Алаштың әруақты тұлғасы

Malim Админ

  • 24.12.2020

"Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын,

Шамырқансам, шатынап сынар болатпын..."

Махамбет.

Бізді ой теңізіне сүңгітіп, сүреңді сезім қанатына мінгізген, әрқайсымызды ұлттық толқу, тебірену биігіне көтерген, замана жайлы, уақыт туралы толғандырған қос ұғымның біріншісі – ұлт болғанда, екіншісі – ұлттың ұлы перзенті.

Ұлт есімі – Қазақ !

Ұл есімі – Бауыржан Момышұлы!

Бірін-бірі байытып, бірін-бірі тереңдетер, бірімен-бірінің тамыры біте қайнасып кеткен, кешеден-бүгінге жеткен, бүгіннен ертеңге өтер ел мен ер дейтін қос ұғымның әрбір сана төріне бекіген, халық жүрегіне қонақтаған көрінісі – бұл!

Елі ерімен мақтанса, Ерінің рухы еліне қалай қанат бітіретінін тарихтан жақсы білеміз.

Аллаға шүкір! Мыңдаған жылдарға созылатын бай тарихы бар қазақ халқының арғы-бергі кезеңдерінен байтақ Даламыздың бағы мен сорын арқалап, арыстандай ақырып, Алаш дейтін ұлы  жұрттың бары мен жоғын түгендеген, «қылша мойны – талша» болып, «арқа етін – арша, борбай етін – борша» қылып, елінің азаттығы жолында жауымен арыстандай арпалысып, жолбарыстай жортып өткен батырларымыз бен бағлан ұлдарымыздың аз болмағаны – халық жадында.

Солардың қай-қайсысы да қазақ ұлтының болашағы мен азаттығы үшін жандарын шүберекке түйіп ғұмыр кешкен есіл ерлер еді. Ұлтының асыл перзенттері болатын.

Бәукең – онжылдықтармен өлшеуге болмайтын, ғасырда бір туар, өнегесі мен үлгісі, сөзі мен ісі ұрпақ пен ұлтқа мыңдаған жылдар бойына рухани азық болар өз сөзімен айтқанда, «Отан үшін отқа түссе де күймейтін» сондай сиректеріміз бен жалғастарымыздың жалғасы.

Бауыржан Момышұлының өткір көзі мен отты бейнесі көз алдына елестегенде әрбір ұлтжанды қазақтың, ақ пен қараны айыра білер, батырлық болмысын жан жүрегімен сезінер әрбір адал жүрек адамзат өкілінің осылай ойлап, осындай түйінге келері шүбәсіз.

Бауыржан Момышұлы – ұлттың ерлігі мен өрлігін, данышпандығы мен  парасаттылығын танытар шын мағынасындағы феноменалды жаратылыс, әруақты құбылыс.

Бауыржан Момышұлы – туған халқының рухы мен өлмес қасиеттерін өзінің аласапыран мінезді күрделі дәуірімен, өршіл келбетімен, ауыр тағдырымен, ұлтына, жұртына деген шексіз махаббатымен өрген, аты көзі тірісінде алты алашты қойып, алты құрлыққа аңыз болған, туған елін абыройдың асқақ тұғырына көтерген қайсар мінезді, қаһарман қазақ.

Біздің санамызда Бәукеңнің – Бауыржан Момышұлының бейнесі Екінші дүниежүзілік қырғынның қан майданын кешкен, неміс фашистерімен болған сұрапыл айқастарда асқан ерлікпен көзге түскен, сарбаздарын сан мәрте қоршаудан алып шығып, атағы айдай әлемге тараған ұлт батыры болып бекіген.

Бұл – дәуір айтар ақиқат.

Ақиқат астарында адам тағдырын от пен суға салып шыңдаған тегеурінді тұлғаны сомдаған уақыт ұсынар қаншама шындық жатыр десеңші?!

Шырғалаңы мол кездің шыңғырған шындықтары!

Бәукең – қазақтың Бауыржаны желтоқсанда Имаш қарттың төртінші перзенті – жұрт Момыш деп кеткен Момыналының төрінде дүниеге келген. Анасы Рәзия ұлы Бауыржан үш жасқа толар-толмаста дүние салады. Немересі туған жылы өмірден озған Имаш қарттың елге сыйлы, кейуана мінезді бәйбішесі, болашақ батырдың әжесі – Қызтумас апа үш жасар ұлдың күллі тәрбиесін мойнына алады. Ұлы Даланың шұрайлы төрі – бес Алатаудың киелі қойнауларының бірі – жұмақ төріндей болған Мыңбұлақта туған қара бала келе-келе қара орман қазақ жұртына ақиқат пен аңызды тарту етер хас батыр, халқы қабағын бағып, абырой биігінен көрінер ұлт мақтанына айналар ұлы тұлға болады. Тарих дейтін сараң сарапшының көзімен қарасақ, қайырымы тым қысқа уақыт айтар шолақ сөз – осы.

Бұл ақиқатты таратып, танып, талдағысы келетін ойлы оқырманға біраз еңбек етуге тура келеді. Бауыржантану дейтін аса күрделі, аса қиын дәрістерді игеруі керек. Ең бастысы, жазушының өз қаламынан туған «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Бір түннің тарихы», «Куба әсерлері», «Соғыс психологиясы» («Қанмен жазылған кітап») тәрізді ұлт пен ұрпақты тәрбиелеуге мейлінше игі ықпал етер қылаудай қоспасы жоқ өмір, қоғам, заман, адам, соғыс және бейбітшілік хақындағы мәңгілік толғаныстарды қайыра оқуы тиіс. Бауыржантану дейтін ғажайып әлемге ену барысында Александр Бектің «Волокалам тас жолына», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогына, жазушының майдандас-досы Дмитрий Снегиннің «Шалғай шепте», «Шабуылда», «Біздің Бауыржан», «Открытый всем» деген туындыларына, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов секілді іні-достарының пікірлеріне, баласы Бақытжанның «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого волка» кітаптарына, сондай-ақ батыр өмірінің соңғы сәттерінің куәсі болған қосағы Жәмилә Егембердиеваның «Өмірінің өзі дастан» роман-эссесі мен туған келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» естелік етер кітабына, жазушы Мамытбек Қалдыбаев жазбаларына соқпай кетпесі белгілі. Осы тұста айрықша тоқталып, оқырманына жаңа-жаңа жете бастаған профессор Мекемтас Мырзахметұлының басшылығымен «Өнер» баспасынан  жарық көрген Бауыржан Момышұлы шығармаларының 30 томдығын бөліп айтқымыз келеді. Ақиқатын айтар болсақ, бұл көптомдық – жаңа ғасырдағы Бауыржантанудың басы. Өркениетті елдерде кездесетін өркенді қадамның ұлт топырағында өріс жайғаны бізді қуантады.

Көптомдыққа енген  құнды тарихи материалдар мен жазбалар, әр жылдарда дүниеге келген қазақ, орыс тіліндегі көркем, деректі, мемуарлық шығармалар ұлы тұлғаны жан-жақты танып, бағалауға мүмкіндік береді. Оқырман жазушының өмір сүрген кезеңінің болмысын, мінез-құлқын талдай отырып, жалпыадамзатқа ортақ құндылықтар мен ұлтымыз үшін киелі де қасиетті саналар ұғымдар жайындағы Бәукеңнің ой-тұжырымдарын, пікір-толғаныстарын тұшынып отырып оқыры анық.

Бауыржан Момышұлы фәни-жалғанның қызығын 1983 жылы 73 жасында аяқтаған.

Жетпіс үш жыл... Тахауи Ахтановтың сөзімен айтар болсақ, «стандартты уақытта стандартсыз өмір сүру», әлбетте, айтуға жеңіл болғанмен, сиқыры мен сыры, жұмбағы мен сауалы ұшан-теңіз кезеңде, Шерхан Мұртазаша айтқанда, «ноқтаға басы сыймай» ғұмыр кешу оңай болған жоқ. Барды көрмеу, нарды танымау, тұлғаның тауын аласартуға ұмтылу, «нөмірі бірінші ұлтшыл» деген айдар тағып, күні-түні Мәскеудің жіті қадағалауында ұстап отыру, заманы, елі, тіпті дүниежүзі мойындаған батыр атағын көзі тірісінде бермеу – тұлғаны тұқырту үшін жасалған әрекеттер еді. Сайып келгенде, Орталық тарапынан жүргізілген мқндай саясат төркінінде, Мәскеу қанша түлкібұлаңға салып, ойын бүркемелегенімен, ұлттың ұлы батырына деген жалпыхалықтық құрметін әлсірете алған жоқ. Қайта уақыт өткен сайын күшейе түсті.

Аққа – Құдай жақ деген!

Ел Азаттыққа қол жеткізген шақта мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен Бәукеңе Батыр атағы берілгенде бәріміздің жанарымызға жас толды.

Бұл – әділетсіздіктер мен ашынулардың, қорлау мен зомбылықтардың запыранын шайып өткен қуаныштың жасы болатын.

Ел санасы мен жады – әділетті. Ақиқатты түзету мүмкін емес. Бәукеңе жасалған орынсыз қиянаттар құлаған империямен бірге тұрлаулы тарихтың қойнауына кетті. Араға ондаған жылдар салып, Батырға көзі тірісінде берілген атағы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялардан тұп-тура бір жыл бұрын, алғашқы қазақ Президенті Нұрсұлтан  Назарбаевтың табанды ұсыныс-әрекетінің арқасында 1990 жылдың 11 желтоқсанында берілді.

Шындық шыңға көтерілді. Әділдік жеңді.

Иә...

1941 жылы Москва үшін шайқаста ерен ерлік көрсетіп, қатардағы батальон командирінен дивизия командиріне  дейін көтерілген ұлы қолбасшы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы бойындағы орасан қайраткерлік қарым  мен ересен қызуқанды, далалық қазақы  арынның Орталыққа ұнамауы, әрине, шовинистік ауруға бой алдырғандар үшін майдай жаққаны күмәнсіз... Осы бір ұрпақ санасына жұлын құрттай жабысып, ойын жегідей жеген қоғамның дертін жасырмай тура айтқаны үшін Момышұлы «үнсіз» қыспақ пен «мінсіз» қудалауға түсті. Және бұл «қудалау» Момышұлы өз әскерін артық шығынсыз жау қоршауынан бес рет алып шығып, «Бауыржан спиралі» дейтін әскери термин соғыс майданын өзіне жалт қаратқан кезден бастап, көзі жұмылғанша сығырайып ізінен қалған жоқ...

Жазушы күнделігінен алынған мына бір үзінді сол пікірімізді дәлелдей түсері анық. Жазбаға арқау болған оқиға 1971 жылдың 18 желтоқсаны деген датамен берілген. Әңгіме генерал Копытинге ескерту ретінде ашық айтылған: «Ваше издательство шовининистическое издательство, а была наша Армия интернациональная, многонациональная. Мы были на войне, мы писали о войне. Почему Вы нас не издаете? В Казахстане 54 живых военных  писателей... Мои выступления не нравится кое-кому. Я откровенно признаюсь, товарищ генерал-лейтенант, я националист, исходя из марксистко-ленинской позиции...

Мы, народ с древней культурой. Наш народ – первобытные скакуны, мы жокеи... К тому есть исторические доказательства. Конница Македонского ездила на коне без седла, не знала, что такое стремена, а мои предки саки седлали коня, имели пики, луки. Вот кто древнее из нас в воеводстве. А если не верите, пожалуйство, посмотрите архив... Если, я, голословно заявляю, повестье меня.

Но наш народ потерпел катастрофу. Остатки нашего народа сделались «дикими киргизами». Невежественные русские княжества нас называли киргизами. А мы казахи!»– деген салмақты сөз, салауатты ой ол кезде бір шықса, Бауыржан Момышұлының ғана аузынан шығуы мүмкін еді.

Бәукең қандай әділетсіздік пен қиянатты көрсе де туған халқына деген перзенттік махаббатына, ұлтына, ұлысына бөлмейтін достық адалдығынан  еш жаңылған емес. Ұлтын сүю, Отанына адал қызмет ету, елінің ең озық дәстүрлерін әспеттеу тәрізді киелі ұғымдарға көлеңке түсірмеген. Ол қандай жағдайда да арынан аттамаған. көзі жеткен ісінен  тартынбаған. Заманына сай екі тілде бірдей сөйлеп, кімнің алдында тұрса да, қандай ортада болса да өз сөзін айта білген, айтқанынан қайту білмеген... Ойы терең, оқығаны мол, тоқығаны тіпті мол, сыйлағанына «құл болуға» (жақсы мағынада) әзір тұратын жомарт  жан болған. «Ұнамағанын бетің бар, жүзің бар демей, кесіп тастау – ағаның салты еді» дейтін марқұм Қасым аға Қайсенов. «Біз – Рахымжан екеуміз ол кісіні «Дәу» деп сөйлейтінбіз. Өмірі атын атамаушы едік. Бауыржан аға бізді баласындай жұмсап, інісіндей еркелете де білуші еді...» дегенді де Қасым ағаның, кәдімгі Алашына аңыз болған қаһарман-партизан Қасым  Қайсеновтің аузынан талай естігенбіз.

Қайран, дана қарттарым-ай! Ескі мен жаңаның арасын жалғаған, жаны даладай кең, көңілі баладай сенгіш, ұлт рухының қайыспас қара нарлары-ай! Орындарың бөлек екен-ау!.. Үңірейіп тұр. Уақыт өткен сайын сезініп келеміз соны...

«Мен құдайға өте ризамын. Тірілердің қатарында жүріп, соғыста сол халқыма, еліме, ар-намысыма сүйеніп, орыс, қазақ тілдерінде бірнеше кітап жаздым. Рахмет! Оны партия мен үкімет бағалады...» дейді ұлт батыры бір сөзінде. Бәукеңе жарасатын кесек сөз, кесек мінез. Бәукең өзі жайлы айта отырып, өзінің туған халқын, құрбы-құрдас, замандастарын есінен шығармайды. Екі сөзінің бірінде «халқым», «ұлтым», «ұрпағым» дегенді жиі қайталап отырады. «Біздің заман, біздің дәуір – өте ауыр болды. Соның барлық ауыртпалық салмағын менің замандастарым көтерді... Бұл – менің өзімді мақтауым емес, біздің ұрпақты мақтап отырған сөзім...!» дейді бірде кең ойлап, кең пішетін абыз жүрек.

Досың мықты болса, сен мықтысың...

Ұрпақ ақылды болса, ұлтың ақылды...

Бұл – әлімсақтан келе жатқан кісілік қалып пен ұлт болмысын сақтаудың қағидаттары. Бәукеңнің сөзі оқырманын әркез осындай өрмен, осындай төрден көрінуге үндейді.

Шеңгелі мықты шебер ой ұлтты, халықты замананың жойқын шабуылынан сақтаудың бірден-бір жолы – ана тілін көздің қарашығындай сақтау екені жайлы тіпті ертеректе айтқан. Өткен ғасырдың қырық төртінші жылында соғыс өрті лапылдап тұрған кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті басшылығына: «...күннен-күнге ұлғайып, шым-шытырық болған «тіл шұбарлығын» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным тіл мәселелері туралы...» деп басталатын атақты хатында мынадай ұсыныстар бар: «Бірінші, аяқ асты елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен, көтеріліп, қолға алынуы жөн; екінші, тиісті оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болуы керек...».

Осыдан 66 жыл бұрын ана тілінің қолданылу кеңістігін кеңейту мен тұрақтандыру хақында айтылған бұл пікірді бүгінгі күннің проблемасы емес деп кім айта алады?!

Жарасын емдеп, аз уақытқа болса да елге – Алматыға келіп, қазақ ұлтының бетке ұстар зиялыларымен кездесіп, қауышып, өлім мен өмір хақында сырласып қайтқан батыр майданға қайтааттанып бара жатып, «жаным аман қайта ма?» дегеннен гөрі, «ана тілім аман бола ма?» дегенді сөз етуіне қалай ғана сүйсінбеуге болады?! Сүйінбеуге, ойланбауға болады?!

Ол тіл тағдырына, әдебиет тағдырына ұлт тағдырына қарағандай үлкен жанашырлықпен қараған...

Бәукең не нәрседе де, ең әуелі, ойдың жинақылығы мен тәртіптің бекем  болғанын қалаған. «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің ұлы!», «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет!», «Ердің туы – намыс» дейді, елін, жерін жанындай жақсы көретін даналық ойдың жаратушысы.

Бәукең Жамбыл тәтесіне еркелеп, Кенен ағасымен тонның ішкі бауындай жарасты ой өріп, сырласқан. Абай дүниелеріне жиі-жиі оралып, тіпті Гетеден, Байроннан, Пушкиннен, Лермонтовтан жасаған тәржімаларына таңдай қаға таңырқаған, жоғары бағалаған. Абайды бар ақыннан биік санаған. Тоталитарлық жүйенің қатаң тиюына қарамай, Алаш арыстары мен алыптары жайлы пікірін ашық айтқан. Мұхаңды ұлы суреткер деп аса жоғары бағалаған... Ілияс Омаровпен жиі-жиі сырласып, ой  бөліскен, достық қарым-қатынаста болған. Ғабеңмен, Сәбеңмен, Ғабиден ағаларымен әңгімесі жарасқан...

Ерлік – Ерге сын, Елге бақ.

Өмірі мен тағдырын бес қарудың күшімен ғана сақтамаң, киелі де қасиетті Сөз дейтін ұлы өнерімен де қорғай білген желгі жұртымыздың өткенін таразы-талқыға қойып екшеп, ой тезіне салар болсақ, қазақ халқында жер бетін жайлаған өзге ұлттарда сирек кездесер бір қасиеттің барына көз жеткізер едік. Ол – ақындық өнер мен батырлық жаратылыстың бір адамның бойынан қатар табылып, көшпелі өркениеттің құдіретті қаруы болғаны. Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен ат үстінде жүріп, елін, жерін қорғаған кешегі аламан ғасырлардың қойын-қолтығын сүзсек, есімдері тіл ұшына оралар ұлт болмысын даралайтын мұндай тұлғалар әр дәуір, әр ғасырларда елдің дербестігін сақтап, тәуелсіздігі үшін күрескен. Олар  ел мен жердің тұтастығы мен бірлігі жолында жандарын пида етуден де тайынбаған.

Өзі ақын, өзі ойшыл, өзі батыр, өзі би атанып, Герадоттың тарихына енген Сақ жұртының ұлы перзенті Анахарсис – Анарыс бабамыз эллин ойшылдары мен грек философтарын терең ойларымен, тебінгілі мінезімен қалай сүйсіндіргенінен әлем жұртшылығы жақсы хабардар. Артына өлмес сөздің он сан үлгісін қалдырған Анарыс – Анахарсистің «Үйіңде де, түзде де өз еліңнің Тәңіріне құлшылық ет, өз Еліңнің батырларын құрметте»,– дейтін ұлағатты сөзінің  төркінінен өмір сүру мен қауымдасып ғұмыр кешудің өрісі кең, өзгеше сипатын ағңаруға болады.

Кейінгіге халықтыө қалыбын сақтаудың ұстанымы ретінде ұсынған осынау Ұлы Дала ойшылының бұл ғибраты ғұндар дәуірінде де, үйсін, қаңлы кезеңдерінде де. көк түріктер заманында да бекем басшылыққа алынған. Дауды сөзбен шешуге, көнбесе семсермен шешуге дағдыланған көшпелі өркениеттің осынау өмір сүру салты «Қасым салған қасқа жолдың» кезінде де, «Есім салған ескі жолдың» тұсында да қазақ қауымының үрдісінен кетпеген. Ел басына қиынаты мен қияметін, қайғысы мен қасіретін аямай берген «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» тұсында да қазақ өзінің елдік тұтастығын сақтау міндеті мен парызын көбінесе көсемдігі мен шешендігі, ақындығы мен батырлығы бойынан қатар көрінген, ойы кең, парасаты терең ұлдарына тапсырған.

Дешті-Қыпшақтың атақты ақын-жыраулары – Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз сынды оңы-солын сөзіменен айдаған, қарсыласын қара бурадай шайнаған батыр туған оғыландардың «арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» дейтін мінезі мен сөзі осы айтқанымыздың айғағы емес пе?! «Сары аязда қата ма Қайнардың аққан тұнығы, қап түбінде жата ма болаттың асыл сынығы?! Халқы тозып, кем болмас, әділ болса  ұлығы...» деп арыстандай ақырып, «күлдір-күлдір, кісінетіп, күреңді мінуді көксеген» кездің – Жоңғар соғысы дәуірінің атақты ақтабан ақыны Ақтамберді мен  «Боз ағаштан биік мен едім, бұлтқа жетпей  шарт сынбан. Ел құтқарар ер едім, – жандаспай ақыры бір тынбан» деп тағдыры ұшар құстай шаншылып, өмірі ат жалында өткен Махамбет  дәл бүгін тіліміздің ұшына бекер оралып отырмаған болар?!

Бауыржан – үзілмей келіп, жиырмасыншы ғасырда жарқ етіп көзге түскен, сол өрісі бөлек өркенді мектебіміздің жұлдызы жарық, ақ семсер өкіні екені күмәнсіз.

Бауыржан – батыр...

Бауыржан – ақын...

Бауыржан – ойшыл деуіміз де сондықтан.

Тұлға табиғаты мен жаратылысын таратып айтып, тап басып тануға себі тиер осынау өрімі берік ұлттық ұғымдар төркінінде жиырмасыншы ғасыр кіндігін кескен, жалпыадамзаттық ойлау биігіне еркін көтерілген даналық үлгісі жатқанын аңғармау мүмкін емес.

Бауыржан Момышұлы – Сүйінбай  ақын айтқан «Бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көрінсе, қозып кетер қайдағым?!.» дейтін кешегі көшпелі дәуір баһадүрлері мен ойшылдарының, көсемдері мен шешендерінің заңды жалғасы.

Ол – Жер-ана кескінін адам санасы түршігер соғыс құралдарымен әжімдеп, тәніне тыртық пен жараны аяусыз салған қатыгез заманда өмір сүрген – жиырмасыншы ғасырдың өкілі.

Ол – ұлы мүдделер мен мақсаттарды сақтау үшін күрескен Алаш жұртының адал перзенті.

Ол – ұрпақтан ұрпаққа жалғасар ұлтты сүю мен ұлт тұтастығы үшін күресудің символы. Ақын-дос, қатарлас Иран-Ғайыптың мына бір жолдары еріксіз тіл ұшына оралады.

«Толтырам деп

Обыр-тірлік өңешін,

Қуып тоздым

Жалған Бақыт елесін.

Мен Бәукемді

Тұңғыш көріп түйсіндім:

Батыр болу –

Кісі өлтіру емесін!

 

Ең қиыны –

Ескі әдеттен жеріну,

Жаңалыққа,

Бойұсыну,

Берілу

Екен...

Және

Қазақ болу дегенің –

Емес екен –

Жүзге,

Руға бөліну.

 

...Содан бері,

Кісі өлтіргім келмейді,

Жүзім,

Руым –

Жанға тыным бермейді:

Батыр Қазақ –

Момышұлы Бауыржан –

Сау тәнімді

Табытқа сап тергейді!».

Иә...

Біздің халқымызда «Әруақты жерден  ат үркеді» деген сөз бар. Бекер айтылмаған. Еліне – ес, жауына сес болған хас батырдың аты естілсе, әлі күнге тоқтамайтын қазақ, ойланбайтын адам жоқ.

Кеше – жиырмасыншы ғасырда солай болған!

Бүгін – жиырма бірінші ғасырда да солай!

Ертең де солай болары хақ!

Өйткені...

Бауыржан Момышұлы – Қазақ дейтін халықтың Ары мен Намысына, Ойы мен Парасатына суарылып, шыңдалған, ғасырлар толғатып, замана сомдаған, ұлтымыздың жүрегін мәңгілікке мекен еткен ұлы тұлға, әруақты құбылыс.

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

MalimBlocks
Жарасқан жаратылысы

Құдіретті жырдың құндағы

Бауыржан - шовинистік жүйенің құрбаны