Операторлар біріксе тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін

Malim Админ

  • 19.02.2020

Басқа-басқа, дәл қазіргі уақытта тұрғын үй деген сөз қазақ үшін жақсы таныс сөзге айналды. Тұрғын үй деген сөздің бар екенін бұрыннан біледі ғой, біздің айтпағымыз, тұрғын үйдің өзі емес, оған қатысты жаңалықтар, бағдарламалар, соңғы өзгерістер, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жаңа қадамдар. Әрине, әр бюағдарламаның өзіндік артықшылықтары бар. Соған орай оның әрқайсысы әр түрлі топтағы адамдарға арналған. Өзіңе ыңғайлысын таңдап ал да, ипотекаға үй ал немесе мемлекеттік ынталандыру сыйақыларына ие бола отырып, ақша жина. Дегенмен, мұнда бір қиындық бар. Сіз күндердің күнінде өзіңіз жүгінген бағдарламадан баст тартқыңыз келіп қалды делік. Сонда сіздің бәлен жыл бойы жиған ұпайыңыз, мемлекет берген үстеме сыйақы бәрі күйіп кетуі мүмкін. Сондықтан, сіз бір бағдарламаға байланып қалғандай боласыз. Әрине, кез келген нарықта жақсы тұтынушыны жіберіп алмауға тырысады. Қазақстандық бағдарламалар да сол, өзінің тұтынушылары мен салымшыларынан айырылып қалмауға тырысады. Мұның бір жағы пайдасы да бар, бәсекелестік болған жерде қарапайым тұтынушылар үшін түрлі акциялар мен жеңілдіктер, қызықтырушы жаңалықтар ойлап табылуы мүмкін. Бірақ, қанша жерден жеңілдіктер мен акциялар жүреді дегенмен, нарықтан асып ешқандай өзгеріс болмайды. Ал, Қазақстан нарығындағы үй бағасы күн санап өспесе түспейтіні онсыз да түсінікті болды. Сол себепті, тұтынушылардың, яғни, Қазақстан азаматтарының игілігі үшін тиімділіктің басқалай жолдарын қарастырып көру керек еді.

Бүгін болған бір өзгеріс, бізді осы игілікке жақындата түсетін шығар деп үміттенуге болады. Бұдан былай Қазақстан аумағында тұрғын үй құрылысына қатысты бірыңғай оператор құрылады. Әрине, «молда көп болса қой арам өлетінін» қазақ жақсы біледі, сол себепті, орталықтандырылған басқару жүйесінің болғаны дұрыс. Әйтпесе, ары тарт та, бері тарт дейтін жосықсыз бәсекелестіктің арты сыбайлас жемқорлыққа ұрындыруы мүмкін. Осы себепті, еліміздегі тұрғын үй құрылысы саласына қатысы бар операторлар біріктіріледі. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұдан былай құрылыс жүргізуші компанияларға операторлар тарапынан түрлі деңгейдегі қолдаулар көрсетіледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бәйтерек девелопмент, Қазақстан ипотекалық компаниясын және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын біріктіру арқылы «Бәйтерек» холдингінің тұрғын үй блогын оңтайландыру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге, бірыңғай операторға «Даму» қорының құрылыс салушыларға несиелерді субсидиялау функциясы беріледі. Биылғы 1 маусымға дейін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі. Бірыңғай оператор стратегиялық жоспарлаудан бастап, инжиниринг, цифрлық мониторинг сынды жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде кешенді қолдау көрсетеді. Оған қоса, «Нұрлы жер» ситуациялық орталығының онлайн порталын құрдық», - деді Әнуар Омарқожаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Омарқожаев, сондай-ақ тұрғын үй салуға және сатып алуға байланысты мемлекеттік бағдарламаларды жүргізетін операторлардың санының 5-тен 2-ге азайтылатынын айтты. Бұдан былай Тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі тұтынушылардың жинақ жүйесін реттеуді ары қарай жүргізіп, дамыта береді.

«Осылайша, «Бәйтерек» холдингіндегі бес оператордың саны екіге дейін азаяды. Холдингтің тұрғын үй блогы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тарапынан сұранысты арттырып отырады және Бірыңғай оператор функциялары арқылы тұрғын үй салу бойынша ұсынысты қамтамасыз етеді. Бірыңғай оператор құрылыстың жаңа әдістеріне, жаңа құрылыс материалдары мен технологияларға бағытталып отыр», - деді Әнуар Омарқожаев.

Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны бұдан бұрын да айтылған. Еске салсақ, 2019 жылдың қыркүйек айында Құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов квазимемлекеттік сектордың жұмыс істеп тұрған секторларын біріктіру арқылы жүретінін айтқан.

«Бәйтерек» тұрғын үй кешенін қайта құру жоспарлануда. Тұрғын үй саясатын жүзеге асырудың бірыңғай операторы құрылады, оның құрамына Қазақстан ипотекалық компаниясы, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры кіреді», — деген болатын комитет төрағасы.

Жалпы, Үкіметке қарайтын «Бәйтерек» холдингіне 11 еншілес компания қарайтыны белгілі. Енді олардың саны да қысқаратын болады. Операторлар санын 5-тен 2-ге дейін қысқарту шілде айына дейін іске асырылатынын ескерсек, жазда 11 еншілес компанияның саны 9-ға қысқарады.

Шілде айында біріктірілетін үш компания – «Бәйтерек девелопмент», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» және «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» саты-саты бойынша іске асырылады.

«Бірыңғай оператор құрылыстың жаңа тәсілдеріне, тың технологиялар мен тиімді құрылыс материалдарына басымдық береді. Сондай-ақ, құрылыс тәсілдерін түбегейлі қайта қарайды. Осыған байланысты құрылыс материалдарының Мarketplace жүйесін дайындап жатырмыз. Бұл платформада тапсырыс беруші мен жеткізуші ешқандай делдасыз байланыса алады. Оған қоса бекітілген баға бойынша ұзақ мерзімді Off-take келісімшарттар жүйесін енгізу қолға алынды. Осының арқасында өңірлердегі құрылыс комбинаттары мен материал жеткізушілер тұрақты тапсырыспен қамтылады», – дейді холдинг өкілі Омарқожаев.

Ортақ компаниядағы қызметкерлер санында қандай өзгеріс болады, жарғылық капиталы туралы нақты ақпарат әзірге белгісіз. Бұл операторлар біріктіріліп болғаннан кейін нақтыланатын болады. Әзірге белгілісі, операторлардың бұл бірігуі тұрғын үйлердің құнын 10 пайызға дейін қысқартуға қауқарлы.

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды