Үш ауысымды мектептер азайып жатыр

Malim Админ

  • 09.12.2020

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қасымбек –құстың ұясындай ғана шағын ауыл еді. 2000 жылдардың басында 2 мыңнан аспайтын тұрғыны бар бұл ауылдың 520 орындық мектебіне баратын оқушының саны да аз еді. Соңғы жиырма жылда аядай, ұядай ауыл көркейіп, қабырғасын кеңге жайыпты.  Шағын мектепте бір мыңнан аса бала оқып келген. Қысылысып, қымтырылып. Осы мәселені назардан шығармаған Алматы облысының әкімдігі Қасымбектің оқушыларын үш ауысымды оқудан құтқарды. Ауылдағы мектептің іргесі кеңейтіліп, жанынан жаңа оқу ғимараты салынып, қосымша 300 орынға кеңейтілді. Жаңа ғимараттың сапасын көруге, ашылу салтанатына қатысуға облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі келді. Құрылысшы мамандығымен ұзақ жылдан еңбек еткен А.Баталов  үш қабатты нысанды үш айналып қарап шығып, сапасына көңілі толатынын білдірді. Сосын, осындай мектептер облыс көлемінде қарқынды салына беретінін атап өтті.

«Біздің облыста жылына 50 мыңдай бала дүниеге келіп, мектепке баратын оқушылар саны да жыл сайын 20 мыңға артып отыр. Үш ауысымды мектептердің азаймауы осы демографиялық жағдайға да байланысты. Сондықтан біз келесі жылы 1500 орындық 6 мектеп саламыз. Қазіргі кезде 17 мектептің құрылысы жүріп, біразын пайдалануға бердік. Бүгінгі күні Жамбыл ауданда үш ауысымды 7 мектеп бар. Алдағы уақытта бұл мәселені де шешетін боламыз. Баршаңызды тағы да Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Еліміздің осындай жетістіктері көп болсын!» деді Амандық Баталов.

Сөз реті келіп тұрғандай айта кететін бір дерек, жыл басында Жамбыл ауданындағы 62 мектептің 10-ы үш ауысымда оқумен бастаған еді. Енді мұндай мектептің саны 7-ге түсті. Жалпы, мектеп құрылысын салу бір бөлек. Ал оның ішін қажетті оқу-жабдықтарымен жабдықтап, ұстаздар жағдайын жасау және бір мәселе ғой. Әкім шаруаның осы жағына да мән беріп, ардагер ұстаз, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Сәуле Ағыбаеваның ұсыныс пікіріне құлақ түріп, қонақтармен бірге ғимаратты аралап көрді. Ал мектеп директоры Айман Кенженбаева оқу кабинеттерінің материалдық-техникалық жабдықталуымен таныстырды. Химия және география кабинеттеріндегі заманауи құрылғылар, ағылшын тілінің лингафонды кабинеті, бастауыш сыныптың сапалы көрнекіліктері балалардың уақыт талабына сай білім алуына қызмет етпек. Сол сияқты 13 тігін машинкасы қойылған шеберхана да оқушыларды қол еңбегіне баулиды. Ғимаратта 100 орындық асхана, баскетбол, волейбол басқа да спорттық ойындармен айналысуға мүмкіндік жасалған заманауи спорт зал бар. Спорт залда оқушылар мен мұғалімдерден құралған екі команда волейбол ойынын көрсетті. Спорт, оның ішінде волейбол десе, ішер асын жерге қоятын әкім ойыншылармен тілдесіп кетті. Оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де, жалпы кез-келген азамат үшін спортпен айналысудың  маңызын атап өткен А. Баталов облыс орталығында ғана емес, әр аудан, әр ауылда бұқаралық спортты насихаттау мен қолдау жалғаса беретінін әңгімеледі.

«Біз әрбір аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салып жатырмыз. Бүгінге дейін осындай кешеннің 9-ын тұрғыздық. Тағы 7-еуін саламыз. Талдықорғанда жуырда олимпиадалық стандартқа сәйкес жабық жүзу бассейні іске қосылады. Біз шаралардың барлығы бұқаралық спортты дамыту туралы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, халықтың денсаулығын нығайту мақсатында атқарылып жатыр»,- деді Амандық Баталов.

 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады