Бауыржан - шовинистік жүйенің құрбаны

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 24.12.2020

Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл. Бүгін туған күні. Осы мерейлі датаға орай, "Алдыңғылардың әңгімесі" бағдарламасында журналист Бекет Момынқұлмен сұхбаттасқан едік. Бекет Момынқұл Бауыржан Момышұлының немере інісі. Қазір Тараз қаласында «Бауыржантану» ғылыми-орталығында қызмет істейді. Момышұлы мұрасын індетіп зерттеп жүрген кісі.

Сұхбаттың аудионұсқасын тыңдай отырыңыздар:

Биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл. Бауыржан Момышұлымен туыстық жақындығыңыз туралы әңгімеден бастасақ.

– Бауыржан атамның «Ұшқан ұя» деген автобиографиялық романы бар. Сонда ол кісі Имаш деген ақсақалдан екі ұл болғанын жазады. Түбіне қарасақ, үшеу болған. Бірақ Төлеубай деген атамыз ертерек қайтыс болған. Имаштың екі ұлы – Момыш, Момынқұл. Момыштың шын аты – Момыналы. Бірақ жеңгелері Момыш деп, солай аталып кеткен. Момыштың ұлы – Бауыржан. Ал Момынқұл менің атам. «Ұшқан ұядағы» бұзық, көкпаршы, төбелескіш Момынқұл. Одан менің әкім туған. Абдолларахман деген кісі. Бірақ ол кісіні де жеңгелері тілі келмей, Рақыш деп атап кеткен. Бірақ 1942 жылы  наурызда менің әкемді майданға алып кететін болған. Әскери бөлімде ол кезде кілең орыстар. Абдолларахман дегенге олардың да тілі келмей, Әбділдә деп жазып жіберген. Өмір бақи Әбділдә болып өтті. Сондай жақындығымыз бар.

Әрине, атамыз болғаннан кейін, ол кісіні талай көрдік. Ол кісі ылғи жазды күні, демалыста келетін. Жақсы демалатын жері Сарыағаш болды. Шетел дегенді білмейді. Сарыағашқа бара жатқанда, я келе жатқанда міндетті түрде біздің үйге келетін. Бір айға дейін жататын. Ол кісі келгенде бізге мереке еді. Мен 1955 жылы туғам. Соғыстан он шақты жыл ғана өткен. Жоқшылықтан өтіп, енді-енді еңсе көтеріліп келе жатқан уақыт. Атам келгенде қуанамыз. Тәттілер әкелетін. Кейін өстік. Зейнеп Ахметова жеңгеміздің «Шуақты күндер» деген романы бар. Оның ішінде мен де бармын.

1971 жылы болған оқиға. Тараздан ары қарай жүрсеңіздер Берікқара деген жер бар. Бауыржан атам екі айдай сол жерде демалды. Сонда мені ауылдан шақыртып алды. 9-сыныпты бітіріп, демалыста жүрген баламын. Екі ай қасында болдым. Баламыз ғой. Сұраймын. «Ата, сені бәрі батыр дейді. Шынымен ештеңеден қорықпайсың ба?» деп. Жерге қарап отырып қалды. Басын көтеріп: «Айналайын, қорқыныш деген бар. Қорықпайтын адам жоқ. Адам туғаннан қорқыныш сезімі болады. Сен ойлашы, Мәскеудің түбінде соғыстық. Неміс келе жатыр. Жасырынбайды. Тура саған келе жатыр. Қолдарында автомат. Өлтірем деп келе жатыр. Қалай қорықпайсың? Қорқамыз. Бірақ қорқыныш сезімін жеңе білу керек. Жеңсең, батырсың. Қорқынышты жеңе алмасаң, сен қорқақсың. Бар болғаны сол» деп түсіндірген.

Әкесінің аты – Момын. Шын мәнінде момын адам болған ба?

– Момыш атам 1939 жылы қайтыс болды. Момынқұл атам 1943 жылы қайтыс болды. Екеуін де көрген жоқпын. Ауылдағы ақсақалдардан естігенім, кітаптан оқығаным Момыналы атам, иә, момын кісі болған екен. Зергер, ақын болған. Аласа бойлы, қарапайым кісі бопты.

Бауыржан атамыздың өжеттігі, батырлығы кімге тартқан деймін ғой.

– «Бауыржантану» деген ғылыми орталық бар Таразда. Сол жерде штаттан тыс қызметкер болып жүрмін. Он жылдан бері осы Бауыржан атамның еңбектерімен айналысып жатырмыз. Сонда күнделіктерін оқыдым. «Момынқұл көкем болмаса, мен Бауыржан болар ма едім?» деген сөзі бар. «Ұшқан ұяда» ол кісіні «дала спортшысы» деп жазған ғой. Мен орысшасын оқыдым. «Степной спортсмен» дейді. Қашаған жылқыларды үйреткен. Көкпаршы болған. Сол романда бір эпизод бар. Аққұлы деген атақты көкпаршымен келіспей қалған бір дүние болған. Сонда алты ұлымен келіп, Момынқұлды сабамақ болған. Алтауында атам ұрып жыққан. Аққұлы көріп тұр. Алты ұлы жерде жатыр. Сонда Момынқұл Аққұлы келе жатқанда ештеңе істемей тұрады. Үлкен кісі, өзі туыс. Оған қол көтере алмайды. Аққұлы ашуланып келіп, Момынқұлды шоқпармен маңдайдан ұрады. Кейін қазақтың билері араласқан соты болады. Бауыржан атам содан үйренгем дейді. Екінші Серкебай деген нағашысы болған. Ол кісіні «степной деспот» дейді. Өте бұзық, бірбеткей адам екен. Соларға тартқан болуы керек. Бірақ Бауыржан атам сондай бұзық болды деп айта алмаймыз ғой.

«Бауыржантану» орталығы туралы айттыңыз, аға. Қазір қалай жұмыс істеп жатыр?

– Бұл орталық Бауыржан атамның 100 жылдығына байланысты ашылған. Ол кезде облыс әкімі Серік Үмбетов болды. Мекемтас Мырзахметов ағамыз екеуі ойластырып, 100 жылдыққа ашты. 30 томдығын шығарды. Одан кейін жоба жабылды. Кейін Тараз мемлекеттік университетінің жанына өтті.

Асқар Мырзахметов осы жерге әкім болып келген кезде, жақсы дүниелер жасады. Басқа шаруасын айтпаймын. Мына жерде облыстық драма театры бар. Соның қасында Бауыржанның ескерткіші тұрған. Кішкентай қылып қойған. Бұрышта еді. Ешкім көрмейді де, байқамайды. Елдер: «Театрға күзетші ғып қойғансыңдар ма?» деп күлетін. Ондай әңгімелерді естідік. Асқар Мырзахметов келіп, Жеңіс паркіне апарып қойды. Сол парктің ішіне даңқ залын салды. Соның екінші қабатында «Бауыржантану» орталығы бар.

Қазір сол орталықта 3-4 адам жұмыс істеп жатырмыз. 110 жылдық болғаннан кейін мақала дайындау, телехабарлар түсіру жұмыстарын істеп жүрміз.

Ержан Момышұлы деген бауырымыз бар. Бауыржан атамның, Бақытжан көкемнің жалғыз мұрагері. Содан атамның өз қолымен жазған алты папкісін алдым. Бұларды зерделеп болған соң, өткізіп тағы аламыз.

«Ана тілі» газетінде үлкен мақала шықты. «Неміс карталарының құпиясы» деген. Ол қалай болды? Бауыржан атам 1946 жылы әскери жарғыларға жаңалықтар енгізумен айналысқан екен. Соларды көрейін дедім де, ашып қарадым. Қағазы өте сапалы екен. Қағазды оқығанан кейін төңкеріп қалсам, артында карта тұр. Географиялық картаның кесінділері. Немістердің жасаған карталары. Италияның, Түркияның жерлері. Бір жерінде біздің Қостанайдың біраз жері түсірілген. Латынша жазылған, бірақ қазақтың атаулары. Кейінгі карталарды қарасам, Қостанайдың батыс өңірі болуы керек. Соны жаздым, қайдан шыққан карталар? Осыған дейін ешкім назар аудармаған. Ол карталар қалай қолына түсті, біз білмейміз.

Көп хаттарды көрдім. Бауыржанның атын атағанда туындайтын бірінші сұрақ – неге көзі тірісінде Кеңес одағының батыры атағы берілмеді? Екіншісі – неге дивизия командирі бола тұрып, бас штаб академиясын бітіре тұрып генерал шенін алмады? Соны ойладым. Осыған дейін талай естідік. Бауыржанды батырлыққа үш-төрт рет ұсыныпты, бермепті деген сөзді. Ұсынғаны рас болып шықты ғой. Қазір бізде бір ғана құжат бар, соны дәлелдейтін.

Қашан ұсынған?

– 1990 жылы академик Манаш Қозыбаев өзінің қармағындағы тарих ғылымдарының докторы Валерий Павлович Беланға тапсырма беріп, Мәскеудің түбіндегі Подольск қаласына жібереді. Екінші дүниежүзілік соғыстың мұражайы сол жерде. Беланның тапқаны – 1942 жылдың тамызында 8 Панфиловшылар дивизиясын басқарған полковник Серебряков Иван Иванович деген кісі болған, сол Бауыржанды батырлыққа ұсынған. Қағаз табылды. Ресми құжат.

Бауыржан Мәскеу түбінде батальон командирі, полк командирі болды. Сол кездегі ерліктерін түгел жазып, батырлыққа ұсынған. Бұл жерде тағы бір нюанс бар. 1941 жылдың 7 қарашасында Панфилов Бауыржанды Ленин орденіне ұсынған екен. Берген жоқ қой. 1942 жылы батырлыққа ұсынды берген жоқ. Иван Ивановичтің бір ерлігі – жауап келген жоқ, ешқандай атақ Бауыржанға берліген жоқ. 1944 жылы 17 шілде күні тағы сол мәселені көтеріп, Жоғарғы кеңес президиумына, көшірмесі біздің Қазақстандағы Жоғарғы кеңес президиумына жіберілетін хат жазады. Ерліктерін қайтадан тізіп жазады. Бес рет қоршауды бұзып шыққанын, Ленин орденіне ұсынылғанын, батырлыққа ұсынылған айтып. Жауап тағы болған жоқ.

Оған не себеп екен? Себептерін айта ма?

– Бауыржан – шовинистік жүйенің құрбаны. Бар болғаны сол. Дивизия командирі болып тұрып, неге генерал шенін алмады? Дивизия командирі генералдық шеннің қызметі. Бұл жерде бір айла болды. Оның бұйрығында дивизия командирі емес, дивизия командирінің міндетін атқарушы деп жазылған. Сонда міндетін атқарушы адамға қандай шен?

Шовинизм өте жаман. Лениннен басталған дүние. Бақытжан көкемнің бір сұхбаты бар. Сонда мынандай оқиға айтылады. Димаш Ахметұлының айтып бергені екен.

«Мен Орта Азиялық әскери округтің қолбасшысы генерал-полковник Лященкомен келе жатыр едім, алдымыздан Бауыржан шыға келді дейді. Орталық комитеттің коридоры. Екеуімізді таяғымен тоқтатты.

– Әй, Димаш, сен білесің бе? Мынамен (таяғымен нұсқап) академияда бірге оқыдық. Бұл үшке оқыды, мен беске оқыдым. Бірақ бұл генерал-полковник, мен жәй ғана полковникпін деп бұрылып кетіп қалды», - дейді.

Сонда Бақытжан көкем Димаш ақсақалдан сұрайды ғой, сол қылығы нені білдіреді деп. «Бауыржанның айтқысы келгені, егер мен Момышұлы емес, Момышленко болсам, мен де генерал-полковник болатын едім ғой дегені» деп түсіндіріпті. Бұл Бауыржанның жеке өкпесі емес. Ол бүкіл кіші ұлттарға көрсеткен әділетсіздіктің белгісін айтып кетті.

Бауыржан атамыз туралы аңыз көп қой. Оның бірі – соғыс кезінде орысша білмеген солдатты орыс офицерінің атып тастауы. Осы рас па?

– Логвиненко Петр Василевич деген политрук болған. Бауыржан атамның қолжазбаларын, күнделіктерін оқысам, ол ешкімді жақтырмайтын адам екен. Бауыржан екеуінің танысқаны бар. Баукең 1944 жылы қаңтарда Алматыға келіп емделген. Сол кезде М. Әуезов Сәтпаевпен таныстарған. Төрт күн шығармашылық элитаға лекция оқыған. Соның стенограммасын оқыдым.  Сонда екеуінің танысқанын айтады.

Талғар қаласында Бауыржан қызмет еткен 1073 полк жасақталған. Сол кезде Бауыржан батальон командирі. Логвиненко политрук. Барып танысу керек. Барып танысқан, қарама-қарсы отырғанда, оттай көзімен Баукеңе тесіліп қараған. Баукең де тура солай қараған. Сонда ол бірінші көзін тайдырып алып кеткен. Сол кезден бастап оның ерекше тізіміне іліндім деп жазады.

Бұл жерде тағы шовинизм ғой. Бұйрықты түсінбеген солдатты атып жіберген. Ондай оқиға көп болған.

Кейін Логвиненко Бауыржан атамызға жазған хатында, қанша екеуінің арасында текетірес болғанымен, әлі Кеңес одағы батыры атағын алмағанға таңғалады.

Бауыржан Момышұлы Мәлік Ғабдуллиннің Кеңес одағының батыры атағын алуға себепкер болған ба?

– Атақы қолбасшы Кутузовтың немересі генерал болған. Соғыс кезінде Бауыржанның полкін тексеруге келеді. Екеуі тіл табысады. Бауыржанның артықшылықтарын көріп тұр. Мәскеу түбіндегі ерліктерін біледі. Оның қазір бір-екеуін айтып беремін. Екеуі қоштасып жатқан кезде: «Бауыржан, қандай тілегің бар?» деген кезде, «Мәлік Ғабдуллинге батырлықты алып берші» деп өтінген деген сөз бар. Бұл бір жерде жазылған. Оны табуға болады. Ол шын тарих.

Өзгенің батыр атануына себеп болған адам, өзі туралы ештеңе айтпаған ғой?

– Бауыржан атамыздың бір қасиеті өзі үшін ешкімнен ештеңе сұрамаған. Зейнеп жеңгемнің бір сұхбаты бар, «Айқын» газетіне берген. «Атамның атын пайдалансам, менің балаларым полуторкада тұрар ме еді?!» деген атаумен шыққан. Сонда мынандай оқиғаны айтады.

Көк базарға барып, қымыз алып тұрады екен. Арада қымызға су қосады екен деген әңгіме естиді. Нашар қымыз алсам, оны ішіп атамның асқазаны аурып қалады ғой деген оймен, қымыз сатушыларды барлайды. Өзі де «барлаушы болдым» деп айтады. Сонда қарап тұрса, бір апа тап-тұйнақтай екен. Бәрі содан қымыз алады екен. Осы кісінікі жақсы екен ғой деп, апамен танысады. «Апа, мен сізден қымыз алғым келеді. Мен өзім үшін емес, менің атам үшін. Атам – Момышұлы» депті. Ана апа: «Үлкен кісінің келіні екенсің, жақсы. Күн ара осында әкеп тұрамын, жартысын саған беріп тұрайын», - дейді. Бергенде, сатып алады ғой. Шынымен қымыз жақсы бапталған екен. Бауыржан атам, Бақытжан көкем екеуі рахаттанып ішіп жүреді. Үш-төрт мәрте алғаннан кейін, Зейнеп жеңгем қымызды қалай алғанын айтып қояды. Сонда Бауыржан атам қолындағы пиалайын жерге бір ұрып, тұрып кетеді. Бақытжан көкем де ренжіп тұрып кетеді. Содан кейін Зейнеп жеңгемнің әкелген қымызын ішпей қояды ғой. Былай қарасаң, ода тұрған не бар? Жеңгем шынымен асқазанын бүлдіріп алмаса деп жасады.

Тағы бір әңгіме. Бауыржан атамызға Кеңес одағының батыры атағын 1990 жылы берді. Өзі 1983 жылы қайтыс болды. Қазір кей жерлерде Кеңес одағының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы деп жазады. Халық қаһарманы деген атақ Бауыржанға берілген жоқ. Ондай атағы жоқ. Былай халық батыр деп атап кетті. Ол президенттің жарлығымен берілетін атақ. Соны маған президентке хат жаз деп айтқандар болды. «Әй, айналайын, мен жазбаймын. Егер Бауыржан атам тірі болса, мен сондай хат жазғанымды білсе, ол менің мойнымды жұлып алады ғой», - дедім. Ол кісі ондайды жақтырмайды. Бере ме, береді. Бермей ме, бермейді.

Жаңа Мәскеу түбіндегі ерліктерін айтам дедіңіз ғой.

– 316 дивизия Мәскеу түбінде келген кезде, қорғаныс шебін біледі. Волоколамскті қорғайды. Ары қарай Мәскеу. Сонда батальонға сегіз шақырым жерді бөліп береді. Негізі екі шақырым беру керек екен. Амал жоқ бекініс жасауға тура келдеі. Сонда бекініс жасап жатқан кезде, батыс жақтан біздің солдаттар қашып келе жатады. Киімі жоқ, қаруы жоқ. Арып-ашқан. Он бес күн қашып келе жатыр екен. Бағанағы айтқан стенограммада бар. Әр жерден он, бес, үш адамнан шығып келе жатыр екен. Бауыржан айтады: «Олар жәй келген жоқ. Өздерімен үрей әкелді», - дейді. Олардың әңгімесі - немісті жоятын күш жоқ. Ізімізден келе жатыр деп қорқытады ғой. «Бір қарасам, менің батальонымның солдаттарының рухы өшіп кеткен. Неміспен мына түрімен соғыса алмайды», - дейді Бауыржан. Мен жас кезіндегі Мәскеу түбіндегі шайқасына таңғаламын. Ешкімнің ойына келмейтін дүние жасады. Тапқан айласы мынау. Неге немісті күтуіміз керек? Барып, немісті ұрып көрейін. Сөйтеді де әр ротадан адам алып, жүз адамдық топ жасақтайды. Оның командирі ғып Хабиболла Рахымов деген өзінің штаб басшысын қояды. Жанына политругі Жалмұхамет Бозжанов деген кісіні қояды. Ол кісі фин соғысына да қатысқан. Сол екеуі басшы боп, барлауға кетеді. Немістер қай жақта келе жатқанын көрмек. Он шақырым, жиырма шақырым жүреді. Неміс жоқ. Отыз шақырымнан кейін табылады. Среда деген ауылда екен. Ол ауылды немістер орталықтарына айналдырып алған. Азық-түлігі, қару-жарағы сол жаққа келіп, қамтамасыз етіледі. 18 қазан күні түнгі сағат үш-төртте жүз адам үшке бөлініп, үш шақтап Средаға шабуыл жасайды. Қырып салады. Үш жүз неміс өледі. Қалғандары бытырап қашады. Ұйықтап жатқан немістердің киінуге мұршалары болмайды. Қаншама қару-жарақ, азық-түлікті қолдарына түсіреді.  Сөйтеді де, қайтады. Бауыржанның солдаттарынан бір ғана адам қайтыс болады. Алты адам жарақат алады. Қайтыс болған кісі – сержант Мосиян. «Ертесін мен өзімнің солдаттарымды танымай қалдым» деп жазады Бауыржан. Түнгі жорыққа бара жатқанда қайтпаймыз деп бара жатқан солдаттар, енді рухтары көтеріліп, батальондағы қалған сарбаздарға немістердің қалай қашқанын айтып жатыпты.

16 қарашада Панфилов Бауыржанның батальонының алдына мынандай тапсырма қояды.  Станция Матренинаны, тағы бір ауылды қорғауы керек. 24 қарашаға дейін. Бауыржан сол жерге барады. Бекінеді. Сол станцияға Ефим Филимонов деген лейтенанттың ротасын қояды. 120 атқыштар. 18 қарашадан немістердің шабуылы басталады. Ұшақпен бомбалайды. Артынан зеңбірекпен атқан. Жер қатып қалған. Окоп қаза алмайды. Қардың үстінде жатыр. Ертесі немістер тағы шабуыл жасаған. Тағы жарты күн күтсе, 120 атқыштың бәрі оққа ұшатынына Бауыржанның көзі жетеді. Оның үстіне Филимонов бәрін хабарлап айтып отыр. Сонда Баукеңнің тапқан айласы. «Тұрып алып қашыңдар, паника жасап. Теміржолдан өткеннен кейін ойпаң жер бар. Сонда тығылыңдар», - дейді. Бұйрық берілгеннен кейін орындалады. Филимонов ротасын көтіріп, өзі алдына түсіп қашады. Немістер көріп тұр. Сол пәсте зеңбірекпен атуды қояды. Орманның  түбіндегі бір батальон неміс станцияға ешқандай қарсылық көрмей кіреді. Олар да адам. Үйді-үйді аралап, тамақ ішіп кетеді. Аналардың қашқанын көріп, қарауыл қоюды да ұмытып кетеді. Сол кезде Бауыржан 120 атқышты қайтадан үш топқа бөледі. Станцияға бір сағаттан кейін өздері шабуыл жасайды. Шынында да үрей деген алып күш қой. Жайбарақат жүрген немістер қашқанда қару алуға мұршалары болмайды. Сонда да үш жүзден астам неміс өледі.

Бауыржан атамыз бес рет Мәскеу түбінде қоршауда бопты ғой?

– Бірінші рет қоршауда жаңағы станцияның жанында түседі. Бәрібір немістердің күші басым болады. 22 қарашада қоршауға түседі. Батальон ортада, немістер қоршаған, дивизия басқа жақта соғысып жатыр. Батальон қоршаудан шығып, дивизияға қосылуы керек. Келе жатқанда алдынан үлкен тас жол шығады. Бауыржан атам жазғандай, жолдың үстінде селдей боп немістердің көліктері ағылып жатыр. Не істейді? Жолдан өту керек. Шегіне алмайды. Артта немістер. Сонда сегіз зеңбірекпен немістерді атады ғой. Сонда селдей ағып жатқан немістер Волоколамскіге бара жатыпты. Панфиловтың дивизиясына шабуылға. Бауыржан қақ айырып, ортасынан жарған ғой. Ары, қарай орманға кіріп кетеді. Сонда немістер қызыл әскер артымыздан келді деп ойлап, қайта бұрылады. Ол кезде Бауыржанның батальоны орманға сіңіп кетеді. Екі тәулік бойы Волоколамскіге тоқтаусыз шабуыл жасап жатқан немістердің негізгі күші тоқтайды. Бір батальонмен бүкіл дивизияның тағдырын шешіп кеткен. Ленин орденіне неге ұсынды? Осы үшін.

Екінші тағы осындай қоршауға түседі. Артынан немістер қуып келе жатыр. Алдында тағы тас жол шығады. Бұл жолы немістің жаяу әскері колона-колона болып кетіп бара жатады. Жатып күтеді. Ымырт жабылғанда ары қарай өту керек. Немістер таусылмайды. Бұның шешімі, бүкіл батальонды көтереді. Немістердің бір бөлігі жетпіс метрге ұзағанда бүкіл батальонды тас жолға шығарады да, неміс құсып, екі неміс колонасының арасында батальонын салып, жүре береді. Бұған кімнің ақылы жетеді? Кімнің жүрегі дауалайды? Сонда 4-5 шақырымнан соң, алдағы колона дем алуға тоқтайды. Сонда бұрылып алып, орманға кіріп кетеді. Сонда артқы жағындағы колона байқап қалып, орысша айғайлайды. Бірақ ол кезде Бауыржанның солдаттары алыстап кеткен еді.

Бауыржанның кейінгі қоршауға түскендері тапсырма болатын. Қоршауда жүріп соғысқан.

Бауыржан Момышұлының әскери тактикасы Кубада, Израильде оқытылады екен. Кубада лекция оқыды. Сол лекцияларға біздің қолымыз жетпей жүр екен. Ол үшін не істеу керек?

– 1963 жылы Кубаға барғанда, оны Фидель Кастро арнайы шақырды. Рауль Кастро сол кезде Қорғаныс министрі болған. Олар Бауыржанның Мәскеу түбіндегі тактикасын оқыған. Он күн лекция оқиды. Ол лекциялар сол жерде бар. Лекцияның атауы – «Тактика ведения ближнего боя». Изарильде лекция оқыған жоқ. 1946 жылы Израиль мемлекет боп құрылды. Сол жылы «Волоколамск тас жолын» иврит тіліне аударып, оны сарбаздарына қарумен бірге беретін болған. Путинмен кездескенде Арон Шнеер деген еврей ғалымы Момышұлының осы ерлігін айтты.

1949 жылы Калининдегі тыл академиясында сабақ берген. Ол кезде де лекция оқыған. Петр Горелик деген офицердің «Бауыржан І» деген үлкен мақаласы бар. Сол жерде керемет бейнелейді. Бауыржан оқыған лекцияға басқа факультеттің офцерлері келуге ұмтылады екен. Бір күні лекциясына инспекторлық тексеру келеді. Деканның орынбасары полковник Поведкин. Кеңес одағының батыры. Лекция біткен соң: «Лекцияң жақсы, бірақ Бауыржан, осыншама орыстың арасында жүріп, неге әлі күнге қазақи акцентпен сөйлейсің?», - дейді. Бауыржан атам ашуланып: «Біздің мемлекетті қанша уақыт акценті менікінен өтіп кеткен адам басқарды ғой. Соған неге сын айтпадың?», - дейді ғой. Сөйтеді де полковник Поведкинді былай шығарып алып, орысшалап басынан аяғына дейін жақсылып боқтайды да: «Ну как, полковник, акцента нету?», - дейді.

1948 жылы Бауыржан атам бас штаб академиясын бітірді. Одан кейін сегіз ай жұмыссыз жатқан.

Үш рет қызметке шақырып, өзі бармай қойыпты ғой? 

– Республикалық ДОСАРМ-ның басшысы ретінде приказ шыққан. Бірақ таныстырмаған. Қаншама ай күткен. Бірақ ешкім айтпаған. Кадрлар бөлімін басқарған генерал Голиков атама көмектесіп, бәрін жасап берген. Бірақ соғыстан кейін тағы біраз генералдар қуғынға түсті. Голиков та қуғындалып кетті. Оның орынбасары генерал-лейтенант Беликов деген болған. Ол нағыз шовинист еді. Тағы соған келіп тірелеміз. Бұйрық шыққан, бірақ шақырмаған.

«Психология войны» деген кітабында бар. Қазақстанның басшылары «Бауыржанды алып кетіңдер» деп Мәскеуге хат жазатын болған. Мәскеуге барып, онда жұмыс жоқ босқа жатқан. Қорыққан ғой. Бірдеңе бүлдіре ме деп.

Ал оның себебі не?

Ол кезде Қазақстанның басшысы кім еді?

– Жұмабай Шаяхметов деген кісі. Қалғанын айтпай-ақ қояйын.

Енді сол шетелдегі лекцияларын әкелуге мүмкіндік бола ма?

– Жүз жылдығында бірмей қойған. Қазір бере ме? Оған Ресейдегі Қазақстан елшілігі жәрдем беру керек деп ойлаймын. Лекцияларын алу үшін. Олар қазір құр бермейді. Сатады. Ол жағы мәселе емес. Қалталы азаматтар бар. Қазір кез келген қазаққа Бауыржан үшін десең, ақша береді. Мәселе ресми жағын реттеу керек.

Сұхбатыңызға рахмет, аға. Бауыржантану ісі жалғасты бола беруіне тілекшіміз!

https://www.youtube.com/watch?v=JlBPiUbZ7nk

Байланысты жаналықтар

Ақан Сатаевтың "Боксер" фильмін көрген соң

22.12.2021

Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

21.01.2021

Алаштың әруақты тұлғасы

24.12.2020

Қонаевқа ескерткіш орнатылмайды

27.10.2020

Тұрсыновпен тартыс: "Өзің қанша ақша алдың?"

03.07.2020
MalimBlocks
Ақан Сатаевтың "Боксер" фильмін көрген соң

Менің осы жазған шағын диалогым «Боксер» фильміндегі барлық диалогтардан әлдеқайда қақтығысты, әлдеқайда шымыр.

Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

Алаштың әруақты тұлғасы

Қонаевқа ескерткіш орнатылмайды

Тұрсыновпен тартыс: "Өзің қанша ақша алдың?"