Әлемдегі ең бай 50 спортшының тізімі жарияланды
Баскетболшы Майкл Джордан көш бастап тұр

Sportico басылымы әлемдегі ең табысты 50 спортшының рейтингін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл тізімге спортшылардың бүкіл мансабында тапқан табыстары енгізілген. Спорт әлемінің аңызына айналған баскетболшы Майкл Джордан рейтингте көш бастады. Оның жалпы табысы 3 миллиард долларды құраса, инфляцияны есептегенде бұл сома шамамен 4,15 миллиард долларға жетеді.
Екінші орынды гольф аңыздарының бірі Тайгер Вудс иеленді. Оның табысы – 1,9 миллиард доллар, ал инфляциямен есептегенде – 2,79 миллиард доллар.
Үздік үштікті португалиялық футбол жұлдызы Криштиану Роналду түйіндейді. Оның спорттық мансаптан және жарнамалық келісімдерден тапқан табысы 1,83 миллиард доллар, инфляцияны есептегенде – 2,23 миллиард доллар шамасында.
Аргентиналық Лионель Месси рейтингте бесінші орынға тұрақтады – оның табысы 1,49 миллиард доллар. Ағылшын футболының символына айналған Дэвид Бекхэм сегізінші орынды иеленсе, Формула-1 жарысының аңызы Михаэль Шумахер 12-орында, ал бразилиялық Неймар 14-орында тұр.
Айта кету керек, бұл тізімге қазақстандық спортшылар енбеген.
Фото: Getty images