Садақаны «басынан соғып» береді 

Блогерлер жоқ-жітікке  буллинг жасап отыр

Олжас Қасым

  • 14.04.2023

Қайырымдылық жасау, көмекке зәру жандарға қол ұшын созу – сауапты іс. Бірақ кейінгі кезде оны алаулатып, жалаулатып «есеп» беру сәнге айналды. Қайырымдылық «жарнамасы» жаппай белең алып тұр.  Көпшілікке «үлгі» болып көрінгісі келетін  қоғам белсенділері, блогерлер жағдайы төмен жандарға берген көмегін «клип» қылып  әлеуметтік желіге салады. Белсенділер берген заттарының көлемін көрсетумен ғана шектелмей,  тауқымет көріп жүрген азаматтарды дабыралап, жариялау  арқылы  кемсітіп, қорлап жатқанын білмейді.  Көбі ол әрекеттерін «өзгелерге сабақ болсын» деп ақтап алуға шебер. «Қайырымдылықтың ең үлкені – айтпай істеген жақсылық» екенін түйсінбейтіндердің кесірінен мәселе  одан сайын шиеленісіп барады.          


Қоғам белсендісі Сандуғаш Сырымқызы  

Атыраулық Сандуғаш Сырымқызы біраз уақыттан бері әлеуметтік осал топқа жататын аналарға қол ұшын созып жүр. Ол «оң қолың жасаған жақсылықты сол қолың көрмесін» деген  ұстанымда. Жоқ-жітікке жәрдемдесуді ашық түрде дәріптеуге қарсы. Аналарға көмек  көрсетумен айналысатын қоғам белсендісі қайырымдылықты дабыра қылатын хайпқуғыштарға наразы.  Заңға пысқырып та қарамайтын, садақа беруді желеу қылып, жарты құдай болып жүргендерді тезге салатын уақыт жетті дейді ол.

«Блогерлер мен белсенділер қайырымдылық жасаймыз деп, мұқтаж жандардың тізімін жинап алады. Алғандары демеушілер берген 1 келі ет пен макорон, вермишель секілді азын-аулақ тамақ. Соларды қараша халыққа  апарып береді де видеоға, фотоға түсіреді. Адам мұқтаж болып тұрған соң  видеоға, суретке түсуден бас тарта алмайды. Баламның қарыны тойсыншы деп, жарылқаушы адамға еріксіз бас иеді. Ал хайп қуғыштар ата-аналар мен балаға қаншама стресс алып келіп жатыр. Болашағына балта шабудан кем әрекет емес», дейді күйінген қоғам белсендісі. 

 Сандуғаш Көкенованың айтуынша, халық  жылтыңдаған блогер, волонтер, белсенділерге  имандай сенеді. Себебі, мемлекеттік мекемелердің  жұмысы тиісті деңгейде емес.  Ал  хайп қуған блогерлер   мұқтаж жандарды жұмыс объектісі қылып алған.      

«Шулатып жүріп өздеріне аудитория жинап алады да, жоқшылық көрген азаматтарға ауыздарына келгенін айтып жатады. Ал қара халық оларды батыр, асқан қамқоршы ретінде көреді. Көпшілік қолындағы барын соларға береді. Садақа берушілер мұқтаж жанның тізімін әкімшіліктен алып, неге өздері апармасқа?! Садақа беретін отбасының жағдайын көзімен көріп, жіті танысып барып табыстауға тиіс. Мысалы, әлеуметтік желіде Takitokkk есімімен белгілі блогер бар.  Желіде отырып алып халықтан «садақа салыңдар» деп  100 теңгеден ақша жинайды. Сосын садақаны мұқтаж адамның «ауызынан ұрып», «басынан соғып» береді. «Сен маған мұқтаж болып келдің ғой...», «маған видеоға түсемін деп айтқан жоқсың ба?» деп айғайлайтын көрінеді»,-дейді Сандуғаш Сырымқызы.   Ал психологтар жарнама есебінде жасалған қайырымдылықтың арғы жағында сауап емес, зауал жатқанын айтады.  Психолог Серікгүл Сәли де хайп қуатын блогерлердің әрекетіне тоқтау салып, арнайы шара қолдану керек деп отыр. Маман бұлайша бетімен кеткендер орны толмас оқиғалардың себепшісі болатынын мәлімдейді.  Айтуынша, көпшілік, әсіресе желі қолданушылары хайп жасағыштардың психологиялық портретінен бейхабар. 

«Хайп қуатын жандар өзіне назар аудартпайынша жана жай таппайтын адамдар. Олар назарға тәуелді. Халықтың алдында жүру үшін ештеңеден тайынбайды. Ойсыз, соңы не болар екен деп алды-артын байыптамайды. Бұл негізінен аурудың психикасы».   

«Қайырымдылықты жасай тұрып көмекке мәжбүр азаматты келеке қылу,  басыну жағдайлары көбейді. Мұқтаж адамдар  көбіне  кері реакция білдірмейді.  Іштен тынып, күйзеліске берілгіш келеді. Оларды үнемі  үрей мен тұрақсыздық мазалайды.  Ал жәрдем беруді желеу еткендер көп жағдайда мүсіркей қарайды. Сондықтан  азамат қайырымдылық шарасына қуанудың орнына айналамыздағы жандардың не айтады екен деп бордай үгітіледі.  Көптің талауына түскен адам өмірге деген құлшынысын жоғалтып, бойын тіктей алмай, ақыр соңы күйзеліске ұрынып жатады. Күйзеліс соңы түрлі қатерлі ауруларды тудыратыны белгілі»,-дейді психологтар.

Серікгүл Сәлиқызы тағы бір жайттың шетін шығарды.  «Әсіресе, жоқ-жітік  отбасындағы  балаларға қиын. Олар үйіне келіп,  садақа беріп, сонысын бұлдайтындарды көріп депрессияға кіреді,  ортасына қосыла алмай, жасқаншақ болып кетеді. Ең қиыны – мүсіркеуден травма алған бала суицид жасауы мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, жасөспірім 13-14 жасынан бастап суицид жасай бастайды».     

Психологтың дерегінше,  мұқтаж жандардың ішінде аяғы ауыр  қыз-келіншектер аз емес.    Блогерлер мен валонтерлер берген садақасын бұлдап, видеоға түсіріп жарияға шығарғандықтан, әйелдің бойындағы ішкі толқыныс, уайым, депрессия жатырдағы балаға беріледі.  Даун синдромы, аутизм дерттері содан туындайды.

Серікгүл Сәли осы  ретте өзінің ұсынысын да ортаға салды. Яғни, психологтар, заңгерлер  институттары  жұмыс істеу керек. Бұл жөнсіз  әрекеттер тәрбие мектебінің жойылғанын  айғақтайды. Сонымен қатар, желі қолданушылары арасында қайырымдылықпен айналысатын белсенділер жөнінде  ақпарат беріп, блогерлердің бассыздығын болдырмайтын иммунитет қалыптастыру маңызды.   Ал Сандуғаш Сырымқызы «Бізде ізгі іспен, қайырымдылық қорлары ғана айналысады деген түсінік қалыптасқан.  Біз қоғамды тәрбиелеуіміз керек. Мұқтаж азааматтар тізімін  әкімшіліктің өзі де бере алады. Олар  жүйелі түрде жұмыс істейтін болса, халық блогерлерге ауызын ашпас еді деп ойлаймын»,-дейді.    

Айта кетейік, елімізде блогерлер тиісті келісімшартсыз қайырымдылыққа шақыра  алмайды.  Былтыр 5-шілдеде «Еріктілер қызметі, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, ҮЕҰ-ға арналған гранттар мен сыйлықақы мәселелері жөніндегі» Заң қабылданған. Тұлғалар шарттарды елемеген жағдайда олардың қызметі «Алаяқтық» немесе «Ұрлық» қылмыстық бабына бойынша қарастырылуы мүмкін деп жазылған.  Алайда, желіде саңырауқұлақтай қаптаған «жарылқағыш» блогерлер мен еріктілерді көргенде қайырымдылық қызметі бойынша заң, нормалардың солқылдақтығына көзіңіз жете түседі.       

Байланысты жаналықтар

«Қазақстан ұнамаса көшіп кетіңдер»: Тик-Ток блогері ел ішін арандатушыларға шүйлікті

03.05.2024

«Әділдік және Өркендеу» қорының Маңғыстау өңіріндегі белсенділері қарттарға көмектесті

30.04.2024

«Атырау әкімінің орынбасары су жаңа көлік таңдап жүр»: Видео жариялаған блогер кешірім сұрады

09.04.2024

Путинге тіл тигізген павлодарлық блогер қамауға алынды

28.03.2024

Қайырымды жандар қандай марапатқа да лайық

07.12.2023

Бала зорлағандар қалай жазаланатыны белгілі болды

28.11.2023
MalimBlocks
«Қазақстан ұнамаса көшіп кетіңдер»: Тик-Ток блогері ел ішін арандатушыларға шүйлікті

Қазақстанда орыстарды жек көрушілер пайда бола бастады.

«Әділдік және Өркендеу» қорының Маңғыстау өңіріндегі белсенділері қарттарға көмектесті

Белсенділер өз қаражаты есебінен азық-түлік сатып алды.

«Атырау әкімінің орынбасары су жаңа көлік таңдап жүр»: Видео жариялаған блогер кешірім сұрады

Оның айтуынша, видеодағы адам қала әкімінің орынбасары емес.

Путинге тіл тигізген павлодарлық блогер қамауға алынды

Тікелей эфирде Владимир Путинге боғауыз айтқан павлодарлық 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қайырымды жандар қандай марапатқа да лайық

Қазақ арнайы заң, құқықтық құжатсыз-ақ қайырымдылық жасауды жолға қойған, жүрегі кең халық. Дала заңдарындағы жетім-жесірдің мүддесін қорғауды көздейтін баптар ізгілік әліппесінің отбасындағы тәрбиеден бастау алатынын көрсетеді.

Бала зорлағандар қалай жазаланатыны белгілі болды

Мұндай әрекетке барған адам келесіде ауыр қылмыс жасайды