Елімізде 157 елді мекенді су басу қаупі бар. Апаттың алдын алу жұмыстары

Қазақстанда соңғы аптадағы жауын-шашын мен жел салдарынан 157 елдімекенді су басу қаупі бар. Бұл туралы төтенше жағдайлар министр Юрий Ильин хабарлап, апаттың алдын алу жұмыстарымен таныстырды.

Ақниет Аманжолқызы

  • 31.03.2022

Қазгидрометтің наурыздың соңғы күндеріне арнаған болжамы айнымай келді. Республика аумағында Шымкенттен өзге өңірлердің барлығында ауа райы тұрақсыз, қатты жауын-шашын, 23-28 м/с дейінгі екпінді жел жүріп өтті. Және алда бірнеше өңірдегі елді мекендерді су басу қаупі бар.

Атап айтқанда, Қарағанды облысындағы Шерубай-Нұра, Кеңгір, Ақмола облысындағы Есіл (бастауынан Астана су қоймасына дейін),  Ақмола облысындағы Қал-құтан, Сілеті, Ақтөбе облысындағы Қарғалы өзендерінің бассейндерінде жинақталған қор азайып, көп жылдық деңгейден төмендеген. Ақмола облысындағы Жабай, Шағалалы, Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау өзендерінің бассейндерінде жинақталған су қоры қалыпты норманың шегіне жеткен. Көп жылдық статистикамен салыстырғанда, Ақмола облысындағы Есіл (Сергеев су қоймасына дейін), өзендерінің бассейндерінде, Ақтөбе облысындағы Ілек, Қарағанды облысындағы Нұра, Батыс Қазақстан облысындағы Чижа-2, Деркөл, Шаған, Қостанай облысындағы Тобыл және Аят өзендерінің бассейндерінде су қорының нормадан асқаны байқалады.  

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары жуық арада жылынып, қар еріп, сең жүру қаупі бар. Осы аймақтарда су тасқыны қаупіне 157 елді мекен іліккен:

Батыс Қазақстан облысында - 49 (28166 үй және 154147 адам), Қостанай облысында – 34 (733 үй және 2506 адам), Ақмола облысында – 25 (967 үй және 2975 адам), Шығыс Қазақстан облысында – 19 (542 үй және 1512 адам), Ақтөбе облысында - 17 (751 үй және 3808 адам), Солтүстік Қазақстан облысында – 13 (311 үй және 1413 адам) елді мекен.

Сонымен қатар, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының таулы аймақтарындағы жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын болуы мүмкін және бұл қар көшкінінің түсуіне себеп болуы мүмкін. Одан бөлек, республика бойынша күн сайын маңызды трассаларға шектеулер енгізілуде.

«Республиканың 8 облысында автожолдардың 111 учаскесінде, оның ішінде  республикалық маңызы бар 52 учаскесінде, облыстық маңызы бар 59 учаскесінде автокөлік құралдарының барлық түрі үшін жол жабылды. Блок-бекеттерде 1 121 бірлік техника, оның ішінде 620 бірлік жеңіл, 495 бірлік жүк және 6 автобус тұрды.

Бүгін сағат 11.00-дегі жағдай бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың 2 учаскесі және облыстық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесі жабық. Онда тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Министрлік апаттардың алдын алу бойынша жұмыс істеп жатыр. Өзендердегі су деңгейін реттеу үшін су қоймаларына тасқын суларды қабылдап, оларды аңыс бойынша қауіпсіз көлемде өткізіп жатыр. Қазір су тасқыны жағдайының дамуына айтарлықтай әсер ететін 60 су қоймасына мониторинг жүргізіп, олардың тигізер қаупі анықталуы керек. Қазір орталық және солтүстік облыстардағы су қоймалары 60-70%-дан астам толтырылған.

Елдегі таулы аймақтардағы қалың қардың жатқан аумағы қысқы мерзіммен салыстырғанда шамамен 47%-ды құрайды. Осы қарлардың еру себебінен автомобиль жолдарында су тасудың 3 жағдайы тіркелген. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында, Ұялы ауылынан 5 км, «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» облыстық жолында 157 және 227 км арасында, Атырау облысы Қызылқоға ауданында, Сағыз ауылынан 11 км, облыстық «Миялы-Сағыз» жолында, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында республикалық «Таскелең-Бақты» автожолында еріген қар әсерінен су тасып, жол жабылған.

Өзен-көлдердегі су мөлшерін бақылап, мұздықтарды дер кезінде еріту мақсатында ел бойынша 57 учаскеде жасанды жарылыс жұмыстары жүргізілген. Оған 17 мың килограммнан астам жарылғыш зат қолданылған.

Қазірдің өзінде төтенше жағдайлар министрлігі елді мекендерден 10 миллион текше метрден астам қар шығарып, 4 мың шақырым канал және 7 мың шақырым арық, 20 мыңнан астам автомобиль және 3 мыңнан астам темір жолдардың су құбырларын тазалаған. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 200 мың тоннадан астам инертті материалдар және 900 мыңнан астам қап топырақ дайындалған.

«Егер тұрғындар өз үйлерінің аумақтарын, арықтарын тазаламаса, құтқарушылардың бұл еңбегі зая кетеді. Қоғамның су тасқынына әзір болуы су тасқынының қарқынын төмендетуге көмектеседі. Адамдар су тасқыны табиғи құбылыс екенін түсінуі керек. Тұрғындарға орын алған қауіп-қатерлерді, эвакуациялау жарияланған кездегі тәртіп ережелерін түсіндіріп, кездесулер мен жиындар өткізіп жатырмыз. Қауіпті аймақтарда адамдарды тасымалдау үшін техника бекітілді», - деді Ильин.

Сонымен қатар, шекаралық аймақтардағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан құзырлы органдарымен келісімге келіп, өзара ақпарат алмасу жолға қойылған. Елдегі 11 өзеннің (Ертіс, Есіл, Жайық, Іле, Нұра, Сарысу, Сілеті, Сырдария, Тобыл, Шағалалы, Шу) арнасын ғарыштағы бақылау жүйелері арқылы қадағалап отыр.

Аймақтарда қорғаныс әскери бөлімдерімен біріге отырып, 3 мың адамға арналған шатырлы лагерлер дайындалып, онда арнайы техника, тікұшақтар, қайықтар мен мотопомпалар кезекшілікке қойылған. Құтқарушылар мен құрылғыларды жедел жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» әуе кемелері үнемі дайын болады. Апатты жағдай болған жағдайда эвакуацияланған халықты қабылдауға 2 502 пункт дайындалған.

Осындай белсенді жұмыстар нәтижесінде қыс аяғында су басу қаупі болған 340 елді мекен тасқын қаупінен аман өтіп, 385 елді мекенде су деңгейі барынша азайтылған.

Сонымен қатар, министр, 29  және 30 наурызда республиканың 7 облысы мен 2 қаласында екпінді желдің салдарынан біршама зардаптар болғанын айта кетті.

«297 ғимараттың шатыры бұзылды. Оқиға салдарынан 8 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті. Олардың 4 ауруханаға жатқызылып, қалғандары тексеруден соң, үйлеріне жіберілді. 8 облыстың 289 елді мекенінде авария салдарынан электр жарығы өшіп қалды. 31 наурызға 275 елді мекенде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді, республиканың 3 облысындағы 14 елді мекенінде жарық жақын арада қосылады», - деді министр.

Осы екі күні ішінде құтқарушылар апат орындарында қалып қойған 1453 адамды, оның ішінде 199 баланы құтқарды және эвакуациялады.

Ильин су тасқынының алдын алуға тек министрлік қана емес, жергілікті органдар да ат салысу керегін атап өтті. Осы кезге дейін төтенше жағдайлар департаменттері екі мыңға жуық елді мекенде рейдтер өткізген. олардың 197–сі су тасқынына дайын емес екендігі белгілі болып, жергілікті билікке ескерту берілген.

Байланысты жаналықтар

Қазақстандағы су тасқыны: тағы бір халықаралық іс-шара өтпейтін болды

20.05.2024

Алматыда 2 балдық жер сілкінісі болды

20.05.2024

Балқаш көліндегі су деңгейі 8 см-ге көтерілді

20.05.2024

ТЖМ су тасқынына қарсы шаралардан хабардар етті

19.05.2024

Атырау мен Индербор, Махамбет ауылдарында су қалыпты деңгейінен жоғары

19.05.2024

Атырау облысындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі бойынша мәлімет

18.05.2024
MalimBlocks
Қазақстандағы су тасқыны: тағы бір халықаралық іс-шара өтпейтін болды

2018 жылы басталған Digital Bridge халықаралық форумы биыл алтыншы рет өтуге тиіс еді.

Алматыда 2 балдық жер сілкінісі болды

Тереңдігі — 10 шақырым.

Балқаш көліндегі су деңгейі 8 см-ге көтерілді

Кө1 сәуірде 174 см-ге жеткен еді.

ТЖМ су тасқынына қарсы шаралардан хабардар етті

Уақытша нысандарда әлі де 5 мыңнан астам адам бар

Атырау мен Индербор, Махамбет ауылдарында су қалыпты деңгейінен жоғары

Облыстық жедел штаб бүгінгі мәліметті таратты

Атырау облысындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі бойынша мәлімет

Индербор, Махамбет ауылдары мен Атырау қаласында жағдай қиын