнің ықпалы басым

Дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде не айтылды?

Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының ХХІ отырысы өтті. Онда әлемнің 23 елінен келген дін лидерлері мен өкілдері әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде қабылданған декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылаған.

Мeмлeкeттiң зaңы бip бөлeк, дiндapлapдың зaңы бip бaсқa

Eлiңнiң қaндaй зaңы бap, мeмлeкeт қaндaй тәpтiптi бaсшылыққa aлaды, oғaн бaс қaтыpмaйды

Өркениетаралық диалог ынтымақтастықты нығайтады

Тәліптер қыз балаларға тағы бір тыйым енгізді

Халықаралық қауымдастық "тәліптер уәделерін бұзды" деп есептейді.